Ірі тұқымдастарының көлеңкесінде қалған әлемнің кішкентай жабайы мысықтарының да тіршілікте өз орны бар.
Авторы: Кристин Дель Амур, Фото: Джоэль Сартор
Таяу маңда», – деп сыбырлады Герман Гаррот Еленадан келген сигналды қабылдайтын портативтік ресиверге нұсқай отырып. Испанияның оңтүстігіндегі көлігі сапырылысқан жол бойындағы осынау зәйтүн алқабында Иберия сілеусіні мен оның марғаулары бізге қарап тұрған шығар, бәлкім? Радио қарғыбауы болмағанда қаз-қатар орналасқан ағаштар арасында бүгіліп жатқан әлемнің ең сирек кездесетін мысықтарының бірін байқамас та едік. Елена бес жасында адамдар арасына кіріп кетуді үйреніп, тіпті жаңа туған марғауларымен бір бос үйді паналапты.
«Он жыл бұрын осындай жерде сілеусін мекендейді деп ойлай да алмас едік, – дейді тарғыл жыртқышты Пиреней түбегіне қайта әкелу үшін әрекет етіп жүрген 20-дан астам ұйымнан құралған «Өмір+Иберлинс» аталатын үкіметтік жоба тобының биологы Гаррот. — Сілеусіндердің экологиялық бейімділігі біз ойлағаннан жоғары».
Осы кезде ашық сары көзді, қою сақалды мысық ұзақ жатыстан кейін тіктеліп тұра бастады. 2002 жылы Иберлинс жобасымен сілеусіндерді құтқару басталған шақта жүздей сілеусін Жерорта теңізі маңының орманды алқабында бытырап жүрген болатын, олардың саны аңшылық салдарынан және сілеусіндердің негізгі қорегі жабайы қояндарды қырып түскен вирус кесірінен күрт азайған еді. Сілеусіндер популяциясы кемігені сонша, олардың генетикалық түрліліктері төмендеп, ауруға және туа бітетін кемістіктерге қарсы қауқарсыз халге келді.
Ғалымдардың бағына қарай, қорғауға алынған сілеусіндер жақсы көбейіп, 2010 жылдан бері 176-сы мұқият таңдалған жаңа мекенге «көшірілді». Олардың алпыс пайызы тірі қалып, кейбірінің бейімделуі тіпті күткеннен де жоғары болды.
«Екі сілеусін Пиреней түбегін түгел шарлап, «тамаша саяхат жасап» шықты, осылайша олардың әрқайсысы жаңа аймақта 2400 шақырымнан астам жол жүрді», – дейді биолог, көшіру бағдарламасының директоры Мигель Симон. Жоба мүшелері сілеусіндердің жекеменшік жерлерде еркін жүруі үшін жер иелеріне түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. 2012 жылы сілеусіндер саны 313-ке жетіп, олардың жартысы көбею үшін «есейіп» қалған кездерінде «Халықаралық табиғатты қорғау одағы» сілеусіндер мәртебесін «жоғалу қаупі аса жоғары» деңгейінен «жоғалу қаупі жоғары» деңгейіне түсірді.
Lynx pardinus, Мадрид хайуанаттар бағы мен аквариумы, Испания
Зәйтүн алқабына жақын, магистралдық жол астынан өтетін дренаж ұңғымасының салқын самалына қуана «күмп бердім». Жеңіл автокөліктер мен жүк машиналары сілеусіндер үшін бірінші қауіп көзі, сондықтан Симон мен оның тобы жабайы жануарлар үшін өткел ретінде осы туннельдерді кеңейту мәселесі бойынша мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізуде. Симон отыра қалып құмдағы хайуандар ізін көрсетті. Бірі борсықтың ізі болса, бірі – сілеусіндікі! Елена осы жерден бірнеше минут бұрын жүгіріп өткен болуы тиіс.
Қайтадан күн көзінде тұрып мен Симоннан испандықтар өздерінің жабайы мысықтары туралы не ойлайтындарын сұрадым. Ол сәл кідіріп, сұрағыма таңдана қарады да: «Иберия сілеусіндері туралы бәрі біледі. Олар біздің ұлттық мақтанышымыз», – деді.
Сілеусіндердің басқа тұқымдастары туралы бұлай айтуға келмейді. Әлемдегі жабайы мысықтардың 38 түрінің 31-і кішкентай. Салмағы 1,5 кг тарғыл-жиренінен бастап 20 кг-ға дейін тартатын Еуразия сілеусіндеріне дейінгі тұқымдастары Жер шарындағы жеті континенттің бесеуінде (Аустралия мен Антарктикадан басқа) тіршілік етеді. Түрлі табиғи және барған сайын табиғилығы жойылып бара жатқан орталарға тамаша бейімделген. Өкінішке орай, мысық тұқымдастардың осы кішкентай өкілдері өздерінің «ірі туыстары» саналатын арыстан, жолбарыс, барыс, теңбілшер мен олардың тұқымдастарының көлеңкесінде тіршілік етеді. Осы танымал түрлер өздеріне үлкен назар аударылуын қажет етеді. Әлемдегі жойылу қаупі ең жоғары жабайы мысықтардың 18 түрінің 12-сі кішкентай мысықтар болса да, олардың тұқымдарын сақтап қалу үшін қаражат бөлу керек.
Кішкентай мысықтар жөніндегі сарапшы және Халықаралық жануарларды қорғау ұйымының Техастағы бағдарлама менеджері Джим Сандерсон 2009 жылдан бері жабайы мысықтарды қорғауға жұмсалған қаражаттың 99 пайызы теңбілшерлер, жолбарыстар мен басқа да ірі мысық тұқымдастар үшін пайдаланылған деп шамалайды. Нәтижесінде, көптеген кішкентай мысық тұқымдастарды зерттеу өте төмен деңгейде немесе мүлде жоқ.
Мәселен, сирек көрінетін Борнео шығанағы мысығы Борнео аралы ормандарына ғана тән және 1858 жылдан бері құпия тіршілік етіп келеді. Оңтүстік-Шығыс Азия мәрмәр мысығы туралы бар белгілісі – тайландтық бір үй шаруасындағы әйелдің зерттеуі. «Біз оның немен қоректенетінін де білмейміз», –дейді Сандерсон.
Кішкентай мысықтар зардап шегетін тағы бір нәрсе: адамдар оларды үй мысықтарының жабайы түрі деп қарайды (үй мысығы, шамамен 10 000 жыл бұрын «Шұғылалы жарты ай» атанған аймақтағы жабайы мысықтардан тараған бір қосалқы түр). «Адамдарға экзотикалық аңдармен салыстырғанда кішкентай мысықтар онша таңсық емес, олардың тіршілігі мен қалай өмір сүретіндігі туралы айтпасаң, қызықтыра алмайсың» – дейді Германияның Кельн хайуанаттар бағының кураторы Александр Слива.
Олар солай болуы тиіс. Кішкентай мысықтар – эволюцияның жарқын жетістігі. Осы аса епті жыртқыш жануарлар, шапшаңдықтарын миллиондаған жылдар бұрын жетілдіріп, сол уақыттан бері көп өзгере қойған жоқ. Олардың дене пішімінде жетіспегенді батыл мінез-құлқы толықтырады. Мәселен, қара аяқ мысық – Африкадағы ең кішкентай мысық, оның салмағы 2 кг-ға жетпейді. Бірақ оның лақап аты «құмырсқа илеуінің жолбарысы», өйткені ол бос қалған илеулерде тіршілік етеді, қауіп төнсе, өліспей беріспейді, тіпті өзінен анағұрлым ірі қарсыласының бетіне шапшуға бар. Оңтүстік Азияны мекендейтін айлакер балық аулағыш мысық батпақтар мен сулы аймақтардың «тұрғыны», алайда балықтың «иісі» қайда болса, сол жерге мекен ауыстыра алады. Шри Ланканың астанасы Коломбо орталығында кеңселік балық тоғанынан тұқы балық алып бара жатқаны камераларға түсіп қалған. «Бұл бәріміз үшін тосын жағдай болды», – дейді зерттеуші Аня Ратнаяка.
Кейбір кішкентай мысықтар қой-ешкі аулауға қауқ арлы болса да, адамға қауіп төндірмейді. Керісінше, жыртқыш ретінде өз жемтіктері тізбегінің ең басында жәндіктер популяциясын, соның ішінде кеміргіштер санын, бақылауда ұстай отырып, көп жағдайда экожүйенің қалтқысыз жұмыс істеуіне көмектеседі.
Жабайы мысықтар мекені – БЕС КОНТИНЕНТ ішінде Азияның жоғалтатыны көп. Ол көптеген кішкентай мысық (14) түрлерінің отаны ғана емес, жануарларға деген көзқарас төмен, әрі оларға қаупі зор аймаққа жатады.
Оңтүстік-шығыс Азия орманды алқабының көп бөлігі игерілген немесе өндірісі 2000 жылдан бері екі есе артқан және көптеген азық-түлік ингредиенті саналатын пальма майын өндіретін ұшы-қиыры жоқ плантацияларға айналған. Бұл суматрандық және балық аулайтын мысықтар үшін жойылу қаупін тудырады, өйткені олар, әдетте, балығын қорек ететін сулы жазықтарға «сенім артады».
Пальма майы плантацияларының жайылуы күрделі мәселеге айналғаны сонша, Париждің сыртындағы әлемдегі кішкентай мысықтардың көптеген түрлерін асырайтын «Ле Парк де Феле» хайуанаттар бағы азық-түлік арбасын шығарып қойған: біріне пальма майынан жасалған өнімдер, келесісіне құрамында пальма майы жоқ өнімдер толтырылған. Екі арбаға да жалпы бірдей балмұздақ, печенье, астық тұқымдастар салынған. «Біз адамдардан ақшалай көмек сұрамаймыз, олардан сұрайтынымыз – пальма майы бар өнімді аз пайдалану, – дейді 71 гектарлық жасыл саябақ алқабының нұсқаушысы Аурелие Рудел. – Кішкентай мысықтарға төнген қауіптің тағы бірі – заңсыз аң саудасы, әсіресе, олардың терісі, жүні және басқа да мүшелерін аңдыған браконьерлік әрекеттер». Мұндай қылмыстық әрекеттердің отаны – Қытай. Үлкен қалаларда саудагерлер кішкентай мысықтардың терісінен жасалған киім-кешек пен қолғаптар сатады. 1980-жылдары Қытай елі Азияны кезіп жүретін қабыланның жүз мыңнан астам терісін экспорттады. Теріге деген сұраныс айтарлықтай азайса да, Қытайда қабыландар әлі де ауланып, түрлі тәсілдермен аяусыз өлтіріледі.
Фото араша – бұл National Geographic пен Джоэль Сартордың бірлескен жобасы. ngphotoark.org сайтын көріңіз.
Қабыландар, мен кейін білгенімдей, өздігінше айтарлықтай тәкаппар мақұлық саналады. Маусымның ыстығында Франциядағы хайуанаттар бағы тұрғындарының көбі торларына тығылса, екі қабылан қоңыр-қара кілемдей терілерін жылтыратып әрлі-берлі кезіп жүреді. Бірі бөрене үстінде алдыңғы табанын жалап, тепе-теңдік сақтап құламай тұрса, екіншісі ұзын шөптің сабағын шайнап, өзімнің үйімдегі Мейн күн мысығымды еске түсіреді.
Осыдан кейін өзіме тоқталып, Кельн хайуанаттар бағы кураторы Александр Слива айтқанын есіме алдым: кішкентай мысықтардың үй мысықтарынан айырмашылығы зор, өйткені олар үнемі қозғалыста. Мәселен, қара аяқ мысық бір түнде 30 шақырым жер кезіп, өз салмағының бестен бір бөлігіндей азықты талғау етеді. Ол менің үйдегі ұлпабасым сияқты диванда жайбарақат жата алмайды.
Түрлерді сақтау үмітімен кейбір тұқымдастарды «жарыққа» шығара бастаған табиғат қорғаушылар да бейжай отыра алмайды. Олар 2016 жылы тұқымы азайып бара жатқан, бірақ көбіне әйгілі барыстың көлеңкесінде қалатын Орталық Азия сабаншысын зерттеу және сақтау үшін халықаралық жұмыстар бастады.
«Жұмысымыздың көбі сабаншыларды насихаттаудан тұрады, – дейді «Жойылып бара жатқан жануарларды қорғау» бағдарламасының үйлестірушісі Дэвид Барклей. – Бізге интернеттегі мысыққұмар жандар аз-кем көмек берді. Дөңгелек ұлпабас мысық ашулы түрімен төбедей үйшікті айнала шапқылаған күлкілі кейпімен желіде хитке айналды. Жұрт ол видеоларды көре отырып, «бейсаналы түрде» проблемадан құлағдар бола береді», – дейді Барклей.
Соңғы жылдары Елена мен оның жанындағы аталық сілеусін мекендейтін Испанияның Сьерра-де-Андухар Ұлттық саябағында экотуризм жақсы дамыды. «Біз бизнес әріптестерміз», – дейді Лос Пинос шипажай кешенінің қожайыны Луис Рамон Барриос Сасерес сілеусіндер туралы күле отырып, — олар бізді асырап отыр». Сілеусіндерді тамашалайтын саяхатшылар көбіне ауылдық қонақүйлерге тоқтайды. Жақын маң дағы «Сан Фернандо» шаруа қожалығында Педро Лопес Фернандес 280 га алқабында қоян атушыларды да (қояндар саны көбейгенде), сілеусін тамашалаушыларды да қабылдайды.
МЭТЬЮ В.ЧВАСТИК, NG ЖУРНАЛЫНЫҢ ҰЖЫМЫНАН. МӘЛІМЕТ КӨЗІ: IUCN; ӨМІР+ИБЕРЛИНС ЖОБАСЫ; АЛЕХАНДРО РОДРИГЕС ЖӘНЕ МИГЕЛЬ ДЕЛИБЕС, ESTACIÓN BIOLÓGICA DE DOÑANA; МИГЕЛЬ СИМОН, CONSEJERÍA DE MEDIO AMBIENTE, JUNTA DE ANDALUCÍA
«Ұялшақ» және сирек көрінетін әлемнің осы ең кішкентай жабайы мысықтары ылғи да назардан тыс қалады. Көбі аз зерттелген.
Ата-бабасынан бері төрт ұрпақ осы жерді иемденіп келе жатқан Лопес әулеті тас және тығын емен, алқызыл олеандр шоғырлары өскен таулы орманның жайылымдарын мақтан тұтады.
«Сілеусіндер ең құнды жануарларға жатады, өйткені олар тек осы жерді мекендейді, – дейді Лопес маған. Сілеусіндерді қорғау керектігімен жер иеленушілердің бәрі бірдей келісе бермейді. Үкіметтің араласуын жақтырмай, өз жерлерінде сілеусіндерді көргісе келмейтіндер де бар. Бірақ Лопес сілеусіндер Испания байлығының бір бөлігі, ел оның жағдайын жасау керек деп есептейді. Санта Еленадағы «Ла Оливилла» тұқым көбейту орталығында ғалымдар күні-түні осы мақсатта еңбектенуде. Компьютер алдында шұқшиған тіркеушілер аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат тапжылмай 41 Иберия сілеусінінің әр қадамын бақылап отырады.
Орталық ветеринары Мария Хосе Перестің түсіндіруінше, жас сілеусіндерді жабайы табиғатқа жіберу үшін дайындап, ұзақ қашықтықтар жүргізген: оларды адамдар көрінбейтіндей қара дуалмен қоршалған жерде ұстаған, жемтік қояндарды балдырлы құбырлар арқылы берген, автокөліктерден аулақ болулары үшін дыбыстық сигналдармен қорқытып ұстаған.
Тіркеуші Антонио Эстебан компьютерден ұрғашы сілеусін мен титтей аяқтарын беттеріне тақап, жыбырлап жатқан төрт баласының бейнесін ашты. Бір күні бұл жануарлар өз түрлерінің сақталып қалуында үлкен маңызға ие болмақ. Ал әзірге олар ұйықтап жатыр. Қолынан басқа түк келмейді өйткені…
Кристин Дель Амур, NG вебсайтының табиғат тарихы жөніндегі редакторы; Уашингтон қаласындағы мысығымен уақыт өткізгенді ұнатады.
Алдыңғы беттердегі галерея: қабылан мысық, Prionailurus bengalensis, Ангкор биотүрлілікті қорғау орталығы, Камбоджа; ягуарунди, Herpailurus yagouaroundi, Бир Крик мысық тұқымдастар орталығы, Флорида штаты; Азия алтын мысығы, Catopuma temminckii, Ассам хайуанаттар бағы, Үндістан; Азия жабайы мысығы, Felis silvestris ornata, Омаха Генри жабық хайуанаттар бағы мен аквариумы; қабылан, Prionailurus bengalensis, Ангкор биотүрлілікті қорғау орталығы; Жоффруа мысығы, Leopardus geoffroyi, Цинциннати хайуанаттар бағы және ботаникалық бағы; Африка жабайы мысығы, Felis silvestris lybica, Омаха хайуанаттар бағындағы табиғи сафари бағы; ұзынқұйрық мысық, Leopardus wiedii, Цинциннати хайуанаттар бағы және ботаникалық бағы; құм мысығы, Felis margarita, Чаттануга хайуанаттар бағы; тарғыл-жирен мысық, Prionailurus rubiginosus, Эксмур хайуанаттар бағы, Англия; сервал, Leptailurus serval, Форт-Уорт хайуанаттар бағы.
ДЭЙЗИ ЧАНГ, NG ЖУРНАЛЫНЫҢ ҰЖЫМЫНАН. МӘЛІМЕТ КӨЗІ: IUCN (2016); ВИЛЬЯМ МИОРФИ, ТЕХАС А.Ш. УНИВЕРСИТЕТІ; ЛЮК ХАНТЕР, ПАНТЕРА; ЭНДРЬЮ КИТЧЕНЕР, ШОТЛАНДИЯ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ
Caracal aurata, Ассанго саябағы, Либревиль, Габон
Pardofelis marmorata, жеке хайуанаттар бағы