..."/>
ЗЕРТТЕУ

Көне кәсіптің соңғы тұяғы

Маули Дан нейротоксикалық бал толтырылған ара ұясына жету үшін бамбуктен жасалған сатымен 30 м жоғарыға өрмелейді. Бықсыған шөптің түтінінен аралар есеңгіреп қалатындықтан Маулиді қатты шаға алмайды. Арқан қайта түсірілгенге дейінгі кез келген жаңсақ әрекет өліммен тең.

Непалдың Кулунг тайпасында ғаламдағы ең үлкен араның балын жинайтын бір кісі бар. Балдың қара базардағы бағасы бас айналдырады.

Асхан Кулунг (оң жақта) арқанды ұяға байлайды да, Маули оны жардан ажыратқанға дейін қозғалтпайды. Ұя ажыратылған соң, арқанмен төменге түсіріледі және бұл жұмыс бірнеше сағатқа созылуы мүмкін.

Автор: Марк Синнот фото: Ренан Өзтүрк

Маули Дан жерден 90 метр биіктікте бамбуктен өрілген сатымен қалай өрмелеу тиімді болатынын ойластыруда. Мақсаты – мыңдаған алып Гималай бал арасының құжынаған тобына жету. Аралар жарты ай пішінді гранит қалқаның астына қарай 2 метрге дейін созылған омартаны кілемдей етіп жауып тастаған. Олар «ессіз бал» деген атпен танымал жабысқақ, қызғылт сұйықтықты қарауылдайды. Бұл бал «галлюцинациялық» қасиетінің арқасында Азияның қара базарында келісі 30-40 АҚШ долларына, яғни Непалдағы жай балдан алты есе қымбат бағаға сатылады.

Гималай бал аралары жыл мезгіліне және шәрбат бөліп шығаратын гүлдердің биіктігіне қарай әртүрлі бал жинайды. Көктем балының психотроптық әсері жыл сайын наурыз бен сәуір айларында Хонгу аңғарының солтүстік беткейін бойлай өсетін рододендрон ағашы гүлдерінің құрамындағы токсиндермен байланысты болады. Шығыс Непалдағы кулунг халқы ғасырлар бойы балды жөтелге қарсы сироп және антисептик ретінде қолданып келген. Ал ара балауызы Катманду қаласының тар көшелерінде орналасқан шеберханаларда қола құдайларды бояуға қолданылады.

Маули үшін бал жинау – өз қолымен өндіре алмайтын тұз, өсімдік майы, азық-түлік сатып алуға қажетті ақша табудың жалғыз жолы. Дегенмен бұл бал өзіне де, айтарлықтай төменде орналасқан ауыл тұрғындарына да қанша маңызды болғанымен, 57 жасқа келген Маули бұл кәсіппен айналысуды доғаратын сәт келді деп есептейді. Қауіпті әрі мезгілдік кәсіппен айналысуға ол өзін тым кәрі санайды. Әуеде шайқалған сатыдан ұстап тұрудан қолы талып кететінді шығарды. Аралар да ызыңдап, мойы­нын, жалаңаш қол-аяғын айтпағанда киімнің сыртынан да денесін шағып тастайды.

Джунгли арқылы өтетін 13 шақырымдық жол Маулидің тобын осы жерге алып келді. Түтін мен араның арасында Хонгу өзенінің үстінде арқан сатыда салбыраған бойы бамбук таяқшасымен ара ұясын ұрып түсіреді.

Алайда дәл қазір ол бұл ойын бір шетке ысырып, бар ынтасын алдындағы мәселеге аударған. Жартастың бетінен аяғын сырғытып әкеліп, кірпіштің еніндей ғана кішкентай тірекке тірейді. Сатыны қоя беріп, көмекшісі Асхан Кулунг сиятындай орын қалдыру үшін қапталға қарай ығысады. Енді қос жігіт жіңішке тіректі бөліседі. Төменде сүйір аңғардан буыр­қана ағып өзен жатыр.

Араның ұясына жақындаған сайын аяқ тіректері кішірейіп, бір-бірінен арасы алшақтай түседі. Ол алдындағы олжаға үш метр қалғанға дейін баяу, бірақ сенімді қозғалады. Ең жоғарыдағы жұмсақ әрі дымқыл тастардағы ойықтардың көлемі Маулидің саусақтарының ұшы ғана сиятындай тар. Қауіпсіздік арқанына байланбағандықтан, қолы босап кетсе, Маули, сөзсіз, мерт болады. Бұған қоса, ол иығынан асыра ұзындығы сегіз метрлік бамбук таяқшасын көтеріп шыққан және оң қолының бас бармағы мен сұқ саусағының арасына бір уыс бықсыған шөпті қыстырып алған. Бықсыған шөптің түтіні жоғары қарай ызақор аралардың ұясына қарай көтеріледі. Түтін ұяға дейін жетсе, аралар есеңгіреп қалуы мүмкін.

Ара ұясы сабвуфердей дірілдеп, әр соғысында ашулы аралар толқынын жіберіп жатқандай. Олар Маулиді қаумалап алғанымен, балшы міз бақпайды. Керісінше, ол осы жартасты мекендейтін аралар мен рухтарды тыныштандыратын кулунг мантрасын оқиды. «Сен Рангкемисің. Сен аралардың рухысың. Біз ұры емеспіз. Біз қарақшы емеспіз. Біз ата-бабаларымызбен біргеміз. Қане, ұшып кетіңдер. Кете қойыңдар».

Аралардың және қиын әрі қауіпті мекендердің рухы Рангкеми үнемі Маулиді жарылқап жүреді. Бірақ әрқашан ол Маулиді қолдай береді деп ойлауға себеп жоқ. Осыны білетін Маули жұмыстың ең қиын сәтінде де әлсіздік танытпайды.

Маули өз кәсібін маңызды деп есептемейді. Ол өзін Кулунг сенімі бойынша рухтар аян бергеннен кейін ғана осы іспен айналыстым деп есептейді. «Мен ешкім емеспін, – дейді ол, – мен жай ғана ескіліктің өкілімін».

Кулунг халқы бірнеше ғасырдан бері ну орманмен қоршалып, оқшау жатқан Хонгу өзенінің аңғарын мекен етіп келеді. Эверест шыңы Гималай тауының солтүстік етегінен бір ғана аңғармен бөлініп жатқанымен, бұл жер оқшау және шалғай мекенге айналған. Алқаптың көп бөлігі сыр бүгіп жатқандай, тіпті Маули сияқты кулунгтық бал жинаушы да ол сырды аша алар емес.

Дегенмен жыл санап сыртқы әлем жақындай түсуде. Оның ауылы – Саддиге жаяу жүріспен бір-екі күндік болатын топырақ жол кесіліп, туристерді аңғардың жоғарғы жағына апаруға арналған жол құрылысы басталған. Бұл жол Садди және маңайлас ауылдарды Кумбу аймағындағы көпшіліктің сүйікті тау туризмі мекенімен жалғас­тырады. Әлдебір саясаткер бұл маңнан шағын әуежай салуға уәде де берген.

Маули сияқты кулунг үлкендері Катмандуды – Непал, яғни «шалғайдағы мекен» деп атайды. Олардың ойынша, елдің астанасы – өздерінің шағын мекендерінен алыс жатқан көрші ел. Десе де, уақыт озған сайын көне қоғамды оқшаулап келген шекара да, сиқыр да жойылып бара жатқандай.

Маули жалғыз бөлмелі лашығындағы ошақтың жанында отыр. 2015 жылы сәуір айында болған қуаты 7,8 балға тең келетін жер сілкінісінен үйі­нің қабырғаларына сызат түскендіктен күркесі әне-міне құлап қалатындай. Ауласындағы көршілерінің көбі үйін ашық көк металл шатырмен жапқан, ал Маулидің сабанмен жабылған шатыры оның кедейлігінен хабар беретіндей. Ол шағын бал жинаушылар тобының жартастан екі қолымен ара ұясын ажырата алатын жалғыз мүшесі болғанымен, еңбегі қажетінше бағаланбайтыны айдан анық.

Маулиге 42 жыл бұрын түсінде аян беріліп, содан бері осы жолға түскен. Ол кезде Маули 15-те болатын. Келесі күні түнде әкесімен алғаш рет бал жинауға шықты.

«Мен екі сұлу әйелді көрдім, – деп есіне алады ол, – кенет, жардың бетіндегі өрмекшінің тұзағына түсіп қалдым. Өрмектен босанамын деп тыраштанып жатқанымда жоғарыдан үлкен ақ маймыл көрінді. Ол маған құйрығын тастады, ал әйелдер оған жармасуыма көмектесті. Сөйтіп, маймыл мені тартып алды, мен құтылдым».

Әкесі бастаған ауыл ақсақалдары маймылды Рангкеми деп жорыған. Рангкеми – аралар мен маймылдарды қорғаушы рух және адам баласы баруға жүрексінетін қауіпті жерлердің алпауыт күші. Олар Маулиді жолының ашық болатынына, бағалы балды алғаны үшін әлгі рух оның өзіне де, отбасыне да тиіспейтіндігіне сендіреді. Сол күннен бастап сирек әрі қиын кәсіптің жүгі Маулидің мойнына артылған.

Барынша ұзартылған табиғи өлшемді иллюстрация

Бал жасаушылар

Гималайдың алып бал арасы – Apis dorsata түрінен тараған әлемнің ең ірі бал арасы. Жеті бал арасының төртеуі ғана коммерциялық мақсатта өсіріледі. Ергежейлі және алып бал аралары ашық аспан астында еркін ұшып үйренгендіктен, оларды адам қолымен жасалған ұяларда ұстау өте қиын.

ЖҰМЫСШЫ АРАЛАР. АЛЬБЕРТО Л. Л., NG ЖУРНАЛЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ, КЕЛСИ НОВАКОВСКИЙ ДЕРЕККӨЗ: Н. УИЛСОН-РИЧ, АРА КОМПАНИЯСЫ, М. С.ЭНГЕЛЬ, КАНЗАС УНИВЕРСИТЕТІ

Қоғамдық грант. National Geographic қоғамына мүшелік осы жобаны қаржыландыруға көмектесті.


Маули аңғар бойындағы Чхескам ауылында бамбук шырағының жарығымен дүниеге келген. Ол мектепке барған жоқ. Оның мектебі – шөп шабуға, ауыл шаруашылығына баулыған қарапйым ауыл адамдары болды. Кедейлік пен оқшаулану кулунгтықтар үшін ерте өліммен тең. Маулидің төрт ағасы бар-тұғын, бірақ олардың екеуі қайтыс болды. Ол үш рет үйленгенімен, үш әйелі де қайтыс болған. Енді төрт қызын, екі ұлын, бес немересін және күркесіне кіріп-шығып жүретін бірнеше туысқанын жалғыз өзі асырауға мәжбүр.

Ошақ басында отырып, Маули олпы-солпы жүннен тоқылған күртесінің қалтасынан қолдан жасалған азғантай темекісін алып, кепкен жүгері жапырағына орайды. Ол қысқа темекісін көмірге тұтатып, аузына апарады. Демін сыртқа шығарған сайын тұманданған, қанталаған көздері оның жабыққан жанынан сыр шертіп тұрғандай. «Мен шаршадым, – дейді ол, – мұнымен айналысуымның жалғыз себебі – кедейлігім».

Маулидің жиендерінің бірі қараңғы бөлмедегі бұрышқа тақалған жалғыз жиһаз – ағаш сандықтың үстінде отыр. Олардың жартасқа өрмелеп шығуға еш құлқы жоқ.

Ал ұлдарына келсек, Маули оларға бал жинаумен айналысуға рұқсат етпейді. «Жартасқа өрмелейтіндер – ақымақ, – дейді ол, – менің балаларым мектепке барады, сондықтан менің кәсібіммен айналысуға мұқтаж емес».

Жардан ұяны ажырататын жалғыз Маули болғанымен, қалған топ мүшелері джунгли арқылы көзгенектің орналасқан жерлеріне құрал-жабдықтар тасиды. Санча Кулунг – арқан тасушы. Мұнда ол Маулидің 55 келілік сатысын муссон жаңбыры кезінде шайылып кетіп, кейін бамбукпен алмастырылған көпір арқылы көтеріп келеді.

Бал жинау шаруашылығын дөңгелетіп алып кететін жалғыз адам оның қырықты алқымдаған төзімді әрі батыл көмекшісі – Асхан. Ол Маулимен 15 жыл бірге жұмыс істесе де, Кулунг салтына сай оған аян берілген емес.

«Иә, маған да аян берілгенін қалар едім, бірақ неге екенін қайдам, әзірге ол маған бұйырмай тұр. Әрине, мен кәсібіммен былай-ақ айналыса берер едім. Алайда олай істегендердің соңы қайғылы аяқталды. Олар балаларынан, әкелерінен айырылды, үйлері құлап, егіндері шықпай қалды. Мен осыдан қорқамын», – дейді Асхан.

Бал жинау салты бойынша таңсәріде біз шаманның артынан еріп, джунглидегі шағын алаңқайға барамыз, ол жерден бал жартастарын көруге болады. Маули мен оның тобын қосқанда он адамбыз. Шаман алаңқайды айнала бамбук қазықты жерге қадайды да, оны ұзын арқанмен орап, қоршау жасайды. Ол азғантай ғана етті немесе өзге азық түрлерін арқанға іліп, май мақтадан жасалған хош иісті шайырды өртейді.

Бір бұрыштан шаман банан жапырақтарынан қос тақ дайындайды. Бірі – Рангкемиге, екіншісі – оның серігі, орман рухы Банескандиге. Тақтарға кепкен бұршақ, жүгері, күріш қоя­ды. Рангкемидің тағына бір шөлмек Джонни Уокер Ред Лэйбл вискиі қойылады.

Рәсім басталады. Тар шеңбердің айналасына біз, тақтар, қоқылдақ тауығы бар екі бамбук сөмке жайғасқан. Маули тақтың алдына барып басын иіп, қолын санына қойып, тізерлеп отырады. Шаман тікенекті қалақайдан желетке киіп, беліне түрлі-түсті бел орамал тағып алған. Ол біздің арамызда билеп, өзіне және қоршау­ға шақырып жатқан рухтарға ғана түсінікті әлдебір тілде әндетеді. Бір қолында – бамбуктен жасалған асатаяғы, екіншісінде сумен толтырылған шөлмегі бар. Ол асатаяғын шөлмекке батырып, біздің төбемізге су шашады.

Маули айтпақшы, ызақор араларға қарсы тұра білудің сыры – қорқынышыңды білдірмеу. Соған қарамастан, ол әр сапарында 20-40 рет араға таланып, қимылдаған кезде қолтығын арқан қияды. Ол ажыратқан ұяның бөліктері жерге шелекпен түсіріледі.

Солтүстік беткейдегі төбелерде өсетін рододендрон ағашының гүлі балға психотроптық қасиет береді.

Шаман тауықтың тамағынан бір тартып-ақ пышақпен бауыздап тастайды. Оның қаны барлығына шашырайды. Ол тауықтың басын ақырын ғана Рангкемидің тағына қояды да, қанын алып, Маулидің маңдайына жағады. Басы жоқ тауық аяқтарының астында ерсілі-қарсылы безек қағады. «Қоршаудан алыстамаңдар», – деп бұйырды шаман.

Шаманды естігендей бірнеше бал арасы таққа ұшып келеді. Қызық болғанда, рәсімді деректі фильмге түсіріп жатқан топтың камерасы кенет өшіп қалды да, қайта қосылмай қойды. Біздің топтағы бір кісінің биіктік өлшегіш сағатының барометрі ауа қысымының көтерілгенін көрсетеді. Бұл белгі күннің ашық болатынынан хабар берді. Алайда, керісінше, жаңбыр жауа бастайды.

Шаман өзінің алдынан көзге көрінбейтін бірдеңені ұстап алды. Оны қолына қысып ұстап, жұдырығын аузына апарып, ішінен әндетеді. Алақанын ашып, көрінбейтін әлденені қайтадан ну орманға ­босатып жіберді.

Рәсім бітіп, қоршаудан алыстай сала камерамыз қосылды. Барометрдегі қысым ауа райының нашарлайтынын нұсқап, бірден төмендеді. Бірақ, есесіне, бұлттардың арасынан күн сәулесі шашылып тұр.

Шаман Маулидің жанындағы тасқа жайғасып, Джонни Уокердің бір шөлмегін ашады. Қалғандары өлі тауықты жұлмалай бастайды.

Саддиге оралған соң Джанги Кулунг 90 метрлік арқан сатыны көрсету үшін мені үйіне шақырды. Маули мен оның қалған көмекшілері соңғы екі апта бойы жүздеген ұзын, жұқа бамбук жібінен саты жасап шығарған екен. Джанги – құрал-саймандарды сақтаушы. Ол соңғы 18 жыл ішінде осы кәсіптің ақылшысына айналған. Толықтығы мен қысқа әрі томпақ саусақтары оны тарамыс денелі арық бал жинаушылардан ерекшелеп тұр.

Джанги – туа біткен мәмілегер. Жергілікті орман комитетінен бал жинаумен айналысуға рұқсат алуда, Катмандудың және басқа жерлердің базарларында бал мен ара балауызын сату келісімшартын жасауда оған тең келер ешкім жоқ. Оның тәтті иісті қара кардамон толтырылған ауыр сөмкелері артылған қодықтары екі күндік ойқы-шойқы жолға түседі. Джанги ауылға кері қайтар жолда ауылдастарына батарея, тез дайындалатын кеспе, сұйықмай және сыра артып әкеледі. Джанги басқа ауылдастарына қарағанда оқи біледі және есеп-қисапты өзі жүргізеді. Ол бал жинаумен айналысатын сегіз адамға, олардың барлығы немере іні-ағалары, атқаратын міндеті мен тәжірибесіне қарай айлық төлейді. Ең көп айлық алатын Маули жылына екі маусым өліммен тең үш күндік жұмысы үшін жүз доллар алады. Бал жинаудан Джангидің қанша табатынын ешкім білмейді. Ол табысын ешкімге тіс жарып айтпайды, бірақ ауыл тұрғындарының арасында Катмандуда баспанасы бар жалғыз адам болса, ол – Джанги.

Жұмыстан соң сегіз бірдей бал толы ара ұясын құлатқан топ мүшелері мол олжаға кенеліп, демалады. Олар олжаның көбін Катмандуда сату үшін балауызға айналдырады. Негізі, бал жинау – жартылай ғана топтық жұмысқа жатқызылады. Тек Маули ғана ұяларды жартастан ажырата алады. Себебі ол – аян берілген соңғы омарташы. Бұл ескі салт осымен жойылып кетуі мүмкін.

Ол қалаға келген бойда «қымбат балын» Оңтүстік Кореяға тасымалдаумен айналысатын катмандулық сатушыға өткізіліп келді. Ол жақтағылар болса «бұл табиғи өнім жыныстық белсенділікті арттырады» деп сенеді екен. «Ұзақ уақытқа біз қалаған бағамызды қойдық. Содан Кореяда әлдебіреу балды тым көп жеп, көз жұмыпты», – дейді Джанги. Оның өлімінің себебі нақты анықталмай, тек өсек ретінде тараған. Нәтижесінде, Корея нарығында аталмыш балға деген сұраныс төмендеп, бағаның түсуіне әкеліп соқтырды. Джангидің айтуынша, осы себепті балды көп жеуге болмайды. Екі-үш шай қасық – ең дұрыс мөлшер. Шамамен бір сағаттан соң үлкен дәретке, кіші дәретке отырғыңыз келіп, лоқсисыз. «Тазаланған соң, сіз ақ пен қараны ажырата алмай, ештеңені анық көре алмайтындай жағдайға жетесіз. Құлағыңызға ызылдаған араның дауысы естілгендей болады. Толығымен есіңізді біліп тұрсаңыз да, қозғала алмай қаласыз. Осылайша, аяқ-қолыңыз күні бойы сізге бағынбайды», – дейді Джанги.

«Мен саған біраз бал беремін. Дәмін көрсең болады», – дейді ол.

Бал жинаушылар бастырмадағы ұзын ағаш орындықтарда отыр, ал олардың төбелеріндегі қалайы шатырға тарсылдатып бұршақ жауып тұр. Жауған бұршақтың дыбысы қатты шыққанына қарамастан, бал жинаушылар да жұмысқа шығатын-шықпайтындарын айғайлап талқылап жатыр. Майысқан құмыраға құ­йылған жапон сакесінен аумайтын тұнық, боза тектес ішімдік – раксиді отырғандардың бәрі кезек-кезек ішіп шықты.

Келесі таңда да жаңбыр тоқтамады. Түні бойы жауған жаңбырдан өзен бойымен сел ақты. Тұманның арасынан тоңазытқыштың көлеміндей жұмыр тастардың сынып, төбеден өзенге құлағанын көрдік. Бал жинаушылар ақылдасу үшін жиналды. Қиямен, шөп, мүк басқан беткеймен көтерілу мына жағдайда өзіңе қол жұмсағанмен бірдей. Бәлкім, Рангкеми айтқан шығар. Бал жинаушылар түндегі тоқтаған жерінен әрі қарай раксиді ішуді жалғастырды. Сағат таңғы жеті.

Бірнеше сағаттан соң Маули ракси сасып, жаңбырдың астында, ызалы аралар оның бет-аузын шағып тастайтынын біле тұра, адам нанғысыз сапарға аттанады.

Алайда оның қабілеті ме, әлде Рангкемидің жарылқауы ма, ненің қуаты екенін қайдам, әйтеуір, құжынаған арадан жардың беті әрең көрінсе де, ол көзгенекке жетеді. Маули бір уыс бықсыған шөбін кішкентай ғана қуысқа қойып, екі қолымен араларды қуа бастайды. Көзгенек дәл бір тірі жандай төменге барып құлап, тұманның арасында ғайып болады.

Маули ашатаяғымен араның ұясын шұқып, екінші ұшын көмекшілері жоғарыдан тастаған жіңішке бамбук арқанға байлайды. Ол ұзын бамбук ағашты иығынан асыра өткізіп, оның үшкір ұшын көзгенекке кіргізеді де, оны жартас­тан ажырата бастайды.

Бірнеше минуттан соң ұя құлап, арқанда салбырап қалады. Ал ауылдан шыққалы үні шықпаған Маули бар дауысымен айғай салады. Жартастың астында от жағып отырған екі жігіт өлі аралар жабысқан «жауыннан» бастарын қорғап, ала қашады.

Жардың түбіндегі өзеннің бойында Мау­лидің баласы балды, балауызды және құрал-саймандарды қайта ауылға алып қайту үшін күтіп отыр. Тұманның арасынан үсті-басы малмандай су болған, әбден шаршаған бал жинаушылар көрінді. Асхан Маулидің бетіне жабысып қалған тікенектерді тазалап жатқанда оның ұлы телефонын шығарып, бірінің артынан бірін суретке түсіре бастайды. Оның Facebook парақшасы бар. Бәлкім, суреттерді сонда жариялап қалар.

Непалдың басқа шалғай аудандарындағыдай мұнда да ұялы байланыс бар. Саддидегі барлық жастар қытайдың арзан смартфондарымен әлсіз 3G байланысына қосылу үшін белгілі бір уақытта жардың үстіне жиналады. Смартфонның арғы жағындағы әке-шешелерінің ауыр еңбекті талап ететін жұмыстарынан өзгеше өмір олардың жүректерінде әлемді тануға және табыс табуға деген құштарлықты оятқан.

«Бүгінде жастар салт-дәстүрді қадірлемейді. Осылай жалғаса берсе, біздің дәстүріміз жойылып кетуі мүмкін», – дейді Маули. Аян осы себепті ешкімге берілмей жатқанын үлкендер түсінеді. Аян берілген күнде де, жастар оны қабылдамайды.

Бал мен балауыз таратылып болған соң, еш таусылмайтын ракси қайтадан шеңберге қосылады. Не ойлап отырғанымыз туралы ешкім сөз қозғамайды: мүмкін, біз Маулидей адамзат тарихындағы ең соңғы бал жинаушымен әңгімелесіп те отырған шығармыз.

Маули құмыраны аузына апарып, жайлап қана ішеді. Ол жарға соңғы рет көз тастап, бамбук таяғын иығына іліп алып, үйіне қарай жүріп кетеді. Бірінің артынан бірі тізілген бал жинаушылар көсемдерінің артынан ілескен аралардай сап түзейді.


2017 ж. наурызында Марк Синнотт Өзбекстанның «Қара жұлдыз» үңгір жүйесі туралы жазды. Ренан Өзтүрк 2015 ж. қыркүйегінде жарияланған «Барсакелмес нүктесі» атты экспедицияның мүшесі болған.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля