Отандық «Каспий құбыр консорциумы-Қ» АҚ Атырау облысы бойынша 219 білім ордасының ағымдағы жыл соңына дейін әлемге танымал «National Geographic Қазақстан» журналына тегін жазылуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жайында «Қазақстан халықтары Ассамблеясы қоры» ҚҚ өкілдері Атырау Мұнай және газ университетінде өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.
«Ғылыми-танымдық мақалаларды қазақстандықтардың да үздіксіз оқып тұруына мүмкіндік туып отыр», – деді «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.
Жоба мақсаты – сапалы фотосуреттері бар ғылыми-танымдық журналды мектеп оқушылары мен студенттерге қолжетімді ету.
Қайыргелді Қабылдиннің айтуынша, отандық компания құрылғаннан бастап, білім беру және қоршаған орта мәселесіне ерекше мән беріп келеді. «Біздің компания 2000 жылдан бері бір ғана Атырау облысындағы әлеуметтік салаларға 7,9 млрд. теңге қаржы жұмсаса, бұл дәстүр алдағы уақыттар да жалғаса бермек», – деді ол.
Мәслихат барысында сондай-ақ, «National Geographic Қазақстан» журналының таныстырылымы өтті. 128 жылдық тарихы бар «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы әлемнің 80-нен астам еліне 38 тілде тарайды. Енді міне, ол журнал Орталық Азияда тұңғыш рет «NATIONAL GEOGRAPHIC ҚАЗАҚСТАН» деген атаумен қазақ оқырмандарымен де қауышып отыр.