..."/>
ЗЕРТТЕУ

Қатер құшағындағы гранд каньон

Вишну тақтатасы бар ішкі шатқалдың ең терең жері Гранд Каньонның орта тұсында тұр. Бұл жартастар 1,7 миллиард жыл бұрын түзілген. 1903 жылы Гранд Каньонға келген Тэдди Рузвельт «Бұған қол тигізбеңіздер» деп өтінген екен. «Мыңдаған жылдардың еңбегі кеткен мұны адам баласы тек құртып тынады».

Вишну тақтатасы бар ішкі шатқалдың ең терең жері Гранд Каньонның орта тұсында тұр. Бұл жартастар 1,7 миллиард жыл бұрын түзілген. 1903 жылы Гранд Каньонға келген Тэдди Рузвельт «Бұған қол тигізбеңіздер» деп өтінген екен. «Мыңдаған жылдардың еңбегі кеткен мұны адам баласы тек құртып тынады».

Ол екеуі Гранд Каньон арқылы 1050 шақырым жол жүріп өтті. Саяхатшылар қауіп-қатер мен қиындықты бастан өткізіп, Американың ең cүйікті жерлерінің бірі адамзат өркениетінен зардап шегуі мүмкін екеніне көз жеткізіп қайтты.

Авторы: Кевин Федарко, Фото: Пит Макбрайд

Бұл жерде құласаң – біттің, ұшқаннан ұшып отырып, шыңыраудан бір-ақ шығасың», – дейді Рич Рудов қыр-қыр еткен дауыспен. Әдетте ол өте салқынқанды, сондықтан бұл жерде сондайлық сақтық керек. Біз Колорадо өзенінен, шамамен, 1050 метр биіктіктегі Үлкен бас бармақ тауының құзар басындағы жартастың үстінде тұрмыз. Ол Гранд Каньонның қиыр түстігінен ұмсына шығып тұрған кеменің тұмсығы іспеттес. Бұл жердің алыстығы сондай, мұнда сақа саяхатшылардың өзі сирек табан тірейді. Ал егер сіз бұл жерге келе қалсаңыз, арнайы жабдықсыз төмендегі өзенге түсе алмайсыз. Құздан төмен түскен жағдайда жолдорбаңыздағы таусылуға айналған азығыңыз кері қайтар сегіз күндік жолға жетпейді. Сондықтан алға жүруден өзге жол жоқ.

Соңғы бірнеше күн бойы жүріп келе жатқан кертпеш жол дәл алдымыздағы шатқал қабырғасындағы терең ойыққа жеткенде жоқ болды. Жартастың дәл ортасындағы екі үлкен тесікке байланысты Үкікөз аталған бұл жер адам бойына қорқыныш ұялатады. Бас сүйек  пішіндес ызбарлы ойықтары өз алдына, осыдан төрт жыл бұрын Рудовтың құрбысы, келісті саяхатшы келіншек осы жерден ұшып мерт болған.

Қайғылы жайтқа куә болған алқапқа көз тігіп біз тұрмыз, күн райы болса тіпті сорақы. Орай да борай соққан түндегі боран шатқалды 23 см қарға көміп тастады. Гранд Каньонды басынан аяғына дейін шарлап шығуға бел байлаған біз дәл мұндай болады деп мүлде күтпеген едік.

Хавасупай тайпасының адамдары 2017 жылы уран өндіре бастамақ боп отырған шахта маңында наразылық білдіруде. «Біз қауіп өтінде тұрмыз», – дейді Карлетта Тилуси (оң жақтағы екінші). Шахталар аймақтағы бұлақ суларын бұған дейін де уландырған. Ал кен өндіруші «Энерджи Фьюлз» компаниясы өз бастамасын қауіпсіз санайды.

Хавасупай тайпасының адамдары 2017 жылы уран өндіре бастамақ боп отырған шахта маңында наразылық білдіруде. «Біз қауіп өтінде тұрмыз», – дейді Карлетта Тилуси (оң жақтағы екінші). Шахталар аймақтағы бұлақ суларын бұған дейін де уландырған. Ал кен өндіруші «Энерджи Фьюлз» компаниясы өз бастамасын қауіпсіз санайды.

Бұл өзі ақыл-есі дұрыс адам істей бермейтін шаруа. Өйткені мұнда қиыр түстік пен теріскейді жалғап жатқан жол да, соқпақ та атымен жоқ. Шатқалдың ұзына бойын шарлап өтудің ең тиімді жолы – Колорадо өзенімен жүзіп отыру. Ирелеңдей аққан шатқал бойындағы оның ұзындығы – 433 шақырым. Құжат бойынша шатқалды алғаш кезген Джон Уэсли Пауэлл де өз саяхатын қайықпен жасаған.

1869 жылдың жазында Пауэлл қол жеткізген жетістіктен кейін шатқалды жаяу кезуге бір ғасырдан астам уақыт ешкімнің жүрегі дауаламады. Ал бұл уақыт аралығында біресе орман қорығы, біресе тарихи жәдігер мәртебесіне ие болған шатқал ақыр аяғында Ұлттық саябақ жүйесінің мақтанышы болып, Американың ең танымал һәм сүйікті табиғи орнына айналып кете барды. Жүздеген миллион отбасының демалыс орны бо- лып кеткен шатқалдың бет-бейнесін көшіріп басқан ашық хаттарда есеп жоқ, әрине. 1976 жылы қыста өзенмен саяхаттаушылар гиді, 25 жастағы гид Кентон Груа шатқалды жаяу кесіп өткенге дейін оны қалай шарлап шығуға болатынын жан баласы білмеген. Ал бұл уақытта адамзат баласының Оңтүстік пен Солтүстік Полюске аяқ басқанына – 65 жылдай, ал Эверест тауын бағындырғанына аттай 23 жыл болған еді.

Осы жайттарды бір сәт ой елегінен өткізсеңіз, шатқалдың қаншалықты қиын да қатал жер екенін өзіңіз де бағамдай түсесіз.

Мэтью Браун (сол жақта), Келли МакГрет (ортада) пен мақала авторы қиыр түстікке апаратын Уолтер Пауэлл жолын талқылауда

Мэтью Браун (сол жақта), Келли МакГрет (ортада) пен мақала авторы қиыр түстікке апаратын Уолтер Пауэлл жолын талқылауда

Гранд Каньонды басынан аяғына дейін жаяу жүріп өту – ақылға сыя қоймайтын шаруа.

Кентон Груаның дәл қанша шақырым өткенін ешкім дөп басып айта алмайды. Десе де, сансыз тау ойықтарына қарап, 37 күндік саяхаты кезінде ол өзеннің оң жақ бетімен, Лис-Ферриден Гранд-Уош-Клифске дейін, шамамен, 1100 шақырымнан астам жол жүрді деп болжам жасауға болады.

Өз жетістігін ол ешқашан жария қылған емес. Алайда ауыздан-ауызға тараған әңгіме Феникстен шыққан инженер-электрик Рич Рудов сынды экстремалдардың шағын тобына тың серпін берді. Жүздеген биіктікті бағындырып, небір тар жерлерде тәжірибесін шыңдаған Рудов 2015 жылдың күзінде шатқалдың теріскей беткейі арқылы шығыстан батысқа қарай 57 күндік сапарға шығуға бел буды.

Рудов пен оның екі серігі өз дайындықтарын пысықтап болған сәт Груаның көпкүндік саяхатының 40 жылдығымен тұспа-тұс келді. Бұл уақытқа дейін жиырма шақты ғана адам Груаны өкшелеп, шатқалдың ұзына бойында «sectional» деп аталатын үзік-үзік саяхат жасады. Шатқалды тұтас шарлап өткендердің саны одан да аз тын. 2015 жылға дейін Гранд Каньонды тоқтаусыз жүріп өткен адамдардың санынан (8) Айға барған адамдардың саны (12) көп еді.

Кәсіпкерлер Кіші Колорадоның үлкеніне қосылар тұсынан күніне 10 000 адамды тасымалдайтын аспалы жол салуды көздеп отыр.

Кәсіпкерлер Кіші Колорадоның үлкеніне қосылар тұсынан күніне 10 000 адамды тасымалдайтын аспалы жол салуды көздеп отыр.

Біреулер шатқалды қорғауға шақырса, екіншілері одан көп пайда түсіруді көздейді.

Фотограф Пит Мак Брайд Рудовтың жоспарын естіген бойда оған хабарласып, екеумізді тобына қосуға өтініш білдірді. Пит екеумізде шатқалды қайықпен шарлау тәжірибесі мол болғанымен, біз алдымызда тұрған сынға, өкінішке орай, еш дайын емес едік. Рудов шатқалдың болашағына қатысы бар маңызды мәселелерге алаңдап отырғанымыз үшін ғана бізге өз келісімін бергенін айтты.

Гранд Каньон америкалықтар арасында екі түрлі үлкен реакция тудырып келеді. Оның бірі – шатқалды қорғауға деген ұмтылыс болса, екіншісі – одан мейлінше көп пайда түсіруге деген жанталас. Пауэллдің экспедициясынан кейін мыс, мырыш, күміс пен асбестке иелік еткісі келген кен қазушылар шатқалға лап берді. 1880 жылдары бір алпауыт, тіпті Денверден Калифорнияға көмір тасу үшін шатқалға темір жол салмақшы да болды (Кейін екі серігімен бірге Колорадоға батып кетті). 1950 жылдары мұнда кен қазушы бір компания алып аспалы жол салып, сол арқылы раушан гүлін өсірушілерге үңгірлерден гуано жеткізіп, қып-қызыл пайдаға кенелмек болды. Бірақ ол да ұзаққа бармады. Оны айтасыз, шатқалдың қақ ортасынан су электр бөгетін салуды көздеген үкіметтің де жоспары болған кезінде. Колорадо өзенінің мол суын қоймаларға тоғытатын ол жоба іске асса, ендігі бұл жерде қалқымалы үйлер мен гидроциклдердің қаптап тұратыны күмәнсіз еді.

Гранд Каньонның бұрынғы қарауылы Эми Мартин шатқалдың Конкистадор өткелі деп аталатын Колорадо бөлігінен қысқы таңның атысын бақылап тұр. Шатқалдың Қиыр Солтүстігінде – 95 пайыз, Қиыр Оңтүстігінің 80 пайыз жерінде ешқандай жол жоқ.

Гранд Каньонның бұрынғы қарауылы Эми Мартин шатқалдың Конкистадор өткелі деп аталатын Колорадо бөлігінен қысқы таңның атысын бақылап тұр. Шатқалдың Қиыр Солтүстігінде – 95 пайыз, Қиыр Оңтүстігінің 80 пайыз жерінде ешқандай жол жоқ.

«Гранд Каньонға тиісуге болмайды» деген идеяның тууына 1960 жылдары Сьерра Клубтың су қоймаларының құрылысын тоқтатуға бағытталған нәтижелі әрекеттері себепкер болды. Алайда Пит екеуміз дені шатқал шекарасынан тыс аумақта жұмыс істейтін кәсіпкерлер тарапынан туындап жатқан бірқатар жаңа жобалардың бар екендігінен құлағдар едік. Аталмыш аумақты бақылау құқы Ұлттық cаябақ жүйесінің құзырында емес, Құрама Штаттардың Орман қызметі немесе тұрғылықты мекенжайлары шатқалдың айналасында орналасқан байырғы бес америкалық тайпаның біріне тиесілітін. Қай жағынан алсақ та, әлемдегі ең үздік Ұлттық саябақтар санатындағы шатқалға саяхатшыларды жіберу мен тікұшақ саяхаттарын ұйымдастырудан бастап, уран шахталарын орналастыруға дейінгі қатер күн тәртібінен түспей тұрды.

Пит екеумізге енді қауіп деңгейін түсіну үшін Кентон Груа құсап барлығын өз көзімізбен көру ең дұрыс жол сияқты көрінді.

«ҚАЛАЙСЫҢ, БАУЫРЫМ?» деп мұрын астынан міңгір етті Пит мені арқамнан қағып қойып. «Қазір ұйықтаймыз ғой, ештеңе жегің келмей ме?»

Қыркүйек айының аяғы. Саяхатымыздың алғашқы күні аяқталып, күн ұясына батып барады. Мен түнемелге тоқтаған қуықтай сазды жерге аяғымды созып жаттым.

Саяхатшы ретінде менің көп дайын болмаған дүниелердің бірі – қиындыққа бой үйретіп үлгермегенім. Шатқалдың шырғалаңы қонақтарды шатқалға кірмей жатып-ақ діңкелетіп тастайды. Оған арқамыздағы 23 келі жүкті қосыңыз. Ерте күздің ыстығы да ауа температурасын 43 градусқа бір-ақ көтеріп жіберді.

Таңертең Питтің жағдайы менікінен де нашарлап кетті. Оның бұлшық еттері жиі-жиі тартылып, көйлегін шешкен кезде құдды, терісінің астына бір тышқан кіріп кетіп, оның иығы мен қарнының арасында жанұшыра жүгіріп жүргендей күй кешті.

Саяхаттың алтыншы күні жағдайымыздың нашарлап кетуіне байланысты біз топтан бөлінетін болдық та, Рудов пен оның серіктері өз жолдарымен кете барды. Жол-жөнекей Пит сандырақтап, естен танып қалып жатты. Флагстафқа жеткен бойда оған гипонатремия деген диагноз қойылды. Күннің ыстығынан тұздар мен минералдардың өзара сәйкестігі бұзылатын бұл ауруды дер кезінде емдемесе, адам көз жұмады екен.

Қазан айының соңында аздап жүрексінгеніміз болмаса, сол баяғы көңіл-күйде саяхатымызды жалғастырмақ мақсатпен үш апта бұрын тоқтаған жерімізге қайта оралдық. Өзеннен 300 метр биіктікте ұмсынып тұрған әктасты жартастармен бірнеше күн бойы жүрдік.

Күндік жұмыс нормамыз да анықтала бастады: таң бозынан сұлы ботқасына тойып алған біз 19-23 шақырым жер жүреміз. Кейде уақытымыздың дені жүгімізді 300 метр биіктікке дейін көтеріп шығуға, қия жартастардан төмен түсіруге немесе оны қалың бұтаны бұза-жара алып өтуге жұмсалады. Жүрісіміз күн ұясына батқанша тоқтамайды. Сосын әбден сілеміз қатып, діңкелеген біз алба-жалба түрімізбен су қайнатып, жылытылған тамақты қомағайлана ішіп аламыз да, түнгі аспанға қарап жатып Питтің аудиокітабындағы Эдвард Эббидің сөздеріне құлақ түреміз.

Кітаптың аты – «Құм дәруіштері», Эббидің Каньонлэндз бен Арчиз саябақтарына арнаған еңбегі болатын. Әдетте мен қатты шаршағандықтан ұзақ тыңдай алмасам да, Питтен Эббидің оқырман қауымға жасайтын ескертуін қайталап қоюын жиі өтінетін едім. Эбби көліктеріне отыра сап, қызық көруге асығатын оқырмандарына: «Біріншіден, көліктен ешнәрсе көре алмайсың. Салдырлағыңнан шық та, жаяу жүр, еңбектесең – тіпті жақсы. Жер бауырлап, тізерлеп құмның үстімен, бұта-бұталардың, кактустың арасымен жүр. Қол-аяғыңнан қан аға бастаған кезде бірдеңе көрерсің, бәлкім. Көрмеуің де ғажап емес», – дейді.

Былтырғы көктемде National Geographic Тікұшақ алаңқайы аталып кеткен жерде тікұшақтардың әуеге бес сағатта 262 мәрте көтерілгеніне куә болды.

Былтырғы көктемде National Geographic Тікұшақ алаңқайы аталып кеткен жерде тікұшақтардың әуеге бес сағатта 262 мәрте көтерілгеніне куә болды.

“Біз шатқал шетінде Диснейлэнд тұрғанын қаламаймыз”

Осы бір сөздер маған қатты әсер ететін. Бұдан кейінгі сөйлемді естімей қалмау үшін мен ұйықтап қалмасам екен деп жататынмын:

– Екіншіден, менің бұл кітапта жазған дүниелерімнің көбісі әлдеқашан жоғалып үлгерген немесе жақын арада жоқ болмақ. Бұл – жол сілтейтін анықтама емес, элегия. Естелік. Сенің қолыңа ұстап тұрғаның – қабіртас.

Эбби сонау 1967 жылы жазған осы бір сөздер қатерді алдын ала сезгендей екен. Бір кездері тұмса табиғатқа тұнып тұрған Арчиз бүгінде түмен топырдың астында қалды. 2015 жылы 1,4 млн адам қатынаған саябақ былтырғы Еске алу күні келушілердің көптігінен қайта-қайта жабылуға мәжбүр болды.

Хош. Сонымен Пит екеуміз өз зерттеуімізбен бас қатырып жүргенде, қарақұрым халық, құрылыс жұмыстары мен ақшаның буы сынды Эбби сақтандырған қатер нышандары Гранд Каньонның ішінде көрініс тауып жатты.

Лиз-Ферриден төмен қарай жүз шақырымға созылып жатқан қызыл-қоңыр түсті Колорадо өзеніне шатқал аумағында жақұттай жарқыраған көгілдір түсті Кіші Колорадо қосылып, өзен арнасы кеңи түседі. Бұл екі арнаның қосылған тұсы Конфлуенс деп аталады. Хавасупай, Зуни, Хопи және Навахо сынды атақонысы шатқал аумағында жатқан байырғы америкалықтар үшін Конфлуенс терең рухани маңызға ие мекен.

Қарашаның 2-сі күні біз өзеннің теріскей бетіне шығып, 1050 метр биіктікке көтерілу үшін кесе-көлденең жүздік. Қия-жартастар арқылы жоғары бастайтын жол бізді шатқалдың қиыр шығысының бір пұшпағы мен Навахо қорығының батыстағы шекарасына әкелді. Біздің бұл жолды таңдаған себебіміз, Скоттсдейлдің бір құрылыс компаниясы осы жерден Эскалада аспалы жолын салу- ды қолға алып жатыр еді. Жоба бойынша, сегіз кісілік гондолалар туристерді тау жотасынан болашақта сауда орталығы, тамақтану орындары мен Конфлуенсті жоғарыдан тамашалайтын амфитеатр салынатын өзен жағасына тасымалдамақ.

Мұндай құрылыс жұмыстары шатқалда бұрын-соңды жүргізіліп көрмеген.

Бұл жобаны қолға алып отырған мықтының аты – Р.Ламар Уитмер. Саяси кеңесші болып қызмет ететін ол Навахо саясаткерлерін аталмыш жоба «тайпаны аса көп қаржыға қарық қылады», – деп көндірген. Оған қарсылардың қатарында қоршаған ортаны қорғаушылар мен аймақтағы тайпалар бар, әлбетте. Ішінде навахолық топ та жүр.

Топтың аты «Конфлуенсті құтқарайық» деп аталады. Аталмыш топтың мүшесі Реней Йеллоухорс Пит екеуміздің Конфлуенстің төбесіне шығаратын шатқал биігіне баратынымызды естіген бойда досына қоңырау шалып, оны 66 шақырым жердегі үйінен алып кетуге өтініш жасады. Ондағы ойы бізге дәстүрлі бұқтырылған қой етінен дәм ұсынып, өз ойымен бөліспек еді.

Йеллоухорстың сөзін бақсақ, қазір Уит мер мен оның сыбайластары миллиард долларлық жобаны қаржыландыратын инвесторлардың басын қосуда, сонымен қатар Навахоның заң шығарушы органдарымен жобаға жан-тәнімен қарсы Навахо Президенті Рассел Бегейді орнынан кетіруге түрлі айла-шарғы ойластырып жатыр» деген әңгіме қорықта гуілдеп тұрған сияқты. Йеллоухорс: «Мен өзімді іздеп келген немерелеріме ата-бабаларымыздан қалған жерді табиғи қалпында көрсеткім келеді. Біз бұл жерге құрылыс жұмыстарын жүргізуге қарсымыз. Бізге шатқалдың бір қиырынан ашылатын Диснейлэндтің еш қажеті жоқ», – дейді.

Йеллоухорсты бізге көлікпен жеткізген Роджер Кларктың да аталмыш мәселеге байланысты өз айтары бар екен. Шатқалға төнген қауіп-қатермен 30 жыл бойы күресіп келе жатқан Гранд Каньон Траст қоршаған ортаны қорғау ұйымының бағдарлама директоры болып жұмыс істейтін Кларкты аспалы жол құрылысы қатты алаңдатады екен. Оның сөзінен түйсінгеніміз, бұл жоба шатқалдың біртұтастығына жасалған ауқымды шабуылдың бір бөлшегі ғана.

Кларк пен өзге де белсенділердің мазасын қашырған түйткілдердің бірі – шатқалдың қиыр түстігіндегі бас қақпадан үш шақырым жерде орналасқан Тусаян қалашығы. Дәлірек айтсақ, қалашыққа иелік ететін инвесторлардың Тусаянға мыңдаған жаңа үйлер мен 10 000 шаршы метр жерге ішіне қымбат қонақүйлер, Еуропа үлгісіндегі сауықтыру орындары мен ранчолар кіретін коммерциялық жылжымайтын мүлік салу ниеті.

Мұның бәріне мол көлемде су қажет. Олардың айтуынша, құрылыс жұмыстарымен айналысатын «Стило» атты италиялық компания суды Колорадо өзеніне тартылатын темір жолмен пойызға салып немесе құбыр арқылы жеткізбек.

Сондай-ақ олар Гранд Каньонның терең жерасты қабаттарындағы бұлақтар мен қайнарларға тіршілік нәрін беріп тұрған су қабатына қол жеткізу үшін түстік қиырдың шөлейт жерлерінен құдық қазуға да құқылы. Жалаңаш жартастардың астында скважина құсап жұмыс істеп тұрған осы бір құйтымдай көздер шатқалдағы топырақ қабатының баржоғы 0,01 пайызын құраса да, әрбір шағын оазис өсімдіктер мен жануарлар әлемінің тұтас тіршілігін қамтамасыз етеді. Биологтардың айтуына қарағанда, осы су көздерінің жұмысына кедергі болатындай немесе оларды тартылуға мәжбүр ететіндей жағдайлар туындаса, ол шатқалдың биожүйесіне әсер етпей қоймайды.

Кейініректе, Құрама Штаттардың Орман қызметі жобаны іске асыруға қолбайлау болып отырған қалашықтың жол түсіру жайлы ұсынысын кері қайтарып тастады. Әлбетте, Кларк ол кезде бұл жайлы білмеді. Бірақ Тусаянның артында тұрған қалталыларға не кедергі бола қойсын, мұның да бір орайын тапса, бар мәселе өз-өзінен шешіле салмай ма?!

Су қабатына төнген қауіп бір Тусаянмен бітпейді, өкініштісі. Қоршаған орта қорғаушылары мен Хавасупай тайпасын ауыр сот процесінде жеңіп шыққан «Энерджи Фюелз» атты компания саябақтың сыртында боп есептелетін, қалашықтан оңтүстік-шығысқа қарай он шақырым жердегі шахтасын қайта ашып отыр. Енді олар ол жерден уран өндірмекші. Компанияның ресми өкілі ауыр зардаптар болу мүмкіндігін жоққа шығарып қояды. Ал Құрама Штаттар Геологиялық барлау қызметінің дерегіне сүйенсек, Гранд Каньонның ішкі аумағында орналасқан он бес бұлақ көзі мен бес құдықтың суы құрамынан уран табылуына байланысты ішуге жарамсыз. Бұл – ескі кен орындарының зардабынан туындап отырған жайт.

Біз бұл мәселемен бас қатырып жүргенде, шатқалдың батыс шегіндегі 35 шақырымдық өзен аңғары шексіз әуе қатынасы қолданысы- на беріліп үлгерді. Бұған рұқсат беріп отырған – Хуалапай тайпасы, оның мекен ету аймағы Колорадо өзенінің беткейімен шекараласатын. Тайпаның өтініші бойынша, Федералды авиация әкімдігі енгізген өзгеріст ерге сәйкес, енді хуалапайлықтар тікұшақтарды қанша ұшырам десе де, өз еркі. Тікұшақтан шығатын қатты дыбыстың соншалықты жиі, әрі ұзақ жаңғырып тұруына байланысты қазір бұл жер «Тікұшақ алаңқайы» деген атқа ие болды.

«Осы бір ұланғайыр ландшафтыға қарап тұрып, оның адам қолынан жойылып кетуі мүмкін дегенге сенгің де келмейді, – дейді Кларк. – Бірақ қауіп-қатердің қай-қайсысы да шатқалдың пәк бейнесін бірте-бірте бұзуға әбден қауқарлы. Ал зауал тұтас келетін болса, одан шатқалдың қайталанбас құдіреті біржола жоғалатыны күмәнсіз. Соны бізге үнсіз паш етіп тұрған күштің осы ғаламшарды түзгенін қаперге алсақ, адамзат баласы онымен салыстырғанда ешкім де емес».

Кларк қауіп ететін сол Тусаян, сол аспалы жол һәм «Тікұшақ алаңқайы» жақын маңдағы құрылыс жобаларының тезірек жұмыс істеуіне ықпал етуі әбден мүмкін. Ол өзінің бір сөзінде хуалапайлықтардың тікұшақ жобасы сәтімен жүзеге асқанын, ол аспалы гондола жүйесі орнатса, шатқалдың күншығыс беткейіндегі әуе саяхаты жандана түсер еді деп сенетін Навахо жұртының біразында қызығушылық туғызғанын айтып қалды. Кларктың пайымдауынша, егер мұның бәрі шынға айналып, Тусаяндағы құрылыс жұмыстары ілгерілейтін болса, саябаққа сұмдық соққы болмақ.

Адам аяғы баса қоймаған небір алыс түкпірлерді зерттейтін Рич Рудов (сол жақта) пен мақала авторы Гранд Каньондағы санаулы су көздерінің бірі Оло Каньондағы бастау жанында тамақ ішіп отыр. Мұндай оазистерге саябақ маңынан салынады деп отырған құрылыс жұмыстары өз зиянын тигізуі мүмкін.

Адам аяғы баса қоймаған небір алыс түкпірлерді зерттейтін Рич Рудов (сол жақта) пен мақала авторы Гранд Каньондағы санаулы су көздерінің бірі Оло Каньондағы бастау жанында тамақ ішіп отыр. Мұндай оазистерге саябақ маңынан салынады деп отырған құрылыс жұмыстары өз зиянын тигізуі мүмкін.

Кларк: «ондай жағдайда, турасын айтсақ, шатқалдың тұтас ландшафты ұлттық саябақтан гөрі аттракционға ұқсап кетеді», – дейді.

Алғыс айту мейрамынан кейін Пит екеуміз тоқтаған жерімізге қайтып барып, өзенмен төмен құлдиладық. 196 шақырымды артқа тастағаннан кейін саябақтың оңтүстік кіреберіс тұсындағы шатқалдан шықтық. Келер 106 шақырым жерді біз тек биігіндегі Пит екеуміздің жағдай ымыз үшін қатты алаңдады.

Ойлана келе, бізді бұл аралықта Рудовтың өзі бастап жүретін болды. Соның нәтижесінде біз ақпанның 1-і күні таң-тамаша кейіпте Үкікөздің 30 сантиметрлік қарға көмілген қия шетінде тұрдық.

Таға пішіндес шатқалдың бір шетінде қия жота бар. Біз енді соған жете алсақ, ерлеген болар едік. Алайда оған жету үшін тік қатпар тастар арқылы тура көтерілетіндіктен, тайып кетсек, 120 метр биіктіктен төмен құлдырап, бір-ақ тоқтар едік.

Біз «тағаның» қиядан қиялай шығып тұрған шоқысына арада екі сағаттан астам уақыт өткенде ғана жетіп үлгердік. Бұл әлі жолдың жартысы ғана еді. Ұзындығы 20 метрге толар-толмас тегіс жердің бір шетінде кішігірім тас үйіндісі жатты. Біз тастарға жақындағанда Рудов кілт тоқтап, басын төмен салған күйі тұрып қалды. Сосын көзілдірігін шешіп, көзін сүртті.

«Айып етпеңіздер, – деді жай ғана, – осы жерге келсем, тебіреніп кетем». Сосын ол құрметіне тас үйілген жас қыз жайлы оқиғаны айтып берді:

– Оның аты Иоана Элиза Хокиота еді. Ұлты румын, төрт тіл меңгерген, математика мен биология салаларының маманы болатын. Жасы 24-те, жаңадан тұрмыс құрған ол жолдасы Эндрю Холикросс екеуі шатқалға жасаған бірер күндік саяхаттарын «әне-міне аяқтаймыз» деп отырған.

2012 жылдың қысында Хокиота Үлкен бас бармақ тауының маңында 32 шақырымдық жолға шығуға бел байлайды. Бірақ бұған Холикросстың жұмыс кестесі мүмкіндік бермейді де, Хокиота математика профессоры, әрі өзінің ғылыми жетекшісі Матиас Кавскимен сапарын жалғастырады.

Олар тамақтануға тоқтаған кезде Үкікөздің ортан белінде еді. Тамақтанып болғаннан кейін Кавски бір қиырда тұрған қатпар тасқа қарай бет түзеді де, Хокиото тура тік көтеріліп, көрінбей кетті. Арада бір-екі минут өткенде Кавски әуелі құлаған тастың, артынша адамның шыңғырған дауысын естиді.

Бірер секундтан кейін гүрс еткен дыбыс та құлаққа жетеді. Амалдап жақпар тастың шетіне ілінген ол төменге мойнын созып, Хокиотаны іздейді. Қайта-қайта атын айтып шақырады, бірақ одан еш нәтиже болмайды.

Жоғарғы Гранд Каньонның төбесімен ұшсаңыз, Навахо резервациясының шегіне дейінгі көрініс көз алдыңызға келеді. «Шатқалдың көлеміне қарап ешкім де оны соншалықты нәзік деп ойламайды» дейді Гранд Каньон Траст қызметкері Роджер Кларк. «Оның қаншалықты қорғансыз екенін адамдарға түсіндіру – бізге артылған ең үлкен міндет».

Жоғарғы Гранд Каньонның төбесімен ұшсаңыз, Навахо резервациясының шегіне дейінгі көрініс көз алдыңызға келеді. «Шатқалдың көлеміне қарап ешкім де оны соншалықты нәзік деп ойламайды» дейді Гранд Каньон Траст қызметкері Роджер Кларк. «Оның қаншалықты қорғансыз екенін адамдарға түсіндіру – бізге артылған ең үлкен міндет».

Хокиотаның денесі ертесіне табылды. Оны тікұшақпен арқан арқылы төмен түскен рейнджер көтеріп алды.

Әңгімесін тәмамдаған Рудов шатқал жие гіне сіңіп бара жатқан күнге қарап тұрып: «Жігіттер, біз бүгін осында түнейміз», –деді.

Үйілген тастардың маңынан тігілген шатырға тыққанымызды қайтейік, түнде суларымыз дың бәрі қатып қалыпты. Аяқ киімдеріміз болса, олар да қатып қалған. Амал жоқ, таң атысымен оларды қол пешіміздің жылуына ұстап тұрып, икемге келтірдік әйтеуір.

Шатырымызды жинадық та, қармен көмкерілген қиялар арқылы жалғасатын қалған жолды зорға дегенде артқа тастадық. Үкікөздің бір қиырындағы құламаға жеткен біздер сол жерде киімдерімізді күнге кептіріп, жүріп өткен жолымызға көз салдық.

Осы бір көңілсіз де қауіпті жердің артта қалғанына шын жүрегіммен қуандым. Қалай десек те, оның әдемі екені бұлтартпас ақиқат. Таң шапағы түскен сәтте Хокиота құлаған жартастардың айрықша түске боялатыны сондай, құдды, жартастар жарық шашып тұрғандай болады. Осы бір сәтте мен Эдвард Эббидің «дүниені көргісі келген адам бұл жерде еңбектеп, қаны шыққанша жүру керек» деген тәмсілін еріксіз ойға алдым.

Менің көргенім, дұрысы, менің түсінгенім, шатқал – екібастан аттракцион емес. Ол – адамды сақтандыратын асай-мүсейі жоқ, қорқытса, шынайы қорқытатын мекен. Оны бір білсе, саяхатқа шыққан адам біледі. Әсіресе, ежелден мұрты бұзылмай жеткен тұмса табиғаттың ішіне түскен адам баласы тіршілік әлеміндегі өз орны мен өмірдің өткінші екенін еріксіз еске алады. Иоана Хокиота өзіне осындай жерлердің қажет екенін түсінді, әлбетте. Менің ойымша, мұндай орындарға мұқтаж адамдар табылады.

Төрт күннен кейін біз шатқалдан шықтық. Флагстаффта жабдықтарымызды бір түгендеп алған соң, бірер күндік сапарымызды жалғас тырып, наурыздың ортасында соңғы 80 шақырымдық межеге аяқ бастық. Не керек, шатқал да біздің төзімімізді сынаумен болды. Бір күні таңертең Питтің сағатындағы термометр 44 С градусқа бір-ақ секірді. Алты ай бұрын ол гипонатриемиямен ауырғанда да күн мұншалықты ыстық болмап еді! Жарты сағаттан кейін біз кері қайтуды ұйғардық.

Қайықпен серуендеу жолы Колорадо өзенінің Хуалапай тайпасына тиесілі бөлігімен өтеді. Бұл Гранд Каньон Ұлттық саябағы мен резервация бөлінген жер.

Қайықпен серуендеу жолы Колорадо өзенінің Хуалапай тайпасына тиесілі бөлігімен өтеді. Бұл Гранд Каньон Ұлттық саябағы мен резервация бөлінген жер.

Гранд Каньонды толықтай жүріп өткендерден айға барғандар көп

Шыны керек, осы зерттеу жұмысын бастағанда, біз шатқалға жыл бойы бөлек-бөлек жеті саяхат жасағаннан кейін де сапарымыз аяқталмайды деп еш ойламаппыз.

Егер сіз бұл мақаланы 2016 жылдың қыркүйегінде оқып отырған болсаңыз, біз бұл уақытта сапарымызды аяқтау үшін жолда келе жатармыз, бәлкім. Ал егер сіз бұл жазбаны ондаған жылдардан кейін, айталық, 2066 жылы оқып отырсаңыз, Гранд Каньонның тура мағынасындағы тұмса табиғаты әлі де бұзылмаған қалпы тұр деп үміттенемін.

Кевин Федарко мен Пит МакБрайдтың Гранд Каньонға жасаған 1050 шақырымдық сапары туралы тың деректерді ngad-venture.com сайтынан таба аласыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля