Құм бетіне құлақ салып тыңдасаңыз, бiресе – адамның айқайы, біресе – әдемi әуен, енді бірде үрейлі гүріл естіледі. Кейде күңіренген, күрсінген, сыңсыған құдды бір тірі мақұлықтың әлдекiмге айбат шеккен дауысына ұқсайды.
Әртүрлі дыбыс құмның жоғарыдағы түйiршiктері төмен қарай сусып, сырғығанда оның көлеміне, сырғу жылдамдығына қарай шығады. Күз-қыс айларында, яки құм өзіне ылғалды көбірек сіңіріп алған кезде және жауын-шашынды күндері дыбыс мүлде естілмейді. Ал миллиондаған жыл бұрын түзілген құмтау сан мәрте желмен сапырылса да, не себепті басқа жаққа көшіп кетпей, өз орнында қалып қоятыны таңғалдырады.
Геология ғылымының кандидаты Жамбыл Жолдыбайұлының пікірінше, Үлкен және Кіші Қалқантаулардан айнала соққан жел құмның басқа жаққа көшіп кетпеуінің басты себебі.
Айғайқұмға қатысты жергілікті халық арасында аңыз-әңгімелер де баршылық. Аңыздың бір нұсқасы бойынша қара ниетті бір адам құм астында қалып қойып, жаны қиналғанда осылай айғайлайды десе, екінші нұсқа оны дуаланған сұлудың жылаған дауысы деседі. Туристер мұнда, әсіресе, сәуір-қазан айларында серфингке жиі келеді.
Алматы облысында орналасқан Айғайқұмның биіктігі – 150 метр, ұзындығы 3 шақырымнан асады.
Сапар Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Автор: Дәурен Құдайберген, фото: Ерболат Шадрахов