Қазақ халқы ежелден төрт түлік малын баға жүріп, жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіп жүріп өмір сүрген. Мақсат – мал басын көбейту.
Жайлау суы мол, шөбі шүйгін, маса-сонасы, шыбын-шіркейі аздау болатын тау бөктері мен қырқа жоталардан таңдалған. Қазақтың көнеден келе жатқан негізгі жайлауына Сарыарқа атырабы, Мұғалжар, Алтай, Тарабағатай, Іле және Жетісу Алатауы, Қаратау бөктері жатқызылады.
Мысалы, Маңғыстау түбегінен шыққан көшпенділер Мұғалжар тауларына, Қызылқұмнан шыққандары Торғай даласына, Шу өзенінің төменгі бөлігінен шыққандар Ұлытауға дейінгі мың шақырымнан астам көш жолдарын басып өтетін. Ал Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі жартылай көшпелі қауымның көш жолдары 40-80 шақырымға созылса, Жетісудағы жайлаулар мен қыстаулардың арасы 100-200 шақырым аралығында болды. Жалпы жайлаулар құдықтар, бұлақтар мен өзен-көлдер айналасына орналасты.
Фото: Жайнар Дәркембаев