Жанартаулардың ғасырлар бойы атқылауы нәтижесінде аралдар астында жасырын қуыстар пайда болған.
Автор: Джошуа Фоер Фото: Карстен Питер
Бірнеше жыл бұрын тәжірибелі спелеологтар питер және энн бостедтер туған өлкелері гавай үлкен аралындағы гавайиан-оушен-вью маңын көлікпен аралап жүріп жол жиегінен кішкентай шұңқыр байқайды.
Ені бір метрге жетпейтін қуыс олардың ерекше қызығушылығын туғызғандықтан көліктерін жол жиегіне қойып, ішіне үңіледі.
«Бір-екі сағат бос уақытымыз болғандықтан, оны зерттей бастадық. Күтпеген жерден шиыр жолдарға тап болдық», – деді Питер. Ол сандық картаға «пуканы», яғни үңгір аузын белгілеп қойып, оның қайда апаратынын көру үшін жер иесінің рұқсатымен кейінірек қайта оралуға бекіндік.
Гавайиан-Оушен-Вью қалашығы әуеден Маун-Лоа жанартауын көмкерген асфальт төсемесіндей көрінеді. 264 шаршы шақырым аумақты алатын қиылысқан көшелерде 4500 адам тұрады. Ояу жанартау маңына үй салу паталогиялық оптимистке ғана тән қасиет деп ойлайтын шығарсыздар. Десек те, соңғы 20 жылда Оушен-Вью алыс-жақын шетелден спелеологтар жиналатын жерге айналды. Олар қала астындағы 5-тен 25 метрге дейінгі тереңдікте орналасқан лава үңгірлері желісін зерттеу үшін ағылады.
Үңгір жасаудың екі жолы бар: жылдам және баяу. Әлемнің ең кескінді үңгірлерінің көбі миллиондаған жыл бойы үздіксіз тамшылаудан және қышқыл судан түзелетін ерігіш әктастың ағуынан пайда болған.
Керісінше лава тарамдары атауымен кеңінен белгілі үңгірлер жер қойнауының атқылауынан геологиялық тұрғыда қас қағым сәтке тең бір-екі жылда, кейде бірнеше аптада-ақ құралады.
Гавай лава тарамдарының көбі pahoehoe – «толқынды лава» деп аталатын шәрбат тәрізді ағыннан пайда болған. Жанартаудан төмен аққан лава жер бетінде ауа әсерімен суып, тері тәріздес иілгіш сыртқы қабат түзей отырып қатады. Осы үрілген қабықша астында аққан лаваның әсерінен жер бедері эрозияға ұшырайды және жерасты туннельдері пайда болады. Енді ауадан оқшауланған ыстық лава кедергісіз, көбіне бірнеше шақырымға дейін ағады. Атқылау басылып, каналдардан лаваның соңғы еріген массасы ағып өткеннен кейін құбыр жүйесіне ұқсас үш өлшемді «күлкі үйі» пайда болады.
Әлемде Гавай аралдарындағыдай қолжетімділігі соншалық көп лава тарамдары бар жер жоқ шығар, сірә. Оларды зерттеуде Оушен-Вью қаласындай «қазыналы» аймақ та кездесе бермейтіні анық.
1990 жылдары Бостедтар әлемдегі ең әдемі үңгірлердің бірі болып саналатын ұзындығы 222 шақырым Lechuguilla үңгірін тапқан топтың белсенді мүшелері болатын. Бүгін олар – тынымсыз жұмыс істейтін 60 жас шамасындағы саусақпен санарлық тәжірибелі спеоелогтар қатарында және Оушен-Вью қаласының тұрақты тұрғындары. Өздерінің айтуынша, олар бұрынғыға қарағанда, бүгінде үңгір зерттеумен анағұрлым көбірек айналысуда. Екеуі жер астында 200 күннен астам уақытын өткізген.
Питер мен Энн жаңа тапқан «пуканы» зеттеу үшін мені, қысын Оушен-Вьюде өткізетін спелеологтар Дон және Барб Кунами жұбын әлгі жерге алып келді. 64 жастағы Дон 10 жыл бойы Мамонт үңгірінде жол көрсетуші болған және Солтүстік Америкада тереңдігі жағынан екінші орында тұрған Мексиканың Оахака үңгірінің картасын кеңейтуге көмектесіп, аты аңызға айналған экспедицияда 18 қысты өткізген.
Біз каска, маңдайшам және шынтағымыз бен тіземізге қорғауыш қалқанша киіп, шұңқыр ішіне арқанмен баяу түсеміз және картада белгіленген шеңбері бір метрге жетпейтін дәлізбен жүз метрдей еңбектейміз. Ғасырлар бұрын осы үңгірмен лава аққан.
Шым-шытырық өрнекпен безендірілген Гавайаның лава тарамдары басқа ғаламшарға тиесілі іспетті. Сталактиттерге ұқсайтын лава ағындыларының қатқан көрікті бейнесі қабырғалар мен төбеден ентелеп, акуланың өткір тісінен бастап бұдыр әрі жабысқақ сүмбіге дейінгі тылсым пішіндерге енген. Газ әсерінен сығылған ұзын бос қуысты түтікшелер үңгір суыған кезде төбеден төмен қарай шоғырлана салбырап қалған. Үңгірдің күміс, магнезиоферритті әйнектей дақтары қабыршақтанған бояуға ұқсайды. Басқа жерлерінде жұқа гипс қабаты қабырғаларды ашық ақ түске бояйды.
МЭТТЬЮ В. ЧВАСТИК, NGM ҚЫЗМЕТКЕРІ ДЕРЕКӨЗДЕР: ГҚБШ ГАВАЙЛЫҚ ЖАНАРТАУ ОБСЕРВАТОРИЯСЫ; ҰЛТТЫҚ ҚЫЗМЕТ ПАРКІ
Төбесі 30 см-ге жетпейтін кедір-бұдыры өткір жер қиылысында біздің әскерше еңбектеген жүрісіміз аяқталды. «Бұл – біздің көңіл көтеру идеямыз», – дейді Питер. Бұл уақытта біз алға қарай ішімізбен жатып, адам сенгісіз тар жолмен жылжып келеміз, өткір сүңгілерден футболкамның дала-даласы шықты. Өткелдің тарлығы сондай шлемдеріміздің өзі сыймай қалады, сондықтан оларды шешіп ап, қараңғыда алға қарай тырбаңдаймыз.
Денемізге түскен сызаттар, көгерген жеріміз бен жыртылған киімдеріміздің өтемі – Кипека Каноайна картасына қосылатын 47,06 метрлік жаңа үңгір. Бұл соншалық үлкен табыс болмаса да, картамызды бестен жеті шақырымға дейін ұзартты. Жуықта Каноайна әлемдегі зерттелген лава тарамдар жүйесінің ең ұзынына айналуы да мүмкін.
Каноайна жүйесінің бұрынғы деректерін алмастыратындай көрінетін үңгір Үлкен аралдың басқа жағында орналасқан. Ол Килауэа аталатын басқа жанартаудың атқылауынан кейін XV ғасырда пайда болғанға ұқсайды. Қазіргі таңда картада белгіленген ең ұзын және ең терең лава тарамы – 64 шақырымнан асатын Казумура. Оның жанартаудан жағалау маңындағы түбіне дейінгі аралығы – 1101 метр.
Үлкен өзеннің сағасы секілді қосылатын бірнеше паралель имек жолдардан тұратын Каноайна жүйесіне қарағанда Казумура – ұзын, тіке созылған туннельдің бірі, оның кейбір жерінің кеңдігі мен биіктігі 18 метрден астам. Бұл жерден метро пойызын өткізуге болады. Казумураның кеуек көрінісіне қарамастан оның басынан аяғына дейінгі аралықты зерттейтін экспедиция алғаш рет 1995 жылы жасалып, екі күнде аяқталған.
«Бұл – ұлттық байлық, соған қарамастан үңгірдің дәл үстінде тұрып бұл туралы әлі күнге дейін білмейтін адамдар да бар аралда», – дейді Казумура тарамдарына саяхат жүргізетін жекеменшік жер телімінің иесі Гарри Шик.
Үлкен аралдың лава тарамдарында үнсіздік заңы үстемдік ететін секілді. Көптеген спелеолог өздері тапқан орындарды басқа адамдардың білмегенін қалайды. Бостедтар 2003 жылдан бастап картасын жасап келе жатқан Ману Нуи деп аталатын үңгірге мені мынадай шартпен шақырды: оның дәл орнын «National Geographic-ке» көрсетпеймін, бірақ ол аралдың Мауно-Лоа және Килауэадан кейінгі үшінші белсенді Хуалалай жанартауының атқылауынан пайда болғанын айтуыма рұқсат.
Ману Нуи, негізінен алып қарағанда, аралдың маржаны саналады. Орташа еңісі 15,7 градус үңгір – Гавайдағы ең құламалы лава тарамдарының бірі, оның сипаты таңдай қақтырады. Жекеменшік жердегі үңгірге «пука» арқылы кіргеннен кейін баураймен жоғары жүре отырып, ертегідегідей таңғажайып дәлізге бет аламыз. Шоколад, жержаңғақ майы, шие және сарыгүл түстес тамшылары «сорғалаған» қабырғалар тартымды көрінетіні сондай, оны үнемі жалағым келіп тұрады. Бостедтер шытырман оқиғаларды іздеушілердің осындай бірегей құрылымды бүлдірмеулерін қамтамасыз етуге аса мән береді. Лаваның қатқан тамшылары нәзік келеді, қолыңды абайсызда әлдебір жерге қате қоюдың өзі үңгірдің пішінін мәңгіге бүлдіруі мүмкін. Шик Казумураның құлаған бөліктерін супержеліммен қайта жапсырып, үңгірдің бірнеше шақырымын мұқият қарап өткен.
Әдеттегі табиғи құбылыс — лава сүңгілері төбедегі газдың үлкен қысымымен сығылып шығады, содан кейін тамшылап суиды. Ману Нуи үңгіріндегі жабысқақ көрінетін тас қабырға лава химиясы өзгере бастаған және лава құрамындағы темір түрлі минералдарға тотыққан кезде пайда болған. Гавай лава үңгірлерінде қол тимеген тұщы су бассейіндері сирек кездеседі. Олар тартымды көрінеді, бірақ зерттеушілердің айтуынша, дайверлер бұралаң жолдарда шатасып немесе кептеліп қалуы, құлаған тастар астында қалып қоюы немесе ауа жетпей, тұншығып қалуы да мүмкін.
«Біз осы үңгірлердің экожүйесін әлі толық түсінбейміз, сондықтан оларға адамдардың кіргенін қаламаймыз. Шыны сол, егер адамдар бұл орындарды білсе, бұл үңгірге қауіп төнеді», – дейді Гавай аралдарының орман шаруашылығы мен жабайы табиғат бөлімінің қызметкері Лайман Перри.
Көптеген тұрғылықты гавайлықтар үңгір тарамдарын «капу» немесе киелі орын деп санайды, өйткені ертеде бұл жерлер мәйіт жерлеу үшін жиі қолданылған. Гавай дәстүрі бойынша сүйектерде адам манасы немесе рухани энергиясы болады және оларды орынсыз мазаламаған жөн.
Жерлеу үңгірінің үстіне құрылыс жүргізуге тырысқан жобалаушылармен күресуге өмірін арнаған 31 жастағы Кеони Альварестің айтуынша, адам сүйектері арқылы барлық үңгір жүйесі «капуға», яғни қасиетті мекенге айналады-мыс. «Біздің үңгірлер киелі және ол қорланбауы керек деп есептейміз», – дейді ол маған.
Жергілікті сарапшы Үлкен Аралдағы екі үңгірдің біреуінде археологиялық артефактілердің өзіндік түрлері бар деп топшылайды. Әсіресе, аралдың құрғақ желді жағында тұщы су тапшы, ал оны табудың тамаша орны – лава тарамдары. Каноайна аузынан мыңдаған метр тереңде лумбанг қалдықтары және тамшылаған суды жинауға қолданылатын, кең жайылған қауақ сияқты үйінді сақиналары жиі кездеседі. Дон Кунс пен Питер Бостед «шытырман оқиға мен зерттеу екеуі екі бөлек» деген пікірді қатаң ұстанады.
«Терең теңіз, шексіз ғарыш және үңгірлер: Олар әлі толық зерттелмеген», – дейді Кунс. Аз қаражатпен сіз адам баспаған орынға бара аласыз және жаңа бір нәрсені ашып тарихта оны көрген бірінші адам болып қалуға мүмкіндігіңіз бар.
Бостед өзінің адамды абдыратқан субъективті ойын білдірді: «Бұл жер өте тар, – дейді ол, – одан өту үшін демімді толық шығаруым қажет». Осы жерде ол үңгірдің қайда апаратынын анықтау үшін бізді жалғыз тастап кетті.
Бір кезде сынған тастардың үйіндісіне жеттік. Олардың ауырлығы сондай етпеттелген күйімізде жылжытуға келмейді. Бастама әзірге осы жерде аяқталады, бірақ бетімізді аймалаған салқын самал жел тек бір нәрсені білдіреді: арғы жақта зерттелуі қажет жаңа үңгір бар.
Килауэа жанартауынан тарамдар арқылы аққан лаваның барар жері – Тынық мұхиты. Ұдайы өзгерістегі ландшафттың көбі жұмбақ: зерттеушілер Гавай лава тарамдарының шамамен 10 пайызын картаға түсіргенін айтты.
ДУГ ПЕРРИН
Дж. Фоер NG-ге 2015 жылы дельфин ақылдылығы туралы мақала жазған еді. Ал К. Питердің Конгода түсірген Нирагонга жанартауының суреттері 2011 жылы сәуірде жарияланды.