Алты айға созылған қытымыр қыстан құтылып, аяздан да, қардан да аман шыққан төрт түлік мал үшін жердің тоңы жібіп, бәйшешек гүл жарған, көк тебіндеп шыға бастаған шақ жұмақтай көрінері анық. Алайда мұндай жасыл желекті жерлердің ауқымы жыл өткен сайын тарылып бара жатқандай. Оған жер бетіндегі ауа температурасының жоғарғы қарқынмен көтеріліп бара жатқаны себеп болса керек. «Бір кездері қырмызы гүлдері жайқалған, жап-жасыл шалғыны белуардан келетін алқаптар бүгінде шөп өспейтін қу далаға айналған. Оған табиғи себептерден бөлек, адами факторлар да жеткілікті», – дейді мамандар.
Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде жеріміздің 180 миллион гектарын шөл дала құрайды. Бұл еліміздің барлық аумағының 60 пайызына тең. Құрғақшылық салдарынан құнарлығынан айырылған далада мал жайылатын жерлердің тарыла бастауы ең алдымен малмен айналысқан ауылшарушылығы саласының мамандарын тығырыққа тіреп отыр. Тіпті құнарлығы қалың деп есептелген солтүстік өңірлердің өзінде мәселе ушығып барады.
Даламыздың шөлейттенуімен күресті күшейтпесек 20-30 жылдан кейін мұндай суреттерді тек фотосуреттер мен картинарлардан ғана көруіміз бек мүмкін.
Фото: Ерболат Шадрахов