Автор: Арно Робер, суреттер: Паоло Вудс және Габриэль Галимберти
Вудс пен Галимберти мына суреттерді таспасы бар 8×10 үлкен және орташа көлемді сандық фотокамерамен түсірді. Ақ қабырға фонның қызметін атқарды.
Аристил Бонорд сөйлеп тұрып оң иығындағы көк түсті пластик шелекті түзеп қойды. Ішінде сүмбі тәріздес блистерлі қаптамадағы түрлі-түсті дәрілер үйіліп қалған. Дәріні кесер қайшысы да төбесінен қылтиып көрініп тұр. Осының бәрі резеңке баумен буылыпты.
Бонорд мына мұнара іспеттес дәрілермен Порт-о-Пренс көшелерін 20 жылдан бері шарлап келеді. Алайда ол фармацевт емес. Ол – саудагер.
Гаити астанасының жанындағы Пакодағы шағын пәтерде Бонорд секілді сатушылар фотограф Паоло Вудс пен Габриэле Галимберти объективіне ілігу үшін қатарласа тізіліп тұр. Дәрі-дәрмек қолжетімділігі жайлы жобаны жиырмадан астам елде түсірген бұл екі фотограф көше кезген дәрі-дәрмек алыпсатарларына ерекше таңғалады.
Көше «диспансерлері» – гаитиліктер үшін дәрі-дәрмектің жалғыз көзі. Үкіметтік қадағалаудың жоқтығы Бонорд сияқты арнайы білімі жоқ алыпсатарларға қытайлық мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмек пен Доминика Республикасынан импортталатын жалған өнімдерге қол жеткізуге және оларды сатуға зор «мүмкіндік» беріп отыр.
Бұл жұмыс іс жүзінде заңсыз, алайда елдің Денсаулық сақтау және әлеуметтік министрлігі заңның орындалуын аса қадағаламайды. Сол себепті алыпсатарлар жүктілікті үзетін дәрілерден бастап, жасанды виаграға дейін қолы жеткен кез келген дәріні сатады.
«Көше сатушысын көрген сайын бетімнен біреу шапалақпен бір тартқандай болам, – деп күңкілдейді министрліктің фармацевтика жөніндегі директоры Флорин Жозеф. – Олар ертеңімізге қауіп төндіруі мүмкін, ал бізде оларды тиятын тетік, арнайы заң да жоқ».
Вудс пен Галимберти мына суреттерді таспасы бар 8×10 үлкен және орташа көлемді сандық фотокамерамен түсірді.
Вудс пен Галимберти: «Дамыған елдерде қолжетімді саналатын дәрі-дәрмек көптеген жерде тапшы екенін дүйім жұрт білсе дейміз», – дейді. Гаитиде алыпсатарлар мен сатып алушылар да бұған әбден үйреніп кеткен. Өйткені әркім қолынан келгенше күн көреді.
«Басымыздан қиын-қыстау кезеңді кешіріп отырмыз, кәсіп таңдауға шама жоқ, – дейді Бонорд. – Мен балаларымның мектепке барғанын қалаймын. Ал кез келген адамға дәрі-дәрмек қажет».