Осыдан жүз жыл бұрын Александр Грейам Беллдің прогресс туралы айтқан пікірі «National Geographic» журналында басылған болатын. Ол телефон ойлап табылғанға дейінгі заман жайлы әңгімелеп, шектеулі мұнай ресурстарынан бастап коммерциялық авиацияға дейінгі әлемдік өзгерістер жайын сөз етті.
«Бас айналарлық ғимараттың биіктігінен де керемет нәрсе – одан шығатын электр энергиясы», – деп 1921 жылы «National Geographic» Нью Йорк Ситидің әсем келбеті туралы жазған болатын.
Нина Строчлик
Александр Грейам Белл Уашингтондағы аптап ыстықты суқаны сүймеді. Ол мұндай күндері әдетте Жаңа Шотландия провинциясындағы үйіне қашатын, бірақ бір жылы жұмыс бабымен ылғалды астанада қалуға мәжбүр болды. Бас қаланың +38°С-қа дейін жететін қапырығында пора-порасы шыққан Белл адам баласының осы күнге дейін үйді жылытқанымен, салқындата алмайтынына таңырқап қалған-ды. Сол кезде президент Вудро Вильсонның Ақ үйінде ғана ауаны +27°С-қа дейін төмендететін мұздатқыш бар-тұғын. Бұл мәліметтен хабардар болған Белл президенттен асып түскісі келіп, өзі тұрып жатқан үйдің ішіндегі ауаны 18 градусқа дейін салқындатып, сарайыңды ашар таза ауа беретін құрылғы ойлап тапты.
69 жастағы Белл басынан өткен оқиғасын 1917 жылы Маккинли технологиялық мектебінің сол жылғы түлектеріне баяндап бергенде олар қошеметтерін аямады. Сонда ол: «Пошта маркасын адамды тасымалдауға қолдануға бола ма?» – деді. Ол қоғамдық көліктерге біркелкі төлемақы орнатуды қалаған еді, бірақ қосымша жол салудың құны өте жоғары болды. Бәлкім, мақалада жазылғандай, ол шешімді «ұшатын көліктен» іздеген шығар.
Белл «Өнертапқыштарға берілетін марапат – шешімі табылмаған мәселелер» лекциясында өрлеу ғасыры жайлы ойын білдіріп, болашаққа көрегендікпен қарады. Ол өткен өнертабыстарға таңданысын былай білдірді: «Газ жарығы дами келе электр шамы пайда болды, адамдар жүрек қағысын көре алатын жағдайға жетті, атқа жегілген арбаларды автокөліктер алмастырды». Осыдан соң ол коммерциялық аэропланның, Күнмен жұмыс істейтін панельдер туралы жорамалын айтты. Беллдің күйеу баласы әрі «National Geographic» журналының редакторы Гильберт Гросвенор одан лекциясының мәтінін сұрап, оның өңделген нұсқасын журналдың ақпандағы нөмірінде жариялайды. Міне, арада жүз жыл өткенде біз Беллдің болжамдары мен ескертпелері көрегенділікпен айтылғанына көз жеткізіп отырмыз.
Өнертапқыштың санасында
Телефонды ойлап табу барысында Белл ұшу көлігінің жобасын жасауға қызығып кетеді. Отыз жыл көлемінде ол орнықтылық үшін үшбұрышты торды қолданатын төрт қырлы аппараттың үлгісін дайындаумен бірге аэронавтикада тәжірибе жасайды. 1907 жылдың желтоқсанында Беллдің ұшу аппараттарының бірі ішіндегі адамымен бірге алғаш рет көкке көтерілді. Оның жолаушысы лейтенант Томас Сабридж 1908 жылы Райт әскери ұшағын тексеру кезінде қаза тауып, адамзат тарихында ұшақ апатынан қаза тапқан алғашқы адам атанды.
Маккинли мектебіндегі лекциясында Белл оқушыларға өзінің мектептерден «ғалымдар емес, ғылым қызметкерлері» шығатын заманда туғанын айтты. Бірақ өткен ғасырда телеграфтан бастап, фотоаппаратқа дейін көптеген ерекше заттар ойлап табылды. «Мен өзімді қартайдым дей алмаймын, бірақ кезінде телефон болмаған уақыттар әлі есімде» … Телефонды ойлап тапқан адамның бұл сөзіне қошемет жауып кетті. Америка І дүниежүзілік соғыс қарсаңында тұрғанда ол: «Ғылым адамы келешекте бұрынғыға қарағанда қадірлірек болады», – деп кесіп айтты.
Беллдің өз шамалауы бойынша, зияткерлік мүмкіншілігінің шегіне жеткен болатын. Ол дүниежүзіндегі ең жылдам кемені жасауға барын салды (кеме 1919 жылы рекорд орнатты), жаңғырмалы энергия ресурстарын ұсынды, дамыл таппастан ұшатын көліктің сызбасын жасаумен болды (1892 жылғы мақалада ол суреттеген аппарат 40 жылдан соң құрастырылған тікұшаққа ұқсас-тұғын). Ағайынды Райттар патент алғаннан кейін арада бір жыл өткенде, Беллдің құрылғысы көмекшісін 48 метр көкке көтерді.
1915 жылы ол алғашқы болып бір жағалаудан екінші жағалауға телефонмен хабарласты. Артынша Виргиния тұрғыны Эйфель мұнарасындағы адаммен алғашқы трансатлантикалық хабар тарату құрылғысы арқылы сөйлесуге мүмкіндік алды. Белл күндердің күнінде «кез келген механикалық операциялардың» сымсыз орындалатынын да болжап кеткен еді. «Кез келген жұмыс техникамен ауысатын уақыт туады және жануарлар мен адамның күші жасанды күшпен алмасады», – деген еді ол.
Аңызға айналған дәптерін Белл өнертабыстарының сызбалары, ой-толғаулары мен газет беттерінің қиындыларымен күнделікті толықтырып отырған. Жаңа Шотландия провинциясындағы үйінде 30-ға жуық адам Белл идеяларын іске асыру мақсатында жұмыс істеген. Кей идеялар қарапайым қолайлылықты көздейтін. Мәселен, төсекте кітап оқып жатып, орнынан тұрмай терезені ашып-жабуға арналған түйме.
Дәптердегі шимайлардан өнертабысқа дейін
Екі жігіт Беллдің тетраэдрлік ұшу аппараттарының бірін ұстап тұр. Белгіні ұстап отырған «National Geographic» журналының болашақ редакторы бес жасар Мелвилл Гросвенор.
«Біз көмір өндіре аламыз, бірақ ешқашан оны орнына қайта қоя алмаймыз. Біз жерасты қоймаларынан мұнай өндіре аламыз, бірақ ешқашан оларды қайта толтыра алмаймыз», – деді жастарға Белл. Дүниежүзі бойынша артып жатқан тұтынушылық деңгейін байқаған ол күндердің күні табиғи қорлардың сарқылатынын түсінді.
Өзге ғалымдар лас ауа Күн сәулесін тұмшалап, жер бетінің суып кететіндігіне сенген тұсында, заманынан оза туған Белл парниктік газ әсерін көбірек ойлады. Шешім ретінде ол балама отынға спирт пайдалануды ұсынып, шатырға орнатылған Күннің қуатын жинайтын құрылғының сызбаларын да жасады.
1921 жылы оның досы былай деген болатын: «Доктор Беллдің санасы өзінен екі есе жас». Соңғы өнертабыс патентін алғанына бір жыл толғанда, яки 75 жасында Белл дүниеден өтті. Жерлеу рәсімі кезінде Америкадағы барлық 14 346 701 телефон аппараты өнертапқыштың құрметіне бір минуттық үнсіздікке «шомды».