Қонағын құдайындай сыйлайтын қазақтар ежелден мейманына зор құрмет көрсетіп, қолындағы «барымен базар» қылған. Олар тіптен өмірі көрмеген, таныс-біліс болмаған бейтаныс жанға қандай жағдайда болса да жылы шырай танытып, «бөлінбеген еншісін» беріп, бөлісіп отырған.
«Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын мықтап ұстанған қазақстандықтар үшін елімізде жыл сайын ресми түрде тойланатын 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесінің орны бөлек. Бұл күні ел аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері төс қағыстырып, бір біріне деген жылы лебіздері мен ілтипатын білдіріп жатады.
«Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетіледі. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады.
Шындығында, бұған дейінгі 1 мамырдың мерекелену тарихына, оның мазмұны мен сипатына көз жүгіртсек, бұл күн тәуелсіз Қазақстанда 1996 жылдан бастап Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы бірлігі күні ретінде аталып өтіліп келеді. Дегенмен, одан ілгерідегі кезеңде Кеңес Одағындағы еңбекшілердің таптық мерекесі болған 1 Мамыр тәуелсіз Қазақстанның тарихына енгенде мүлдем жаңаша мән-маңызға ие болғаны анық. Айтулы күн ұлыстар мен ұлттардың бірлігіне ұлықтап, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерін де жұмылған жұдырықтай тұтастыруға үндеп келеді. Сөйтіп мамыр мейрамы бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын тауып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.
Фото: Ерлан Омаров, Астана әкімдігі