Қазақта «еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес», – деген нақыл сөз бар. Бұл сөз аталарымыздың осы бір жануарды қаншалықты бағалайтынын көрсеткендей. Одан бөлек қазақтар тазыны жеті қазынаның бірі ретінде дәріптеп, үйлеріне кіргізген. Қазақ даласында ашаршылық жайлаған нәубет жылдары бір тазы итінің бір ауыл халқын асырады деген де аңыз-әңгімелер жетіп артылады. Мәселен, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Қарқаралыда өткен жәрмеңкеде бір құмай тазы 50 бас жылқыға айырбасталды деген де мәлімет бар.
Алайда, мамандар әсіресе қазақ үшін қасиеті артқан осы бір жануарды күтіп-баптауды қолға алмасақ ертең кеш болады деп дабыл қағуда. Оған себеп те жоқ емес. Орыстың А. Добромыслов деген ғалымы өткен ғасырдың басында қазақпен бірге жасасқан тазының саны 10 мыңнан 30 мыңға дейін жетеді деп мәлімет келтірсе, ал осы күні ел аумағында тазының бар болғаны 1 мыңы ғана қалған.
Тазы – орта бойлы ит тұқымдас жануарлар ішіндегі ең жүйрігі. Жүні тықыр болғанымен құйрығы мен құлағының ұшында шашақты жүн болады. Тазының күші көп болмағанымен денесі шымыр, тарамыстай тартылған арық, жеңіл, жүйрік, әрі өжет келеді.
Тазыларды тұқымына қарай қазақтар құмай, құмай тазы, таза қандылығы мен түгіне қарай; құны, құны тазы, будандасқан болса; дүрегей, дүрегей тазы, қайын, қайын қаптал деп бөледі. Мұның соңғылары қасқыр алады. Ал дене бітіміне қарай таулы, орманды және далалы болып бөлінеді.
Фото: Ерболат Шадрахов