..."/>
ЗЕРТТЕУ

Қараңғыдан қадалған көз

Қалалар кеңейіп, өрісі тарылған сайын леопардтар* адамдарға ауыз сала бастады.

mm8196_140421_0004722

Мумбайдың Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябағында леопард фотоқақпанға түсіп қалды.

(*Салалық мамандармен ақылдаса келе, елімізде кездеспейтін бұл жабайы жануарды халықаралық атауына сай қазақ тілінде де леопард деп қалдыруды жөн санадық. – ред.)

mm8196_140727_102923

Зулу христиандары діни рәсімінде жамылатын қымбат терілерге деген сұраныс Оңтүстік Африкадағы Дурбан қаласында зор. «Пантера» жабайы мысық тұқымдастарын қорғау қоғамы жануарларды сақтап қалу үшін діндарларға жасанды терілер қолдануды ұсынды.

РИЧАРД КОННИФ СТИВ ВИНТЕРДІҢ ФОТОСУРЕТТЕРІ

Аумағы 104 шаршы шақырым болатын Мумбай мегақонысының ортасында орналасқан Санджей Ганди атындағы Ұлттық саябақта, көгалға жайғасып, леопардтардың келуін күтіп отырғанбыз. Саябақтың қарама-қарсы бетіне зәулім үйлер қатарласа қоныпты. Сағат кешкі ондар шамасы еді, ашық тұрған терезелерден ыдыс-аяқ сыңғыры мен балалардың ұйқы алдындағы шуылы естіледі. Ал саябақтан қашықтау жердегі ғибадатханадан діни әуендер құйқылжиды. Мұнда тұратын 21 миллион халықтың у-шуы үлкен көлік гүріліне ұқсайды. Айналадағы бұталар арасындағы леопардтар да осы дауыстардың бәсеңдеуін күтіп жүргендей. Бізге көз қиығын салып, тың тыңдайды. Жалпы саябақ пен оның маңын 35-ке тарта леопард мекендейді. Яғни әрбір дараққа шақсақ 2,5 шаршы шақырым жерден келеді. Айтпақшы, бұл хайуан күніне 15-16 шақырымдай жолды еш қиындықсыз жүріп өтеді. Солай бола тұра мұншалықты әбжіл аңдар шаршы шақырымына 20 000-ға жуық адамнан келетін әлемдегі халқы ең тығыз мегақоныстың қоршауында тіршілік кешуде (Нью-Йорк халқының тығыздығынан шамамен екі есеге көп).

Бір қызығы, осындай жағдайдың өзінде мұндағы леопардтар саны күннен-күнге өсуде. Олардың олжасының бір бөлігі – теңбіл бұғылар мен саябақты мекендейтін жан-жануарлар. Леопардтардың басым бөлігі шектеулерге қарамастан табиғат пен өркениет арасындағы шекараны бұзып-жаруда. Қала ұйқыға кеткен кезде, леопардтар көше бойын жағалап, үй жануарларын – иттер, мысықтар мен шошқаларды, егеуқұйрықтарды, тауықтар мен ешкілерді аулап, азық етеді. Адамға шабатын кездері де болады, бірақ, негізінен олар адамнан сескенеді. Ал адамдарға келсек, кейбіреулер леопардтарға аяушылықпен қарап, оларды құтқарып, жәрдемге дайын тұрады. Ал кейбірі, керісінше, леопардтарды қорлап, атып өлтіреді, у береді. Тіпті қақпанға түскен хайуанға керосин шашып өртеп, олардың тірі күйінде от жалынында қиналып жатқанын тамашалап, бейнекамераға түсіретіндер де бар. Табиғат жанашырлары леопардтарды «дүниежүзіндегі ең көп қуғынға ұшыраған алып мысықтар» деп те атайды.

Дегенмен осыншалықты қудалауға қарамастан, леопардтар адамдармен бірге өмір сүріп келеді. Олай болуы заңды да. Леопардтардың әлемдегі екі үлкен тіршілік аймағы – әлемдегі халқы ең тығыз орналасқан Африканың оңтүстігі (Сахарадан оңтүстікке қарай) мен Үндістан субконтиненті.

gettyimages-138750258

2012 жылдың шілде айы, Үндістан, батыс Бенгал, орман сақшылары леопардтар шабуылына қарсы күресуде. Леопард сабасына түскенге дейін алты адамды жарақаттады.

Соңғы 50 жылда халық санының өсуінен леопардтардың ареалы Африкада 66 пайызға, Еуразияда 85 пайызға тарылған. Ал көптеген аймақтарда олардың аман қалуының бірден-бір жолы – адамдарға жақын тіршілік етуінде болып отыр.

Басқа алып мысық тұқымдастарға қарағанда леопардтар жаңа ортаға тез бейімделеді. Мәселен, олар қи қоңызы мен жайрадан бастап 900 келілік үлкен киікке дейін аулай алады. 43 градус аптап ыстық Калахари шөлінде де, 25-27 градус қақаған ызғарлы.


Леопардтардың бейімделгіштігі олардың адамдар арасында өмір сүруге қабілетті екендігін білдіреді. Ал адамзат баласы леопардтармен бірге өмір сүре ала ма?


Ресей аумағында да мекен етеді. Теңіз деңгейіндегі Үнді жағалауларының мангр орманды батпақтарында да, 5200 метр биіктіктегі Гималай тауларында да өсіп, көбейе береді. Адамзат пен леопард арасында ұзақ әрі бәсекеге толы қарым-қатынас сонау Африкада басталған-ды.

Олардың пайда болғанына өте көп уақыт бола қойған жоқ: бүгінгі қалыпқа енгеніне шамамен 500 000 жыл өткен. Адамзат баласы сияқты, леопардтар да дүниежүзінің үлкен аймақтарында, атап айтсақ, Африканың оңтүстігінен Ресейдің Қиыр Шығысына дейін, Сенегалдың батысынан Индонезияның оңтүстік шығысына дейін таралған. Леопардтар мен адамдардың бір-бірінен алары мол. Мәселен, ертеректе адамдар арыстандар мен басқа да жыртқыштарды қорқытып-үркітсе, кейініректе леопардтар да осындай қасиеттерді меңгеріп, адамдардың бағып жүрген үй жануарларын аулай бастады. Леопардтардың осал жері – өлекселерді бұта түбіне немесе ағаш төбесіне сүйреп апарып тастап, біраздан соң қайта оралатындығында. Сондықтан да оларда басқа етқоректі аңдарға қарағанда олжасынан айырылып қалу ықтималдығы жоғары.

Леопардтардың жыртқыштығы приматтардың геномында қорқыныш ретінде сақталып қалған. Тіпті мүлдем леопардты көрмеген маймылдың өзі денесі теңбіл мысық тұқымдасты көзі шалса, бірден тіксінеді. Адамдар да оларды көрген кезде үрейлене, әрі таңдана қарайды. Кез келген жаңалықтардың тақырыптарынан «леопард» деген сөзге көзіңіз түсе қалса, бойыңызды екіұдай сезім билейтіні де белгілі ғой. Бұл сезімдерден жылылықты, қаталдықты және тартымдылықты байқауға болады. Әйтсе де, кейбір тақырыптар кек пен қастыққа тұнып тұрады.

Бірде Оңтүстік Африканың Лимпопо провинциясындағы мал шаруашылығына барған едім. Онда скауттар үлгісіндегі қысқажең жейде, жасыл шолақ шалбар, тізесінен бір-екі сантиметрдей төмен жасыл шұлық киген 60-тар шамасындағы алпамсадай, жүзі жылы адамды кездестірдім. Оның үстелінде кейбір жолдарының асты сызылған Джеймс патшасының Інжіл кітабы ашық жатты. Ал үстелдің арғы бетінен леопардтың бас қаңқасы көрінді. Қаңқада дәл тиген оқтан қалған кішкентай тесік бар екен.

«Бізге леопард қатты ұнайды, – деп бастады ол әңгімесін. – Өте әдемі жануар! Алайда олармен бір жерде өмір сүру өте қиын. Бұнда оларға азық аз емес. Мәселен, сүйелді доңыздар, бабуиндер, қабандар және де басқа табиғи қоректер баршылық. Дегенмен леопардтар соларға емес, менің бұзауларыма өш».

Ол өзінің асыл тұқымды брахман сиырларының өлімі мен өсімін тіркейтін журналын ашып, леопардтар алты аптада бір бұзаудан жеп отырғанын, сөйтіп, соңғы 18 айда нешеуін құрбан еткенін айтты. Сауын уақыты тақағанда сиырдың мөңірегенінен-ақ жұмысшылар тағы бір бұзаудан айырылғанын бірден түсінеді. Сосын сиыр жұмысшыларды «еті жартылай желініп жерде жатқан немесе ағаш басында ілініп тұрған бұзауына» өзі бастап алып келді. Шаруашылық қожайыны әр бұзаудың құны 2000 доллардан асады деп отыр. Оның айтуынша, «бұл жерде өте тәжірибелі аңшылар бар, олар бұзауды қандай аңның – леопардтың жас аналығы немесе кәрі аталығы алып кеткенін дөп басып айта алады. Әдетте, леопард екі күн ішінде жемтігіне қайта оралады».

Аңшыларға жүгінуі, оған қоса үстелдегі оқ тескен бас сүйек қаңқасы оның қару алып, малға шабуыл жасаған аңды атуға оқталғанын білдіретіндей. «Сен олармен бірге өмір сүруге мәжбүрсің, сондықтан олармен бейбіт өмір сүруге тиіссің. Әйтпесе, түрмеге түсесің (Оңтүстік Африка заңы әдетте не абақтыға жабады не айыппұл мөлшерін тағайындайды).

Ал кейбіреулер жыл сайын тіптен жүздеген леопардты өлтіреді, – дейді ол. – Олар леопардтарды атады, қақпанға түсіреді, үстіне жанармай құйып өртеп азаптайды. Міне, солай».

Жаздың тамаша жексенбісінің бірі болатын. Квазулу-Натал елдімекенінің шығысында орналасқан провинцияда мыңдаған діндарлар ғибадат ету үшін қасиетті дөңнің басына қарай жалаңаяқ, сырнайлатып бара жатты. Олардың арасындағы тұрмысқа шықпаған қыздары жалаңаш төстеріне моншақ таққан, тұрмысқа шыққан әйелдер қара түсті киім киген еді. Қара түсті қолшатырларын сырнайлар ойнаған сайын жоғары көтеріп қояды. Ал ер кісілердің әрекеті, тіпті, қызықты. Шамамен 1200-ге тарта ер адам леопард терілерін жамылып, маңдайларына, шынтақтарына, белдері мен тобықтарына бау тағып алып жанымыздан өтіп барады.

Шөп-шалам өскен жерлерге келгенде еркектер гүрілдеген әуен үніне қосыла билей жөнеледі. Олар Зулу шайқасындағы сарбаздар секілді, құдды жорыққа бара жатқандай ары-бері тербеле қозғалып, аяғын бір көтеріп, бір түсіріп, жердің шаңын аспанға шығарады. Христиан дінінің африкалық ағымы – Назарет Баптистерінің (немесе Шембе) Зулу дәстүріне негізделіп салынған, ғасырға жуық тарихы бар шіркеуі үшін бұл би табыну мен медитация тәсілі саналады. Онда киетін киім де маңызды. Ертеректе Зулу патшалары өздерінің күші мен болмысын көрсету мақсатында леопард терілерін жамылған. Шембе шіркеуінің еркектерінің айтуынша, леопард терілері оларды дінге және ата-бабаларына жақын етеді.

Бірнеше жыл дәл осындай шеруге кезіккен мысық тұқымдастарды қорғаушылар қатты налыған болатын. Олардың бірі бұл көріністі «жер бетіндегі жабайы табиғатқа заңсыз жасалған ең үлкен қиянат» деп атады. Леопард терілерінің осыншалық көптігі саны күрт азайып, бар болғаны 7000-ақ мыңға тарта қалған елге тән қылық емес еді. Сосын аң терісі бес-алты жылда жыртылып, түйдектеліп қолдануға жарамайтындықтан оларды үнемі ауыстырып тұру қажет. Шіркеуде жылына бірнеше мәрте өтетін шараға қатысушылар саны артып, леопард терісіне де сұраныс көбейген. Ал соның салдарынан аңға құрып кетудің қаупі төніп тұр.

«Пантера» мысық тұқымдастарын қорғау ұйымындағы леопард зерттеуші ғалым Тристан Дикерсонның айтуынша, құлшылық рәсіміне қатысатын көпшіліктің импала антилопасы терісіне леопардқа ұқсас дақтар салып, жасанды терілерді қолдануы үміт отын жаққандай еді. Осының өзі тауар сапасын жақсартуға итермелеп, түсі табиғи теріге ұқсайтындай боялған винилден және түктен жасалған теріні өндіруге түрткі болған.

«Rolex сағатын қолдан жасағандай әсер болады деп үміттенемін», – дейді Дикерсон. Шембе басшылары бұл жоспарды қолдап, қазіргі таңда жергілікті шеберханада Furs for Life («табиғатты қорғауға арналған ішіктер») деген сауда белгісімен жасанды теріден дайындалған өнімдер шығарылуда. Пантера тобы шіркеу қызметкерлеріне терінің 9000 данасын тегін таратса да, тапсырыстарды әрең қанағаттандырып үлгеруде.

Бір жексенбіде шеберханаға барғанымда сатылымға қойылған терілер арасынан тек бір ғана нағыз теріні көзім шалды. Леопард терісінің алдыңғы жағынан жасалған жамылғының бағасы 390 доллар болса, артқы терісінен жасалғандары 425 долларға бағаланады. Жан басына шаққанда жылына 13 000 доллардан келетін ел үшін бұл қомақты сома. Бір адам «жасанды терілер ақ нәсілділердің баяғыдан келе жатқан Зулу дәстүріне жасаған қиянаты» деген ренішін білдіріп қалды. Ал басқа біреуі, винилден жасалғанға қарағанда импала антилопасы және басқа аң терілерінен жасалған жасандылары ата-бабалары қолданған нұсқаға жақынырақ екендігін айтады. Дегенмен жұртшылықтың басым бөлігі жасанды теріні алғысы келеді. Дикерсонның есебінше, Шембе рәсімдеріне қатысатын діндарлардың 30-40 пайызы «Пантера» жасанды терілерін қолданады екен. Бұл көрсеткіш екі жыл бұрын 5-10 пайызды құраған. Әрине, мұны леопардтарға деген нағыз махаббат пен төзімділік көрінісі деп айту мүмкін емес еді. Дегенмен осы тәсілдің өзі леопрадтардың аяусыз қырылуына сәл де болса тосқауыл қояды.

Үндістан – әлемдегі халық тығыздығы өте жоғары мемлекеттің бірі. Адам баласына өмір сүру қиынға түсіп отырған бұл өңірде леопардтар тіршілігінің өзі – үлкен сынақ. Олар адамдарға өте жақын маңда топ-тобымен емін-еркін өмір сүріп жатыр. Әдетте аса төзімді келеді.


Қоғам гранты бойынша осы жоба үшін суреттер түсіріп, саябақ қызметкерлеріне дайындық сабақтарын өткізу мақсатында біздің топ мүшелеріне қаржы бөлінді.


_dsc0468

Оңтүстік Африкадағы Седерберг аймағына орнатылған фотоқақпан Кейп леопарды марғауының тесіле қарап тұрғанын түсіріп алған. Жеке түр ретінде тіркелмесе де, бұл жасқаншақ мысық саванна тұқымдастарынан кішірек.

leopards_map_v8_final_fp-3

Африкалық түршелер Африканың оңтүстік аймақтары (Сахарадан оңтүстікке қарай) әлі де леопардтар мекені болып қала береді. Бірақ бұларды түгендеу қиын, сондықтан да шындыққа жанасатын сан жоқ.

003

Леопардтар пішіні тұқымдарына қарай әр түрлі болып келеді.

Азиядан ығыстырып шығару. Заңды түрде қорғалғанына қарамастан, халық саны арта бастаған аймақтарда леопардтар мекені тарыла түскен. Өткен он жылдықта Үндістанда аптасына төрт леопард өлтірілді.

Қара леопардтар бірнеше түршелерден тұрады. Олар, әсіресе, Малайзия мен Индонезия ормандарында кездеседі.

Қара леопардтар бірнеше түршелерден тұрады. Олар, әсіресе, Малайзия мен Индонезия ормандарында кездеседі.

Дағдыны өзгерту

Леопардтардың көбі өздерінің тарихи мекендерін тастап кеткен. Қалалар салу, ауылшаруашылық және орман ағаштарын жаппай кесу леопардтар мекенін жойып жіберсе де, адамзаттың аң етіне деген құмарлығы тамақ қорларының кеміп бара жатқанына себеп болып отыр. Сол себептен олардың ареалы қатты бөлшектенген. Терісі сыйға тартылатын, халық медицинасында қолданылатын, сондай-ақ малдарды қорғау мақсатында леопардтар аяусыз қырылуда. Әйтсе де, жаппай жойылып бара жатқанына қарамастан, олар барлық мысық тұқымдастар ішіндегі ең көп таралған және тіршілік етуге икемді жануаралар болып қала бермек. Panthera pardus түрі кішкене арабиялықтан бастап алып денелі африкалығына дейін тоғыз түрше құрайды. (Әдеттегідей барыс деп аталатын хайуан бөлек биологиялық түр ретінде леопардтарға қарағанда жолбарыстарға жақындау болып келеді.)

Оңтүстік Африканың Саби Сэнд қорығындағы жас леопард анасы аулап, жоғары іліп қойған импала антилопасын жеп жатыр. Жемін осылайша ағашқа іліп қою тамақты қорқаулар мен басқа бәсекелестерден қорғайды. МЕРИЛ ДАРРИС ЖӘНЕ МАНОН МУЛИ, BIOSPHOTO

Оңтүстік Африканың Саби Сэнд қорығындағы жас леопард анасы аулап, жоғары іліп қойған импала антилопасын жеп жатыр. Жемін осылайша ағашқа іліп қою тамақты қорқаулар мен басқа бәсекелестерден қорғайды.
МЕРИЛ ДАРРИС ЖӘНЕ МАНОН МУЛИ, BIOSPHOTO

Үндістан біздің лексиконымызға «адам жегіш леопардтар» деген тіркесті енгізді. Бұл – тікелей айтылған ұғым емес. Әдетте леопардтар шабуылына әйелдер мен балалар көп ұшырайды. Олар бір жағынан ер адамның сырт тұлғасынан сескенеді. Екінші бір себебі, әйелдер мен балалар көбінше бұталар арасы мен қалың ағаш ішіне дәрет сындыруға барған сәтте леопардтар шабуылына тап болады. Ал ер адамдар тұрып дәрет сындыратындықтан, леопардтарға қиын олжа болып көрінетін секілді.


Сұрақ: Ұзақ жылдар бойы леопардтар мен адамзат баласы бейбіт өмір сүріп келді. Олай болса, Жуннар сияқты елдімекенде осы мысық тұқымдастың кенеттен адамға шабуылдауының себебі не?


Дегенмен де леопардтардың адамға шабуылы сирек кездесетін жағдай. Үндістанда аңнан гөрі адам қолынан қаза табатындардың саны басым. Мәселен, күн сайын шамамен 381 адам жол апатынан қаза тапса, 80 адам теміржол апатынан, ал 24-і тоқ соғып қайтыс болады. Әйтсе де, леопардтардың қара халыққа шабуылы әдетте бірден зорайтылып айтылады. Өйткені мұндай құбылыстар үйреншікті болмаған соң, адам психологиясына қатты әсер етеді.

Мамыр айы. Сенбілік таң. Мумбай қаласының шығысына қарай 150 шақырымдай жердегі Жуннар аймағындағы шағын ауқатты шаруа қожалығына мемлекеттік көлік келіп тоқтады. Жан түршігерлік оқиға орын алғанымен, бәрі сабырлы болуға тырысқан. Биіктігі белден келетін кірпіш дуалмен қоршалып, темір шатырмен жабылған үлкен дәліз алдында бір топ адам орман шаруашылығының жауапты тұлғасын күтіп тұрған болатын.

Алты тәулік бұрын, жексенбі күні сағат 10:30-дар шамасында екі жасар Саи Мэндлик дәліздегі орындықта тізерлей ойыншық автобуспен ойнап отырды. Әжесі жанында төсекте демалып жатқан болатын. 20-30 метрдей жерде биік шөптер арасында жасырынған леопартың көзі нәрестеге түседі. Бала күнделікті қорек ететін үнді макакасының көлеміндей ғана болатын. Бұқпантайлап жақындай бастаған леопардты ешкім байқамады да. Асыр салып, ойнап отырған баланы жыртқыш қабырға тұсынан тістеп, егістікке қарай жұлып әкеткен. Әжесі қатты айқайлап жіберді. Отбасының қалған мүшелері кішкентай нәрестені іздеп, қараңғыға жан-жақтан сүңгігенімен, тым кеш болатын.

2012 жылдың 15 шілдесі түнінде Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябақта леопард жеті жасар қызды өлтірді. Жарық жақсы түсетін жерлерде топтасып жүретін ауыл тұрғындары бұл өңірдің аса қауіпті екенін айтады.

2012 жылдың 15 шілдесі түнінде Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябақта леопард жеті жасар қызды өлтірді. Жарық жақсы түсетін жерлерде топтасып жүретін ауыл тұрғындары бұл өңірдің аса қауіпті екенін айтады.

Бұл ауыр жағдай еді… Әйел кіре берістегі баспалдақта үнсіз отыр. Жергілікті шенеуніктер мен Махатма Ганди үлгісіндегі ақ баскиім киген қарт адам ортаға жайғасқан, ал дәліздің арғы басында баланы алып кеткен жерде әкесі туыстары мен достарының қоршауында отыр. Орман шаруашылығы қызметкері өзін таныстырды: «Мен де ауылдық жерденмін. Мені басшы деп қабылдамаңыздар», – деген ол қара жамылып отырған үйге «баласынан айырылғаны үшін 12 300 АҚШ доллары көлемінде өтемақы әкелгенін, бұл олардың баласының орнын толтыруға берілген құн емес, керісінше леопардтарға жауапты үкіметтің кінәсін мойындағаны» деп түсіндірді. Аза тұтып отырған отбасы азғантай бұйымтайларын айтып, ал орман шаруашылығының басшысы қолынан келгенше көмек беретініне уәде етті. Алты шақырымдай төменде орналасқан көшенің аяқ жағында тағы бір үйде дәл осындай оқиға орын алғандықтан, басшының сол жерге де кіріп-шығуы қажет еді. Әдетте леопардтардың осындай шабуылы бірінің артынан бірі орын алады. Саи Мэндликтің өлімі – соңғы екі аптада Жуннар аймағында болған үшінші шабуыл. Оның екеуі өлімге әкеп соқты.

Орман басшысы қаза болған бала – Мэндликтің отбасына өтемақы беріп шыққан күннің ертесі еді. Биолог Видия Атрея «Жабайы аңдарды қорғау» қоғамы мүшелерімен бірге жақын маңдағы Аколе қалашығындағы қант құрағы алқабында жүр. Оның шағын компьютерінде фотоқақпан мен радиоқарғыбауларды қолданып жүргізілген 5 жылдық зерттеудің нәтижесі бар. Бұл – Аколе маңайының картасы. Онда леопардтар мекен ететін жерлердің барлығы көгілдір нүктелермен белгіленген. Қысқасы, қалың ағашы да, елік немесе басқа да ірі жануары жоқ жердің өзінде 11 ересек леопард түнгі уақытта жортып жүретіндігі анықталды. Сондай-ақ, Видия Атреяның дерегі бойынша бұл жермен күн сайын 20 000 адам өтеді екен.

Мумбайға қарсы төбешікте орналасқан жасанды көлшікке Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябақ пен оның төңірегін мекендейтін 35 леопардтың бірі су ішуге келді

Мумбайға қарсы төбешікте орналасқан жасанды көлшікке Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябақ пен оның төңірегін мекендейтін 35 леопардтың бірі су ішуге келді

Неліктен леопардтардың саны осыншалықты көп деген сұрақ туындайды. Оның себебі, Үндістанның басқа аудандары сияқты мұнда қаңғыған иттер, доңыздар және басқа да ұсақ аңдар көбейген екен.

Бұл жерде ашық-шашық қоқыс пен ет қалдықтары көптеп кездеседі. Жергілікті заң және жануарлар құқықтарын қорғайтын ықпалды ұйымдар көшедегі қаңғыбас иттерді аулауға тыйым салған. Сондықтан иттер мен басқа да үй жануарлары леопардтың олжасы болып қала бермек. (Атреяның зерттеуіне сәйкес, олардың қорегінің 87 пайызын үй жануарлары құрайды). 1980 жылдан бері салына бастаған суармалы жерлерді дамыту жүйесі де тарғылдардың көбеюіне ықпал етіп отыр. Жабайы қант құрағы, Аколе және Жуннар сияқты құрғақ аймақтарда көп өсетін дақылдар мен оның биік әрі қалың бұталары жабайы мысықтың жасырынуына өте ыңғайлы. Бұл ауыл-аймақты, қоқыс алаңдары мен иттерді бақылау үшін керемет мүмкіндік.

БІРДЕ ЗЕРТТЕУ БАРЫСЫНДА Атрея, әйелдер қызанақ теріп жүрген алқаптан өтіп бара жатып, бір жұмысшыға жолығып қалған еді. Әлгі шаруа бірнеше күн бұрын ғана бір леопардты көргенін айтты. Дегенмен Атрея тура сол кезде тура сол жерден 20 метрдей қашықта леопардтың қант құрағы арасында саялап жатқанын білетін. Бірақ ол бұл туралы айтуды жөн санамады. Өйткені оларға алаңдауға негіз жоқ болатын. «Леопардтар қанқұмар емес. Олар еш себепсіз адамға шабуылдамайды», – дейді Атрея. Аколе аумағында зерттеу жүргізген антрополог Сунетро Госал «кеңістікті бөлісу» мен «өзара үйлесімділік» туралы қызық әңгіме қозғады. Оның айтуынша, леопардтар мен адамзат бір-біріне қарсы келіп қалмас үшін жолдарды айналып өтеді екен. (Бұл жерде тұратын адамдардың көбі леопардтар мен жолбарыстарды пір тұтып, алып мысықтарды жаратушы – вагоба ретінде тағзым етеді екен. Вагоба – Үндістандағы алып мысық пішінді мүсін).

Леопард пен адамзат арасындағы даулы қарым-қатынастың себебін түсіну мақсатында Атрея 2001-2003 жылдар аралығында леопардтардың Жуннар аумағында адамға жасаған бірнеше шабуылын зерттеді. Алғашқыда орман шаруашылығы қожалығы ірі қара малдарға шабуыл жасаған 100-дей леопардқа тұзақ құрып, Жуннар аймағынан аластатқан. Етқоректі жануарларды қоныс аударту үшін қолданылатын тәсіл бойынша оларды тұзаққа шамамен 30 шақырым алысқа апарып, орман ішінде босатып жібереді. Атрея және оның тобы осындай қоныс аудартудан кейін Жуннар аймағында леопардтардың адамға шабуылы 325 пайызға көбейгенін және мұндай шабуылдан қаза болғандар саны екі есеге өскенін анықтаған.

Алты-жеті ай шамасындағы леопард безегі Оңтүстік Африканың Саби Сэнд қорығы мен ауылдарды бөліп тұрған қоршау бойымен ары-бері асыр салып жүр.

Алты-жеті ай шамасындағы леопард безегі Оңтүстік Африканың Саби Сэнд қорығы мен ауылдарды бөліп тұрған қоршау бойымен ары-бері асыр салып жүр.

«Көшірудің кесірінен жабайы мысықтардың мінез-құлқы өзгереді», – дейді Атрея. «Адамның тұзағына түсіп, темір торға қамалған, соңында өзге аймаққа тасталған леопардтардың мінезі өзгермей қоймайтыны сөзсіз. Бұл әрекет олардың адамға шабуылдауына түрткі болады, бұл олардың туа біткен қасиетіне байланысты емес», – дейді Атрея мен оның әріптестері.

Он жыл бұрын Атрея алғаш зерттеу нәтижелерін ұсынғанда, орман шаруашылығы басшылары мәселені түсінгендей болды. Мумбайдағы Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябаққа тұзаққа түскен леопардтарды әкеліп тастауға тыйым салынды. (Мумбай да леопардтардың қанды шабуылын бастан кешірді). Қаланың ақпарат құралдары да леопардтарды қоныс аударту олардың жай жүргенінен гөрі қауіпті жағдай екенін жарыса жаза бастады. Саябақ маңындағы үйлер мен оған жақын жердегі лашық тұрғындарымен арнайы кездесулерде – леопардпен кездескенде олармен шайқаса кетуге болмайтыны түсіндірілді. Леопардтарды бұл жерден аластату қала тұрғындарының үнемі талап ететін мәселесі. Алайда бұл әлеуметтік жүйені бұзумен қатар, «өзара үйлесімділікті» түсіне бермейтін леопардтар үшін қиын. Кездесулерде тұрғындардың қауіпсіздікті сақтап, түн мезгілінде балалардың үйде болуын бақылау керектігі де айтылады. (Қоғамдық денсаулық сақтау шараларының да көмегі зор: мәселен, қоқысты мерзімінде тазарту, дәретханалар салу, көшедегі қаңғыған иттерден арылу. Дегенмен түрлі экономикалық және саяси факторлар бұларды жүзеге асыруда кедергі болып тұр.)

Әдетте ондай көзқарастарды қабылдау оңай емес. Әсіресе, шара қолдануды талап етіп, ашуға мінген тұрғындардың қаһарына ілігетін орманшылар үшін өте қиын. Орманшыларды жергілікті саясаткерлер де қысымға алады. Сондықтан халыққа қауіпсіздік шараларының атқарылып жатқанын көрсету мақсатында леопардтарға тұзақ құру әлі де жалғасуда. Алайда шындығында, бұдан қауіп саны артпаса кеміген емес. Қолға түскен қауіпті леопардтар бірден темір торға тоғытылады, бірақ олардың қаншалықты қауіпті екендігін анықтайтын ешқандай тәсіл жоқ. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» деген осы.

Жуннарда болған соңғы шабуылдан кейін бір орманшы менің электронды поштама: «Аталық леопардты қолға түсіргенімізді Сізге қуанышпен хабарлаймыз», – деп хат жолдапты. Орманшы осы хаты арқылы «оның өткен айда кішкене балаға шабуыл жасаған леопард» екенін жеткізгісі келді. Қолға түскен леопард өмірінің соңғы күндерін өзге 28 леопардтармен бірге Жуннардағы леопардтарды құтқару орталығында өткізетін болады. Тұзаққа түскен леопардтардың көбі міндетті түрде босатылып жіберіледі. Алайда белгілі себептерге байланысты орман шаруашылығы Жуннарда қанша леопардтың қай маңға босатылып жіберілгенін ашық айтпайды. Бала Саи Мэндлик өлімі орын алған оқиғадан екі апта өткен соң оған жақын маңдағы шаруа қожалығында 60 жастағы тағы бір әйелді леопард өлтіріп, денесін бөлшектеп кеткен.

Үндістаннан қайтып бара жатып мен «жоғары дамыған елде өмір сүретін халық леопардтармен болған мұндай күрделі де жағымсыз оқиғадан мүлдем хабарсыз-ау» деген ойға қалдым. Үйге оралғанымда маған біреулер Коннектикут жағалауынан 6 шақырымдай жерде тау арыстаны байқалғанын айтты. Нью Хэйвен қаласы маңындағы қара аю туралы хабарды да көзім шалды. Мұндай оқиғалар көп. Тау арыстандары Лос Анджелесте, койоттар Чикагода, қасқырлар Римнің төңірегінде, алып ақ акулалар Кэйп Код қалаларының айналасында көп байқалады. Халық саны өсіп, Жер шарында қалалар көптеп тұрғызылып жатыр. Сонымен бір мезгілде, етқоректі жануарлар адамдармен бірге өмір сүруге бейімделіп келеді. Бұл әрине үрей туғызады, дегенмен қорқынышты емес: зерттеулер көрсеткендей дені сау жыртқыштардың көп болуы салауатты өмір салты үшін жағымды әсер етеді. Леопардтарды пір тұтпасақ та, олардың біздің табиғи ортамыздың қозғаушы күші екендігі даусыз.

Бірте-бірте Үндістандағы леопардтардың құпия тіршілігі, қалыпты көрініске айналып жатса, оған таң қалудың қажеті жоқ.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля