Ұзақтан қарағанда қазақ әйелінің дәстүрлі баскиімі – қарқараға ұқсайтын Қарқаралы таулары елімізге туристерді тартуға қолайлы ең көрікті жерлерінің бірінен саналады. Кербез де, сұлу бұл тау Қарағанды облысындағы Қарқаралы ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Парк өкілдерінің пікірінше, Қазақстанның дәл ортасында орналасқан тау тізбегіне жыл сайын (2015 жылғы мәлімет) 20 мыңға жуық турист саяхаттап келсе, ал оларға қызмет көрсету саласында кемшін тұстар жетерлік. Басты себеп, парк ішінде демалыс орындарының тым аздығы. Ал бәсеке жоқ жерде сапаның арта қоймасы анық. Соның салдарынан жергілікті бюжет қосымша қаржыдан қағылып қана қоймай, жүздеген жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік болмай отыр.
Жалпы аумағы 12 гектардан асатын ол паркте таулар тізбегінен бөлек, ағаштың сан түрі өсетін орманды алқап, өзен-көлдер мен үңгірлер де бар. Онда қосмекендінің 2 түрі, рептилияның 6, сүтқоректілердің 40 және құстардың 114 түрі мекендейді.
Қарқаралы таулары айналасы ұсақ шоқылы, төбелі, жоталы, қырқалы таулар мен биік шоқылардан тұрады. Олар солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 30-35 шақырым бір-біріне жалғасып жатса, ені 20-25 шақырымға дейін жетеді. Бұл тау тізбегі Шаңкөз, Көктөбе, Қарқаралы, Мырзашоқы, Жиренсақал, Ақтерек, Жауыртоғай мен Найза секілді таулардың жиынтығынан құралған. Ондағы ең биік шыңы бар болғаны 1360 метрге әрең жететіндіктен жазды күндері тау басында қар жатпайды, есесіне жоғарғы сай сала қар суымен толып қалады.
Ғалымдардың пікірінше, Қарқаралының көк сеңгір таулары бұдан 250-500 млн. жыл бұрын палеозой заманында бой түзеген.
Фото: Ерболат Шадрахов