Өсімдіктер мен көңнен жасалған қалқымалы егістіктер Бангладештегі астық өнімділігін бір қалыпта ұстау да. Каррере (оң жақта) Бангладештік журналист Тания Рашидпен бірге бірнеше егістік алқабын аралады.
Бангладеш
ЭЛАЙЗ КАРРЕРЕ, мәдениеттанушы эколог
Элайз Каррере климаттық өзгерістің қаупі туралы көп естіген еді.
Ол ең алдымен ойпаң жерде орналасып, халқы тығыз қоныстанған Бангладеш еліне барған болатын. Ғалымдардың болжауынша, 2050 жылға қарай су деңгейінің көтерілуі 18 миллион адамды орнынан ығыстырады. Каррере – Гопалгандждың оңтүстігінде адамдардың сүмбілгүлден, бамбуктан және көңнен қалқымалы бақ жасағанын көрді. Тұрғындар соның көмегімен балық аулап, үйрек асырап, тіпті түрлі өнім ала бастаған. Адамнан айла артылмайды деген осы. Ал Бангладеш сәулетшісі қалқымалы егістіктерге қарап қалқымалы мектептерге, ауруханаларға, кітапханаларға және ойын алаңдарына айналатын қайық жасап шығарды.
Бангладештен соң Каррере еріген мұздықтардың шөлейтті экожүйеге тигізер әсерін көру үшін солтүстік Үндістанға сапар шекті. Енді езілген теңіз жұлдыздарын тыңайтқыш ретінде пайдаланатын Вануатуға да бармақ ойы бар.
Карреренің айтуынша, мұндай идеялардың біразын балалар ойлап табады. Өйткені олар ұшқыр ойлы, зерек әрі жаңалыққа жаны құмар болады. Тіпті нағыз тәуекелшілдер де осы – балалар. – Дэниел Стоун
Карреренің Instagram және Twitter парақшасына жазылыңыз: @alizecarrere
Жапония
ЭЛИЗАБЕТ АНГЕР, кинорежиссёр
Орта мектепте тәртіп күшті. Ал мектепте берілетін тамаққа дейін жіті тексерілетін қоғамда балабақшадағы жағдай одан да қиын. National Geographic зерттеушісі Элизабет Ангер түрлі мәдениеттер өзара түйіскенде қандай өзгеріс болатынын анықтау үшін Бразилия мен Жапония арасындағы көші-қон тарихын зерттеді. Әсіресе, тамақтану мәселесіне ден қойды.
1908 жылы жүздеген жапон жұмысшылары кофе плантацияларында жұмыс істеу үшін Бразилияға аттанған еді.
Ал 1980 жылы елде орын алған экономикалық дағдарыстың салдарынан олардың көбі бала-шағасымен Жапонияға қайта оралды. «Эмигранттар мен олардың «никкей» деп айдар тағылған ұрпақтары еліне қайтып келгенде, мұнда шетелдіктер сияқты бөтендікті сезінеміз деп ойлаған жоқ еді, бірақ бәрі керісінше болды», – дейді Ангер.
Шет елден келгендердің жергілікті ұлтқа этникалық ұқсастығын анықтаудың бірден бір жолы – тамақ.
Ангер Бразилия мен Жапониядағы балабақшаларда, мейрамханаларда және жергілікті тұрғындардың үйінде болып, жаңа ортаға бейім делу жағдайында тамақ пісіру дағдыларын бақылады. Жапониядағы бір әйелдің үйінде бразилиялық тағамдар әзірленеді екен. Бірақ ол бес жасар қызын мектепке жіберерде күріш пен балдырдан жасалған кішкентай пандалар және басқа да жапон тағамдарын сөмкесіне салып беріп жатты. Ол қызының жергілікті тағаммен тамақтанатынын көрсеткісі келді. – Дэниел Стоун
АҚШ және Канада
Саңылауы көп мұз боп қатып қалған сарқырамаға өрмелеу – өте қауіпті. Альпинистерге АҚШ пен Канада шекарасындағы Ниагара сарқырамасына шығуға көп рұқсат берілмеуінің себебі де осы. Бұл сарқырамадан сағатына 30 шақырым жылдамдықпен минутына 170 мың метр тонна су құлайды. 2015 жылы National Geographic фотографы Кейт Ладзински үкіметтен ресми рұқсат алған кәсіби альпинист Уилл Гадтың шеберлігін тамашалап, суретке түсіріп алды.
ФОТО: КЕЙТ ЛАДЗИНСКИ. NGM MAPS
Сомали
КЕЙГАН СЕКАРДЖИОГЛУ, биолог
Секарджиоглу былай баяндайды: Сомалилендте құмайлар мен басқа да құстарды зерттеп жүрмін. Бүгінгі күн әбден сәтсіз болды. Біріншіден, таңғы сағат төртте AK-47-мен қаруланған үкімет әскерін оятамын деп жүріп, құстарды үркіттім. Ал құстарды таңсәріде аңдыған қолайлы. Әрі бұл кезде әл-Шабаб пен Пунтленд сепаратистерінің адам ұрлаушыларына кезікпейсің. Осыдан бірер апта бұрын олар бір адамды ұрлап кеткен еді.
Сосын Сомалиленд пен Пунтленд арасындағы қауіпті аймақта, Майд қаласының оңтүстігіне қарай 30 шақырым жерде көлігіміздің жанармайы таусылып қалды. Үшіншіден, тежегіш қалыбы қызып кетіп, биік құздың айналасындағы жолда істен шықпасы бар ма! Сосын тағы бір кезде жартасты аумақтан эндемикалық Сомали көгершіндерін іздеп жүргенімде аяғым тайып кетті. Бейнекамерамның объективіне құлап, шынтағым мен білегімді соғып алдым. Сырқырап ауырғаны сонша қолым сынған болар деп ойладым. Соқтықпалы жолмен жүргенде одан бетер ауырды. Сегіз сағат бойы дәрі іздедік. Сондағы жүргізушінің тауып әкелгені Jell-O болды. Университеттің сақтандыру қоры қол жарақатының емдеу шығынын көтерер ме екен, қайдам?!
Ол аздай екі бірдей циклонға тап болып, қырсық шыр айналдырды. Жаңбыр шелектеп құйып, жол лай-батпаққа айналды. Абырой болғанда, ертең жол ашық. Мұнда келгеніме 86 сағат болған еді. Екі күн бойы ойдым-ойдым жолда, Ыстамбұлдан екі ұшақтық жол жырақта жүрмін».