..."/>
ЗЕРТТЕУ

Мазасыз масалар

Mosquitoes_bloodsuckers_10_FINAL_FP kaz

Біз күректей қолымызбен оларды жанши саламыз. Жүк көліктері мен ұшақтардан оларға инсектицид шашамыз. Ионды сәулемен зарарсыздандырамыз, мекен ететін жерлеріне су шашамыз, ДНК-сын араластыру үшін оларды зертханаларда тәжірибелік мақсатта өсіреміз. Масаның шағуы қауіпті дертке әкеп соғуы мүмкін екенін бір ғасырдан астам уақыт бойы білеміз. Бүгінде зика вирусы – басты назарда. Алайда безгектің өзі жылына 400 мыңнан астам адамды ажал құштырады және масалар тарататын сары безгек пен денгеден мыңдаған адам өледі. Сәбидің тырнағынан да кіші олар жер бетіндегі ең қауіпті жәндіктер қатарында!

Біз әркез оларды жоюдың жолын іздестірудеміз. Ғалымдар анықтаған масаның 3500 түрінің бірнеше жүзі, соның ішінде зика вирусын тарататын Aedes aegypti және Aedes albo pictus масалары адам қанымен қоректенеді. Олардың кейбірі, атап айтсақ, Ae.Aegypti – кісі ырқына көнбейтін шабуылдаушы жәндіктер.

Алдымен олардың дене құрылысын қарастырайық. Денеңіздегі терді, деміңізді және жылудың жақындығын сезген маса сізге қарай бет алады. Ол құрылымы күрделі сорғышы арқылы қоректенеді. Оның өзі майда инелермен қапталған бірнеше бөлікке бөлінеді. Сол арқылы құрамында антикоагулянт бар сілекейін теріңізге енгізіп, қаныңызды сорады. Ол теріңізге білдірмей инесін сұғады. Қаныңызды сорып алғанға дейін ештеңе сезбейсіз. Өз салмағынан екі есе көп қан сора алады.

Аталықтар өсімдіктермен қоректенеді. Масаның аналықтары шаққыш, еңбекқор және адамдарға қауіптірек болып келеді. Иә, сізді тек аналық маса ғана шағады. Алайда ол құнарлы заттарды жұмыртқаларына жинайды. Бойына қорек жинап, жұмыртқа салу – оның қас-қағым сәттей өміріндегі ең маңызды ісі. Ae. Аegypti масасына бір рет шағылысу жеткілікті. Ол шәуетті денесінде сақтайды. Бір мезетте жүздеген жұмыртқа шығара алады. Ae. Аegypti масасы әдетте бес-алты рет жұмыртқа салады. Демек, көбею мүмкіндігі зор.

Биологтардан масалар ауру тарату арқылы қандай табиғи артықшылыққа ие болатынын сұрасаңыз, олар сізге сұрақты керісінше қойып тұрғаныңызды айтуы мүмкін.

Сүтқоректілердің ағзасында көбеюге бейім ауру тудырғыш микроағзалар –патогендерді тасымалдау және жеткізу қызметін масалардың қалайша мүлтіксіз меңгеріп алғаны мыңдаған жылдар бойы зерттеліп келеді. Патогендер үшін бұл оңай сапар емес. Олар масаның ішек қабырғасына енуден аман қалуы тиіс. Егер де ішке енсе, ас қорытатын ферменттердің әсеріне ұшырайды. Сосын кезекті жылы қанды иесіне ине шаншымас бұрын жарғағы арқылы патогендерді сілекейіне араластырады. Бір жағынан, патогендер өздерінің таралу аясын кеңейтуде. Рутгерс университетінде басталған зиянкестермен күрес бағдарламасына атсалысып жүрген энтомолог ғалым Карл Маламуд-Роум: «Бұл – эволюцияның даму тарихында орын алған сирек құбылыс. Маса болу оңай емес», – дейді.

Осынау ғажап қосылысқа және ұшатын «қансорғыштардың» тапқырлығына титтей болса да құрмет таныту – әдептілік белгісі. Зика вирусының кесірінен халықаралық симпозиумдардың басты тақырыбына айналған Aedes aegypti масасының репродуктивті стратегияларын қарастырайық. Ae. Aegypti жұмыртқаларын адамдар күнделікті тұрмыста пайдаланатын заттардағы суға салады. Жұмыртқалар әр жерге салынатындықтан бәрін бір мезетте жою қиынға соғады. Аналық маса құрғақ, бірақ кейін ауа райы өзгерген кезде дымқыл болатын жұмыртқа салуға қолайлы орындарды табады. Оның сезімталдығында шек жоқ. Ол күні бойы адамдарды шағады. Масаханалар кезінде дүниежүзін жайлаған безгек індетінен болған өлім-жітімді азайтуға көмектескен. Себебі, безгек ауруын тарататын Anopheles масалары адамдарды түнде шағады. Ал бірақ зика және Aedes вирустарын тасымалдайтын масалардан қорғануға шарасыз.

Қолыңызды шағып жатқан Ae. Aegypti масасын енді ұрайын деген кезде алақаныңыздан сытылып, лып етіп ұшып кетеді. Сосын сізді қайтадан шағу үшін тағы келеді. Наурыз айында зика вирусы жайлаған Бразилияға барып, безгек масасына қарсы жиынды басқарған Кентукки университетінің энтомологы Грэйсон Браун: «Осылайша ол сіздің бірнеше доза алуыңызға ықпал етеді», – дейді.

Саммитке «Америкадағы дағдарыс» деген атау берілді. Браунның айтуынша, пікірталаста аса қауіпті зика вирусын тарататын масалардан бөлек басқа да көптеген маса түрлері талқыланды. Сары безгекпен қоса денге, чикунгунья және солтүстік-батыс Бразилия тұрғындарына жұққан Майаро вирустары бәрін алаңдатып отыр. Ғалымдар ойға алған қорғаныс стратегиялары қарапайымнан бастап амбициялы ғылыми бастамаларға ұласады: көбейетін орындарын тазалау, тәжірибелік тұзақ үлгілері, дернәсілдерді жоятын акустикалық дыбыстар, бактериялармен улау және генетикалық құрамын өзгерту арқылы масалардың көбеюінің алдын алуға бағытталған жоспарлар. Бір презентацияда «автоцид» деген әдіс сипатталып, оның көмегімен Ae. Aegypti масасының әр жерге жұмыртқа салуының алдын алуға болатыны баяндалды. Маса қонған кезде дернәсілдеріндегі уды бойына сіңіреді. Сосын келесі орынға барған кезде сол уымен өзінің дернәсілін улайды.

Шынымен де қарсы тұрар қару жоқ. «Ондай қару болмайды да», – дейді Браун. «Бұл машақаты мол жұмыс. Бірақ, соған қарамастан, әрі қарай шаршамай, талмай еңбектенуіміз керек».

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля