«Сыр – Алаштың анасы» деген тәмсіл бар. Бұл Қызылорда облысының ықылым заманнан қазаққа қорған болғаны, қажет уақытында пана да, сол аймақта өсіп-өнгендігін көрсетсе керек. Сондықтан болар Сыр өңірінде тарихи ескерткіштер, көне жазбалар, аңыз-әңгімелер мен түрлі жәдігерлерде есеп жоқ. Ондағы бір ғана «Сауысқандық» шатқалындағы петроглифтер көп жайттан хабар беретіндей.
Шиелі ауданы аумағындағы Еңбекші ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 50-60 шақырым қашықтықта жатқан Қаратау сілемдеріндегі тасқа қашалған бейнелер соған дәлел.
Мамандардың айтуынша, Үлкеншоқы және Кішішоқы тау жоталарының жартасына (б.з.д ХVІІІ – б.з ІІІ ғ.ғ.) салынған суреттер қола дәуірінен қалған құнды дүние. Ондағы бейнелер сол дәуірдің әдет-ғұрпы, наным-сенімнің белгісі. 9 шақырымға созылған тастағы суреттердің басым көпшілігін қару асынған адам, жегілген арба, төрт түлік малдар мен тауешкі, арқар мен қасқыр секілді жабайы аң-құстар жиі бейнеленгеніне қарағанда біздің бабаларымыз ата кәсіппен ертеректе айналысқан. «Ол жер тіпті халықтың тұрғылықты мекені де болуы мүмкін. Себебі, сол жерге жақын маңнан зираттар да табылды», – дейді олар.
Фото: Тұрар Қазанғапов