Елдің оңтүстік жағалауында жайқалып тұрған маржан рифтері ұясына батып бара жатқан күннің шуағына малынып тұр. Изабелла патшайымның құрметіне Христофор Колумбтың аты берілген қиырдағы аралдар тізбегі, мангр тоғайлары мен маржан рифтері қанша уақыт өтсе де, қаз қалпында сақталған.
ӨЗГЕРІС ЖОЛЫНДАҒЫ ЕЛ
Кубадағы ұшы-қиыры жоқ «Патшайым бағы» теңіз қорығы су астындағы пейіш іспеттес
Күміс шабақтар теңізге келіп құйылған өзен сияқты мангр ағаштарының арасында әрлі-берлі жүзіп жүр. Бұл – жыртқыштарды алдау үшін топтасып жүретін, саусақтың көлеміндей ғана балықтардың қауіпсіз мекені. Мангр ағаштары әлсіз тіршілік иелеріне пана болып, маржан рифтерін зақымдайтын шөгінділерді өзіне сіңіру арқылы теңіз жартастарын бір қалыпта ұстап тұрады. Сондай-ақ олар ғаламдық жылынуды үдететін көміртекті сіңіріп алады.
«Патшайым бағы» қорығын зерттегелі бері он бес жыл өте шықты. Куба жағалауынан 80 шақырым жердегі аралдар тізбегінің, мангр ағашы қаулай өскен шағын аралдардың және теңіз жартастарының дүн-дүниесі өте бай және алуан түрлі екеніне куә болдық.
Араға жылдар салып, Кубаға қайта оралдық. Аумағы 2200 шаршы шақырымды құрайтын ұлттық саябақтың климаты біршама өзгерген. Алғаш сүңгігенімізде бүкіл Кариб теңізінде түбегейлі жойылу алдында тұрған бұғы мүйізді маржан рифтерінің (Acropora palmate) ішіне түстік. Суда көк жолақты хемулон мен алабұғалар иін тіресе, сапырылысып жүзіп жүрді. Өзімізді уақыт шарының ішінде жүргендей сезіндік. Балығы құжынаған маржан рифтері әлеміне қайта оралып, Кариб теңізінің осыдан ондаған жылдар бұрынғы тіршілігінің титтей де өзгермегенін көрдік.
20 жыл сүңгуір болған Ноуэль Лопес бізді маржан рифіне апарды. Ол жақта пештің көлеміндей голиаф балығымен бірге теңіз алабұғасының төрт түрін кездестірдік. Қазір мұнда ірі балықтар мен акулалар көп сияқты.
Дэвид Дубиле мен Дженнифер Хэйес экватордан полярлық аудандарға дейінгі мұхиттарды суретке түсірді.
Мәтін, фото: Дэвид Дубиле және Дженнифер Хэйес
Кариб теңізінің көкпеңбек суында жүзіп бара жатқан үш бірдей жібек акуланың (Carcharhinus falciformis) денелері жылт-жылт етеді. Зақымдалмаған теңіз жартастары планктондарды жыртқыштармен байланыстыратын қоректену тізбегін бір қалыпта ұстап тұрады. Мұндағы жыртқыштардың қатарын жібек акуладан бөлек карибтік риф акуласы және екінші суретте луцианды жеп жатқан қара групер (Mycteroperca bonaci) сияқты үлкен балықтар құрайды.
Бірде таңертеңгісін мангр тоғайына кіріп, құжынаған күміс шабақтардың суасты орманы арқылы жүзіп өттік. Сосын ашық суда бізді айнала қоршай жүзген терісі теп-тегіс бір топ жібек акулалармен тереңге сүңгідік. Қас қарайғанда үн-түнсіз америкалық қолтырауынның соңынан ілесіп отырдық. Бір күнде осыншама тіршілік иелері мен жыртқыштарды кездестіру таңғаларлық жағдай.
Теңіз ғалымы Фабиан Пина Амаргос мұхит астындағы осы бір оазистің жанданып келе жатқанын атап өтеді. Себебі, Куба үкіметі судың көтерілуі мен қайтуының арқасында құнарлы заттар мен дернәсілдері сақталатын қорықты қорғап келеді. Бұл теңіздің экожүйесі маржан рифтерінің әлі күнге дейін өңін жоғалтуға төтеп бере алатынын дәлелдеді. Дегенмен олар да өзге маржан рифтері сияқты судың жылынуы, қышқылдануы және көтерілуі сияқты қауіптерге тап болады.
АҚШ эмбаргосының мерзімі аяқталуға жақын. Бұл дегеніміз, америкалықтарды өзіне көбірек тарта бастайды. Бәрінен бұрын экотуризм мен теңізді қорғау арасында тепе-теңдік орнату қажет. Кубалықтар не нәрсеге қауіп төнетінін біледі. Ол – Кариб теңізінің баға жетпес асылдары.
Түнгі теңізде күндіз байқала бермейтін тіршілік басталады. Су астындағы жарыққа қарай ұмтылған теңіз құрттары шымылдықты елестетеді. Мешкейлігімен және түстері мен өрнектерін жылдам өзгерту арқылы байланыс жасайтын қабілетімен танымал бір топ карибтік риф кальмары (Sepioteuthis sepioidea) қорек іздеп жүр (сол жақтағы астыңғы сурет). Жойылу алдында тұрған ұзындығы сегіз см-ге жуық бисса тасбақасының (Eretmochelys imbricata) баласы қас қарайған сәтті пайдаланып, жағалаудан теңіздің ішіне қарай жүзіп барады. 2008 жылы Куба үкіметі теңіз тасбақаларын аулауға тыйым салды.
Көк жолақты хемулон (Haemulon sciurus) және луциан-кахи (Lutjanus apodus) балықтары үйір-үйірімен бұғы мүйізді маржан рифтерінің жалпақ бұтақтарының арасында жүзіп жүр. Жылдам өскенмен нәзік келетін бұғы мүйізді маржан рифтері жойылуға шақ тұр. Кариб теңізінің басым бөлігінде бұл түр жойылып та кеткен. Тек «Патшайым бағында» ғана сақталып қалған.
Тасбақа шөбінің үстінде кешкі ұйқысын қандырған Америка қолтырауыны (Crocodylus acutus) қауіпсіз мекеніне – мангр ағашының шым-шытырық тамырларына қарай көтеріліп барады. Ғалымдар қолтырауындарды «мангр экожүйесінің инженерлері» деп есептейді. Себебі, олар құнарлы заттар айналымын жақсартатын мүмкіндіктер тудырады. Қолтырауындар мен акулалар сияқты мықты жыртқыштардың көбеюі үйлесімді экожүйенің негізгі көрсеткіші.