Наташа Дейли
Роботтар – «оғаш қимылдайтын» темір машиналар деген қасаң түсінікте болсаңыз, қатты қателесесіз. Одан да ені бар-жоғы 8 см де болмайтын «октоботпен» танысыңыз.
«Октобот» – әлемдегі тұңғыш толықтай жұмсақ, автономды және мобильді робот. Оның бойында сым, батарея немесе әлдеқандай қатты материал жоқ, ол өзінің қаңқадан ада аттасы «сегізаяққа» (octopus) қатты ұқсайды.
Бұл мақпалдай роботты құрастырып шығару үшін Гарвардтың инженер-профессорлары Роберт Вуд пен Дженнифер Льюис 300-ден аса сынақ жүргізіп көрген. «Октобот» роботтар болмысын мүлде өзгертіп жіберуі мүмкін. «Дәстүрлі роботтардың автоматты әрекеті мінсіз, бірақ олардың қимылы ебедейсіз, тіпті адамға үрей туғызады, – дейді Вуд, – ал жұмсақ «октоботтар» адаммен соқтығысқан жағдайда баскетбол добы тигендей ғана әсер береді, яғни денеңізді ауыртпайды».
«Октоботқа» дейінгі жұмсақ роботтар батарея, сымдардан құралған иілгіш гибридтер болатын. «Октобот» оларды жолда қалдырды. Ол пневматикалық күш әсерінен қозғалады (жоғарыда алқызыл түспен көрсетілген). Химиялық реакцияның арқасында сұйық сутегі түріндегі отын газға айналады. Осылайша, 3D принтердің көмегімен силиконнан құйылған роботтың «қол-аяғы» үрленіп, қозғала алады.
«Октобот» – сынақ түрінде болғанымен, оның икемді қолдары технология төңкерісін нұсқап тұрғандай. «Мақсат – оның пайдасын көруде», – дейді Вуд.