Жани Актман
Шабан лорилерге күріш берген, қытықтаған видеолар ғаламтор кеңістігін шарлап кеткеннен кейін, тостақ көзді жануарлар ерекше танымалдыққа ие болды. YouTube желісіндегі бейнероликтерге бұл мақұлықтың сұлулығына қатысты мыңдаған пікір жазылды.
Шабан лорилердің барлық түрі мына заңдармен қорғалады: Біріншісі – Оңтүстік Азиядағы жергілікті заңдар, екіншісі – жойылу қаупі бар жабайы жануарлардың халықаралық саудасы жөніндегі конвенция. Бұл – жабайы мақұлықтардың өмір сүруіне кедергі келтіретін сауданы болдырмауға арналған келісім. Дегенмен жыл сайын сансыз шабан лорилер интернет арқылы және жергілікті қарабазарларда сатылады.
Клиенттер оларды сүйкімді деп есептейді, алайда бұл мақұлық үй жануарлары секілді емес. Сатылмай тұрып өткір тістерін жұлып алып әбден қинайды. Олардың азабы мұнымен бітпейді. Оксфорд Брукс университетінің зерттеушілері 2016 жылы жүргізген ғылыми жұмыста жүздеген асыранды лорилердың онлайн видеосын зерттеп, нәтижесінде, «жануарлар күйзеліс жағдайында өмір сүріп жатыр» деген қорытындыға келген. «Олар – өте сезімтал, – дейді Индонезиядағы шабан лорилерді қорғау бағдарламасын жүргізетін Халықаралық жануарларды құтқару ұйымының өкілі Кристин Раттель, – олар түнде жүреді және қолға үйретуге көнбейді».
Тұмса табиғатта қанша лори қалғаны белгісіз, бірақ табиғат қорғаушылардың пікірінше, саны азайып барады. Табиғи ортаның шектелуімен бірге дәстүрлі Азия медицинасында жануар денесінің кей мүшелерінің емдік мақсатта қолданылуы да браконьерлікке жол ашуда. Раттельдің айтуынша, үй жануарлары саудасының жалғасуы лорилердың жойылып кетуіне әкеп соғуы мүмкін.
Олар мұндай қатерге душар болған жалғыз мақұлық емес. Гепардтар, арыстандар мен басқа да белгілі жануарлардың өмірі көбіне жертөле мен аулада үзілетін болып жүр. Сондай-ақ көпшілік біле бермейтін патша питоны мен ұзын құйрықты макака да солардың күйін кешеді.
БАЯУ ЛОРИЛЕРДІ ҚОРҒАУ
Бұл аналық Nycticebus bengalensis 2014 жылы Вьетнамның солтүстігіндегі ұлттық саябақта орналасқан Жойылу қаупі бар жануарларды құтқару орталығында суретке түсірілді. Кейін олар орман саябағына жіберіліп, қайта келуін бақылауға арналған мониторингтік баулар тағылады. Орталық директоры Соня Проссердің айтуынша, баяу қозғалатын бұл лори 2015 жылы бостандыққа жіберілген. «Ол әлі сонда жүр», – дейді маман.