Мәтін, фото: Янн Гросс
Тағы адамдар, жоғалған қалалар, тұмса табиғат – ежелден Амазонияны тылсым аңыздар мен стереотиптер мекеніне айналдырды. Алайда 21-ғасырдың нағыз джунглиі қандай? 2011 жылы осы сұрақтың жауабын іздеп жолға шықтым.
Ал қызығушылығым 2008 жылы басталған болатын, ол кезде Бразилияның орман алқабын қалпына келтіру үшін жұмыс істейтінмін. Ауыл жастары тайпалық өмір тазалығы туралы әңгімелеуді ұнататын, алайда ол бабадан қалған арман еді. Өз жасындағы басқа балалардай олар да билеп, доп қуатын. Бір күні кеште олар мені өздерімен бірге жиынға апарудан бас тартты, себебі менің киімім сай емес-тұғын. Сол уақытта біздің таным-түсінігіміз шынайы өмірден қаншалықты қашық бола алатынын түсіндім.
Осыдан кейін мен Амазония туралы кітаптар оқи бастадым. Солардың бірі испандық әскеридің Амазон өзенімен 1540 жылдардағы саяхаты туралы жазбалары еді. Мен сол жолдың бүгінгі жағдайын көру үшін оны қайталауға бел будым. Экваторлық Анд тауларынан бастап төмен қарай өзен сағасына еңістей отырып саяхатымды жалғастырдым. Алты аптада Амазон өзенінің Перу жағын Перу әскери-теңіз флотының санитарлық кемесімен жүзіп өттім. Колумбияға, әрмен қарай Бразилияға да келіп жеттім. Ол жерде Транс-Амазон тасжолында жол-жөнекей көліктерге іліктім. Сапар қиыншылықсыз болмады, әрі қаражат жағынан да оңайға соқпады. Ыңғайлы жол бағытын табу үшін көп іздендім.
Сапар барысында жолда кезіккен адамдар мен жерлерді суретке түсіріп отырдым. Мен тайпаларды іздеп әлек болмадым. Тіпті, Бразилияда рэперлер туралы бейнебаян да түсіріп үлгердім. Кейін солардың аулына барып, бейне-семинар өткіздім. Жергілікті адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуым жұмысыма едәуір көмегін тигізді.
Осы жоба бүгінгі Амазонияны ашуға септігін тигізеді деп үміттенем. Бүгін олардың бәрі бірдей абориген емес; олар экономикалық себептерге байланысты қалып қойған. Бәрі бірдей дамуға қарсылық білдірмейді.