Денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарыс салдарынан венесуэлалықтардың бақсы-балгерлер қызметіне жүгінуі белең алуда.
Авторы және фото: Меридит Кохут
Ясмари Диас ханым бір күні пикап көлігінің бортына үш баласын салып алып, Гуаренастағы үйінен шыққан бойда арақашықтығы қысқа болғанымен барар жеріңе жеткенше құйымшағыңды ойып түсіретін төте жолмен тарта жөнелді. Алған беті – ағаш бұтақтарынан жасалған таудағы күрке. Оның басқа амалы қалмады: омырауындағы қатерлі ісік өсіп барады. Сондықтан дертінің дауасын осындағы шаманнан іздеуге мәжбүр.
Дәстүр бойынша жалаң жерге ұзынынан жатты. Жерге майшамдар қойылып, ақ бормен түсініксіз сызықтар сызылған. Ясмари көзін жұмды. Оның үстінде темекі түтіні арасынан көрінген Эдвард Гуидистің жалаң төсіндегі түрлі-түсті моншақтармен бірге қабанның тістері салбырап тұр. Ол қатты айқайлап әруақтарды шақыра бастады.
Осыдан кейін ол тізе бүгіп, оның омырауын ұстараның жүзімен қысып, үстін гибискус гүлімен жапты. «Пациенттің» омырауына бірнеше сантиметр аралыққа дейін еңкейіп, шылымының түтінін омырауға қарай үрлей отырып, кезек-кезегімен қызыл майшамның ерітіндісін тамыза бастады. Шылым түтіні ісікті кетіреді деген наным бар, ал күл түсі қарадан аққа ауысқан кезде ем қонды деуге болады.
Бүгінгі таңда 28 жасар Ясмари тәріздес мыңдаған венесуэлалық халық емшілеріне жаппай ағылуда. Өйткені елдегі денсаулық сақтау саласы тоқырауға ұшыраған. Венесуэла Фармацевтика федерациясының есебіне сенсек, қарапайым дәрі-дәрмектің 85 пайызынан астамы қолжетімсіз немесе табылуы қиын екен. Дәріханалардағы сөрелер бос, ал мемлекеттік ауруханалардың керек-жарағы болмағандықтан келген пациенттерді кері қайтарады. Үкімет жыл сайын денсаулық сақтау саласына қатысты статистикалық мәліметтерді жариялап тұрады. Бірақ 2017 жылғы мамырда коммерциялық емес ұйым тарапынан жүргізілген зерттеу жұмыстары мемлекеттік 92 аурухананың 78 пайызында дәрі-дәрмек мүлде жоқ екенін немесе жетіспейтінін анықтаған. Осы зерттеулер, қызметкерлердің 89 пайызы рентген түсіре алмайтынын, 97 пайыз медициналық зертханалардың жартылай немесе толық істен шыққанын ашып берген.
Сильвия Лимардодағы дәріханасының бос сөрелері біраз жағдайдан хабар беретіндей. Бұрын ол Каракастағы үздік дәріхана саналатын. Қазір ауру басатын, аллергияға қарсы, эпилепсия және қан қысымын реттейтін ең зәру антибиотиктер мен дәрілердің 85 пайызы тапшы немесе қолжетімсіз болып қалған.
Ясмари Диас ем күтіп жүріп бір жыл уақытын кетірді. Мамомграфия аппараты істен шыққан, қордағы дәрі-дәрмек таусылған, қан анализіне керекті химикаттар жоқ және омырауын рентгенге түсіретін мүмкіндік те болмаған. Медициналық сақтандырусыз әрі мардымсыз жалақыға өмір сүріп отырған оның жекеменшік клиникаларға қаралатындай жағдайы жоқ.
2016 жылғы қарашада Ясмари қатерлі ісікке ем таппай кеткен әжесін жер қойнына берген болатын. Биылғы жылдың қаңтарында Диастың үлкен отбасында тағы да бір әйел емделе алмағандықтан қатерлі ісіктен көз жұмған. Арада бірнеше күн өткенде Сәбилердің құқығын қорғау қызметінің өкілдері қайтыс болған әйелдің бір жасар сәбиін алып кетті. Диас қатерлі ісік оның да өмірін жалмаса, сол жағдай өз балаларының да басына келетінін ойлап сарыуайымға батты.
Тәуіпке қаралғаннан кейін бірнеше апта өткенде ол омырауындағы аурудың кеткенін айтты. Күмәні сейілгендіктен ол ем-домға толық берілген. «Бұл есікті қаққанда, көзіңізге көрінбес көмек қолы созылуы мүмкін. Ол жел сияқты, көре алмайсыз, бірақ сезесіз», – деді Диас.
Жоғарыда: Гуатир сыртындағы тауларда емші Эдвард Гуидис Мара аталатын рухты шақырып, Ромуло Фуентестің тізесін темекі түтіні және түрлі шөптердің қоспасымен емдеп жатыр.
Төменде: Петаре көшесінде «Сиқыршылар аллеясы» деп аталатын халық емшілерінің клиникалары бір қатарға тізілген. Гленда Абаче қайшымен Маркос Кабралестің арқасындағы ауруды символдық түрде кесіп жатыр. Оның клиникасына күніне 80 адамға дейін келеді.
Жоғарыда: Хосе Грегорио Хернандестің рухын шақырып алғаннан кейін дәрігер кедей пациентін тегін емдей бастады. Осылайша, Хенри Руис ауру Белкис Амалия Рамирестің қуығындағы ісікті алып тастауда. «Болған нәрсе. Құй сен, құй сенбе! Расы – сол», – дейді ол.
Төменде: Гуидис Ясмари Диасты емдеуде. Жергілікті ауруханалар оның омырауындағы қатерлі ісік отаны тек бір шартпен жасайтындарын айтқан: ол дәрілерді өз әкелуі тиіс және жеке клиникада кеудесін рентгенге түсіріп келуі керек болған. Ал оның бұған шамасы жетпеді.