Орталық Қазақстандағы көрікті жерлердің бірі – Бектау ата тауы. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы аумағында орналасқан ол тауға әсіресе көктем-жаз айларында келетін туристер саны мыңдап саналады. Жергілікті халықты айтпағанда Бектау атаға арысы Малайзия, Германия, Қытай мен Ресей секілді елдерден туристер арнайы келіп-кетеді. Оған себеп те жоқ емес. Ел ішінде айтылып жүрген аңыз бойынша: «Көне замандарда бұл жерде Бектау ата және Беғазы деген екі әулие өмір сүрген. Олар қанды-қырғын күндері дұшпандарынан қашқан бойда тау баурайындағы үңгір ішіне кіріп кетіп, оншақты күн шықпай қояды. Сонда дұшпандары оларды өлдіге санап кетіп қалған екен».
Осы ауылда туып-өскен, бүгінде зейнет жасына келген Күміс апаны жергілікті халық «Бектау ата шырақшысы» атап кеткен. Себебі Күміс апа Бектау атаға қатысты кез келген мәселеге қанық. «Бектау атаның ерекшелігі сол – оның әсем табиғатынан бөлек айналасы тылсым құбылыстарға, асты қазба байлыққа толы», – дейді Күміс апа. – Білуімше бұл жерге ішімдік ішіп келгендер, тазалық сақтамаған, болмаса алтын-күмістің барын біліп, тауды қопаруға келгендер міндетті түрде қайғылы оқиғаға душар болады. Ондай оқиғаларды тізбектей берсем таңды-таңғы ұрамыз».
Жазық далада жер астынан сұстиып шыға келгендей көрінетін бұл тау сілемдері бір қарағанда адам қолымен орната салғандай. Ол тау Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 60 шақырым қашықтықта бірнеше шоқыдан құралған. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырымға созылып жатса, ені 3 шақырым, ең биік нүктесі 1213 метрден асады.
Құбылтайөзек аңғары оны батысындағы Сарықұлжа (1082 м) тауынан бөліп тұрады. Бектау атаның беткейлері тік, жылтыр тасты, төбесі үшкір болып келеді. Тау бөктері таулы-жартасты, ой-шұңқырлар мен табиғи үңгірлерден тұрады. Ел ішінде «әулие» аталып кеткен үңгір ішінде бірнеше арнадан біріккен тұщы су көзі бар. Білетіндер бұл тау жанартау лаваларынан түзелгенін.
Фото: Ерболат Шадрахов