Қазақта «Көп қорқытады, терең батырады» деген мақал бар. Расында да халқы көптің сесі басады, десі артық екені бешенеден белгілі. Шүкір, соңғы жылдары еліміздегі халық саны өсіп келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, Қазақстан халқының саны 18 миллионнан асты. Тәубә. Қуанарлығы, бала туу көрсеткіші бойынша жергілікті халық тығыз орналасқан Оңтүстік, Қызылорда, Атырау, Алматы мен Маңғыстау облыстарымен қатар Астана мен Алматы қаласы көш ілгері тұр. Ал бұл қазақтардың көп балалы болуды әлі де болса қалайтынын көрсетсе керек. Тек бір өкініштісі – келіншектер арасында «бала тапсам дене бітімім бұзылады», «бетіме әжім түседі» деп жаһанданудың азғыруына бой алдырғандар да баршылық. Одан бөлек ел ішінде түрлі жағдайлармен бір балаға зар немесе бір-екі баламен ғана шектелген отбасылар да жетіп артылады. Еліміздің кейбір аймақтарында экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты, ескеретін мәселе дәл қазір осы болып тұр. Бізде тек «Ел Үкіметі ескерсе, осыны ескерсін!» деген тілек қана.
Негізі баланың жиі дүниеге келуіне әр отбасының әлеуметтік жағдайына қатысы жоқтай көрінеді кейде. Себебі, дүние есігін ашқан әр балаға берілетін жәрдемақысы тым жоғары Жапония, Германия мен Араб елдеріне қарағанда, жағдайы төмен Африка елдері, Орталық Азиядағы Өзбекстан мен Тәжікстанда бала туу көрсеткіші әлде қайда жоғары.
Екі бала әкесі мен шешесінің орнын ғана басатынын ескерсек, ұлт санының артуына үшінші (шығынның орнын толтырушы) бала да емес, тек төртінші баладан кейінгілер ғана үлес қоса алады.
Халық саны көп болған сайын ел ішінде кәсіпорындар мен өндіріс көбейіп, сауда-саттық қыза түсетіні белгілі. Сол арқылы барлық саланың қызметі жанданып, тауар сапасының артуына ықпалы зор. Ал бұл ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырмаса кемітпейтіні белгілі.
Фото: Сарсенбек Қызайбекұлы