..."/>
ЗЕРТТЕУ

Дубай дидары

Заңғар көктен көз салу үшін әлемнің ең биік ғимараты 828 метрлік «Бурдж-Халифке» туристер көп келеді. Опера үйі – жаңа, бір қабатты ғимарат.

Он жыл бұрын әмірлік астанасы әлемдегі экологиясы нашар қалалардың бірі болатын. 2050 жылға қарай ол жасыл қала деңгейіне шықпақ. Мүмкін бе?

Дубайға қалай «мақтанса» да жарасады. «Жасыл ғаламшар» кешеніне келушілер 25 метрлік жасанды ағашты айналып жүр. Бұл – 3 мың тропикалық өсімдік пен жануарлар әлеміне пана бола алатындай кешен. Ол «әлемнің ең биік ағашы» деп айтылады. Бұл биокешен қалада саны артып келе жатқан «жасыл ғимараттардың» бірі саналады. Қуат көзінің тиімділігі бойынша жоғары стандарттарға сай.

Автор: Роберт Кунзиг, фото: Лука Локателли

Дубайдың «батылдығына» көз жеткізу үшін алдымен шаңғы тебіңіз. Батыл демей қайтерсің, өткен отыз жылда арабтардың шөл даласында бетоннан, әйнек пен темірден заңғар да зәулім сарайлар қаз-қатар бой көтерді. Әуеден көз тастасаңыз, «Әмірліктер Моллы» сау­да кешенінің көлбеу шатыры жерге қадалған, күмістен жасалған ғарыш кемесіндей көрінеді. Ski Dubai шаңғы демалыс саябағының әйнек есігінен ішке кірмес бұрын сауда кешені ішінде әлемдік брэндтердің өнімін тамашалай аласыз.

Мен сатып алған футболкада «Мен +50 градустан -8 градусқа ауыстым», – деп жазылған. Ылдида салқындық тым қатты сезілмегенімен, сыртта жазды күндері ауа температурасы +50 градусқа дейін жетеді. Теңіз жақын болғандықтан болар, ылғалды ауа тымырсық келеді. Жаңбыр сирек жауады. Ондағы жауын-шашын мөлшері жылына 100 мм-ден де төмен. Дубай ішімен ағып өтетін өзен де жоқ. Бұл өңірде егістікке жарамды топырақ та жоқ.

Ендеше, мұнда адам не себепті қоныстануға әуес? Дубай ғасырлар бойы жұпыны балықшылар ғана тұратын шағын сауда айлағы болып келді. Кейіннен мұнай өндірісі мен жылжымайтын мүлік нарығындағы сілкініс қаланы сәулет өнерінің небір ғажап туындылары, әлем бо­йынша ең үлкен (үштікке кіреді) әуежайы бар алып шаһарға айналдырды.

Тұрақтылық? Дубай? Экономикалық дүмпу жылдарында қала молшылықтың үлгісіне айналып, нәтижесінде, арзан энергия экологиялық бейқамдықты тудыратынын көрсетті. Дубайдағы алып ғимараттардың ауа салқындату жүйесіне әлдеқайда көп жанармай жұмсалады. Осы ғимараттар ішіндегі шүмектерден су толассыз ағып тұру үшін күн сайын жүздеген олимпиадалық бассейн­ге тең мөлшерде су теңізден алынып, ысытылады. Сәні мен салтанаты келіскен қонақүйлердің алдында жағажайлар мен жасанды аралдар салу үшін маржан кедертастары жұмсалды.

«Скай Дубай» жобасы – Таяу Шығыстағы алғашқы жабық шаңғы кешені. Әмірліктіктер Альпі тауларына бармас бұрын осы кешенде дайындалады. Бұл – ЭКСПО-2020 көрмесі қарсаңында салынған ғимараттың бірі. Алты айға созылатын көрмеге 25 млн. адам келеді деп жоспарланып отыр.

2006 жылы Дүниежүзілік табиғат қоры (ДТҚ) Біріккен араб әмірліктерін тұрғындарының жан басына шаққанда ең ірі экологиялық ықпалы бар ел деп таныған. Басты себеп – көмірқышқыл газы эмиссиясы. Бұл, әрине, Дубайға қатыс­ты. Оған негіз де жоқ емес. Себебі Әмірліктер ішінде ең бірінші көзге түсетін де – осы қала. Содан бері арада он жыл өткенде қала халқы екі есе артып, 2,8 миллионға жетті. Десе де, бұл қала 2006 жылдан бері батыл қадамдарға бара бастады. Дубай бүгінде айтарлықтай өзгерген.

Жүргізушісіз жүретін метро пойыздары Шейх Зәйд жолымен жоғарғы жылдамдықпен жүйіткиді. Ол тасымалдайтын күнделікті жолаушылар саны 12 жолақты жолдың мүмкіндігіне теңесті. «Тұрақты қала» деп аталатын жаңа тұрғын үй құрылысында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жүйесі пайдаланылады. Соның есебінен тұтынылатын энергия қуаты артығымен өндіріледі. Дубай билігі бүгінде шөл далада күн энергиясынан қуат алатын алып зауыт салып жатыр. Мамандардың айтуынша, аз уақыттан кейін ол жер бетіндегі ең арзан әрі ең таза электр қуатын өндіретін болады. «Экономиканың өсуі эмиссиялар бо­йынша шара қабылдамай тұрақты болмайтынын биліктегілер түсінді», – дейді Танзиид Алам. Ол Әмірліктердің табиғат қорғау қоғамында энергетика жөніндегі директор қызметін атқарады.

Дубай әкімі – жоғары мәртебелі Шейх Мұхаммед бин Рашид әл-Мактум. 68 жастағы тақ мираскерін «әмірші» деп те атайды. Шейх Мұхаммед билікке 2006 жылы келді. Ол 2050 жылға таман қалада тұтынылатын энергияның 75 пайызын таза көздерден өндіруге тапсырма берді. Ол қаладан шығатын көмірқышқыл газдың мөлшері әлемдегі ең төмен деңгейде болғанын қалайды. Жуырда барған сапарымда кездескен адамдардың көбі, соның ішінде Рос­ток пен Алам да бұл мақсатқа жетуге болатынын айтады. Егер ол жоба осы жерде толықтай жүзеге асса, басқа жерде де іске қосыла алады.

Шейх Мұхаммед майшам жарығын пайдаланған, ауылда суды есек арбамен ауыл шетіндегі құдықтан тасып өскен. Ол үй оның әмір болған атасына тиесілі еді. Әл-Мактум әулеті Дубайды 1833 жылдан бері билеп келеді. Шейх Мұхаммедтің әкесі Шейх Рашид бин Саид әл-Мактум да осы үйде өскен және жас кезінде ашаршылықты бастан өткерген. Жаһандық дағдарыс пен жасанды өсірілетін інжу тасы өндірісі су астынан інжу теру кәсіпшілігін тұмшалап тастады, бұл қаланың негізгі күнкөріс көзі болатын.

1958 жылы билікке келген Шейх Рашид 60 жылдардың соңында мұнай кәсіпшілігінің дами бастауымен Дубайдың өркендеу кезеңінің негізін қалады. Ол аз уақытта қалаға электр қуатын жүргізіп, су тартып, асфальт жолдар салдырды. Мектеп, әуежай құрылысымен қатар, 1979 жылы 39 қабаттық Дүниежүзілік сауда орталығын (қазір «Шейх Рашид» мұнарасы деп аталады) тұрғызды. Бұл орталық сол уақытта Таяу Шығыстағы ең биік ғимарат болатын.

Інжу кәсіпшілігі көпке созылмады. Шейх Рашид мұнай индустриясы да мәңгілік болмайтынын білді. Біріккен араб әмірліктерінің мұнай бизнесінде Дубайдың үлесі азғантай, негізгі үлес Әбу-Дабиге тиесілі. Осыны ескерген Шейх Рашид Сауда орталығы ғимаратын салған, 1979 жылы Дубай әлі де әлемдік сауданың орталығына айналмай тұрып-ақ ол осы мақсатқа жұмыс істейді. Сол жылы ол Крик деп аталатын теңіз сағасынан 40 шақырым қашықтықта Джебель Алиде бұрынғыдан да үлкен екі айлақ салдырады.

Тұрақты қала жобасының жинақы көшелерінде орналасатын 500 вилла бірін-бірі көлегейлеп тұрады. Бұл ауаны салқындату қажеттілігін азайтады. Әр виллада күн батареясы панельдері бар, «таза нөл энергиялы» үйлер өзіне қажетті қуатты өндіріп, 11 күмбезді жылыжайда көкөніс өсіріледі.

Оның ұлы Мұхаммед осы екеуі арасындағы бос кеңістікті толтырып, Дубайды сауда-саттықтан бөлек, адам сенгісіз туризм және жылжымайтын мүлік бизнесінің орталығына айналдырды.

Қала жағалау бойымен үздіксіз үлкейе берді. Ол Парсы шығанағына дейін жайылып, миға сыймас мөлшерде құм төселіп, қолдан жасалған аралдар пайда болды. «Дубайдың қалай өркендегеніне қарасаңыз, қаланың шөлге қарай да созылып бара жатқанын көресіз», – дейді Яссир Эльшештави. Шыққан тегі – мысырлық, өзі америкалық Яссир есімді сәулетші жиырма жыл әл-Аиндегі БАӘ университетінде дәріс оқыған. «Маған қай жағынан болсын шектеу болған жоқ. Энергия арзан, көлік те бар. Ендеше, оны неге пайдаланбасқа?».

Шейх Мұхаммедтің талабы әкесінің армандарынан да зор шықты: ол Дубайдың әлемді артта қалдырып, арабтардың орта ғасырлардағыдай новатор бола алатындарын көрсеткісі келеді. Оның осы күнге дейінгі стратегиясы – әлем назарын Дубайға аудару. Саны бірнеше мың ғана арабтың әрең күн кешіп жүргеніне көп уақыт бола қоймаса да, бұл жерде қазір 2,8 млн. адам тұрады. Олардың 90 пайыздан астамы – шетелдіктер. Ал мына ми қайнатар шөл далада олардың бабын табу оңай емес.

Бұл күндері Дубайда электр қуаты мен су мөлшері жетіп-артылады. Оның түгелге дерлігі Джебель Алидегі төрт шақырымға созылған индустриалдық зауытта өндіріледі. Мұнда Дубайдың электр қуаты және сумен қамтамасыз етуге жауапты құзыретті органы (DEWA – Dubai Electricity and Water Authority) 10 Гвт электр қуатын өндіру үшін табиғи газ жағады. Қалған жылу көзі теңіз суын тұщылау үшін қолданылады. Мұнда тәулігіне екі млрд.литр су өңдеуден өтеді. Газ құбыр арқылы Катардан (маусым айын­да БАӘ-нің бұл мемлекетпен қарым-қатынасы суыды) және танкерлермен АҚШ-тан келеді.

Күннен қуат алатын «Бурдж-әл-Араб» қонақүйі жанындағы «Джумейра» жағалауында орналасқан 6 метрлік «ақылды пальма» тек көлеңке ғана емес, Wi-Fi, телефонды қуаттау, жарық бағаны, хабарландыру тақтасы, қауіпсіздік камерасы және жедел жәрдем шақыру қызметтерін де атқарады.

Біз мұнайға бай деп білетін шағын әмірлік – Дубай өзінің тіршілік әрекетін сақтау үшін шикізат қорының импортына тәуелді. DEWA мекемесінің бір қызметкері шикізатқа тәуелді болу қандай болатынына менің көзімді жеткізу үшін бір қолымен өзін қылқындырды. Осы «қылқынудың» нығметі бар: бұл адамды ойлау­ға, қиындықтан шығуға талпындырады.

2008-09 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысы Дубайдың қарқынды дамуына тұсау салғандай болды. Туризм көрсеткіштері күрт төмендеп, жылжымайтын мүлік нарығы да тоқырап қалды. Дубай қарыздарынан құтылу үшін Әбу-Дабидің көмегіне жүгінуге мәжбүр еді. «Экономикалық дағдарыс, біз үшін, бәлкім, жақсы да болған шығар, әр қайғының артының қайыры бар дегендей, – дейді Хабаба әл-Мараши. Ол – Әмірліктердің экологиялық тобының қосалқы құрылтайшысы, қайта өңдеу және оқыту тобын басқарады. Дағдарыс естен тандырар құрылыстың аптығын басқандай болыпты.

Қала өзінің даму жолын қайта қарауға көшті. Бұл Шейх Мұхаммедтің өз компаниясы – «Дубайхолдингтегі» қызу талқыға түскен мәселелердің бірі. «Дубайдағы шамадан тыс жылжымайтын мүліктерді электр қуатымен қамтамасыз етудің басқа қандай жолдары бар?» – дейді энергетика жөніндегі консультант Робин Милс. Ол сол жылдары осы мекемеде қызмет еткен. Бұл уақытта «жасыл экономика» идеясы әлемде кең тарала бастаған болатын, әлемдегі алғаш көміртегіге тәуелсіз, энергияны күн қуатынан алатын Масдар қаласы жобасы Әбу-Даби құмында да қызу талқыға түсті.

Дубайдың ондаған гольф клубы бір жылда келетін 15 млн туристің назарын аударуға үміт артады. Фервей мен ойын алаңдарын жасыл күйде ұстап тұру үшін қайта өңдеуден өткен кәріз суы пайдала-нылады.

Ең маңыздысы, күннен алынатын энергия құны арзандай түсті. Өткен ақпан айында қаладан 50 шақырымдағы Мұхаммед бин Рашид әл-Мактум күн электр стансасында болғанымда DEWA мекемесі 200 МВт өндіретін күн батареясы панельдерін орнату жұмыстарын аяқтап жатты. Олар бір кВт қуат алу үшін 2,99 центтен келетін тағы 800 МВт қондырғысын орнатуға мүмкіндік беретін келісімшартқа қол қойыпты. Жоспар бойынша, 2030 жылға қарай ол стансада 5000 МВт қуат өндірілетін болады.

«Күн энергиясының потенциалы өте зор, – дейді Милс, – миллиондаған гектар жер шөлде бос жатыр, шатырларда да қанша орын бар. Электр қуатын өндіру – мен үшін шешімін тап­қан мәселе».

«Қаржылық дағдарыстан кейін Дубай электр қуаты мен суға деген сұранысты шектеуге тырысуда. Бағалар айтарлықтай өсіп (бірақ оларға әлі де субсидия бөлінеді), қуат пен судың шегі жоқтай қарайтын тұрғындар саны азайды», – дейді Саид әл-Аббар. Ол Әмірліктердің «Жасыл ғимарат» кеңесін басқарады. «Мен үлкен өзгеріске куә болып отырмын», – дейді әл-Аббар. Ол Дубайдағы алғашқы «таза нөл энергиялы» кеңсе ғимараттарының бірін жобалауға көмектесіп жүр. Бұл нысан өзі қажетті мөлшерде ғана қуат өндіреді.

Алғашқы «таза нөл энергиялы» ғимарат құрылысы қаланың оңтүстігінде басталды. Жобалаушы Фарис Саидтің айтуынша, тұрақты қала жобасының құпиясы көлік тұрағын қалқалайтын және шатырдағы күн батареясы панельдерімен, тіпті әр үйге жылы су жеткізетін бөлек-бөлек қондырғылар орнатылады. Жобада қарапайым әдіс қолданылады: 500 үй L әріпі пішінінде тар көшеде «Крик» айлағы жанындағы ескі үйлер сияқты, бір-бірін көлеңкелей, тақалып салынады.

Осы жұмыстар өз нәтижелерін бере бастады. Үкіметтің мәлімдеуінше, қала тұрғындарының жан басына шаққандағы су мен қуат пайдалану мөлшері айтарлықтай кеміген. Соған сай Дубайдың ауа тарататын көмірқышқыл газының да көлемі азайып отыр. Дәл қазір Дубайдың әрбір тұрғыны жылына орта есеппен 18 тоннадан кем көмірқышқыл газын «шығарады». Бұл Америкадағы көрсеткіштен сәл ғана жоғары. Саидтің жаяу жүргіншілер үшін қолайлы етіп жасаған жобасында тұрғындар мейрамханаға, дүкенге, мешіт пен мектепке жаяу еш қиналмастан бара алады. Бірақ Дубайдың басқа да аудандарына жету үшін әлі де болса 16-25 шақырым жолды көлікпен жүріп өтуге тура келеді. Бұл жағынан метро тиімді болғанымен, ол «тұрақты қала» ауданына бармайды.

Ұзындығы үш шақырымнан асатын су каналы Парсы шығанағы мен қаланың табиғи айлағын жалғап тұр. Бұл 1959 жылы қаланың жаңашыл әміршісі ойластырған жобаның ішіндегі маңыздысы саналады. Жоба жағалаудағы бөлшек сауда, үй салу, яхта айлақтары мен паром қызметіне арналған.

Жобалаушылар адамдардың бір жерден екінші жерге қалай баруға болатындығын ой елегінен өткізуде. Джанус Росток «Бурдж-Халиф» айналасындағы жерді қайта өзгерту жобасына жетекшілік етеді. Ол метро, «Бурдж әл-Араб» қонақүйі және Дубай Опера ғимаратының жобаларын дайындаған Atkins компаниясында аға сәулетші болып істейді. Жоба бойынша бұл алаңда адамдардың серуендеуіне арналған бір қабатты дүкендер мен мейрамханалар болады. Шейх Мұхаммедтің «Дубайхолдинг» компания­сы Mall of the Emirates ойын-сауық орталығы жанында 1,6 шақырымдық түрлі мақсаттағы нысандар жобасын жасап шықты. Ол «Джумейра Централ» деп аталатын ол жерде жүздеген шағын ғимарат салынбақ.

Дубайдың болашағы қандай болатыны туралы әмірліктіктер мен шетелдіктерден жақсы пікір естідім. «Бізде ресмилік шамалы, – дейді қала әкімшілігінің бас директоры Хусейн Лута, – мұнда жобаларға кететін уақыт күнмен есептеледі. Басқа жерде жылға созылады». Мәселе тек бюрократияның болмауында емес, саяси партияларсыз немесе еркін дауыс берусіз, әмірші рұқсат еткен жобаларға қарсы келетіндер қарасы шамалы.

Қарқынды даму жылдарында осы жүйеден Дубайдың аумағы кеңейіп, 300 жасанды аралдан құралған архипелагте (мемлекеттердің картасы тәріздес пішінде) әлі күнге дейін ешкім тұрмайды. Себебі ол жіті ойластырылмаған жобалар қатарына кіріп отыр. Бірақ осы жүйенің арқасында Дубай метросы пайда болды.

Мүмкін, үміттің ең үлкен себебі экологиялық міндеттемелердің экономикалық талаптармен бір қатарға енуі шығар. Бұл тек күн энергиясының арзан болуы ғана емес. Ростоктың айтуынша, Дубай қазір түрлену үстінде және адамдарды тарту үшін басқа қалалармен жарысып келеді. Ал оған тұрақтылық қажет. «Біз Дубайды да және ол туралы ойды да өзгерткіміз келеді», – дейді Росток.

Бірақ қала даму қарқынын баяулатуға ниетті емес. Дубай халқы 2030 жылға қарай екі есе көбейіп, бес миллионға жетпек.


Экология шолушысы Роберт Кунзиг пен фотограф Лука Локателли бұдан бұрын Германияның жаңартылмалы энергия төңкерісі мақаласын дайындаған.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля