Польшадағы фермалардың бірінде темір тордың ішіндегі ақкүзен бұқпантайлап жүр. Ол шамамен алтысегіз айдай өмірін осында өткізеді. Өндірушілер, әсіресе, Еуропада, әдемі терісі үшін жоғары бағаланатын күзен және басқа да жануарларды бағыпқағады.
Авторы: Ричард Конниф
Фото: Паоло Марчетти
Ақпан айының ортасы, аяз бет қариды. Солтүстіктегі елдің қысы қатал екен. Бұлтсыз аспан астындағы ақ ұлпа қар күн сәулесімен шағылысып тұр. Тереңдігі 23 сантиметрлік мұз басқан шалшықтың үстімен нық басып келе жаттық. Ертеректегі шалғай аудандарда тері саудасы осылай басталған болар.
Билл Маковски алпыс жыл бойы қақпанмен аң аулап келеді. Көбіне солтүстік Мэн аймағында аңға шығады. Ол маған мұз арасынан қылтиып тұрған қандыағаш сабақтарын көрсетіп, суық түсе бастағанда құндыздардың терек бұтақтарын жинайтынын түсіндірді. Сосын олар жеуге келмейтін қандыағашты терек бұтақтарының үстіне үйеді екен. Қандыағаштың ауырлығынан бұтақтар мұздың астына батып кететін көрінеді. Сөйтіп, құндыздар қыс бойы сонымен қоректенеді. Билл сүйменмен мұзды ойды. Сосын оны маған ұстатып, байқап көруімді өтінді. «Көрдің бе, мына жер тым қатты. Құндыздар тоздырған жол» деді ол.
Маковски басқа жердің мұзын ойып жатып «Көпіршіктердің дыбысын естідің бе?» – деді. Сосын тесікті кеңейтіп, лай су көрінгенше ерекше болат құралмен ұрғылай берді. Сөйтсек, ол қақпан екен. Ірі құндыз тұзаққа түсіп қалыпты. Ал әлгі ауа көпіршіктері оның мұз құрсауындағы ақтық демі болған екен.
Колумбиядағы шаруашылықтардың бірінде жұмысшы мойнының артқы жағына пышақ қадап, өлтірілген қоңыр кайманның терісін сылуға дайындап жатыр. Кайман терісі америкалық аллигатор сияқты бағалы емес.
«Біз бұны супер жабынды деп атаймыз. Жақсы құндыз екен», – дейді Маковски. Оның есептеуінше, бұл тері, ары кеткенде, 25 доллар пайда әкеледі. Алайда ол соған қарамастан өзін тісқаққан аңшылар мен тұзақшылардың ізбасары ретінде сезініп, үйіне марқайып қайтты. Шуақты күнге және бұл өңірдің ой-шұқырын жатқа білетініне шаттанған Билл өткен жылдардағы қыстың бірінде бір саяхатшының оған айтқанын есіне түсірді. Ол: «Егер адамдар құндыздардың өлтіріліп жатқанына қарсы болмаса, табиғат аясында аңшылықпен айналысуы үшін ақша төлейді», – депті.
Шындығында жануарларды өлтіру күн тәртібіндегі мәселелер қатарынан жойылған. Бір кездері «Тон кигенше жалаңаш жүргеніміз артық» деген ұранмен жарнамаға түскен топ-модельдер тондарды жарнамалауды жалғастыруда. «Теріге саусағының ұшын тигізуге қорқатын сәнгерлер де осыдан 15-20 жыл бұрын бұл ескі тыйымды ұмытты», – дейді Жаңа Шотландияда қаракүзен өсірумен айналысатын Дэн Маллен. Бүгінде тері саудасына ден қойғандардың көбі ұрандатып қарсылық білдірген белсенділердің әрекеті орынды екенін қалтқысыз мойындайды. Фермерлер жануарларға жеткілікті күтім жасамады. Сондай-ақ олар белсенділер қанша дауласса да, сауда жүйесінің біршама өзгергенін атап өтті. Қалай болғанда да, көпшілік тон киюді әр адамның жеке таңдауы деп есептейді. Кей шаһарларда тон киген адамнан гөрі, көшеде SMS жазып бара жатқан адамға жақтырмай қарайтын болды.
Сауда кеңістігінде аң шаруашылығы басымдыққа ие және 90-жылдардан бері өндіріс көлемі бірнеше есеге артты. Былтыр жүз миллионға жуық тері өндірілген. Көбі қаракүзендікі және біраз түлкі терісі бар. Тұзақшылар миллиондаған құндыз, койот, жанат, ондатр және басқа да аң терілерін өткізеді. Бұдан бөлек бізге беймәлім қаншама миллион ірі қара мал, қой, қоян, түйеқұс, қолтырауын, аллигатор және кайман тамақ өнеркәсібі мен тері өндірісі үшін ауланды.
Тайландтағы мына түйеқұс фермасында жұмысшылар құстарды бауыздап, жүнін қолмен жұлады. Сәнгерлер түйеқұс терісін иілгіш, мықты деп сипаттайды. Негізінен Африканы мекендейтін түйеқұстар бүгінде терісі, қауырсыны және еті үшін бүкіл дүние жүзінде өсіріледі.
ПАОЛО МАРЧЕТТИ, ALEXIA FOUNDATION
Сонымен, 90-жылдары қоғам тарапынан қатаң сынға ұшыраған тондар қалайша қайтадан сәнге айналды? Тері саудасы қабыландардың, оцелоттардың және өзге де аңдардың жойылып кетуіне қауіп төндірді. 1970 жылдары енгізілген жаңа шектеулер бойынша жойылу алдында тұрған жануарлардың еті мен терісін пайдалануға тыйым салынды. Алайда бүгінде бағалы тон саудасы сәнге енді. Ал сыншылардың пікірі еленбейді. Себебі, Қытай, Оңтүстік Корея және Ресей тұрғындарының тонға деген сұранысы жоғары.
Осы ретте бұл оқиғаны жазған сәтте екіұшты пікірде болғанымды айта кетейін. Арғы атам терісі бағалы аңдарға қақпан құратын. Бүгінде қалалы жерлерде аңға шығу, балық аулау, және тірі мақұлықтарды қолмен ұстап сезіну сияқты үрдістер жойылып бара жатқандай. Тағы бір айтарым, бірде жұбайым екеуіміз мұра ретінде қалған оцелоттың терісінен тігілген күртешеге ие болдық. Ақыры, оны оқу құралы ретінде Ұлттық тұмса табиғат резерватына өткіздік. Оған дейін он бес оцелоттың өлімін ойлап, мазамыз қашты. Иә, екіұдай күйдемін. Нақты пікірге келу үшін осы мәселені зерттей бастадым.
Қарлы боранда солтүстікке – Жаңа Шотландия дағы елтірі сауда орталығына бет алдым. Мал лен мені фермасындағы қаракүзендердің қа лай тіршілік ететінін және қалай өлетінін көруге шақырды. «Мұндай іспен айналысу үшін алдымен әлеуметтің рұқсатын алу керектігін жақсы білеміз», – деді ол.
Сәнбикелер Симонетта Равицаның тондар мен бас киімдер топтамасын Миландағы подиумда көрсетуге дайындалып тұр. Симонетта киімді күзен, түлкі, ақкіс терісінен тігеді. Сондай-ақ кәдімгі ешкі түбітінен тігілген киімдер де бар.
Маллен қаракүзендердің ортасында, ұзыншақ, тар, жан-жағы ашық ағаш қоралардың және әр қатарға саптай тізілген шағын торлардың арасында өсті. Кәсіпті өз қолына алған соң оның таңдауы Еуропада заңмен талап етілетін, ұзындығы футбол алаңындай бастыр малардың астында алты қатар етіп қойылған, қақпағы жартылай мөлдір пластиктен жасалған кеңірек торларға түсті. Ол «Бұл иіс сен үшін жағымсыз болар», – деді. – Ал мен ішке кіргенде балалық шағымның иісі мұрныма келеді». Ауаны құшыр лана жұтып «Қаракүзеннің иісін-ай!» деп терең тыныстады.
Жұмысшы қаракүзен азығы тиелген көлік пен күніне бірнеше рет қатарларды аралап өте ді. Әрбір тордың үстіне салынған ғылыми негізде жасалған жем сырттан гамбургер сияқ ты болып көрінеді. Суыққа төзімді астау жиырма төрт сағат бойы суға толы. Ал торлардың астындағы науа нәжісті автоматты түрде сыпырып алып, тыңайтқышқа немесе Biodigester-дің көмегімен электр қуатына айналдырады.
Бұл өзгерістер негізінен жануарларды қорғау шылар тарапынан көрсетілген қысымға жауап ретінде пайда болды. Әйтсе де, олар фермерлерге көп пайдасын тигізді.
Малленнің қаракүзендері айтарлықтай ірі және жақсы бапталған. Жабайы тұқымдастарынан екі есе үлкен. Бастары жалпақ, тесіле қарап тұрады. Әрине, оларды да ажал күтіп тұр. Мен оларды қалай өлтіретінін көруге бардым. Ферма жұмысшылары қаракүзендердің өткір тістерінен қорғану үшін дәнекерлеу қолғабын киіп, торлардағы жануарлардың әрбірін құйрығынан тік көтеріп алды. Кейбірі шырылдап қарсылық танытты. Бірақ көбі бұған үнсіз келіскендей. Тек пошта жәшігіне салынған сәлемдемелер сияқты көміртек монооксидіне толы өлім қорабына түскенде ғана жанұшыра шырылдайды. Бір мезетте естерінен танып, бірер минуттан соң ажал құшты.
Таңбаланған күзен көміртек монооксидімен тұншықтырылған соң конвейер арқылы құрылғыларға жіберіліп, терісі сылынып алынады. Ал тыңайтқыш жасауға ғана жарайтын өлекселері қоқыс жәшігіне тасталады. Күзде аңдардың терісі қалыңдағанда Польшадағы мына фермадағыдай күніне мыңдаған күзен өңдеуден өтеді.
«Егер басқа жануарлардың қалай өлтірілетінін көрген болсаңыз, оларды әдетте мекен ететін ортасында аулап, жүк көліктерімен жүздеген шақырым жердегі қасапханаға әкеледі және бұл жан түршіктірер көрініс, – дейді Маллен. – Оның қасында көміртек монооксидімен өлтіру әдісі адамгершілік тұрғысынан әлдеқайда дұрыс». Ертеңінде терілерді өңдейтін зауытқа бардық.
Құрылғылар әрбірінің терісін сылып, киім шешкендей сыпырып алады.
Қолтырауын терісін дүние жүзі бойынша экспорттау
(миллионмен көрсетілген)
«Катрина» мен «Рита» дауылының салдарынан 2006 -2009 жж. Қолтырауын терісін экспорттау күрт төмендеген. 2009 жылдан бері сауда айналымы қалпына келіп, 2013 жылы 1,9 миллион тері экспортталды.
Дүние жүзіндегі ең ірі бағалы тондар аукционы – Даниядағы «Kopenhagen Fur» компаниясының бақылауымен роботтар, рентген құрылғылары, визуалды технология және адамдар 6,8 миллион теріні іріктеп, фермердің аты-жөнін анықтау үшін штрих-кодтарын белгіледі. 52 түрлі тері өңдеп, мыңдаған сауда лоттарына айналдырды. Аукцион залында сатып алушылар каталогтарды парақтап, қалаған тондарына қол жеткізу үшін қолынан келгеннің бәрін істеуде.
Колумбиядағы мына ферма жыл сайын 40 мыңнан аса кайман өсіреді. Қолтырауындар өскен соң басқа суқоймаға ауыстырылады. Ал мұнда тұрқы 50 сантиметрлік жүздеген кайман суға қарай ұмтылуда. Алайда олардың ұзындықтары бір метрден сәл асқанда сойылып кетеді.
Тері саудасына қарсы қозғалыс шырқау шегіне жеткенде алдыңғы қатарлы бағалы тондар аукциондары дизайнерлер мен дизайн факультетінің студенттерін өздеріне тарта бастады. «Негізгі идея – барлық дизайнерлердің еңбек жолдарының алғашқы баспалдағында материалмен еркін жұмыс жасауы болды» дейді «Kopenhagen Fur» қызметкері Джули Иверсен. Басты мақсат – тері өңдейтін шеберханалар мен зауыттар шеңберінен асып, кез келген киім дүкенінен табуға болатын жақсы бір материал жасап шығару болды.
Мына ұрғашы түйеқұс қауырсындарының біразынан айырылып қалды. Аталықтары тым ашуланшақ болатын. Тайландтағы бұл фермада әрбір аталықтың қасында бір немесе екі ұрғашы болады. Балапандары бір жасқа толарда фермерлер оларды бөлек қамайды.
ПАОЛО МАРЧЕТТИ, ALEXIA FOUNDATION
Ақыры, бұл іс өз нәтижесін берді. Дизайнерлер теріні кәдімгі тері илеушілердің өңі тұрмақ түсіне де кірмеген әдіспен өңдеуді үйренді. Теріні маусымның ең сәнді түстеріне – аспан көктен бастап ақшыл жасыл түске дейін бояудың тәсілдерін меңгерді. Тігудің жаңа әдістері де пайдасын тигізді. Аз ғана теріден бірталай киім-кешек тігілді. Бұрындары үнемдеу және бағалы тері ұғымдарының арасында ешқандай байланыс болмайтын. Иверсен атаған «бағалы тері саяхатынан» кейін ғана бұл түсінік жойылды.
«Біз жас тұтынушыларды алдымен кілттерге арналған мамық түйіншегі бар салпыншақтармен тартамыз. Кейін оның мамық жүнді теріден тігілген сөмке сатып алуы әбден мүмкін», – дейді ол. «Ақыр соңында ол тон сатып алады. Алдыңғы буын қыз-келіншектерінің қызығушылығын арттыру – жоспарымыздың бір тармағы».
Ал біз тері өндірісінің қайта жандануын қалай қабылдауымыз керек? Алдыңғы буын қыз-келіншектер бұны қос қолдап құптауы тиіс пе?
Әлемдік тері саудасының 85 пайызын құрайтын қаракүзен шаруашылығы күрт дамыды. Соңғы жылдары Қытай тері өндіру саласында көш бастап келеді.
Әлде, жануарлар құқын қорғайтын белсенділер сияқты қарсылық танытуы керек пе? Тері өнеркәсібінің жануарлардың арқасында қол жеткізген жетістіктеріне қол соққанымыз жөн бе? Жоқ әлде, мұндай жетістіктер көңілімізге «жануарларды пайдаланудың әбестігі жоқ» деген сенім ұялата ма? Ал Ратгерс университетінің заң ғылымдарының профессоры Гари Францион адамдардың жануарларды өлтірмеуін қолдайды.
Доңыз немесе тауық шаруашылығы сияқты тері шаруашылығында да жануарлар тіршіліктерін торда өткізеді. Кейін өлтіріледі. Мұндай тәжірибелер кісінің ойына кіріп-шықпайтын әрекеттер тудырады. Мәселен, түлкі өсірумен айналысатын кейбір фермерлер мақұлықтарды электр тоғымен өлтіреді. Бұл ең тез және оңай жолы болғанмен, адамдар әртүрлі қабылдауы мүмкін.
Бангкоктағы былғары зауытында түйеқұс сирақтарының терісі жуылған соң мынадай бамбук сырықта кептіріледі. Сәнгерлер түйеқұс сирағының терісіне қызығады. Себебі, оның сыртқы түрі ерекше.
ПАОЛО МАРЧЕТТИ, ALEXIA FOUNDATION
Сондай-ақ жануарларды өнеркәсіптік мақсатта пайдалану бірқатар мәселе тудырды. Тері өндірушілердің көбі жануарлардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасайды. Алайда басқаларының бұған шамасы жетпейді немесе құлықсыздық танытады. Ал аукцион үйлерінде 300-ге жуық фермадан келген терілер іріктелгенде жақсысы да, жаманы да бір қатарға тізілуі мүмкін. Бұл жағдай дизайнерлік затбелгінің клиенттерді тауар сапасының жоғары, әрі қолданыстағы әдіс-тәсілдермен тігілгеніне сендіруін қиындатады. Еуропалық тері өнеркәсібі бұл мәселені шешуге тырысып жатқанын алға тартады. Бірақ оның «WelFur» бағдарламасы алдымен мыңдаған шаруашылықтарды тексеріп, бағасын беруі тиіс.
Орхусс университетінің агрономы Стин Хенрик Моллермен бірге Даниядағы қаракүзен шаруашылығына барғанымда егжей-тегжей тексеру жүргізілді. Ол әр торға бекітілген ағаш қораптың көлемін өлшеп, қыста астына салынатын сабанның мөлшерін анықтады. Сондай-ақ жануарлардың денсаулығын, денелерінде жарақаттың бар-жоғын және қимыл-қозғалыстарын тексерді. «WelFur» бағдарламасы бойынша алты сағатқа жуық уақыттың ішінде 120 торды тексеріп, 22 түрлі сапасын анықтау керек. Болашақта адамдар бағалы терілерге ғана емес, бәріне жауапкершілік танытады. Олар дүкенде «Жабайы жануарлардың қолда өсіру жағдайы қолайлы болды ма?» деп сұрайтын болады. Егер сатушы «иә» деп жауап берсе, олар: «Оны қайдан білесіз?», – деп сұрайды. Педерсеннің айтуынша, егер клиенттер «WelFur» затбелгісіне сыйақы төлеуге құлықсыздық танытса, тері өңдеу бизнесінде тексеру ісі ақсайды. Бірақ ол адамдар жомарттық танытады деп сенеді.
Бұл сапардан бір-біріне қарама-қайшы идеялармен оралдым. Жануарлар құқын қорғау қозғалысы әу бастан аң шаруашылығын жүргізуге тыйым салуды қолдайды. Біріккен Корольдікте, Аустрияда және Хорватияда жабайы аңдарды пайдалануға тыйым салынды. Ал Нидерланд елінде бұл мәселе қаралып жатыр. Алайда адамдар тыйым салынса да, тон киюді тоқтатпады. Бұл тыйым тек өндірісті ешқандай ережеге бағынбайтын аймақтарға ығыстырды. Бірде аукцион кезінде Қытайда қаракүзен шаруашылығын басқаратын брокерден ол елдегі аң шаруашылығындағы жануарлардың қаншалықты жақсы бағылатынын сұрадым. Ол бұған шамданып, «Онша емес» деп қысқа ғана қайырды.
Мына қымбат сөмкелер, құдды тұғырдың үстінде тұрған киелі заттар сияқты. Олар «Bianchi e Nardi» дүкеніне бас сұққан жанның назарын аударады. Бұл фирманың екі бірдей зауыты жыл сайын түйеқұс, қолтырауын, кесіртке, питон және өзге де терілерден шамамен 80 мың сөмке жасап шығарады.
Аң шаруашылығына тыйым саламыз. Ал өзге тіршілік иелерін пайдалануды қалыпты жағдай деп санаймыз. Бұл көптеген адамдардың тері өнімдерінен біржола бас тартуынан пайда болған түсінік. Адами құндылық қасиеттерін сақтауға тырысқанымызбен, көбіміз әлі күнге дейін ет жейміз, сүт ішеміз, теріден тігілген аяқ-киімдер киеміз. Осының бәрін есепке алсақ, жануарларды пайдалану тері өнеркәсібін екінші орынға ығыстырады.
Тері саудасымен айналысатын адамдар екіжүзділікке бейімделіп бара жатқандай. «Жақында ғана америкалықтардың «Super Bowl Sunday» күнінде 1,3 миллиард тауық қанатын жегенін оқыдым. Енді бұны есептейік. Демек, бір күндік көңіл көтеру үшін 650 миллион тауық сойылды», – дейді бағалы тондар саудагері Зилберквейт. Осы ретте айта кетсек, тері саудасымен айналысатындардың барлығы дерлік басқа шаруашылық иелеріне жұмыс сапасын арттыру талабы қойылмайтынын алға тартады.
Ауқымды сән көрсетілімдеріндегі бағалы ішіктер
Ал менің ұсынар идеям – тері өндірісіне шектеу қойғанша, өз ісіне салғырт қарайтын фермерлерге талапты күшейткен жөн. Озық өндірушілерді және олардың шаруашылықты ілгерілетуге жасаған әрекеттерін, яғни, ауыл шаруашылық қалдықтарын өңдеуді, стресті азайту шараларын, жануарларды күтіп-баптауды, шаруашылық жағдайына жіті көңіл бөлуді басқа шаруашылық иелеріне үлгі ретінде ұсыну керек.
Паоло Марчеттидің бұдан басқа суреттерін көргіңіз және жануарларды терісі үшін күтіп-баптау жөнінде пікіріңізді білдіргіңіз келсе ngm.com/Sep2016. мекенжайына кіріңіз.
ГРАФИКА: NGM ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ. ДЕРЕК КӨЗДЕРІ: FUR COMMISSION USA