Огаллала сулы деңгейжиегі (Aquifers) АҚШ-тың орталық-батыс аймағын елді азық-түлікпен қамтамасыз ететін өңірге айналдырды. Ал оның суы таусылғанда не болар екен?!
Авторы: Лаура Паркер
Фото: Рэнди Олсон
Небраскадағы Империал қаласының маңы. Таудай болып үйілген астық мал бордақылау алаңына тасымалдану үшін қапталып жатыр. Суды көп қажет ететін жем ірі қара үшін арнайы өсіріледі. Жиналған 130 мың тонна астық, 50 мың бас малға жыл бойы азық болмақ.
Ұңғыма Орталық Америкадағы алып жерасты су қоймасы – Огаллала сулы деңгейжиегінде орналасқан. Біз оның күйін бағалау үшін келген едік. Өлшеуіштің суға дейінгі ұзындығы – 60 метр. Соған қарағанда былтырдан бері су 30 сантиметрге төмендеген. Құдықта су сарқылуға жақын. «Бұл ұңғыманың суы жаз бойы егін суғаруға жетпейді», – дейді Уилсон.
Бозғылт аспан астындағы ұшы-қиыры жоқ сайын далада біз ғана жүрміз. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ, жазықта ағаш та көрінбейді. Теңіз деңгейінен 1200 метр биіктеміз. Аймақтың «Биік жазық» (the High Plains) деп аталуы да осыған байланысты. Уилсон тез құбылатын табиғатқа сақадай сай. Дегенмен, 1930 жылдары шығыстан Атлант мұхитына дейін тоқтаусыз ұйытқып, кемелерді топыраққа толтыратын шаңды дауыл қазір мүлдем жоқ деуге болады. Арт жағымызда болаттан жасалған ұршық тәрізді су шашқыш қондырғы сұрғылт топырақтың үстінде сорайып тұр. Құдды, қысқы ұйқыға кеткен алып жәндік секілді.
Уилсон Канзас Геологиялық зерттеу орталығының гидрологы. Сонымен қатар ол батыс Канзастағы сулы деңгейжиектің сарқылу себебін зерттейтін топтың мүшесі. Аяқ астымыздағы су сонау мұз дәуірі заманындағы кеуекті тау жыныстарында 15 мың жыл бойы жинақталған. Соңғы алпыс жылда сушашқыш қондырғының салдарынан жаңбыр мен қар суы жерге сіңіп үлгерместен Огаллаланың суы сорылып, пайдаланылып келді. Нәтижесінде, Канзастың батыс аудандарында деңгейжиек суы 60 пайыздан астамға азайған. Кейбір бөліктерінде тіпті су сарқылуға жақын. Қазір де жауын-шашынға қарамастан су тартылу үстінде. Мәселен, 2015 жылы жауын-шашын мөлшері әдеттегіден 50-100 пайыз жоғары болғанымен, су қоймаларындағы су деңгейі төмендеп кеткен.
Канзастың Гарден-Сити қаласының маңында фермерлер сиырларды қораға қарай айдап жүр. Жерасты суының молдығы оңтүстік биік жазықты әлемдік мал бордақылайтын орталыққа айналдырды. 113 грамдық бір ғана гамбургер үшін, яғни бір сиырды күтіп-баптап, етін өңдеуге жіберу үшін 1740 литр су жұмсалады.
Біз Оңтүстік Дакотадан Техасқа дейін созылып жатқан Огаллала аймағының сүрлеу жолдарымен 8 000 шақырымды еңсерейік дедік. Сапар барысында ауыл шаруашылығы өркендеген бірқатар өңірді байқадым. Мұнда жыл сайын кемінде 20 миллиард доллар табыс алуға болады. АҚШ-тағы астық пен ірі қараның бестен бір бөлігі осы өңірде өседі.
Дегенмен, фермерлердің алдында қиын таңдау тұр. Деңгейжиектің ғұмырын ұзарту үшін олар суды үнемдеп пайдалануы тиіс. Ал табысты арттыру үшін онсыз да сарқылуға шақ қалған суды оңды-солды пайдалануды жалғастыра беру керек. Кейбіреулер бұл мәселені ұрандатуды қолдамайды. Алайда, деңгейжиек суалатын болса, оның салдары дүниежүзілік сауда нарығына айтарлықтай әсер етететіні анық. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша, алдағы он жылда тоғыз миллиардтан астам адамды тамақтандыру үшін әлемдегі азық-түлік өндірісін 60 пайызға көтеру керек.
Солтүстік Америкадағы ең үлкен сулы деңгейжиек қана емес, дүние жүзінде – Азиядағы, Африкадағы және Таяу Шығыстағы алып жерасты су қоймалары да тартылып барады. Оңтүстік Огаллаланың қайта жандануы екіталай. Ал сарқылған судың орнын толтыруға мыңдаған жыл кетері анық.
Күн сайын екі жасар Анналеа Гарсианы анасы Кристал қаладан шелектеп тасыған сумен шомылдырады. Нью-Мексикадағы Кловис қаласының шетіндегі отызға жуық отбасының ұңғымалары суалып қалған.
«Бұның соңы орны толмас қатерге айналуы ықтимал, – дейді NASА-ның Реактивті қозғалыс зертханасының бас гидрологы Джей Фамиглиетти. Ол әлемдегі ең үлкен 37 сулы деңгейжиектегі өзгерістерді жер серік арқылы зерттейді. – Азық-түлік өндірісін бір қалыпта ұстау үшін жер асты суын үнемдеу керек. Бірақ үнемдеп жатқан жоқпыз. Огаллала суының тартылуы АҚШ пен жаһандық тамақ өндірісіне қалай әсер етер екен? Осы сұраққа жауап беруіміз қажет».
Джей Фамиглиетти, NАSА-ның аға ғылыми қызметкері
Уилсонның айтуы бойынша, Колорадо штатынан шығысқа қарай 30 шақырым жүріп тоқтадық. Огаллала тұрғындары мұндағы суды көбінесе лай немесе тұнық деп сипаттайды. Бұл сулы деңгейжиекті сипаттаудың қарапайым ғана жолы. Өйткені Огаллаланың өзі –қиыршық тас, лай, құм және топырақ араласқан алып «сорғыш». Оның қатпарлары суға толы. Уилсонның айтуынша, егер жердің беткі бір қабатын кілем секілді түріп жинасақ, астындағы сорғышты әр түрлі көлемдегі шұңғылдары бар жұмыртқа қорабына ұқсатуға болады. Небрасканың батыс аудандарына қарасты Огаллала суға бай. Мұнда сорғыш жер бетінен 300 метр тереңдікке дейін созылып жатыр. Демек, оның суы лайлы. Ал біз жүрген Канзастың батысында таза су мен лай судың арасын бірнеше шақырым ғана бөліп тұр.
«Табысты болу – ата-бабаңның қай жерге қоныс тепкеніне немесе жерді қай ауданнан сатып алғанына байланысты», – дейді Уилсон.
Түске таман қыстық бидай өсірумен айналысатын «Mai Farms» отбасылық кәсіпорнына келдік. Май әулеті – Ресейден келген немістер. Олар сонау шаңды дауыл жиі болатын жылдары Грили округіне көшіп келген. Жұртпен бірге Калифорнияға қарай үдере көшуге қаражаттары болмапты. Алғашқы жылдары қуаңшылық болып, шығынға батқан. 30 шақырым жерде орналасқан екінші фермасы аман қалып, сонымен жан баққан екен. Билл Май 1936 жылы сол жерде дүниеге келген. Қазір де сонда тұрады. Біз өлшеген алғашқы су ұңғымасын 1948 жылы Майдың әкесі фермасын құрғақшылықтан аман алып қалу үшін бұрғылаған екен. Ол кезде минутына 3 800 литр су сорылыпты. Мұндай қарқынмен жарты күнде олимпиадалық хауызды толтыруға болатын. Алайда мәселе ұңғыма суының деңгейінде емес. Май 16 жылда осы ұңғыманың суымен егістікті бірде-бір рет суғармаған екен. Есесіне, көршілері өздерінің ұңғымалары арқылы суды көп пайдаланып, соның салдарынан Майдың ұңғымасындағы су жыл сайын 30 сантиметрге азайып отыр. «Келесі көшедегі көршіміз жүгері өсіреді», – дейді ол. Жүгері өсіру едәуір табыс түсіргенмен, ол судың нағыз «жауы». Майдан бұған қатысты қандай шара қолданатынын сұрадым. «Ешқандай» деп қысқа қайырды ол. Ұңғымадағы судың бәрібір сарқылатынын білетін Билл: «Суды пайдалану туралы заңнамадан да еш нәтиже шықпайды», – дейді.
Май ұңғымадағы су таусыла қоймас деген үмітпен 20 жыл бойы қуаңшылыққа ұшыраған аймақта егін егіп келді. Ол маған 1976 жылғы «Канзастың үздік фермері» деген атақ алғаны туралы жазылған сарғайған газетті ұсынды. Сосын «осы төңіректегі су мөлшері жеткіліксіз» екенін тағы ескертті. Бұны жалғыз Май ғана айтып отырған жоқ. Деңгейжиектегі судың сарқылуы жөніндегі мәлімдемелер 1930 жылы президент Франклин Рузвельттің Ұлы жазық комитетіне шаңды дауылдардың себебін анықтау туралы тапсырмасынан бастау алады. Тіпті, сол кезде комитет ауыл шаруашылығы экономикасындағы қарама-қайшылықты атап көрсеткен екен.
Небрасканың Вуд Ривер қаласының маңы. Аспанда найзағай ойнап, 413 мыңға жуық ұзын, қызылбас канада тырналары қиқулап, деңгейжиектен нәр алатын Платте өзенінің таяз жеріне келіп қонды.
Күрделі гидрологиялық жағдаймен қатар құқықтық саясат пен ауыл шаруашылық үдерістері арасындағы қайшылықтар Огаллаланың сегіз штатында деңгейжиекті сақтаудан гөрі оған бұрғы салуға итермелейді. Штаттарда жыл сайын қанша су сорылатыны тіркеліп, сол арқылы пайдалану мөлшері бақыланады. Алайда, суды пайдалануды азайту оңай емес. Мәселен, Канзас пен Небраскадағы жерасты суы халықтың иелігінде. Басты проблема – жағдайы мүшкіл аудандарда қағаз жүзіндегі судың мөлшері жердегі судың қорынан асып түсуінде болып отыр.
Техастың су заңнамасы айтарлықтай өзгеше. Жерасты суы мемлекет меншігінде емес. Техастықтар жер астындағы суды қалағандарынша алады.
Суармалы жер өте бағалы, табысы да мол. Сондай-ақ, дәнді дақыл сатушысынан бастап ауыл шаруашылық техникасының делдалдарына, банкирлерге, сақтандырушыларға және жер қожайындарына дейін суды сорып пайдалануға мәжбүр. Канзастағы Саблетт ауданының тұрғыны, фермерлердің бесінші буыны Джей Грэтсон: «Біз үлкен іс тындырдық», – дейді. Ал оның Канзас университетінің аэроғарыш инженериясы факультетінде оқитын тұңғыш ұлы «фермерлердің алтыншы буыны атанып, отбасылық кәсіпті жалғастырғаннан гөрі Марсқа ұшу тиімдірек» деп есептейді. «Огаллала суын сарқып жатқанымызды білеміз. Бірақ микроэкономикалық мәселелерді ойлайтынымыз сонша, оған жоғары деңгейде қарай алмай келеміз».
Оңтүстікке бет алған сайын шарасыздықты сезініп, дегбірім қашады. «Реттелмелі сарқылу» деген сөз тіркесі мұнда аймақтық диалектіге айнала түскен. Барған жерімде адамдардан енді алдағы уақытта не болатынын және қандай шара қолданатындарын сұрадым. Көбі келесі ұрпаққа жетпестен су тартылады деп алаңдайды. Алайда күрмеуі қиын мәселенің алдын алатын шешім жоқтың қасы. Кейбірі ұңғымаларға үміт артады. Бір су маманының өзі: «Біраз фермер суды меншіктеп алған. Олар суды көмір сияқты таусылғанша сора береміз деп ойлайды» – деп айтып қалды. Сиыр фермалары секілді бірқатар шаруашылықтар құрғақшылыққа төтеп беруі мүмкін. Жүгеріні де жаңбыры жеткілікті басқа штаттарда өсіруге болады. Дегенмен, басты үміт – технологияда. Фермерлер маған дақылдарды суғарғанда пайдаланылған су мөлшерін дәлме-дәл есептейтін iPhone бағдарламасын көрсетті. Канзастағы Колби қаласының тұрғыны Лон Фром 12 мың гектар жерге бидай мен жүгері егеді. Оларды жыл сайын суғаруға 7,5 миллион литр су кетеді екен. Қол астындағы жұмысшыларының бірі – IT маманы, астықты сақтау туралы мәлімет жинайды.
Фермерлер ұңғымалар тартылып қалса, табыс көлемінің азаюуын болдырмау үшін Биік жазықта (the High Plains) сарқылмайтын ресурс ретінде желдің әлеуетін де кәдеге жаратуда. Жел турбиналары жаңадан іске қосылған бірнеше ауданды басып өттім. Техастың Фрайона қаласының сыртында, Лаббоктың солтүстік-батысына қарай «Уэсли Барнет энергетика компаниясынан» желді пайдалану құқығын сатып алған. Әрбір турбинаның жылдық құны 10 мың доллар. «Қалай болғанда да, бұдан әрі суғара алмаймыз. Кей адамдар үшін желдің әлеуетін пайдалану – жалғыз шешім», – дейді ол.
Огаллала деңгейжиегінің орталық бөлігі сарқылудың алдында тұр. Бұл аймақ солтүстікке қарай 725 шақырымға созылып жатқан Техас дөңесінің бойында орналасқан. Лаббоктан Канзас-Небраска шекарасымен түйіседі. Ол жақта да сарқылудың жаңа кезеңі басталуда.
Климаттық өзгерістерге байланысты деңгейжиектің тартылуы екі еселенеді. Ғалымдардың болжауынша, алдағы уақытта құрғақшылық жиі қайталануы мүмкін. Қазірдің өзінде Канзастың оңтүстік-батысындағы фермаларда кешкі температура әдеттегіден жоғары. Ірі қара мал да салқын жылдармен салыстырғанда суды көбірек іше бастайды. Көптеген орындарда суармалы егістік жойылады. Шағын қалалар да тоқырайды. Қазірдің өзінде Биік жазықтағы көптеген қалашықтар құлдырауға шақ тұр.
Суландыру дәуірі көп ұзамай «ұлы сарқылу кезеңіне» айналуы мүмкін. Биік жазықта адам қолымен жасалған апат, яғни «жаппай жер игеру» кезінде 2,1 миллион гектар аумақта шөп оталған. «Енді екі ұрпақ ауысқаннан кейін адамдар артқа көз тастап «сол кезде осылар не ойлады екен?» деп айтатын шығар», – дейді Топикадағы Уошбурн университетінің оқытушысы, су заңнамасының сарапшысы Бурк Григс.
Канзастың Финни ауданындағы бидай және басқа да өсімдік алқаптарына су шашқыш қондырғылар шеңбер сызған. Өздігінен айналатын олар шаруашылықты жандандырып, көптеген жерді нәтижелі суғаруға септігін тигізді. Деңгейжиек суы азайып бара жатқандықтан кейбір фермерлер шеңберлерді жартылай ғана суғарады. Жалпы, әрбір қондырғы минутына 1500 литр су шығара алатын ұңғымаға жалғануы тиіс.
1972 және 2015 жылдары (төменде) ғарыштан түсірілген суреттер Гарден Сити мен Канзастың Саблетт қаласының арасындағы егістіктегі өзгерістерді көрсетеді. Тік төртбұрышты егістіктер шеңберлі бидай алқаптарына айналған.
1800 жылдары мемлекетке Биік жазық тиімсіз болды. Қарлы боран, торнадо және жылу толқындары қауіп төндірді. Шелектеп жауған жаңбыр селге ұласатын. 1820 жылға қарай Небраска, Канзас және Оклахома штаттарының аймағы карталарда Ұлы Америка шөлі деген атаумен көрсетілетін. Сол тұста АҚШ әскери зерттеу экспедициясының мүшесі: «Бұл жер егінге жарамсыз екенін кесіп айтамыз, шаруашылықпен айналысатындардың өмір сүруіне мүлдем қолайсыз» деген. Арзан жер теліміне және теміржол компанияларының климаттық қолайсыздықты жасырған ұсыныстарына қызыққан адамдар батысқа үдере көшті. Техастың Плейнвью қаласына жаңадан келгендер пойыздан шығып, бірден көлдегі қайықтарға көз тастады. Көл ұңғымадағы сорғы бұзылғанға дейін бес жыл бойы халық игілігінде еді. Кейіннен «жаппай жер игеру» науқаны басталды. Диқандар даланы бидай алқабына айналдырып, егін себілген жерге жаңбыр міндетті түрде жауады деген қате сенімнің жетегінде жүрді.
Қате түсініктің және бірі – фермерлер жер астында ненің бар екенін білсе, соны алуға ұмтылатын. Олар білді. Көптеген фермаларда жел диірменінен қуат алатын су сорғыш ұңғымалар пайда бола бастады. Өйткені, тұрғындарда тереңірек бұрғылау мүмкіндігі жоқ еді, көп көлемдегі суды аттың күшімен тартып шығару оңай болмады. 1950-жылдары ірі көлемді су айдау жүйесін енгізу үшін ауылдарға электр тартылды, дизельді сорғылар орнатылды. Кейін су шашқыш қондырғы шығып, бұл ауыл шаруашылығына тың серпін берді. 1949 жылы Жазықтағы суармалы егістік көлемі 850 мың гектарды, 2005 жылы 6,2 миллион гектарды құрады.
Орталық Небраскадағы Каламус өзенінде мал суғаратын астаулармен жүзу – туристер арасындағы танымал демалыс түрі. Огаллала суының үштен екі бөлігі негізін құрайтын жерасты суы сандаған қондырғыларды, жылғаларды және өзендерді сумен қамтамасыз етеді.
Огаллала суының арқасында Канзас астық өндіруден алдыңғы қатарға шықты. Оңтүстік-Батыс Канзас және Техас дөңесінде этанол өндірісі мен сиыр фермалары, жүгері шаруашылығы дамыды. Ірі қасапханалар және сүт зауыттары Канзасқа, Оклахомаға және Техасқа көшірілді. Ірімшік зауыттары да ауысты. Солтүстік Америкадағы ең үлкен ірімшік зауыттарының бірі Нью-Мексиконың Кловис қаласының шетінде, деңгейжиектің батыс бөлігінде орналасқан болатын. Ол жаққа барғанымда әлемдегі ең ірі зауыт деген атақ үшін 140 миллион доллардың игеріліп жатқанын көрдім.
Огаллалаға қауіп төндіретін бірден-бір фактор – мал азығы және жүгеріден жасалатын этанол. Екеуі де – судың жауы. Әйтсе де, деңгейжиектің тарихы туралы жазған «Көгілдір Огаллала» атты шығарманың авторы Уильям Эшуорс Огаллаланы мұндай күйге жеткізген мақта мен жүгері ғана емес деп есептейді. «Әрине, сүт зауыттарының да, мақтаның да, жүгерінің де қатысы бар. Жоңышқа, тары, ірі қара мал, су шашқыш қондырғылар да мол суды қажет етеді. Ал Огаллаланың суы шектеулі. Су барлығына жеткілікті болуы тиіс. Жеткіліксіз болғандықтан әрқайсысы суды өзіне қажетті мөлшерде алғысы келеді».
Жер бетіндегі барлық құрлықта да сулы деңгейжиектер бар. Оның кейбірі Огаллаладан да үлкен. 21-ғасырдың басында әлем халқының үштен бірі ауыз су мен шаруашылық үшін деңгейжиектерге тәуелді болды. Солтүстік Қытай жазығында деңгейжиек Бейжің мен оның айналасындағы аудандардың 117 миллион тұрғынын сумен қамтамасыз етеді. Осыған ұқсас Ганг Брахмапутра және Үнді су қоймалары халық санының өсуіне септігін тигізді. 2022 жылға қарай Үндістан дүние жүзіндегі халқы ең тығыз орналасқан ел атанып, Қытайды артта қалдыруы мүмкін.
Дегенмен, барлық жердегі жағдай бірдей. Әлемнің шапшаң дамып жатқан әрі халқы тығыз орналасқан өңірлеріндегі деңгейжиектер де қарқынды түрде пайдаланылуда. Жердің гравитациялық тартылыс күшінің өзгерістерін бақылаған NАSА жер серіктері әлемдегі 37 ірі деңгейжиектің 21-і шегіне жеткенін анықтады. Калифорниядағы құрғақшылық Орталық аңғар деңгейжиегіндегі судың күрт төмендеуіне әкеп соққан. Ал Үндістан қазіргі таңда басқа елдерге қарағанда жер асты суын көп мөлшерде әрі жылдам қарқында тұтынып келеді.
Техастың Лаббок қаласының солтүстік-батысындағы 103 жылдық тарихы бар Малшу ауданында кәсіп баяу жылжиды. Огаллала деңгей жиегіне қарасты шағын қалашықтар тіршілік үшін арпалысуда.
Сауд Арабиясы – қорды асыра пайдаланудың нақты мысалы бола алады. Мұнай өндіру үшін 600 метр тереңдікке бұрғы салған саудиялықтар алып Арабия деңгейжиегін игеруе де үлкен қызығушылықпен кіріскен. Сондықтан шөлейттер жасыл бидай алқабына айналып, 1980-1990 жылдар аралығында негізгі астық экспорттаушы елге айналды. Бүгінде мұнда да деңгейжиек сарқылудың алдында тұр. Биыл Арабияда бидай егілмеді. Әйтсе де саудиялықтар Аризона мен Калифорнияда жоңышқа өсіріп жатыр.
Огаллала штаттарының арасында Небрасканың орны ерекше. Огаллала суы барлық жерге жайылған. Сулы-шалшықты жерлер және шағын көлдер мысыққұйрық алқабының бойында құдды, жылтыр көк тас сияқты көрінеді. Өзен суы мал жайылымдарына дейін тасып, шығысқа қарай екпіндей ағады. Мен бір күнімді Небраска университетінің гидрологы Доуг Халлуммен бірге өткізген едім. Екеуіміз CNN арнасының негізін қалаған Тед Тернердің бизон асырайтын «Blue Creek» ранчосының маңындағы жайылымды суға бөктірген Дисмал өзенінің бастауын іздеп, Сәнд Хиллсті тұтас шарладық. Бұл құмды аймақ – Солтүстік Америкадағы ең үлкен аудан. Жауын-шашын мен қар суы құмға тез сіңіп, деңгейжиектің 450 мың шаршы шақырым аумағы Небрасканы сумен қамтамасыз етеді.
АҚШ Геологиялық зерттеу орталығының гидрологы Леонард Кониковтың айтуынша, 2000 жылдан 2008 жылға дейін қуаңшылықтың және жүгері өндірісінің қарыштап дамуы салдарынан Огаллала суы өткен он жылмен салыстырғанда, екі есеге азайған. Орташа есеппен, жыл сайын 10,3 текше шақырым су сарқылған. Бұл Гранд-Каньон арқылы ағатын Колорадо өзенінің жылдық ағысының жартысына тең. «Бәрі сақтанғысы келеді. Бірақ ешкім де су соруды тоқтатар емес», – дейді Канзастың солтүстік ауданындағы жерасты суы басқармасының меңгерушісі Рэй Луман.
Ал Хокси маңындағы фермерлер ортақ мәмілеге келіп, бес жыл бойы суды 20 пайызға аз пайдалануға келіскен екен. Алайда Батыс Канзастың деңгейжиек бойында орналасқан үш бірдей сулы ауданы мұндай шартқа көнбеген. Бұл Батыс Канзастың 250 шаршы шақырым аумағындағы 70 фермерлік шаруашылықтан тұратын оазис. Олар бұған білектің күшімен қол жеткізді десе де болады. «Қандай да бір әрекет жасау керек еді», – дейді жергілікті банк қызметкері әрі фермер Джефф Торлуемки. «Балаларымыз бен немерелерімізді тек тамағы тоқ болсын деп асырап жүрген жоқпыз. Судан таршылық көрмесе екен дейміз. Егер ертеңімізді ойламай суды сора берсек, оның ақыры қайғылы болуы мүмкін».
Жартасты тауларынан бөлініп, Огалла деңгейжиегін құраған шөгінділер құрылыс материалы ретінде пайдаланылатын қиыршық тастарға айналған. Техастың Слейтон қаласының маңында алты гектар аумақты қиыршық тас алып жатыр.
Былтыр күзде «Ұзақ жылдарға арналған шаруашылық» атты жиынға қатыстым. «Огаллала жолы» атты шығарманың авторы Джулен Бэйр әкесінің «Огаллала дабылын» естісе де, бидай шаруашылығын тастап, жүгері өсірумен айналысқанын айтады. Сондай-ақ, деңгейжиек суын соруды шектеу шараларының нәтиже бермегеніне де назар аударады. Залдағы фермерлерге «Жергілікті бақылау ақсап тұр. Фермердің өзін-өзі басқаруына қойылатын талап тым көп. Деңгейжиек мәселесін шешу фермердің міндеті емес. Бұл үкіметтің міндеті» деп айтты ол.
Солтүстік Америкадағы ең үлкен үстірт Ллано Эстакадо Одессадан Техастың Амарилло қаласының солтүстігіне және Нью-Мексиконың батысына қарай созылып жатыр. Мұнда деңгейжиектің құрғап қалғаны сонша, су шашқыш қондырғылар көптеген ұңғымаларға жалғанған. Бейресми дерек бойынша, Лаббок маңындағы бір ғана қондырғы 21 ұңғыманың суын пайдаланады екен. Демек, суармалы шаруашылыққа ғана емес көрші қалалардың су қорына да қауіп төніп тұр деген сөз.
«Егер Огаллала тұрғындары келешекті көзбен көргілері келсе, деңгейжиектің оңтүстік және батыс бөлігіне зер сала қарауы тиіс», – дейді «Los Alamos» ұлттық зертханасының аға ғылыми қызметкері Джери Салливан Грэхем.
Лазбуддидегі мектеп меңгерушісі әрі автобус жүргізушісі Джоанна Мартинез ер балаларға арналған әжетханаға сусыз писсуарлар орнатқызды. Алайда аудандағы ұңғыма құрғап қалғаннан кейін құбырлар құмға толып, мектеп сантехникасына зақым келді. Тіпті, жаңа ұңғымадан сорылатын судың аз болғаны сонша, былтыр футбол алаңына жарақаттың алдын алу үшін ғана су себілді. Тіпті алаңның қапталы мен шетіне себілген де жоқ.
Шекарадағы болашағы зор, бірақ суы тапшы Кловис қаласын да басып өттім. Мұнда да суармалы егістік деңгейжиек суын біршама азайтқан. 2000-жылы 28 ұңғыма бүкіл Кловисті сумен қамтамасыз еткен болса, қазір 73 ұңғыма бола тұра, суды одан да аз береді. «Түбіне дейін жетуге ұмтылудамыз» дейді мэр Дэвид Лэнсфорд.
Дегенмен, мәселенің шешімі солтүстікке қарай 115 шақырым жерде жатқан секілді. Шығыс Нью-Мексиконың су қоры басқармасы оңтүстік Кловис және Техас шекарасының бойындағы көрші аудандарға су жеткізу үшін Канада өзеніндегі Юта суқоймасынан 240 шақырымдық құбыр жүргізбекші. Ал Логан қыстағының тұрғындары бұл құбыр суды алысқа әкетіп, аймақтағы туризм тұралайды деп қорқады.
Бердоза қаладан оңтүстікке қарай үш шақырым жерде, ұңғымалары түгел суалған «Curry Road» көшесінде тұрады. Жасы 46-да. Әлеуметтік қызметкер. Балалары әжетхана суы мен жуыну үшін күн сайын 20 литрлік он екі шелекті суға толтырып, тасиды. Осы қалыпта өмір сүріп жатқанына төрт жыл болыпты.
Көшенің аяқ жағында тұратын кардиохирург Монтанаға көшіп кеткен. Ал Бердозаның мойнында қарызы бар. Сол себепті ол үйін сата алмайды. Оның үстіне суы жоқ үйді кім алады? Бердоза суды қатты армандайтынын айтады. Тіпті ылғи су туралы түс көреді. Түсінде түрегеп жуынып тұрады немесе ваннада жылы судың ішінде жатады. Расында да, түсінде ылғи мол суды көреді.
Дүние жүзіндегі жерасты су қоймалары суалып барады. Лаура Паркердің Азиядағы, Африкадағы және Таяу Шығыстағы жоғалу алдында тұрған деңгейжиектер туралы терең көзқарасын білгіңіз келсе, ngm.com/Aug2016. сайтына кіріңіз.