CONSEJO NACIONAL PARA LA CULTURA Y LAS ARTES (КОНАКУЛЬТА), INSTITUTO NACIONAL DE ANTROPOLOGÍA E HISTORIA (INAH), МЕКСИКА
КАЛАКМУЛ
Б.д. VII ғасырында Жылан тайпасының билеушілері бүгінде Оңтүстік Мексика ретінде танымал мына бас қалаға және оның ең ірі құрылысы – 55 метрлік пирамидаға иелік етті. Калакмул арқылы өзара байланысты одақтарды уысында ұстады.
Авторы: Эрик Ванс
Фото: Дэвид Кавентри
Мексика шекарасына темаланың ну тоғайын- дағы ежелгі Холмул жақын Солтүстік Гвақаласы – бар болғаны, қалың ағаш өскен биік төбелерден тұрады. Петен Бейсиндегі бұл орман қалың да жылы болғанымен, құрғақ. Ондағы тыныштықты тек жасыл шегірткелердің шырылы мен бақырауық маймылдардың дыбысы ғана бұзады.
Жақыннан кеп қарағанда бұл төбелердің көбі дөңгелене орналасқанын байқайсыз. Ал бұдан да жақынырақ зер салсаңыз, төбелердің бірқатары қашалған тастан қаланған, кейбірінің ұңғыма жолдары бар. Шындығында, олар төбе емес, осыдан мыңдаған жылдар бұрынғы Майя өркениетінің иесіз қалған ежелгі пирамидалары.
Орталық Америка мен Оңтүстік Мексикада жазу мен мәдениет дамыған – майялықтардың классикалық дәуірінде (б.д. 250-900 жж.) аймақ ерекше гүлденіп, көркейді. Алайда билікке таласқан қос шаһар жылдар бойы бір-бірімен қырғи-қабақ болды. Қысқа уақыт ішінде қала-мемлекеттердің бірі үстемдік орнатып, майя тарихында тұңғыш рет империя құрылды. Оны Каанул әулетінен шыққан Жылан патшалары басқарды.
Холмул жақын маңдағы Тикал сияқты емес, шағын да қарапайым. 2000 жылы Франсиско Эстрада-Белли келіп зерттемейінше, археологтар оны назарға да ілмеген. Ол классикалық дәуірге тиесілі жазбалар немесе әдемі безендірілген қорымдар сияқты ерекше дүниелерге тап боламын деп ойламады. Бар болғаны майялықтардың түп-тамырына көз жүгірткісі келді. Оның ең алғаш тапқан дүниесі – Холмул пирамидаларынан қашықтау орналасқан ғимарат. Оның ішінен тәу етуге бара жатқан жауынгерлер бейнеленген фреска табылды.
Калакмул қорымдарынан табылған бетперделер Жылан тайпасындағы дәулетті адамдардың арғы дүниедегі өмірін жеңілдетеді деген сеніммен қойылған. Майя тайпасы үшін алтыннан да бағалы жасыл нефриттен жасалған бетперделердегі бейнелер молшылықтың және қайта тірілудің белгісі. КОНАКУЛЬТА, INAH, МЕКСИКА (ЕКЕУІ ДЕ) ҰЛТТЫҚ САРАЙДА ТҮСІРІЛГЕН, МЕХИКО ҚАЛАСЫ; MUSEO DE SITIO DE COMALCALCO, МЕКСИКА
Ең қызығы, фреска тұтастай сақталмаған. Майялықтар суреттегі тарихты өшіру мақсатында оны өздері сындырып тастаған көрінеді. Бұның себебін анықтау үшін Эстрада-Белли жақын маңдағы бірнеше пирамиданың ішіне өткел қазып кірді. Ежелгі мезоамерикалықтар пирамида қабаттарын кезең-кезеңімен, орыстардың матрешка қуыршақтары сияқты бірінің үстіне бірін салған. Холмул тұрғындары жаңа қабатын қалай отыра, астындағысын бұзбай сақтаған. Соның арқасында зерттеушілер ішке кіріп, алдыңғы құрылыстардың баз-баяғы қалпында сақталғанын көрді.
2013 жылы Эстрада-Белли мен оның тобы салтанат сарайына апаратын ежелгі баспалдақтағы белгілерге сүйеніп, үлкенірек пирамидалардың бірінде зерттеу жүргізді. Едендегі тесік арқылы жоғарыға өрмелеп шыққан ғалымдар ежелгі қорымның кіре берісінен бүлінбей сақталған, ұзындығы сегіз метрлік фризді байқады.
Гипстен жасалған фриздер өте сирек кездеседі және сынғыш боп келеді. Аталмыш фризде үш ер адам, он Холмул патшасымен бірге бейнеленген. Олар құбыжықтардың ауыздарынан шығып келеді. Жан-жағын жын-перілер және қос қанатты жылан қоршаған. Бұл өнер туындысы көрген жанды бей-жай қалдырмайды.
Ла-Корона аймағынан мынадай тақта тас табылды. Мұнда Жыландар патшалығының болашақ патшасы Юкнум Чин II-нің қонаққа келгенде доп ойнағаны бейнеленген. Иероглифтегі жазу: 635 жыл, 11 ақпан.
Эстрада-Белли фризгезер салып қарағанда астыңғы бөлігінен қашалған мүсіндерді байқады. Тізесін бүккенде Холмул патшаларының тізімі қашалып жазылған таңбаларды көрді. Ортасындағы бірден көзге түскен таңба оның еңбек жолындағы үлкен табыс болды. Ол атылуға дайын тұрған жыланның бейнесі еді.
«Алуан түрлі таңбалардың ішінен Каанул деген есімді көрдім», – дейді ол. «Бұрындары бізді ешкім елемейтін. Холмулге де қызығушылық танытпайтын. Сөйтіп, ойда жоқта майя тайпасы тарихының ең қызықты тұсын зерттеуге белсене кірісіп кеттік».
Каанул немесе Жылан патшаларының табылу тарихы және олардың империя құруға талпынысы қас дұшпандарының қаласы – Тикалден бастау алады. Тикал шаһары ғасырлар бойы теңіз деңгейінен төмен орналасқан майя қалаларын басқарған. Ол1950 жылдардан бері ең көп зерттелген қазба орындарының қатарында. Құлашын кеңге жайған шаһарда кезінде 60 мыңға жуық адам тұрған және оның әсем ғимараттары бүгінде саяхатшыларды қалай қызықтырса, б.д.750 жылдары да келушілерді өзіне тартқан.
Сондай-ақ мұнда әдемілеп қашалған құлпытас тәрізді стелла деп аталатын жүздеген ескерткіш болған. Ғалымдар ондағы жазуларды зерттей келе, Тикал қаласының IX ғасырда қаңырап бос қалғанға дейінгі тарихын жаңғыртты. Алайда оның 560-690 жылдар аралығындағы тарихы беймәлім. Бұл кезеңде ескерткіштер жасалмаған және жаңа ғимараттар аз салынды. 130 жылдық үзіліске таңырқаған археологтар бұл кезеңді «Тикал хайатус» деп атап, ежелгі майялықтардың ашылмас құпиясы ретінде қалдырды.
697 жылы дүние салған Жылан патшасы (“От Тырнағы” болуы мүмкін) қорымы қайта қалпына келтірілді. Кебіннің сырты нефритпен және ұлу қабыршығынан жасалған моншақтармен көмкерілген.
1960-жылдары археологтар бірқатар нысаннан табылған ерекше глифті – адалдықты білдіретін таңбалармен көмкерілген айбарлы жыланның басы бейнеленген белгіні байқаған сәттен бастап беймәлім тарихты жаңғыртуға кірісті. 1973 жылы археолог Джойс Маркус оны ежелгі рәміз деп таныды. Яғни, ол белгілі бір шаһардың елтаңбасы және қару-жарақ белгісі қызметін атқарған. Джойс оның «Тикал хайатус» кезеңіне қандай қатысы барын зерттеді. Бәлкім, белгісіз жауынгерлер шаһарды жаулап алған шығар?! Егер солай болса, мұндай күш қайдан келді және археологтар бұны қалайша білмеді?
Петен орманы қапырық, құрғақ маусымда сортаңға айналады. Ал жаңбырлы кезде онымен жүру қиямет-қайым. Улы өсімдіктер қаулап, жәндіктер құжынап кетеді және қаруланған есірткі тасымалдаушылар өріп жүреді. Маркус соған қарамастан бұл аймақты бірнеше ай бойы зерттеді. Қирандыларды аршып, таңбаларды жинады. Қайда барса да, атылғалы тұрған жыланның бейнелерін кездестірді. Әсіресе, Мексиканың оңтүстік шекарасына жақын ежелгі Калакмул қаласының айналасынан көп табылды.
«Қоршай орналасқан нысандар ортадағы шаһарды нұсқап тұрды. Ол, құдды, қара құрдым сияқты», – дейді Маркус. «Бұл Калакмулден бірдей қашықтықта орналасқан нысандар жиынтығы».
Джойс қос пирамидасы аспанмен таласқан Калакмулге барғанда оның көлеміне таңдай қақты. Кезінде мұнда 50 мыңға жуық адам тұрыпты. Ескерткіштер барлық жерден табылды. Бірақ көбі жазусыз болды. Әктас жұмсақ болғандықтан эрозияға ұшырап, таңбалар өшіп қалған. Ол шаһардан жылан бейнеленген екі таңба ғана тапты.
Жыландар құпиясы жас ағылшын зерттеушісі Саймон Мартинді Калакмул мен шағын нысандардан табылған жылан таңбалары туралы мәлімет жинауға ынталандырды. Ол Жыландар мен олардың династиясының бейнесін қалыптастыру үшін майялықтардың басынан өткен шайқастар мен саяси қарым-қатынастарға қатысты таңбалар мен белгілерді пайдаланды.
Холмул қала-мемлекеттегі ұзындығы сегіз метрлік мына фриздегі мифтік көрініс оның Жылан династиясымен тығыз байланыста болғанын көрсетеді. Ортасында 590 жылы көз жұмып, қорымға жерленген Холмул патшасы бейнеленген. ГВАТЕМАЛА МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ. 130 СУРЕТТЕН ҚҰРАЛҒАН КОМПОЗИЦИЯ.
National Geographic қоғам қоры жақында Холмул мен Гватемаладағы Ла-Корона аймағында қазба жұмыстарын жүргізуге қаржылай қолдау көрсетті.
«Біз Тикалге қатысты мәліметті тек Тикалдан аламыз. Ал Калакмулге келгенде ол туралы бәрінің аузынан естисіз», – дейді Мартин. «Ол тұман арасындағы елес секілді. Уақыт өте келе бұл кездейсоқ көріністер бір бағытты нұсқай бастады».
Ақыр соңында Мартин мен археолог Николай Груб ежелгі Майя әлеміндегі патшалықтардың шым-шытырық тарихынан сыр шертетін «Майя патшалары мен патшайымдарының хроникасы» атты кітапты жарыққа шығарды. Бұл еңбектің басты кейіпкерлері – бір ғасыр бойы ғажап кезеңді бастан өткерген Жылан патшалары. Мартин Маркустың ойын құптап, Жыландар патшалығын қара құрдымға теңейді. Яғни, ол барлық шаһарларды өзіне қарай тартып, айнала шоғырландырған және Майя империясы болуы мүмкін елді құрған. Әрине, Жыландарға қатысты сауалдар әлі де жетерлік: «Олар қалай өмір сүрді, шаһарды қалай басқарды, қалай шайқасты және кейбірінің бұл өмірде болған-болмағаны қаншалықты рас?»
V ғасырдың соңында Тикал аймақтағы ең мықты қала-мемлекеттердің бірі болды. Археологтар оны бүгінгі Мехико қаласының маңындағы Теотиуаканның батысына қарай мың шақырым жерде орналасқан биік таулардағы одан анағұрлым үлкен шаһардың көмегімен билік тізгінін уысынан шығармады деп болжайды. Ғасырлар бойы осы екі қала майялықтардың бейнелеу, сәулет, қыш құмыра жасау өнерін қалыптастырып, қару-жарақ жасау ісі мен қала жоспарын дамытты. Алайда VI ғасырда Теотиуакан Майя аймағынан іргесін бөлек салып,Тикал қаласын оқшау қалдырған сәттен бастап бәрі өзгерді.
Жылан тайпасы басып кірді. Бірақ қашан келгені белгісіз. 635 жылға дейін олардың Калакмулді басқарғаны туралы нақты дерек жоқ. Кей сарапшылар оларды классикалық кезеңге дейін жүздеген жылдар бойы бір жерден екінші жерге көшіп, жаулаған жерлерінде алып шаһарлар тұрғызған дейді. Әзірше, бұл тек болжам ғана. Ең алғашқы жылан таңбалары Калакмулдің солтүстік-шығысына қарай 125 шақырым жердегі, Мексиканың оңтүстігіндегі Дсибанче қаласынан табылған деседі.
Жылан тайпасының қайда тұрақтағаны маңызды емес. Бізге белгілісі, VI ғасырдан бастап қос бірдей Жылан патшасы Тикалды әлсіз деп танып, оны жаулап алуға тырысты. Стоун Ханд Ягуар деген біріншісі ондаған жылдар бойы төменгі аймақтағы қалаларды аралап, келіссөздер жүргізді.
Бүгінде мұндай сапар бізге күлкілі болып көрінуі мүмкін. Олар үйлену тойына атсалысып, ежелгі майялықтардың доп ойынын ойнады (доптан, бірнеше таяқтан және тас шеңберлерден құралған спорт түрі), қарсыластарын құрметтеп, ізет танытты. Майя әлемінде жаулау ісі осылай басталатын. Яғни, қарсыластарына сый-сияпат ұсынып, құрмет көрсетті, маңызы зор одақтар құрды. Бұл жағынан Жылан тайпасына ешкім тең келмейтін.
Көп ұзамай Тикалдың оңтүстік-шығысындағы одақтасы – Каракол батыстағы әскери қала Ваканың кебін киіп, Жылан тайпасының қол астына өтті. Жылан тайпасы Тикалдың солтүстігіндегі, шығысындағы және батысындағы қалаларды біртіндеп өзіне қаратып алып, басты қарсыласын тізе бүктіруді көздеді. Ақыры, Стоун Ханд Джагуар мен оның одақтастары Тикалды түгел жаулауға дайын болды. Алайда Жылан патшасы саяси жоспарын іске асырмай жатып көз жұмды. Сөйтіп, бұл міндет оның ізбасарына (туған ұлы да болуы мүмкін) Аспан куәсіне жүктелді. Жас патшаның жүзі суық, сұсты болған деседі. Мүрде қалдықтарын зерттеген ғалымдар оның мығым денелі болғанын және сансыз шайқастардан бас сүйегі талай жараланғанын айтады.
Караколдегі құрбан шалатын жердегі жазу бойынша, Аспан Куәсі Тикал қаласын 562 жылдың, 29 сәуірінде дейін жаулап алды. Патша бүкіл одақтастарын жинап, шабуылға шықты. Жыландар әскерін Вакадан шығысқа қарай әкелді. Бұл кезде Наранхо қала-мемлекетінің маңындағы Каракол және Холмул қала-мемлекеттерінің әскері батысқа бет алды.
Жыландар мен оның одақтастары Тикалға лезде тойтарыс беріп, тізе бүктірді. Артынша Тикал патшасын сол жерде тас пышақпен өлтіріп, құрбандыққа шалған көрінеді. Дәл осы уақытта Холмул тұрғындары Жылан билеушілеріне деген адалдығының белгісі ретінде Тикал мен Теотиуаканның басты рәмізі – фресканы сындыруға шақ қалған деседі. Кейін арада 1400 жыл өткенде Эстрада-Белли оның қалдықтарын тапты. Осылайша, Жыландар патшалығы билікті өз қолына алды.
ВАКА (ЭЛЬ-ПЕРУ) Қорымдардан жерасты әлемінің мифтік салтжоралғылары бейнеленген көлемі 10-23 сантиметрлік боялған қыш мүсіндер табылды. Жылан билеушісі Юкнум Чин II (үстіңгі қатардың сол жағында). Ал оның қызы Су лала гүлі бегайымы (сол жақтағы үлкен мүсін) сиқырлы елікті қасына шақырып алды (астыңғы қатардың сол жағында). Басқа мүсіндердің арасында сарай ақсүйектері бар.
Майя тайпасының алдағы отыз жылдық тарихы бұлыңғыр. Мексикалық археологтар Энрике Нальда мен Сандра Баланзарионың арқасында Аспан Куәсінің жеңістен кейін арада он жыл өткенде, отызға қараған шағында дүние салғанын білеміз. 2004 жылы олар Дсибанчеде пирамида ішіндегі бірнеше қорымды қазу барысында нефрит бетперделер арасынан қан ағызу рәсіміне арналған сүйектен жасалған ине, обсидиан және қалың киноварь ұнтағының астынан маржандар тапты. Иненің бір жақ бетінде «Бұл инемен Аспан Куәсінің қаны ағызылды» деп жазылған. «Тикал хайатус» кезеңінде билік жүргізген сегіз бірдей Жылан патшаларының арасынан екеуінің ғана қалдықтары табылды. Солардың бірі – Аспан Куәсінікі.
Келесі дерек бойынша, Жыландар патшалығы сонау батыстағы әсем шаһарда – Паленкеде бой көрсеткен. Төменгі құрғақ аймақта орналасқан Тикал және Калакмулмен салыстырсақ, Паленке ауа райы қолайлы, сән-салтанаты мен сәулеті келіскен шаһар болған. Алебастрмен сыланған зәулім пирамидалар мен мұнара Мексика бұғазымен және орталық қыратты аймақтармен ұштасып жатқан тау сілемдерінің етегінде орналасқан. Сарқыраған өзендері мен сарқырамаларының арқасында мұнда су жеткілікті болды және көбі сумен ағызылатын әжетхананы пайдаланған деседі.
Бұл шаһар үлкен емес-тін. Небәрі он мың тұрғыны болған. Есесіне, ол өрке ни ет шамшырағы және сауда-саттықта батыспен байланыстыратын негізгі қақпа болды. Жаңа династия оны нысанаға алды. Бұл кезде Жылан тайпасын Ирек Жылан деген патша басқаратын. Ол да алдыңғы патшалар сияқ ты одақтастарын қасына жинап, басып кірді. Паленке патшайымы –Желді жердің жүрегі – Жыландардың шабуылына тойтарыс беруге тырысқанмен, 599 жылдың 21 сәуірінде тізе бүкті.
Көбіне алауыз, қырғи-қабақ және өз иеліктерін қорғаудан ары аспайтын ерік-жігері төмен жандар деп сипатталатын майялықтар арасында мұндай экспансионис тік қимылдар сирек орын алатын. Ал Жыландар мүлде басқа еді.
«Паленкеге шабуыл жасаудың астарында үлкен жоспар жатты, – дейді Мексика Ұлттық Автономды Университетінің эпиграфика маманы Гильермо Бернал. – Олар материалдық дүниеге ұмтылды деп ойламаймын. Керісінше, идеологиялық мақсатты көздеді. Каанул шын мәнінде алып империя құруды жоспарлады».
Империя құру идеясы майя тайпасын зерттеп жүрген археологтар арасында пікірталас тудырды. Көбі бұл тұжырымды мәдени және географиялық жағынан шындыққа жанаспайды деп есептейді. Әйтсе де, Жыландар патшалығының тарихына зер салсақ, оның аумағы кеңейіп, қуаты арта түскен. Олар шығыстағы ірі шаһарлармен одақтасып, оңтүстіктегі қалаларды жаулаған. Ал солтүстік аймақтармен сауда-саттық қарым-қатынас орнатқан. Батыстағы Паленке қаласы Майя әлемінің қиыр шеті болатын. Жылқылары және қарсы тұрар әскері жоқ майялықтар билікті қалай сақтап қалды екен?!
Көлемі бойынша қазіргі Кентукки штатымен тең келетін кең аумақты басқару майялықтар ешқашан көріп-білмеген ұйымдастыру әдісін талап етті. Сондай-ақ оңтүстіктегі нефритке бай қалаларға жақын жерден басқару орнын белгілеу міндеттелді. Дсибанче қаласы Калакмулден 125 шақырым жерде орналасқан болатын. Ну орман арқылы жаяу жүріп өтетін адамдар үшін бұл айтарлықтай алыс жол болды. Жаңа астанаға – Калакмулге көшу туралы ешқандай дерек жоқ. Алайда 635 жылы Жыландар патшалығы мұнда ескерткіш тұрғызып, Жарғанаттар деген атпен танылған династиядан билікті тартып алған соң, өзін осы қаланың билеушісі деп жариялады.
Бір жылдың ішінде Жылан билеушілерінің арасындағы ең мықтысы, айлакер майя патшасы тақты тартып алды. Оның есімі – Юкнум Чин II. Кейде оны «қала жаулаушысы» деп те атайды. Аспан Куәсі мен Ирек Жылан білікті жаулаушылар еді. Ал Юкнум Чин нағыз патша болды. Ол бір қаланы екіншісіне қарсы қойды, парсы патшасы Кир мен римдік Август сияқты қалалардың біріне пара беріп, екіншісін қорқытып-үркітіп уысында ұстады. Оған дейін ешбір патша төменгі аймақтарға билік жүргізе отырып, өзге шаһарларды басқарған емес. Сөйтіп, ол елу жыл бойы билік етті.
Майя территориясының орталық бөлігіне билік жүргізуді көздеген Жылан әскері 562 жылдың 29 сәуірінде басты қарсыласы – Тикал қаламемлекетіне шабуылдады. Жеңіс сәті бейнеленген мына суретте Аспан куәсі патша масаттанып тұр. Ал қол-аяғы матаулы Тикал билеушісі Қос құс Жылан патшасының алдында еңкейіп отыр. Бұл жеңіліс Тикалды 130 жыл бойы биліктен айырды. СУРЕТШІ: ТОМЕР ХАНУКА. ДЕРЕК КӨЗДЕРІ: САЙМОН МАРТИН, ПЕНСИЛЬВАНИЯ УНИВЕРСИТЕТІ
Патшаның қандай екенін қызметшісіне деген қарым-қатынасынан байқайсыз. Сол сияқты империяның тыныс-тіршілігін оның қарамағындағы қалаға қарап білуге болады. Жыландар патшалығына қалтқысыз қызмет еткен кішігірім де қарапайым қала – Сакникте болды.
Археологтар бұл нысанда екі мәрте қазба жұмысын жүргізген. 1970 жылға қарай олар қара базардан тақта тастың бірнеше данасын тапты. Ұрылар бетіне қашалып жазылған мәтіндері бар ескерткіштерді қолды қылып, олардың қайдан келгені туралы күдік тумас үшін үшін шет елдерге сатып отырған. Осылардың ішінде айбарлы жылан бейнеленген таңбалар бар. Археологтар тонаушылар ұрлыққа түскен белгісіз жерге «Site Q» деген атау берді.
«Site Q» нысаны Марселло Кануто сияқты археологтарға өсиет сандығындай болып көрінді. 2005 жылдың сәуір айында, шақырайған түс кезінде Марселло бір топ зерттеушілермен Петен орманындағы Ла-Корона атты нысанды зерттеді. Бұл нысанның қай ғасырға тән екенін анықтауға көмектесетін қыш бұйымдарды іздеп жүргенде тонаушы қазған шұңқырға түсіп, пирамиданың ішіне кірді. Назары қабырғадағы бедерлі тақта тасқа түсті. «Тастың бетінен ирек-ирек таңбаларды көрдім», – дейді Кануто. «Селт ете қалдым. «Бұл өңім бе, түсім бе?» деп таңғалдым. Сосын қайтадан қарадым. Сөйтсем, ол жай ғана таңбалар емес, бүтін бір жазба екен». Ол алғаш рет қалың шаңның және шөптің астында бүлінбей сақталған ғажап тақта тастарды көрді. «Нысанды тазалап болған соң бірауыздан «Бұл сөзсіз «Site Q» нысаны» деп айттық.
Содан бастап Кануто тек осы нысанды зерттеді. Майя тілінде Сакникте деп аталатын бұл шаһардың Жыландар патшалығында мәртебесі жоғары болған көрінеді. Мұндағы ханзадалар Калакмулге барып білім алған. Үшеуі Жылан патшалығының ханшайымдарына үйленген деседі. Сакникте оңтүстіктегі әскери қала Вакаға қарағанда шайқасқа аз қатысқан. Патшаларының есімдері де құлаққа жағымды. Мәселен, Нұрлы ит, Ақ құрт және Қызылтүйетауық. Ал тақта тастарда олардың ішімдік ішкені және сыбызғыда ойнағаны бейнеленген.
Канутоның тобы тапқан тақта тастар бойынша, Юкнум Чин патшалық астанасын ресми түрде Калакмулге көшірмес бұрын Сакникте қаласына келген. Суретте Юкнум Чиннің сабырлы, байсалды отырғаны бейнеленген. Сакникте патшасы сияқты мойнын бір жаққа бұрып отыр.
Сакникте – Жылан тайпасының әмірлік жүргізген жері ғана болған жоқ. Майя тайпасының бүкіл аймағында Юкнум Чиннің есімі аталады. Ол Су лала гүлі есімді қызын Вака ханзадасына ұзатқан. Кейін ол мықты жауынгер патшайым атанды. Юкнум оңтүстіктегі Канкуэн және батысқа қарай 160 шақырымда орналасқан Морал-Реформа аймақтарының жаңа патшаларын тағайындады. Ал Дос-Пиласта Тикалдың жаңа патшасының бауырын тізе бүктіріп, өзіне бағынышты етті.
Сондай-ақ ол патшалықтың батыс бөлігінде жаңа сауда жолын ашып, көптеген одақтарды байланыстырды. Ғалымдар бағынышты қалалардан бірқатар өзгешеліктерді байқады. Кейбір жақын одақтастарының өз елтаңбалары және патшалары болмаған. Дәулетті әрі беделді болса да, Жылан билеушілерімен ауыз жаласқан сәттен бастап патшалық биліктен бас тартқан.
Осы сәтте Калакмулдің Жылан патшалары бұдан да зор атауды қолдана бастады: kaloomte, яғни патшалардың патшасы.
Сакникте нысанын бірлесе зерттеп жүрген Гватемала археологы Томас Барриентос: «Меніңше, олар саяси жүйені түбегейлі өзгертті. Жаңа бағытқа бет бұрды», – дейді. «Өз басым бұны Майя тайпасының тарихындағы айтулы оқиға деп білемін».
Осы уақыт аралығында Жыландар патшалығы сан мәрте бас көтеріп, өш алмақ болған қас дұшпандары –Тикалды жіті назарда ұстады. Юкнум Чин одақ іргесін нығайтқан соң, 657 жылы қол астындағы Аспанды балғалайтын Құдай есімді қуыршақ-патшамен бірге Тикалға шабуылдады. Жиырма жылдан соң Тикал қайта бас көтерді. Жылан тайпасы оны тағы тізе бүктіріп, шайқас кезінде патшасын өлтірді.
Тикал билеушісінің құдіретті Жыландар патшалығына қарсы шығуға қалай батылы жетті?! Сарапшылар майя билеушілерінің одақты сақтау үшін мұқият болғанын және жеңіліс тапқан патшаларды тірі қалдырғанын айтады. Сол себепті, шайқастардың көбі қантөгіссіз өтуі мүмкін немесе жеңіліске ұшыраған патшалар келесі ұрыста ажал құшудан қорқып, өздері кешірім сұраған болу керек. Не болмаса, майя әскерінің қаланы жоюға қауқары жетпеген.
Қалай болғанда да, Юкнум Чин саяси қырағылық танытты.Тикал билігін одақтасы Аспанды балғалайтын Құдайға ұстатудың орнына шаһардың жаңа патшасымен ынтымақтастық аясында кездесу өткізіп, оны тақ мұрагері – От тырнағымен (туған ұлы деседі) таныстырды. Күндердің күні ол патшалық билікті өз қолына алды. Бірақ ақыр соңында біржолата айырылып қалды.
Юкнум Чин 86 жасқа қараған шағында көз жұмды. Калакмул тұрғындары бұл жастың жартысына да жетпей дүние салатын. Себебі, олардың патшалары тоқшылықта өмір сүрді. Тек жұп-жұмсақ «тамале» тағамын ғана жейтін. Содан болса керек, тістері де сау болды. Ал кедейлер тойып тамақ ішпейтін. Есесіне, жоғарғы тап артық салмақтан зардап шекті және біразы сусамырға шалдықты.
Кейбір археологтар От тырнағын сондай адам болған деп есептейді. Әкесі дүние салмас бұрын патшалықты ұзақ уақыт бойы басқарған деседі. Алайда өзге беделді патшалардың ұлдары сияқты ол да билікті ұзақ ұстап тұра алмады. Сансыз жеңіліске қарамастан Тикал 695 жылы қайта бас көтерді. Бұл жолы әскерді Аспанды тазартатын Құдай атты ерекше есімге ие жас патша басқарды. От тырнағы Тикалге тойтарыс беру үшін Жыландар патшалығының тағы бір әскерін қатарға қосты.
Тамыздың сол күні не болғаны бізге беймәлім. Кей сарапшылар Аспанды балғалайтын Құдайдың Жылан патшаларынан жеткілікті қолдау көрмегені үшін шайқас алаңында одақтастарын сатып кеткенін айтады. Енді бірі орта жастағы От тырнағы омыртқа сырқатынан зардап шеккендіктен жауынгерлерді жігерлендіре алмаған деп топшылайды. Бәлкім, айы оңынан тумаған шығар.
Сөйтіп, Жыландар жеңіліп қалды. Бірер жылдан соң патшалық құлдырай бастады. От тырнағы дүние салып, Жыландар империясының бүкіл арман-тілегін өзімен бірге көрге алып кетті. Көптеген археологтар Жыландар тайпасы билікке қайта оралмағанмен, зор беделге ие болғанын айтады. 711 жылы Жыландар тайпасының мықты одақтасы Наранхо оларға әлі де адал екенін жариялады. Арада он жыл өткен соң Сакниктедегі тақта таста тағы бір Жылан ханшайымының суреті пайда болды.
Алайда VIII ғасырдың ортасына қарай Жыландар тайпасы биліктен түбегейлі қол үзді. Калакмул маңындағы шағын қала Жарғанат патшаларының билікке қайтып оралғанын тойлап, жыланды таптап тұрған жауынгер бейнеленген ескерткіш тұрғызды. Келесі ғасырда Тикал патшасы Жыландар патшалығының шашбауын көтерген Вака, Каракол, Наранхо және Холмул қала-мемлекеттерін жазалады.
791 жылы Сакниктенің бейбітсүйгіш тұрғындары Тикал ханшайымына ақсүйектердің біріне тұрмысқа шығуды ұсынды. Әйткенмен, Тикал Жыландар тайпасы сияқты биліктің шыңына шыға алмады. Ақыры, 800 жылдардың ортасына қарай майя өркениеті құлдырай бастады. Халықтың көптігінен бе, саяси тұрақсыздықтан ба, әлде ұзақ мерзімді құрғақшылықтан ба, қалаларда билік жүйесі бұзылып, ақыр соңында қаңырап бос қалды.
Жыландар патшалығына құлдыраудың алдын алуға болар ма еді?! 695 жылы От тырнағы Тикалды тізе бүктіргенде, жағдай қалай өрбитін еді?
«Мұндай жағдайдың алдын алуға болатын еді», – дейді Вакадағы қазба жұмыстарын басқаратын археолог Дэвид Фрайдел. «Майя патшалығының орталық аймағын бір тудың астына біріктіре алмау – анархияның, тоқтаусыз соғыстардың және қуаңшылықтың басты факторы болды».
Археологтың майялықтар қабірін қалай қазып алғаны туралы әңгімесін тыңдаңыз. Бейнежазбаны ngm.com/Sep2016 сайтынан көре аласыз.
Күндердің күні бұған жауап алуымыз мүмкін. Осыдан қырық жыл бұрын Жылан патшаларының тарихта болғанын білгеміз жоқ. Ал жиырма жыл бұрын олар тек Калакмул патшалары ретінде белгілі болды. Бүгінде біз олардың тарихтағы ең үлкен және қуатты патшалықты басқарғанын білеміз. Археологиялық қазба жұмыстары бірден нәтиже бермейді. Сарапшылар табылған заттарды қиюластырып, өткенді жаңғыртуға тырысады.
Оның үстіне, зерттеушілер жиі дауласады. Калакмул нысанын зерттеген археолог Рамон Карраско Жыландар тайпасының Дсибанчені мекен еткенін және ешқашан жеңілмегенін айтады. Ол Саймон Мартин мен өзге де зерттеушілермен бірігіп жұмыс істеп, бірдей айғақтар тапса да, басқадай тұжырым жасады.
Сол себепті археологтар қазба жұмыстарын тоқтатпайды. 1996 жылы Карраско Калакмулдегі ең ірі нысанды, б.д.д. 300 жылдан бұрын салынған әсем пирамидада қазба жұмысын жүргізді. Пирамиданың үстіңгі жағындағы тастарды мұқият тазалап, итеріп қалғанда мүрде қалдықтарын байқады. Ал астында табыт бар екен.
«Табыттың бетін ашып, ішіне көз жүгірттік», – дейді шылымды көп шеккеннен дауысы қарлығып шығатын сымбатты жігіт Карраско. «Бірнеше сүйекті және ыдыс-аяқты көрдік. Бәрін шаң басып қалған. Ғасырлар бойы жиналған шаңға қолымызды тигіздік.
Қорымды аршу және қазба жұмыстары тоғыз айға созылды. Каррас қабірдің ішіне кіргенде атақты патшаның мүрдесін тапқанын білді. Мәйіт жоғары сапалы шәліге оралып, сырты ұсақ моншақтармен көмкерілген екен. Патша жалғыз емес. Жас әйел мен бала құрбандыққа шалынып, қасындағы табытқа салыныпты.
Карраско: «Патшаның мүрдесін шаң мен кір басқан. Нефриттен жасалған бірнеше алқаны көре аласыз. Ал бетперде көрінбейді», – деп, щеткасын шығарып, мұқият тазалай бастады. «Ең бірінші, өткен дәуірден маған қарап тұрған көзді байқадым».
Ол арғы дүниеде патшаның мәртебесін арттырады деген сеніммен қойылған нефриттен жасалған әдемі бетпердедегі көз болатын. Кейін талдау нәтижесі оның етжеңді, толық адам болғанын және омыртқа сырқатынан зардап шеккенін көрсетті. Ал қорымы әсем безендірілген.
Қасынан нефриттен жасалған дулыға табылды. Тура ортасында ягуардың табанының ізі қалыпты. Ал дулығаның қасында айбарлы жыланның басы бейнеленген және «От тырнағының ыдысы» деген жазуы бар қыш ыдыс жатты.