Қазір алып пандаларды әлем таниды, бәрі жақсы көреді. Ал бұрын бәрі басқаша еді.
Ежелгі қытай жазбаларында жергілікті жануарлар туралы сирек айтылады. Тек 1869 жылы француз миссионері Арманд Дэвид терісі ақ пен қара түстен тұратын тіршілік иесін көріп, аңшылардан денесі бүтін өлі панданы сатып алған болатын. Осыдан бастап батыс ғылымы алғаш рет пандаларды зерттеуге кірісті. Париждік зоолог Дэвид алғаш рет Ailuropoda melanoleuca-ның (тікелей мағынада «мысық табан», «ақ және қара» дегенді білдіреді) ресми сипаттамасын жазды.
1936 жылдың желтоқсанында Рут Харкнесс өрілген себетке салып, Су-Лин есімді жабайы панданың төлін Шанхайдан кемемен өз еліне алып кетеді. Оның рұқсат қағазында «Бір ит, бағасы – 20 доллар» деп жазылған екен. Харкнесс Сан-Францискодағы ең танымал әйел болатын. Ол Қытайға келгенде бөтелке арқылы тамақтанатын Су-Лин атты қонжықты бірден ұнатты. Алайда кейіннен ол панданы Чикагодағы Брукфилд хайуанаттар бағына сатып жіберді. Содан бастап адамдардың пандаға деген қызығушылығы бірден артты. Экспонаттың ашылу салтанатына 53 мыңнан астам адам қатысты.
Адамдардың пандаға қызығушылығы әлі де жоғалған жоқ. Қазіргі уақытта Қытайды қоспағанда әлемде кемінде жиырмадан аса панда асырайтын хайуанаттар бағы бар. Біраз уақыт бойы Қытай үкіметі шет елдерге панданы сый ретінде таратып та келген. Алайда бұл саясат қазір өзгерді. Бүгінде Қытай үкіметі бір жұпқа жыл сайын бір миллион доллар талап етіп, шет елдерде дүниеге келген панда төлдеріне де өздері иелік етеді. Тіпті, оны қойыңыз, панданың өлімі немесе дүниеге келуі қазір әлем қызыға тамашалайтын халықаралық жаңалыққа айналды. Панда туралы бейнежазбалар да интернетке лезде тарап кетеді. Мәселен, Колумбия округіндегі Смитсон Ұлттық хайуанаттар бағында туған алты айлық панданың төлін бейнекамера арқылы әлемде 14 миллионға жуық адам тамашалаған. 2013 жылы бейнекамера істен шыққан кезде панда жанкүйерлерінің наразылығында шек болмады.
Пандаларға деген осыншалық зор сүйіспеншіліктің тамыры неде? Ғылымда! Адамдар пандаларды көрген кезде еріксіз ерекше сезімге бөленеді. Онтогенетиктер бұны «неотения» деп атайды. Яғни, ересек адамдардың бойында жас балаға тән қасиеттер байқалады деген сөз. Панданың сүйкімділігі, кішкентай сәбиге тән қылықтары адам ағзасында окситоцин гормонын тудырады. Бұл гормон сүйіспеншілік пен мейірімді оятады. – Дженнифер С. Холланд