ВИЛЬЯМ КОЛЛАН. БЕЙНЕНІ ӘЗІРЛЕГЕН GETTY IMAGES.
ФОТО: ТИМОТИ УАЙТ, ТРАНК АРХИВІНЕН. БҰЛ МАТЕРИАЛ «ЖҰЛДЫЗБЕН СҰХБАТ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТАСПАСЫНАН ЖАЗЫЛЫП АЛЫНДЫ.
Нил ДиГрасси Тайсон: Қателеспесем, сіз Тони, Оскар, Эмми және Грэмми марапаттарының бәрін алған 12 тұлғаның бірісіз. Бұл, шын мәнінде, адам сенгісіз жетістік!
Вупи Голдберг: Негізінде, олардың саны 12-ден көп. Дей тұрғанмен, рақмет! Бұл өзіңді жер бетіндегі ең ақылды адамдай сезінумен пара-пар. Адамдар «мен оны жақсы көремін, оны тыңдаған адам ғылымды еріксіз жақсы көріп кетеді» деп тұрғандай. Ұғынуға мүлдем шамаң келмейтін дүниелерді сізге түсіндіретін адамды тапқан кезде, керемет күй кешесіз.
НТ: Ал сенің маған қояр сұрағың бар ма? Ғылымға байланысты мазаңды алған сауалдарыңыз болса, мархабат!
ВГ: Негізі, мен бір нәрсені білгім келеді: әр екі жыл сайын бізге қарай әлдебір астероид ұшып келе жатады. Олардың жиілей бастауының себебі не?
НТ: Қазір астероидтарды бақылауда мүмкіншілігіміз әлдеқайда артты. Болашақта адамзат үшін ең басты қауіп осы иесіз тастардан келе ме деп қауіптенемін. Ай орбитасына жақындаған астероид бағыңа кірген бөтен мал іспетті. Мұндайды мен кеңістігімізге, яғни иелігімізге жасалған «басқыншылық» деп білемін. Олардың аулақ жүргені жақсы.
ВГ: Өте дұрыс.
НТ: Әр онжылдықта шағын ғимарат немесе ірі көлік мөлшеріндегі бірнеше астероид Ай мен Жердің арасынан өтеді. Бұл «астероидтан қорғану жүйесін жасайық» деуге жеткілікті шығар. Өйткені қолынан келсе, динозаврлар да сөйтер еді. Милары мен бармақтары жеткілікті мөлшерде үлкен болғанда тура солай болар еді де.
ВГ: Сонда ол қандай жүйе?
НТ: Мұның «жүрек жұтқан» нұсқасы бар – ядролық қаруды көктен тыс жару.
ВГ: Ал астероид қалдықтары ше? Ол жерге жаңбырша құяды деп қорықпайсыз ба?
НТ: Айтып отырғаным да сол. Әуеде жарып жібере салу оңай, ал қалдықтардың қайда түсетінін болжау өте қиын. Басқа жол іздеу керек. Ойға бірден келетіні бағытын сәл өзгертіп, не түзеп жіберу. Ол қалай болғанда да ғарыш кеңістігіндегі басқа нысанмен соқтығысып, жарылады. Осылайша, біз оның Жермен соқтығысуына мүмкіндік бермейміз.
ВГ: Сонда астероидтың күл талқанын шығаратын лазер туралы ой шындыққа жанаспайды ғой?
НТ: Иә, жанаспайды. Бірақ мен ұсынған идея бойынша Жерге қауіп төндірген астероид бағытын өзгертіп жіберуге болады. Ол үшін шын мәнінде лазер керек. Мұндай қару арқылы астероидтың бір жағын күйдіреміз. Шыққан бу газға айналады. Ал пайда болған серпіліс күшінен астероид бағыты өзгеріп, өзге орбитаға ауысады.
ВГ: Айнала толған жерсерігі емес пе? Солардың біріне астероидқа қарсы қару орнатса қалай болады?
НТ: Астероид Жердің төменгі орбитасындағы серіктер атып түсіре алатын қашықтыққа жеткенде тым кеш болмақ. Олардың ұшу бағытын өзгерту туралы айтқанымда, мен Жердің жеті бірдей орбитасын қоса есептеп отырмын. Мәселен, астероид 10 жылдық орбитаның жетіншісінде келе жатыр делік.
70 жылдан кейін — ол Жерге соқтығысады. Ал мен 70 жылдан кейін ол Жерге жеткенге дейін оның бағытын қазір бұрмақшымын. Егер астериод Жерге жақын соңғы орбитаға келіп жетсе, құрыдық дей беріңіз.
ВГ: Айта кетейін, жақында ғана ашылған 1200 жаңа эгзоғаламшар мені аса қуантып отырған жоқ. Өйткені, мен олардың қайда екенін де білмеймін. Олар қайда жүр? Оларда кім тұрады?
НТ: «Стар Трек: келесі буын» фильмін қолға алуыңызда сіздің ғылыми фантастикаға қатты қызығатыныңыз әсер етті ме? Бала кезімізден ғылыми-фантастикалық дүниелерге құмар едік, сонда мені бір сұрақ мазалайтын: неліктен өзге ғаламшарлықтар арасында қара нәсілділер жоқ?
ВГ: Өйткені олар жасыл түсті болатын, түстері жасыл, Нил.
НТ: Адамдардың болашақ туралы түсініктерінде қара нәсілділердің болмауы үрей тудырмай ма?
ВГ: Бала кезімнен бөліп-жаруды білмейтінмін. Өйткені мен ғылыми фантастиканы сүйетін едім. Сондықтан ЛеВар Буртон үйіме келіп, «Стар Тректі түсіруге дайындалып жатырмын» деген кезде, «мен де қосыламын» дедім. Ол: «Ұйымдастырушыларға айтамын», — деді. Сегіз айдан кейін кездесіп, «Не болды, айттың ба?» дегенімде, «Айтуын айттым, бірақ олар сенбеді» деді. Мен «Де-реу қоңырау шал. Түскі асқа бірге барайық («Стар Трек» режиссері Джин Роденберримен)» дедім. Сол кезде Джиннің айтқаны: «Сонымен, сен «Стар Трекке» түскім келеді де». – «Иә. Сен түсінбейсің, бұл туындының менің өмірімде ойып алар орны бар. Өйткені бала кезімнен ғылыми фантастикаға әуес болдым. Сондықтан лейтенант Ухураға қарағанда өзімді болашақтағыдай сезі-немін», – деп жауап бердім. – «Мұнымен не айтпақшысың?» – Джин, егер «Стар Трекке» дейінгі ғылыми -фантастикалық фильмдерді қарасаң, ешбірінде түсі бөлек кейіпкер таппайсың. Ешбірінде. Егер, әрине, Жапонияға барып Годзилла фильмдерін көрмесең». – «Мен ол туралы ойламаппын». – «Ендеше, енді ойлайтын боласың». Осылайша ол менің кейіпкерім Гайнанды ойлап тауып, U.S.S. Enterprise ғарыш кемесінде маған осы орынды берді. Мен ол ойлап тапқан, бәлкім, соңғы кейіпкер шығармын. (Роденберри 1991 жылы дүние ден озды).
НТ: Бойыңда әлі де болса ғылыми фантастикаға қызығушылық бар ма? Көргің келетін фильмдерің бар шығар?
ВГ: Мен қазіргі ғылыми фантастика жанрындағы туындыларға және супер қаһарманды кино жобаларға қуана қатысар едім. Өйткені, мен Супермен, Бэтмен, Супергиол және «DC» мен «Marvel Comics-терінің» супер қаһарманды туындыларымен өскен буын өкілімін. Қатарластарым да осындай пікірде шығар деп ойлаймын. Сәл де болса, жасауын жасаған, асауын асаған өзіме ұқсас біреудің Жерді құтқарғанын көргім келеді. Бірақ қарқыны күшті жау тап бергенде, қарапайым халқы үшін кеудесін керіп, қарсы тұратын өр тұлға болуы тиіс.
НТ: Сізге қояр тағы бір сұрағым бар. Осы, адам баласы зомбиді тістеп алса, неліктен олар адамға айналмайды? Соны білгім келеді.
ВГ: Өйткені, олар тіс батырса дарыған энзим у сізді алжастырып, тірі өлікке айналдырады.
НТ: Оны білемін. Бірақ мен зомбиді тістесем, неге ол адамға айналмайды?
ВГ: Өйткені, сіздің тісіңізде не сілекейіңізде сондай әсер беретін энзим жоқ. Бұл – бір-жақты процесс.
НТ: Түсінікті. Оны да ойлаған екенсің ғой.
ВГ: Әрине, менің уақытым жеткілікті. Әрі зомбилер туралы фильмдерді де көп көрдім.
НТ: Бүкіл сұрағыма жауап бергенің үшін көп рақмет!
ВГ: Мархабат! Сен ғарышты зерттейсің, ал мен зомбилер әлемін зерттеймін.
ФОТО: PARAMOUNT TELEVISION / PHOTOFEST