..."/>
ЗЕРТТЕУ

Көкпар – рухы мықты жігіттердің ойыны

National sports- Kokpar-Buzkashi

Қазақтың ұлттық ойындарының 90 пайызы атқа қатысты. Соның бірі – Көкпар ойыны. Ойынның негізгі шарты бойынша көкпаршы жігіттер алаңның екі шетінен қазандық дайындайды. Сонан соң алаң ортасындағы арнайы дайындалған шеңберде жатқан Көкпарды ат үстінде жүріп ептілікпен іліп алып, өз қазандығына жеткізу қажет. Қай команда Көкпарды өз қазандығына көп жеткізсе, сол жеңімпаз болып есептеледі.

Көкпар үшін басқа малдың терісіне қарағанда берік, ұстауға ыңғайлы серке терісі таңдалады. Екі командаға бөлінген көкпаршылар жарыс басталар сәтте ақсақалдардың батасын алғаннан кейін, серкені ортаға алып шығып басын кеседі.

Көкпар жігітті ептілікке, төзімділікке тәрбиелейді. Ол қайратты, мықты жігіттердің ойыны. Баланы ат жалын тартып мінерлік жастан тас тақым етіп тәрбиелеу үшін құлын-тайға әуес қылып, атқа мығым отыруға үйрету керек. Баланың денесі ерте жастан шынықпаса, ол ержеткенде ат үстінде жүріп салмағы кемінде 20-30 келі тартатын ауыр серкені оңайлықпен іліп әкете алмайды. Сондықтан бұл ойын епті әрі қайратты, рухы мықты, жүректі жігіттердің ойыны саналады.

Көкпарға шығатын ат та мықты болуы керек. Оны арнайы жаратады. Көкпар үшін сүйегі мықты, жүйрік, текті жылқы таңдалады. Ол ірі, әрі шапшаң болуы тиіс. Бабы келіскен ат қана жігітті жеңіске жеткізеді. Көкпар алаңындағы жігіттің пырағы әлсіз болса, жігіттің мықтылығы зая кетеді, сондықтан, ат пен көкпаршының бір-біріне сай болуы ойында аса маңызды саналады.

Көкпардың жаппай тарту, ұтысып тарту, айналма көкпар, тақым тартыс, дода көкпар, мәре көкпар сынды бірнеше түрі бар. Оның әрқайсысының ойын ережелерінде өзгешеліктер кездеседі. Қазіргі уақытта мәре көкпар кең таралған.

Ертеде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелілер ат үстінде жүріп, көк бөріні соғып алып, бір-бірінен алып қашып ойнайтын болған. Этнографтар «көкпар» атауының түп-төркіні тап осы «көк бөрі» деген сөзден шыққан деседі. Ал кейбір зерттеушілер оның «көк бөрте», яғни, «лақ» атауынан шыққанын айтады.

Көкпар ойыны Орта Азия халықтары арасында кең таралған. Зерттеушілердің байламынша, Орта Азияны мекендеген көшпенді халықтар өмірінде аса маңызды саналған жауынгерлік өнер үшін де көкпар ойынының мəні зор болған. Себебі жауынгерлер жерде жатқан көкпарды іліп алу арқылы ұрыс даласында жараланған жолдастарын жау қолында қалдырмау үшін оның денесін ат үстінде жүріп жерден көтеріп, алып кетуге машықтанған.

Бүгінде елімізде көкпар тартудан чемпионаттар өткізіліп тұрады. Республиканың біраз өңірінде арнайы көкпар командалары жасақталған.

Фото: Ерболат Шадрахов

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля