Ұйытқыған ақ түтек боранда келе жатқанымызда Дәулетқали Жайтаповтың SUV көлігіндегі GPS құрылғы күтпеген жерден істен шықты. Солтүстік Қазақстан даласында бұл – жағдайымыз мәз емес дегенді білдіреді. Қараша айы, ауа температурасы нөлден төмен түсіп үлгерген кез. Алайда Дәулетқали боранда адасып кетуден емес, 1500 жылқысынан айырылып, шығынға бату ықтималдылығынан қорқады. Қар ұшқындары кабина ішіне жапалақтап кіріп жатқанына қарамастан, көліктің терезесін ашып қойып, із кесіп келеміз. «Осыншама көп жылқының ізін табу қиын ба?» – деп сұрадым мен одан.
«Шөмеле арасынан ине іздегенмен бірдей, – деді Дәулетқали. – Үйір айтарлықтай үлкен. Ал жазық даланың ұшы-қиыры жоқ».
Солтүстік Қазақстанда жануарларды қолға үйрету осыдан, кем дегенде, 5500 жыл бұрында басталған. Археологтар Д.Жайтаповтың шаруашылығынан бірнеше жүз шақырым жерден адам қолымен жасалған әбзел пайдаланылғанын дәлелдейтін, төменгі жақ сүйегінде әлдененің ізі қалған жылқының бас сүйегі қалдықтарын тапты. Ғасырлар бойы үйір-үйір жылқысымен, отар-отар қойымен, табын-табын сиырымен сайын далада көшіп-қонып жүрген көшпенділерде жылқының маңызы зор болды. Кейін Кеңес үкіметі көшпенді өмір салтын ұжымшар, кеңшарлармен алмастырды. Осыдан 25 жыл бұрын, КСРО құлаған кезде экономикалық дағдарыстан ауыл шаруашылығы тұралап қалды. Мыңдаған мал сойылып, жайылымдар бос қалды. Қазақстан үкіметі мұның орнын толтыру үшін көптеген ауылшаруашылық реформаларын қолға алып, солтүстіктің далалы аймақтарын игере бастады.
АҚШ-тың Чикаго қаласында Абердин-Ангус сиырларына лық толы торлар жүк ұшағына тиелуге дайын тұр. Қазақстан АҚШ-тан, Канададан және Аустралиядан 50 мың асыл тұқымды ірі қара импорттады. Бұл жануарлар союға емес, Қазақстандағы сиырлардың тұқымын асылдандырып, ет өнеркәсібін дамытуға арналған.
Дәулетқали Алматы облысында туып-өсті. Оның әке-шешесі еті үшін бағаланатын Мұғалжар жылқысын өсірумен айналысты. Сосын ол үкіметтің «бос жатқан жерлерден телім береміз» деген уәдесімен солтүстіктегі Ақмола облысына қоныс аударды. 2013 жылы Ерейментау маңындағы 30 мың гектар жайылымды 49 жылға жалға алу туралы келісімшартқа қол қойды. Бұл жер кезінде «Патша қақпасы» деп аталған. 1800 жылдардың соңына қарай Ресей империясын етпен қамтамасыз еткен. Кеңес дәуірінде де, яғни 1950 жылдары КСРО ет пен астық тапшылығынан зардап шеккенде осы қарқыннан таймаған. КСРО басшысы Никита Хрущев тың жерлерді игеру саясатын жүзеге асырып, қазақ жерін кеңестік кеңістікті нанмен және етпен қамтамасыз етушіге айналдырды. Мәскеудегі үкіметтің қаржылай қолдауымен және бақылауымен колхоз-совхоздар бидай және малға жем-шөп өсіру үшін 25 миллион гектар табиғи жайылым жерді жыртты. Көп ұзамай, Қазақстан жаздық бидай өсіруден Канада мен Аустралияны басып озды. Ал мал шаруашылығы КСРО-ның түкпір-түкпіріне 600 мың тонна ет жөнелтіп отырды.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан кеңестік бұғаудан босап, тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап мұның бәрі кілт тоқтады. Социализмнің жоспарлы экономикасына тәуелді шаруалар енді нарықтық экономиканың жаңа талаптарына бейімделуге талпынды. Олар шаруашылықтарын сақтап қалу үшін несие алды. Алайда қарыздың өсуіне байланысты отар-отар малды қасапханаларға сатуға және жыртылған жерлерді тастауға мәжбүр болды. 1991-1999 жылдар аралығында ірі қара саны 9,5 миллионнан төрт миллионға дейін азайды. Ал қой саны 27,2 миллионнан 9,7 миллионға дейін күрт қысқарды. Кезінде ет экспорттаумен айналысқан Қазақстан XXI ғасырдың басына қарай жыл сайын ет импортына 30 миллион долларға жуық қаражат жұмсады. Осы уақыт аралығында иесіз қалған шаруашылықтар мен жайылымдардың аумағы 14 миллион гектарды, яғни Тәжікстанның көлеміндей жерді құрады.
Мал шаруашылығын қалпына келтіру мақсатында Қазақстан 2010 жылы бірқатар реформаны жүзеге асырды
Бірқатар сарапшылар Қазақстандағы жердің бірнеше жыл игерусіз жатуының пайдасы болды деп есептейді. Халық біраз жыл тарығып қиналғанымен топырақ бұрынғы қалпына келіп, табиғи кейпіне қайта енді. Тың жерлерді игеру науқаны кезінде орасан зор аумақ жыртылып, егіншілік үшін жаралмаған жер азып кеткен еді. Бірақ кейін, дағдарыс жылдарында қазақ даласы қайтадан түледі. Мал шаруашылығын қалпына келтіру мақсатында Қазақстан 2010 жылы бірқатар реформаны жүзеге асырды. Шаруалардың субсидияланған, төменгі пайыздағы несиемен жер, құрал-жабдық және шет елдерден асыл тұқымды мал сатып алуына мүмкіндік туды. Бұл тұрғыда қазақ шаруалары мен АҚШ ковбойларының арасындағы серіктестік нәтижесінде ашылған «KazBeef» кәсіпорнын атап өтуге болады. «KazBeef» 2000 бас асыл тұқымды етті сиыр сатып алды. Содан бері олардың саны 24 000-ға жетті. Бүгінде жайылымды жерлердің 160 мың гектары «KazBeef» иелігінде. 25 мың гектар жерге мал шөбі өсіріледі. Жалпы алғанда, АҚШ бұл жоба аясында Солтүстік Қазақстанның жайылымды жерлеріне 50 миллион доллар инвестиция салды.
Реформалар Қазақстандағы мал басының өсуіне ықпал етті. Ірі қара саны – 6,8 миллионға (жылдық өсімі 3%), қой – 18,2 миллионға (3.2%), ал жылқы 1, 97 миллионға (9, 5%) жетті. Азықтүлік тапшылығын жиі сезінетін іргелес Ресей мен Қытай елдерімен арадағы экспорттық әлеуетін көтеруге Қазақстанның мүмкіндігі зор. 2015 жылы Қазақстан Ресейге 10 мың тонна ет тасымалдап, Қырым мен Украинадағы қақтығыстарға байланысты Батыс елдері жариялаған санкцияға төтеп беруіне көмектесті. Әйтсе де, 2020 жылға қарай 180 мың тонна ет экспорттауды көздеп отырған Қазақстан мал шаруашылығы саласында әлі ұзақ жолдан өтуі тиіс.
Сиыр бұзауын иіскелеп тұр. Қазақстандағы ірі қаралар сан жағынан ғана ақсаған жоқ. Малды дұрыс бақпағандықтан сиырлардың орташа дене бітімі де кішірейіп кетті. Асыл тұқымды Абердин-Ангус пен Герефорд бұқаларын сиырлармен будандастыру нәтижесінде төлдің сапасы жақсарып, дене тұрқы 20 пайызға өскен.
«KazBeef» сынды ауқымды жобалардың ет өндіруден өзге де игіліктері бар. Мұндай жобалар мал өсіргісі келетін шаруалардың бұқа сатып алуына мүмкіндік береді. Жайтапов жылқыларымен «Патша қақпасына» қоныстанған сәтте малдың басқа да түрлерін өсіруге болатынын түсінді.
«Әлемде азық-түлік тапшылығы сезіледі. Қазақстанда өзімізді асырай алатындай жер жетерлік. Көршілерімізді де азық-түлікпен қамтамасыз ете аламыз», – дейді Дәулетқали. Ол бордақы жылқыларына қоса 500 қой және 500 сиыр сатып алды.
«Жергілікті сиырлардың сүйкімді көрінбеуі де мүмкін. Бірақ олар бұл аймақтың климатына төзімді, ДНҚ-сы мықты. Халық ұзақ уақыт бойы мал бағумен айналыспай кетті. Олар өсіруге лайықтыларын таңдап алып, қалғанын бордақылауы керек еді. Бірақ ондай сұрыптау жасалмаған, сондықтан малдың дене тұрқы ұсақталып кеткен», – дейді Дәулетқали.
Ол мал тұқымын жақсарту үшін «KazBeef-тен» 13 Абердин-Ангус бұқасын сатып алды. Салмағы 220 келіні құрайтын кәдімгі сиырлармен салыстырғанда олардың будандастыру арқылы алынған ұрпақтары 360 келі тартып, жақсы нәтиже көрсетті. Дәулетқали Американың Орталық Батысындағы климаты Қазақстандағыдай қатал Солтүстік Дакотаға делегациямен барған іссапарында батыстық мал шаруашылығын дамытудың тиімді әдістерін үйреніп келді.
Қазақ кәсіпкерлерінің жаңа буыны мал шаруашылығына батыстық асыл тұқымдар мен әдістерді енгізу арқылы кеңестік мал өсіру моделі кезінен қалған бірқатар түйткілдерді шешіп жатыр. Жергілікті тұқымдардың, әсіресе, қазақтың ақбас сиырының терісіндегі ақ пигмент ультра күлгін сәуледен күйіп кетеді. Егер сиыр көзінің айналасындағы тері күйсе, қатерлі ісік пайда боп, соқырлыққа әкеп соғады. Ал желінінің терісі күйсе, ұрғашы сиыр төлін емізуге құлықсыздық танытады. Ангус сиырларының денелеріндегі қара пигменттер теріні күнге күюден қорғайды екен.
Жергілікті құқық қорғау орындары мал ұрлығы туралы арызшағымдарға салғырт қарайды
Кеңес Одағы кезінде малдың көбі негізінен қорада өсірілді. Әсіресе, қыс мезгілінде. Ірі қара малды жабық жерде өсіру қымбатқа түседі. Күніне екі рет бидай және пішен салу керек. Оның үстіне, түрлі ауру тудыратын зәр мен тезекті уақтылы тазалап, санитарлық бақылауды күшейтуге тура келеді. Ал батыстық әдіс мұндай мәселелерді малды еркіндікте өсіріп, атты бақташыларға бақтыру арқылы шешеді.
Қазақстанда малды жайылымға жіберу АҚШ-та кездеспейтін қиындық тудырады. Ол – барымта. Көшпенділік заманда жігіттер өздерінің батырлығын басқа рулардың малын, әсіресе, жылқыларын ұрлау арқылы дәлелдеген. Барымташылар ұрлықты бүгінде де тоқтатқан жоқ. Ұрланған малды сойып, етін қара базарда сатады. Осындай ұрлық мал шаруашылығының дамуын тежейді. Ал жергілікті құқық қорғау орындары мал ұрлығы туралы арыз-шағымдарға салғырт қарайтын көрінеді. Сол себепті, Дәулетқали ұйытқыған қарлы боранға қарамастан жылқыларын іздеуге шықты.
Дәулетқалидың жеке шаруашылығының солтүстік шетіне бардық. Ол маған осыдан ары қарай ұшы-қиыры жоқ иен дала басталып, Ресей шекарасына дейін жететінін айтты. Бұрындары барымталанған жағдайда жануарлардың ізімен жүріп отырып, осында келеді екен. Баукеспе ұрылардың артынан қалған жанған ағаш қалдықтары мен қоқыс қана тапқан. Олар жылқыларды айдап әкетіп, қара базарға сатқан.
«Шаруашылығымды қоршап қояр едім. Бірақ олар темір мен бағаналарды да ұрлап әкетеді», – дейді кәсіпкер.
Дәулетқали қауіпсіздік үшін тұрақты жұмыс істейтін малшылар жалдады. Солардың бірі кезінде бүкіл елге әйгілі барымташы болыпты. Дәулетқали оны әдейі жалдады. Барымташылықтың қыр-сырын білетін адам ұрыларға дер кезінде тойтарыс бере алады деп ойлайды. Ал жылқылар жоғалған жағдайда оларды айдап әкеткен жолды анықтап, іздерін табуға көмектеседі. Негізі, Дәулетқали сайын даланың осынау жазылмаған заңын құптайды. Жемқорлық пен жергілікті құқық жүйесінің пәрменсіздігімен осылай күресуге тырысады.
Кеңес Одағы кезінде малшылардың жалақысы жоғары болды. Колхоздар жабылған соң Ерлан Мұқатов (атты) пен Жұмабай Рахымжанов (тон киген ер адам) сынды малшылар жұмыс іздеп кетті. Бүгінде мал шаруашылығының қарқынды дамуы нәтижесінде жаңа жұмыс орындары пайда боп, осындай қазақтар сайын дала төсіне қайта келді.
Сөйтіп жүргенде, Дәулетқалидың малшыларының бірі – Жұмабай Рахымжановты жолықтырып қалдық. Ол бізге жылқылардың табылғаны туралы жақсы жаңалық жеткізді. Сөйтсек, олар бір шағын тоғайды ықтап тұрып қалыпты. Мал шаруашылығы қыстақ тұрғындарының алдына түрлі міндеттер қойды. Қазақтар атқа мініп, далада жылқы бақты. Ал Жұмабай үшін бұл кәсіптің эмоциялық мәні жоғары. Кеңес заманында «Патша қақпасына» жақын маңайда Чилинка деген ірі совхоз орналасқан. Жұмабай 1972 жылы сонда дүниеге келген. Жастайынан шаруашылықтың 101 171 гектар жерінде жылқы бағып, Чилинкадағы 60 мың қойлы отардың, жылқының және ірі қараның санын арттыруға атсалысты. 1990 жылдары шаруашылық банкротқа ұшырағаннан кейін он жыл бойы жұмыс іздеп, бүкіл Қазақстанды аралады. Әскери қызмет атқарды. Астана қаласы салынып жатқанда құрылыс жұмыстарымен айналысты және алтын қазды. Жастық шағындағы сүйікті ісін – мал шаруашылығын іскер қазақтар қолға алғанын естіп, осында жұмыс іздеп келді.
Дәулетқалидың пайымдауынша, мал шаруашылығы көшпенді қазақ халқының ғасырлар бойы іште тынып жатқан рухын қайта тірілтті.
«Бұл кәсіп жаныма нәр, бойыма қуат береді. Күн сайын кеңсеге барып, ноутбукке шұқшиып отырмаймын. Электронды хаттар жазбаймын. Ондай жұмысты бұрын істегем. Тіпті бүгінгіден де көп ақша тапқам. Есесіне, қазір мен еркінмін. Еркіндікті ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың», – дейді ол.
Ерейментау даласында құлын-тайлар асыр салып ойнауда. КСРО кезінде бұл аймақ бидай шаруашылығына айналды. Алайда қолайсыз климат пен вегетациялық маусымның қысқалығынан егіннің өнімділігі төмендеді. Жиырма жыл бойы бос жатқан өріске бүгінде шөп қаулап өсіп, қолайлы жайылымға айналды.