Көктем келіп, күн жыли салысымен қазақтар «бие байлау» қамына кіріседі. «National Geograhic Қазақстан» фотографы Ерболат Шадрахов осынау таңғажайып дәстүрді фото тілімен егжей-тегжейлі баяндап бермек.
Әдетте, көшпелі қазақтар жайлауға шығар алдында биелерді бөліп, құлындарды жекелей бастайды. Ал дәстүр бойынша ауылдың үлкен ақсақалдарының бірі тоқпаққа ақ мата байлап, сонымен қазық қағу жоралғысын жасайды.
Қазық қағылып, құлындар байланатын желі дайын болғаннан соң «малым құт әкелсін» деген тілекпен биебаудағы қазықтардың басына сары май жағылады. Сары майды қазықтан бөлек желі арқанының басына, айғырдың жалы мен биенің сауырына жағады.
Желі тартқанда әр бес құлынның ортасына бір қазық қағылады. Желі маңы биебау деп аталады. Бұл әдетте құлындардың алғаш ноқта киіп, желіге алғаш байланған сәті. Құлындар шалмамен немесе құрықпен ұсталады. Асау құлындардың бұндай әрекетке бірден үйрене кетуі екіталай. Сол үшін олардың ноқта мен желіге еті үйрене кетуі екіталай. Сол үшін олардың еті үйренгенше үнемі бақылауда болады. Бақылау болмаса кейбір құлындар мойнын созып алуы мүмкін.
Биенің алғашқы сауымынан бұрын көк майса шөпке дастархан жайылып, ет пен қуырдақтан бастап, бауырсақ, май, балқаймақ, құрт, ірімшік секілді тағамдар қойылады. Келген ағайын, тума-туыс, жора-жолдастарға, қонақтарға дәмнен ұсынылады. Олар үй иесіне «Байлар көбейсін!», «Ақ мол болсын!» деген жақсы ырымды сөздер айтып, дастарқанға жайғасады. Бұл отырысты «биебаудың шайы» деп те жатады.
Ас алдында ауыл ақсақалдары «бие бау батасын» береді. Бата былай болып келеді:
Я, Құдай жар болып,
Ұзарта гөр желісін,
Кеңейте гөр өрісін.
Жирен сақал Қамбар ата,
Байталына құлын телісін.
Жазық жауынды болсын,
Биең сауынды болсын.
Жылқың көкке кенелсін,
Құлының сүтке бөгелсін.
Сақа айғырың кіндігінен,
Саба биең пұшпағынан құт болсын.
Сұрағанға бекер бер,
Сусағанға жеке бер.
Сабаң толы сүт болсын.
Құрығын сүйреткен ұрыңнан сақта,
Құйрығын сүйреткен бөріңнен сақта.
Назары аштың сұғынан сақта,
Сұғанақ көздің оғынан сақта.
Қара тілдіден тіліккеннен сақта,
Қалды көздіден көзіккеннен сақта.
Қабағым деп шіренген байға да,
Тамағым деп тіленген жарлыға да,
Меймілдеп қымызың жетсін.
Қамбар атаға дастарқан жайып,
Биебауға тілеген тілегіңді,
Қабыл етсін!
Бие сауу салтанатына отбасы түгелдей дайындалады. Ер азаматтар бие тартып, жас балалар құлын байлайды. Әдетте күбіні тобылғы түтінімен, самауырынмен ыстайды. Саба мен күбіні ең кемінде жылына бір рет ыстап тұрған ләзім. Дер кезінде тазартып, ысталмаған ыдыс өңезденіп, қымыздан ескі дәм шығып тұратын болады.
Фото: Ерболат Шадрахов