..."/>
САЯХАТ

Үйсіз һәм үмітсіз…

Кутупалонг лагеріндегі лашығының жанында тұрған босқын әйел. Мұнда тұратын рохинджа халқының көбі Мьянмада басталған әскери лаңкестіктен қашып келген.

Азғантай ғана мұсылман рохинджа халқы Мьянма буддистерінің қанішерлігінен зардап шегіп келеді. Іргелес Бангладеште босқындарға лагерь ұсынылғанмен, ол жерде де өмір жетісіп тұрған жоқ.

Автор: Брук Лармер, фото: Вильям Дэниельс

Биле!» – деп офицер қорқыныштан дірілдеп тұрған қыз­ға дүрсе қоя берді. Небәрі 14 жастағы Афифи мен он шақты рохинджалық қыз-келіншек айдаладағы бір қашаға қамалған. Өткен жылы қазанда олардың батыс Мьянмадағы ауылдарын солдаттар басып алғанда, ерлер мен балалар бас сауғалап, орманға тығылуға мәжбүр болды.

Сол сәтте, Афифа тән ләззатына құмартқан солдаттардың екі әйелді күріш алқабына сүйрелеп әкетіп бара жатқанына қарап қалған болатын. «Қазір дереу билемесең, сені бауыздаймыз», – деп жынын шашты офицер. Көз жасына булыққан Афифа әрі-берлі тербелгендей болды. Солдаттар «ритмге» қол шапалақтап тұрғанда, офицер оның белінен құшақтаған күйі: «Уһ, енді жақсы болды ғой, солай емес пе?» – деді ыржалақтап.

Афифа есіне алып отырған бұл оқиға 2015-2016 рохинджа халқына жасалған қиянаттың басы еді. Олардың саны 1,1 миллион шамасында, Мьянманың Ракхайн штатында үйсіз-күйсіз қауіп-қатерде тұрып келеді. Рохинджа – әлемдегі ең аз ұлттардың бірі. Буддистер өктемдік етіп тұрған мемлекетте осы азшылық ұлт мұсылман дінін ұстанады. Рохинджалардың айтуынша, олар – бұл жердің байырғы халқы. 1982 жылы сол уақыттағы әскери үкімет оларды азаматтықтан айырды. Қазір олар Мьянма мен Бангладеште заңсыз иммигрант болып жүр.

Бес жыл бұрын буддистер мен мұсылмандар арасында болған қақтығыста жүздеген адам көз жұмды. Мешіттері мен үйлері отқа оранған 120 000 рохинджа шатырда тұруға мәжбүр. БҰҰ–ның деректері бойынша, Бирма әскері төрт айға созылған лаңкестік науқан кезінде адамдарды қырғынға ұшыратты. Жаппай тұтқынға алып, ауылдарды қиратып, әйелдерді зорлады. Рохинджа баскесерлері шекара бекеттеріне шабуыл жасап, тоғыз полиция қызметкерін өлтіргеннен кейін басталған қырғын салдарынан шамамен 74 мың рохинджа шекараның арғы бетіндегі Бангладеште орналасқан босқындар лагеріне кетуге мәжбүр болған.

Босқындар Кутупалонг лагерінің сыртындағы Кокс-Базар қаласы маңында WorldFood бағдарламасының азық-түлік кезегінде тұр. Бангладешке Мьянмадан жарты миллиондай рохинджа босып келді.

2017 жылдың тамыз айында Бирма қарулы күштері рохинджа ауылдарына баса–көктеп кіре бастады. Қанды қырғын салдарынан жүз мыңдаған рохинджа өкілдері үйлерін тастап, Бангладештегі босқындар лагеріне ағылып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Жағдай рохинджа сарбаздарының 25 тамыз күні қауіпсіздік күштеріне оқ атып, ондаған адамды қырғаннан кейін лап етті. Ел әскерінің жауабы көп күттірген жоқ. Ауылдар жермен–жексен болып, жүздеген адам көз жұмды.

Солдаттар Афифаның ауылынан кетіп бара жатып, күріш алқабына от қойып, үйлерді тонаған. «Біз үйімізді тастай алмадық», – дейді Афифаның әкесі Мұхаммед Ислам. Ол мұны маған отбасының 11 мүшесінен бесеуі Бангладештегі босқындар лагеріне кеткен наурыз айында айтқан болатын.

Бирма солдаттары үйін өртеген кезде Нұр Айша ішінде қалып, беті мен қолын күйік шалған. Босқындар лагеріндегі бамбук мешітте ерлер намаз оқып жатыр. Рохинджа халқы – мұсылман, ал Мьянмада буддистер үстемдікке ие. Буддистер рохинджа халқына өшпенділікпен қарайды.

Босқындар баспаналарын ағаш-жұғаштан құрастырып алады. Бірақ осы жұпыны лашықтардың өзі мамырдағы циклон кезінде құлап қалған. Жергілікті медициналық қызметке қол жеткізе алмағандықтан, рохинджа әйелдері халықаралық ұйымдарға жәудіреп қарайды.

БҰҰ-ның Мьянмадағы адам құқықтары бойынша арнайы өкілі Янги Лидің айтуынша, әскери шабуылдарды адамзатқа қарсы қылмыс деуге «әбден болады». Ал жарты ғасырлық әскери биліктен кейін келген Мьянма көшбасшысы Сан Суу Ки де солай ойлайды. «Этникалық тазалау жүріп жатыр деп ойламаймын». BBC арнасына ол дәл осылай деді. Әскери кеңеске қарсы ұзаққа созылған күресі үшін Нобель сыйлығын алған Аунг Сан Суу Кидің кінәлілерді жауапқа тартуды былай қойғанда, мұндай айуандыққа қарсы шықпауын адам құқықтарын қорғау белсенділері де түсіне алмай дал. Афифа, оның әкесі мен үш бауыры бес ай бойы қашып жүрген. Олар Мьянма мен Бангладешті бөліп тұрған Наф өзенін алғаш рет кесіп өтпек болғанда Бирма патрульдік кемесі олар мінген қайыққа оқ жаударып, бірнеше адамды опат етті. Босқындар саны 500 мыңға жетті. Олардың көбі шекара бойына созылған лагерлерьде өмір сүруге мәжбүр. Ал Афифаның анасы мен қалған бес бала әлі Мьянмада жасырынып жүр.

Жасы қырыққа келген Нұр Айша әскерилер оның үйін өртеген кезде, ол үйде болғанын айтса, 14 жасар Аджим Алла күйіп қалған сол қолын көрсетті. Ол медреседен келгенде, полиция атқан оқ оның сол қолына тиген еді. Сол түні оның үш досы оққа ұшып, қаза тапқан.

Нган Чаунг ауылынан шыққан 27 жастағы Ясмин өзін бес жасар қызының көзінше солдаттар кезекпен зорлағанын айтады. Оның басына келген сұмдық бұл ғана емес, ол сегіз жасар баласын күріш алқабынан арқасына оқ тиген күйінде тапты. «Ол жерде біздің өмір сүруімізге еш мүмкіндік қалмады», – дейді ол көз жасына ерік беріп.

Мына рохинджалық Бенгал шығанағындағы бір ауылда тұрады. Жерге эрозия болдырмау үшін ол ағаш егіп қойған. Жанында жағалауға келетін туристерге арналған қонақүйі де бар.

Афифаны соңғы рет көргенімде ол болашақ лашығының орнын сыпырып, ал әкесі әр бұрышқа бамбук шыбықтарын қадап жүрген болатын. Мамыр айының аяғында соққан дауыл Балухали лагеріндегі лашықтармен бірге олардың да панасын қиратып кетті.

Ракха­йн­­да әскери операциялар қайта басталғаны жөнінде ақпар бар. Төбеге үйірілген қасірет бұлты бір сейілер емес.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля