..."/>
ЗЕРТТЕУ

Ас әзірлеудің азабы

Гуатемаланың Хокотенанго қалашығында тұратын Роза де Сапета: «Гуманитарлық көмек арқылы ашық отты пешімді таза пешке ауыстырғалы асүйге балаларым да емін-еркін кіре алатын болды», – дейді.

Әлемде үш миллиардтан астам адам ашық, яки жартылай ашық отқа тамақ пісіреді. Мұның қоршаған орта мен адам денсаулығына келтіретін зияны да көп.

Автор: Мишель Ниджхуис Фото: Линн Джонсон

Жексенбінің таңы. Орталық Гуатемаладағы Сан-Антонионың Агуас Калинтес қалашығында Эльбия Перез бен оның әпкесі, қыздары мен 18 айлық немересі дастарқанды алқалап отыр. Үстел үстінде – іші толы үлкен ыдыс. Жұқалай кесіліп, ет пен жолжелкен жапырағына оралған күнбағыс қамыры буға пісіру үшін дайын тұр. Бөлме іші әзіл-қалжың мен түтінге толып кетіпті. Көз ашытар өткір иісті көк түтін кеудедегі жөтелді шаншып оятатындай.

Мәселе бұл үйде дені дұрыс пештің бар-жоғында емес. 45 адамдық отбасының қабырғасы алюминий қаңылтырмен қапталған асүйінде бір емес, үш пеш тұр. Бірақ екі пілтелі газ плитаның отыны таусылған. Ал Перездер отбасында оны қайта толтыратын мүмкіндік жоқ. Халықаралық көмек қоры берген пеш қазан қоюға тым кішкентай. Сондықтан Перез сол баяғы ескі, қираған кірпіштен қаланған ағаш пешіне от жақты. Ол бұл пешті шамамен айына бір рет жағады. Пештен шыққан түтіннен асүй көрінбей қалса да, бұған ешкім мән бермейді. Себебі бұл аш қалуға қарағанда жақсырақ.

Гуатемаладағы Антигуа қаласының маңы. Сегіз айлық баласын көтерген Ангелика Эпатал Гарсиа қолдан жасалған пешке от жағуда. Әр от жаққан сайын отын жинауға кемінде 45 минут кетеді. Екі жыл бұрын Кимберли Галиндо үйіндегі ашық пешке қатты күйіп қалды. 10 жасқа келген қыз тыртығын көрсетпеу үшін әлі косметикалық ота мен физикалық терапиядан өтіп жүр.

Әлемде үш миллиардтай адам ашық немесе жартылай ашық пеште ас дайындап, үйлерін жылытады. Ондағы түтін тез сейілгенімен, адамға тигізер зардабы аз емес. Әдеттегі ас пісіру кезінде 400 шылымнан бөлінетіндей түтін шығады. Дамушы әлемде ыс жұту салдарынан болатын аурулар бойынша беске дейінгі балалар мен әйелдер арасында өлім көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Отыны дайын тұрғанның өзінде адамдар от жағу үшін аптасына шамамен 20 сағат уақытын жұмсайды.

«Таңертең өкпеміз түтінге толатын еді», – деп есіне алады Гуателама ауылдарының бірінде өскен Марко Тулио Гуерра. Оның ағасы бала кезінде пешке қатты күйіп қалыпты.

От жағу үшін отын керек. Ал мұның жасыл желектің азаюына әкеп соқтыратыны белгілі. Оған оттан бөлінген көмірқышқыл газын қосыңыз. Оның климат өзгерісіне мысқал да болса әсер етері сөзсіз.

1970 жылдары Гуатемалада болған ірі жер сілкінісінен кейін елге келген халықаралық гуманитарлық көмек ұйымдары ашық пешпен күнелткен елдің ахуалына куә болған.

Жаңа сары пеш жақсы, бірақ Этельвина Перез үшін дәу қазанда тамақ жасауға болатын бұрынғы ашық пеш ыңғайлы. Перездердің 45 адамдық үлкен отбасы қарапайым ғана үйде тұрады. Төменде: Мария Гарсиа Круз газ плитасы бар үйде өсті, бірақ күйеуі Венансио Хуарездің оны сатып алуға жағдайы жоқ. «Мен бұған үйрене алмай-ақ қойдым», – дейді ол. Балаларының тыныстауы қиындап кеткен.

Үй тірлігіне толық сай болуы үшін пеш те, оның отыны да қолжетімді және пайдалануға жеңіл болуы керек. Бұл екеуіне бірден қол жеткізу оңай шаруа емес. Сондықтан жаңадан алған пешінде пісірілген ас дәмсіз болып шықса, адамның көңіл күйін түсінуге болады. Халықаралық қоршаған ортаны зерттеушілер тобында істейтін гуатемалалық Экспедита Рамирез бұл мәселеде сыншыл әжелердің «басты қарсылас» екендігін айтады.

Алайда әжелер де жаңалықтарға көндіге алады. Гуатемаланың батысындағы таулы өңірде Рамирездің үлкен әжесі Евгения Веласкуез Орозко тұрады. Ол үйіндегі ашық-шашық пешіне мұржа қойылып, қолқаны қабар қою түтіннен құтылған күнді еш ұмытпайды. Қазір оның шөбере келіні газ пешіне бой үйретіп келеді. «Мен бәлкім, бұған да көндігіп кетермін», – дейді Веласкуез езу тарта.


Грант бөлуші – Пулицер дағдарыс орталығы.

Кішкентай плитаға қажетті пропан газын сатып алу үшін Роза Висенте Гарсиа мен оның жолдасы Гуатемала қалалық полигонында екі-үш күн жұмыс істеуі керек. Төменде: жеті жасар Таня Лопез қабырғалары ескі ашық пештің түтінінен қарайып кеткен бөлмеде мысығымен ойнап отыр. StoveTeam International ұйымы ұсынған жаңа плита пайдалануға тиімді әрі қауіпсіз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля