Суматра, Индонезия
ПАНУТ ХАДИСИСВОЙО,
табиғат қорғаушысы
Суматрада тіршілік ететін орангутандар әдетте панасын пальма ормандарына салады. 2014 жылы Панут Хадисисвойо аралдағы ең үлкен қала – Меданның көшесімен кетіп бара жатқан рикшадағы орангутанды көзі шалып қалды. Ол маймылдарды қорғау «Orangutan Information» орталығын басқарады. Сөйтіп, ол көліктер арасымен маймылды жаяу қуды. «Рикшаға секіріп мініп, жүргізушіні тоқтаттым», – дейді ол. Сосын ол жабайы жануарларды сатумен айналысатын делдалды азаматтық тұтқынға алып, өз қызметкерлерін көмекке шақырды. Үш сағаттан кейін полиция да келді.
Оның жұмысы өте ауыр. «National Geographic-тің» кіші ғылыми қызметкері уақытының көбін пальма кесуді тоқтатуға, Азия жазығындағы ең үлкен тропикалық орман – «Leuser» экожүйесіне зиянкестік ететін ұйымдармен күресуге арнап жүр. Ол тіпті, орангутандармен бірге мүйізтұмсық, жолбарыстардың да қорғау аймақтарын анықтау үшін дроншы-фотографтарды жұмысқа тартты.
Пілдер мен мүйізтұмсықтардың дене мүшелері саудаланады, ал орангутандар бүтіндей сатылады. Қолға үйірсектігінен адамдар оларды көбіне үйінде бағуға әуес. Қарақшылардың ілуде бірі ғана жауапқа тартылды. Абақтыға қамалғандары да саусақпен санарлық. Әйтсе де, Хадисисвойо мен оның тобы олжалы. Олар 2001 жылдан бері бір мың гектардан астам орманды қайта қалпына келтірді. Ал рикшадағы орангутанның жағдайы не болды дейсіз бе? Полиция саудагерді тергеуге алды. Ал маймыл мекеніне қайтты. – Дәниел Стоун
ФОТО: КРЕЙГ ДЖОУНС. ORANGUTAN INFORMATION CENTRE. NGM MAPS
«NG-дің» ғылыми зерттеуді қаржыландыру жолдарын мына сілтеме арқылы біле аласыз: nationalgeographic.com/explorers.
Мысыр
Пирамиданың пішіні қандай?
ЮКИНОРИ КАВАИ Nat Geo зерттеушісі
Юкинори Каваи Гизадағы «Алып пирамидаларды» қазына табу үшін зерттеп жүрген жоқ. Оны қызықтыратыны – дерек. Пирамидалар қанша қазылса да, сканерленсе де, суретке түсірілсе де көбінің нақты өлшемі әлі де белгісіз.
Каваи алып құрылысты алғаш рет 1992 жылы көрді. Ол кезде 19 жаста еді. Пирамидаларды зерттеу үшін сонау Жапониядан Мысырға келген. Бірақ пирамидалар ол ойлағаннан аласа болып көрінді.
Каваи соңғы он жыл бойы бұл құрылыстарды егжей-тегжейлі зерттеді. Лазерлі сканер мен фотограмметрияның, яғни суреттер мен әр түрлі бұрыштан түсірілген бейнежазбаларды біріктіру әдісін пайдаланып, пирамидалардың 3D үлгісін жасап шығарады. Сондай-ақ, ол ең үлкен Хеопс пирамидасының маңындағы үңгір тәріздес ерекше ойысты суретке түсіріп, реставрациялық жұмыс басталар алдында көне пирамиданың үлгісін жасады.
Ол осы ақпаратқа сүйене отыра, пирамидалардың қалай салынғанын анықтауға үмітті. Сосын мюонды рентгенографияға, яғни ғарыш сәулелері арқылы құрылыстың тығыздығы мен оның ішкі көрінісін бейнелейтін визуалды әдіске жүгінбекші. Каваи өзінің жан-жақты тексеру жұмыстарын қылмысты зерттеумен салыстырады.
Лазерлі суреттер, ғарыш сәулелерін бақылайтын детекторлар және 3D үлгілер Индиана Джонс стиліндегі құпиялардың сырын айғақтап, археологиялық кешендердің есігін дүние жүзінің барлық жастағы ғалымдары мен адамдарына айқара ашты. Өткен жылы лазерлі суреттерді зерттеген археолог Тутанхамон перғауынның мазарында жасырын бөлмелер барын аңғартатын тұспалдар тапты. Ақпанда Гарвард университеті студенттері скандар мен фотосуреттерден құрастырылған Гиза пирамидаларының виртуалды нұсқасына саяхат жасады. Каваи краудсорсинг әдісі пирамидалардың құпиясын ашуға көмектеседі деп сенеді. Алайда тек компьютерлік ақпаратқа сүйеніп қана қоймай, кешенді мұқият зерттеу қажет.
Каваи оқушы кезінде теледидардан деректі фильмдерді көп көріп, пирамидаларға қызыға бастады. Бүгінде ол Мысырда, шыжыған күн астында жүру Голливуд сипаттағандай көзтартар көрініс емес екенін айтады.
Каваи тапқан ең керемет нәрсе не дейсіз ғой? Осыдан он жыл бұрын қазып алынған қоқыс үйіндісі. Ол ежелгі адамдардың күнделікті тіршілігіне көз жүгіртуге мүмкіндік береді. Каваи археологияның басты мақсаты – өткенге қатысты деректерді жинақтап, адамдарды түсіну деп біледі. «Біз қазына іздеуші емеспіз. Бізге қазынадан гөрі ақпарат маңыздырақ». – Нина Строчлик
ФОТО: МОМЕН БАДР. NGM КАРТАЛАРЫ