..."/>
САЯХАТ

Бақытты ел деген қандай ел?

Дания
Жас жігіттер Копенгагенде бес метрлік биіктіктен суға секіруде. Өздері қалыптастыр­ған қоғам оларды физикалық белсенділікке шақырады. Даниялықтардың дүниежүзінде артық салмақтан зардап шегу бойынша ең төмен көрсеткішке ие болуының сыры – осында. Дүниежүзіндегі бақыт туралы есепте бұл мемлекет тізімнің жуан басында тұр.
Кори Ричардс

Дания, Коста-Рика, Сингапур. Үшеуіне ортақ нәрсе не? Олардың халқы өзін қауіпсіз сезінеді, мақсаттары – анық, өмірінен ләззат алады. Бұлар – күйзелісті жеңіп, қуанышты көбейте білген елдер. Оған олар қалай жетті?

Коста-Рика
Ареналь жанартауы солтүстіктің құнарлы жазығында жайылып жүрген жылқының фонындағы көркімен көздің жауын алады. Елдің таулы аймағы үлкен шаруа қожалығын ашуға қолайсыз, сондықтан өңір ешқашан алып жер иеленушісін көрмеген. Коста-Риканың шағын кәсіпкерлері сайлаған президенттер білімге басымдылық беріп, елді таза сумен қамтамасыз еткен, әлеуметтік қауіпсіздікті қалыптастырып, ауылдарға тегін клиника ашып берген.
Роберт Хардинг, Аурора

Автор: Дэн Бюттнер фото: Кори Ричардс және Мэтью Пали

Әлемдегі ең бақытты адам кім?

Ол Алехандро Суниго болуы мүмкін. Орта жастағы, балалы-шағалы ол күніне кемінде алты сағат уақытын адамдармен араласуға жұмсайды. Түнде кем дегенде жеті сағат ұйықтап, жұмыс орнына жаяу барады. Күнделікті жеміс-жидек пен көкөністің өзіне тиесілі алты порциясын жейді. Оның жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспайды. Өз ісін жақсы көреді әрі әріптестерімен бірге жұмыс істегеннен ләззат алады. Аптасына бірнеше сағат ерікті ретінде түрлі шараларға қатысады. Қысқасы, ол күнделікті ісін өзін бақытты ететін нәрселерге арнайды. Өйткені ол Коста-Риканың жасыл, тыныш орталығында өзімен бір пікірдегі адамдармен бірге тұрады.

Келесі үміткер – Сидзе Клемменсен. Ол өзінің сүйікті жары және үш кішкентай баласымен бірге тар жатақханада тұрады. Мұнда олармен бірге басқа да адамдар бар. Отағасы Сидзе өзінің әлеуметтанушы мамандығы бойынша қызмет етеді. Жұмысы жеңіл деп айта алмайсың. Аз жалақысынан көп салық төлегенімен, денсаулық пен білім беру қызметін тегін пайдаланады. Ол да, бала-шағасы да күнделікті велосипедпен жүреді. Сидзе Клемменсен тұратын Данияның Ольборг қаласының тұрғындары «үкімет бізді қандай қиындықтан да қорғай алады» деген сеніммен өмір сүреді екен.

Сингапур
«Суперағаштар» деп аталатын күн нұры шамдары 200-ден астам өсімдік түрін бейнелейді. Бұл нысандар Шығанақ бағының шынарлары есептеледі. Аумағы бірге күтімі ерекше, рекультивацияланған жер телімінде салынған бақ Сингапурдың жаһандық қала болуға деген ұмтылысының айқын көрінісі.

Кезектегі келесі адам – Дуглас Фу. Табысты кәсіпкер мінген BMW көлігінің бағасы – 750 мың, ал тұрып жатқан үйінің құны 10 миллион АҚШ доллары шамасында. Үйленген, мектеп жасындағы төрт баланың әкесі. Балалары – оқуда озат. Дуглас Фу жоғарғы оқу орнында оқи жүріп-ақ өз компаниясын ашқан. Ісі ілгері қарай қарыштап басқан тұста, яғни қазіргі таңда компаниясы 59 млн АҚШ долларына бағаланатын көпұлтты кәсіпорынға айналып шыға келді. Қызметкерлері, серіктестері мен қалың елдің алдында зор беделге ие. Ол жетістікке жету үшін сөзсіз көп тер төкті, алайда Сингапурдан өзге жерде осындай бақытқа ие бола алмасын анық біледі және басындағы бақытын бағалай алады.

Суниго, Клемменсен және Фу үштігі бізге бақыттың үш мысалын көрсетеді. Үшеуінің өмірі өзіндік ерекшелігі бар түрлі-түсті үш жолақ іспетті. Бұл жолақтарды біз ләззат алу, мақсат қою және мақтан ету сезімдерінің жиынтығына баласақ дәл келетіндей. Ал олар тұрған мемлекеттерді бақыт гүліне су құйған бағбанға теңеуге болады. Біз бұл елдерді шарлай жүріп, мақаламызда ондағы адамдардың басқаларға қарағанда неліктен бақыттырақ екендігінің сырын барынша ашып көрсеткіміз келді.

Басқа коста-рикалықтар сияқты Сунига да өз өмірінен барынша ләззат алады. Ғалымдар бақыттың мұндай түрін курсив деп атайды. Зерттеу барысында адамдардан соңғы 24 сағат ішінде қаншалықты жиі күлімдегені, күлгені немесе қуанғанын сұрау арқылы бақыттың «өлшемі» анықталды. Аталмыш елдің азаматтары, басқа жерлерге қарағанда, шаттық сезімін жиірек сезінетіндерін айтады.

Gallup компаниясы Клемменсеннің елінде сауалнама жүргізіп, «кеше қызықты не үйрендіңіз» болмаса, «сүйікті ісіңізбен айналыстыңыз ба» деген сауалнама арқылы бақыттың өлшемін шығарыпты. Соңғы қырық жылда Еуропа бойынша бақыт рейтингін бастап тұрған Данияда адамға өмірін қызықты сүре алатын жағдайдың бәрі жасалған.

Әлеуметтанушылар сингапурлық Фудың отандастарынан өз өмірлерін 0-10 шкаласы бойынша бағалауын өтінеді. Нәтижесінде, Сингапур Азияда сенімді түрде бірінші орынға шықты.

Жыл сайынғы «Әлемдік бақыттылық көрсеткіші» (World Happiness Report) жариялайтын баяндамада зерттеушілер адам шаттығының төрттен үші алты фактордан тұратынын анықтаған: мықты экономикалық даму, өмір сүру ұзақтығы, сапалы әлеуметтік қарым-қатынас, жомарттық, сенімділік және өзіңіз құқылы жеке басыңыздың тәуелсіздігі. Осы факторлар қалыптасқан мәдени құндылықтар мен мемлекеттік саясатқа, әсіресе, ел үкіметінің жұмысына тікелей байланысты. Басқаша айтқанда, ең бақытты мемлекеттер өз азаматтарының бақытын бауырына басып қорғайтынына көз жеткіземіз.

Зунига, Клемменсен және Фу өз мақсаттарына адал, сондықтан қолда барын берік ұстап, уысынан шығармауға тырысады. Күнделікті қуаныш-шаттығынан да бас тартпайды. Сондықтан олар өз істері мен жеткен жетістіктеріне мақтанышпен қарайды. Оларға көп жағдайда мемлекеті, ұлты және тума-туыстары әсер етіп, көзге көрінбес қуат беріп тұрады. Осы факторлар олардың бойына ұзақ мерзімдік биік мақсаттарға ұмтылдыратын мінез-құлық қалыптастырған.

Дэн Бюттнер – New York Times газетінің үздік қаламгері, соңғы 15 жыл бойы бақыт факторын зерттеп келеді. Оның «Бақыттың көк аймақтары» деп аталатын 4 кітабы «National Geographic» қолдауымен жарыққа шықты. Бақыт сырын ашу үшін жеке реактивті ұшақпен Бутан, Дания, Грекия және Жапонияға Бюттнермен бірге сапарға шығыңыз. natgeoexpeditions.com/bluezones сілтемесінен қараңыз.

Бақытты адамдардың мақсаты айқын келеді. Сондықтан олар өз бақытын сақтауда еш нәрседен таймақ емес.

Коста-Рика күнде шаттық, күнде той

Мария дель-Кармен Йорсреча Патерсон дүрсілдеген музыка әуеніне билеп тұр. Коста-рикалықтар үшін той-думан – табиғи нәрсе, сондай-ақ олар отбасымен және достарымен уақытты көңілді өткізгенді ұнатады.

Коста-Риканың астанасы – Сан-Хосенің шығысындағы Картаго қаласының орталық базарында жеміс-жидек пен көкөніс сататын Алехандро Сунигаға қайта оралайық. 57 жастағы зор денелі Алехандро – ондаған жылдан бері сауда орындарындағы танымал адамдардың бірі. Басқа алпыс шақты саудагердің бірі ауырып қалса немесе отбасылық жағдайларға байланысты қиындықтарға тап болса, олар үшін көмекке қаражат жинайтын да осы – Сунига. Ол қаланың сүйікті, бірақ көбіне жолы болмайтын C.S. Cartaginés футбол командасына жанкүйер болуы үшін апта соңындағы матчтан қалмайды. Сунига – мінезді жан әрі нағыз көшбасшы.

Бірнеше жыл бұрын түн уағында оған әлдебір досы қоңырау шалып, қуанышы қойнына сыймай: «Сен лотерея ұтып алдың!» – депті.

«Бақытты» билетті сатып алған Сунига 50 миллион колон (сол уақыттағы құны шамамен $93 000) алуы керек-тұғын. Бірақ Сунига досына сенбеді, себебі ол суайттықпен аты шыққан болатын. Оның үстіне авокадоларын толық сата алмай, күні сәтсіз өтіп еді. «Бұл бір орынсыз әзіл шығар дедім, – деп еске алады ол, – қалтамда соңғы сегіз доллар қалған еді». Тыңдамастан тұтқаны қоя салды. Келесі күні жұмысқа келгенінде әріптестері оны қол шапалақтап қарсы алыпты. Оның ұтысы туралы жаңалық ел ішіне лезде тарап кеткен еді.

Гидди Сунига азық-түлік сөрелерінің жанынан адымдай өтіп барып ел-жұртпен амандасады. Суниганың өмірі оңай болмады: қаланың сүреңсіз ауданынан шығып, нан табу үшін 12 жасында мектепті тастады, ішімдікке салынып кеткен кездері де болды. 20 жасында сүйіктісі оны тастап кетті.

Кенеттен басына «бақ қонғанда», достары «енді бізді танымай кететін шығарсың» депті. Бірақ ұтысқа ие болғаннан соң арада апта өтпей жатып, Сунига байлығын жұртқа таратып жіберді. Миллион колон – билет сатқан досына, миллион колон – қиын кездері көмек қолын созған базардағы орын иесіне, тағы бір миллионын – базардағы өзі танитын қайыршыға. Қалған ақшаны анасы мен жеті баласын өсіріп отырған төрт әйеліне бөліп берді. Бір жылдан кейін ол қайтадан таз қалпына түсті.

Сонда да ол: «Мен бұдан артық бақытты бола алмас едім», – деуінен таймады.

Картаго қаласынан бір сағаттық жердегі Ла Централ ауылдық мектебінде небәрі үш оқушы оқиды. Мына суретте олар мұғалімімен бірге түскі ас ішуде. Бастауыш және орта мектепте білім алу тегін және елдің сауаттылық деңгейі – 97.8 пайыз.

Сунига мінезін тану үшін Коста-Рика туралы тереңірек білу қажет. Ол жерде географиялық және әлеуметтік саясат алхимиясы тудырған күнделікті өмірден ләззат алуға деген бақыт жолағы бар. Осы комбинация басқа жерлермен салыстырғанда бақыт көрсеткішін көбірек қамтамасыз етеді.

Суниганың жағдайын алып қарайық. Ол тұратын мемлекет өткен ғасырдың басым бөлігінде өз азаматтарына шындап қолдау көрсетті. Орталық Америка құрлығының басқа елдерінде әртүрлі жолмен билікке келген президенттер тәуелсіздік алғаннан ке­йін тек өз мүдделеріне қызмет етіп жатқанда, Коста-Рика дамудың басқа жолын таңдады. Шыңды-шыңыраулы тау жоталары, жергілікті арзан жұмыс күшінің жетіспеушілігі – мұндай жағдайлар үлкен плантациялардың дамуына кедергі келтіретін. Шағын кәсіпкерлер мен Орталық жазықтықтың еркін ойлы фермерлері халықаралық кофе нарығына жол тапқаннан кейін мол табысқа кенеле бастады. Коста-рикалықтар мұғалімді президент етіп сайлады. Өйткені олар соны қалады. Биліктен халықтың әл-ауқатын көтеретін саясат жүргізуін талап етті.

1869 жылдан бастап Коста-Рика заңы бойынша бастауыш мектеп барлық бала, әсіресе қыздар үшін міндетті болды. 1930 жылға қарай елдегі сауаттылық Латын Америкасы бойынша ең жоғары деңгейге жетті. Сонымен бірге ауылдық жерлерге таза су жеткізіліп, балалардың денсаулығына инвестиция салынды. 1940 жылдар әскер таратылған кез болды. 1961 жылға қарай жалпыхалықтық денсаулық сақтау жөнінде заң қабылданып, көптеген ауылда тегін алғашқы медициналық көмек амбулаториялары пайда болды.

Сол міндеттеме әлі де жалғасуда. Өткенде – суық қыс таңында жапырақты Орталық жазықтықтағы Парайзо қаласында медициналық қыз­меткер Илена Альварес Чавеспен бірге пациенттерін араладым. Ол EBAIS (Equipos Básicos de Atención Integral en Salud) мемлекеттік жүйесінде қызмет етеді. Бұл жүйе 1990 жылдардың ортасында әрбір коста-рикалыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін құрылған.

Илена Альварес Чавес Коста-Рикада медициналық қызметкер болып істейді. Ол 68 жастағы жалғыз басты жесір әйел Маджела Орозконың негізгі физиологиялық көрсеткіштерін тексеруде. Профилактикалық тексерулер өмір ұзақтығын арттырады.

Шамамен 3500 адамға қызмет көрсету үшін дәрігер, медбике, құжат жүргізуші және бірнеше медициналық қызметкерден құралған шағын топтар жасақталады. Альварес Чавестің тапсырмасы – күніне он шақты үйге кіріп шығу. Әр үйде ол науқастың картасындағы жазбаларды жаңартуға, қан қысымын өлшеуге, вакцина егуге, кеңес беруге және тұрып қалған суды тексеруге (мұндай суда Зика вирустық масалары жұмыртқа салады) жарты сағат жұмсайды.

89 жастағы Аурора Бренестің үйінде Альварес дәрі-дәрмек қорын тексеріп, қан қысымын өлшеді. «Мен көп жағдайда пациенттерімнің қант диабетіне немесе жүрек талмасына шалдықпауын қадағалаймын, – дейді ол, – олардың көбі жалғыз тұрады, өздеріне көмек көрсетілгеніне дән риза».

1970 жылдан бері Коста-Рикада орташа өмір ұзақтығы 66 жастан 80 жасқа дейін артты және сәби өлімі жеті есе азайды. EBAIS бағдарламасын енгізген Коста-Риканың бұрынғы президенті Хосе Мария Фигерес «Мұнда жылдар бойы профилактикалық медицина жүйесіне екпін жасалды, өйткені, ашығын айтқанда, жақсы денсаулық сақтау саясатының мақсаты – адамдардың ауырмауын қамтамасыз ету», – дейді ол.

«Қысқаша айтқанда, Коста-Риканың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі көп адамның қажеттілігін қанағаттандырады, – дейді экономист және Мехикодағы Латын Америкасының әлеуметтік ғылымдар факультетінде бақыт сарапшысы болып істейтін Мариано Рохас, – бұл оларға қауіпсіз, салыстырмалы түрде сау және өмірдің үлкен ауыртпашылықтарынан ада болуға мүмкіндік береді әрі адамдардың көбіне әлі де нанын таба алатындай жағдай тудырады».

Дания тұрмысын түзеп, арманға ұмтылған ел

Копенгагенде оқушылар өздері өсірген көкөністі жинап жүр. Олар қоршаған ортаны тереңірек түсіну үшін арнайы бағдарлама аясында жиналған көкөністі өздері пісіріп жейді. Мұндай қоғамдық шаралар даниялықтардың болмысында бар.

Дания Сидзе Клемменсен сияқты адамдарға қолдау көрсетеді. 35 жастағы қысқа қоңыр шашты, шолақ жеңді көйлек пен мароккалық шәркей киген, мұрнында бриллиант әшекейі бар келіншек асүйде шайын сораптап отыр.

«Мемлекет маған барлық қажет нәрсемді беріп отыр, – дейді Клемменсен, – балаларым бақытты, күйеуім керемет адам және жұмысымды жақсы көремін. Басыма ешбір жамандық келмейтінін білемін».

Клемменсен мен оның отбасы – Ольборг қаласында «бофаллескаб» деп аталатын жатақхана типіндегі үйде тұратын 22 отбасының бірі. Әр отбасының шағын лего тәріздес үйі бар, бірақ үлкен аула, кір жуу бөлмесі, шеберхана, қойма, көлік тұрағы және асхана бәріне ортақ. Асханада тамақ бәріне ортақ дайындалады.

Скандинавия стиліндегі тұрғын үй кешені өзіндік сән үйлесімін ұсынады. Бұл – жалпы, Дания қоғамына тән нәрсе, мұнда сенім мен қауым құндылықтарына ерекше мән беріледі. «Данияның әлеуметтік эволюциясының ізін 1864 жылғы ІІ Шлезвиг соғысынан көруге болады, – деді Копенгаген университетінің ғалымы Питер Гунделак, – бұл кезеңде Дания өз территориясының төрттен бірін Пруссияға беріп қойды. Осы жеңілістен кейін біздің «әлемнің супердержавасы боламыз» деген амбициямызға балта шабылды. Билік ұлттық ерекше­лігімізді күшейтіп, ішкі даму саясатына көшті».

Даниялықтар медициналық қызметтерге, білім алу мен қаржылық қауіпсіздік жүйесіне құқығымыз бар деген сеніммен өмір сүреді. Университет студенттері тегін біліммен бірге мемлекеттен шәкіртақы да алады. Сәбилі болған ата-аналарға үкімет толық жалақы мөлшерінде ақы төлеп, олар бала күтімі бойынша бір жыл демалыс ала алады. Данияда адамдар тынымсыз еңбек етеді, бірақ жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспайды және жылына кемінде бес апта еңбек демалысы бар. Мұндай жомарттықтың бағасы салықтармен төленеді – мұнда олардың мөлшері әлем бойынша ең жоғарылардың қатарында. 41 пайыздан 56 пайызға дейін жетеді, мұндай теңгерімнің «арқасында» қоқыс тазалаушының дәрігерден жоғары болмаса да, онымен шамалас жалақы алатындай мүмкіндігі бар.

Қоғаммен араласудың даниялық құштарлығына құшақ жайған кубалық иммигрант жартылай даниялық қызымен билеп жүр. Жақын уақытта орын алған дағдарыс даниялықтардың энтузиазмін азайтса да, олар, әдетте, иммигранттарды жылы қарсы алады.

«Даниялық бақыт ұғымы үкіметпен байла­нысына дейін созылатын жайлылық және қамқорлық сезімімен тығыз байланысты», – дейді Копенгагенде тұратын америкалық антрополог Джонатан Шварц.

Мұндағы бақыттың тағы бір «ингредиенті» – өз-өзін танытуға уақыт таба білу. Даниялықтардың 90 пайыздан астамы әлдебір клуб немесе ассоциация мүшесі болып табылады: олар салқын суда жүзуден бастап, қояндарды қоре­к­тендіруге дейін түрлі іспен айналысады. Дания қоғамы қызу жұмыс пен демалыс арасындағы теңгерімді қатаң ұстауға шақырады. «Адамдарға қиыншылық керек. Біз ауыртпашылықтар арқылы өз-өзімізге деген сенімімізді қалыптастырамыз. Бұл – бақыт сарайын қалайтын кірпіш», – дейді Калифорниядағы Клармонт университетінің психологі Михай Чиксентмихайи.

Сингапур Ли Куан Ю жолы табысқа жеткізді

Әскери дайындық курсының аяқталуын мерекелеу үшін сингапурлық курсанттар түні бойы дүниежүзіндегі ең үлкен жүзбелі сахнада адымдайды. Ерлер үшін міндетті болып табылатын әскери борышты өтеу жас ұрпақтың патриоттығын оятып, Отанына деген мақтаныш сезімін күшейтеді.

Сингапур бақыттың өзіндік жолын қалыптастырған. Дуглас Фу – соның үлгісі.

Фу Сингапурда жылдам қызмет көрсететін суши мейрамханаларының ең үлкен желісіне ие, бірақ ол 22 ұйымға ерікті болуға уақыт табады. 14 сағаттық жұмыс күні кезінде ол тапсырыспен тігілген көк костюмін киген күйі жиналыстарға төрағалық етеді. Ол шиеленісті жағдайларды күле отырып шешу қабілеті мен ілуде біреуге тән жұмыскерлігі арқасында сингапур жетістіктерінің барлық атрибуттарын бойына сіңірген. Фу сізге бақытты екенін айтса да, ол әлі толық бақытқа қол жеткізбегендей сезіледі.

48 жастағы Фу 1960 жылдары Сингапурдің іргетасын қалаған, аман қалу үшін тайынбай еңбек еткен аға буын мен 20-дан енді асып жаңа болашаққа қадам басқан жастар арасындағы белорта­ға жатады. Жарты ғасырдан сәл астам уақытта аумағының ұзындығы 49 шақырым болатын ел үлкен балықшы ауылынан халқының саны – 5,8 миллион, мыңдаған зәулім үйі бар, 150-ден астам сауда-саттық кешені, жинақы, ағаш бұтағы тәріздес көшелері бар метрополиске айналды.

Сингапурлықтардың жетістігі мынаған тіреледі: ережелерді аттамау, жақсы мектепте оқу, дұрыс жұмысқа орналасу, осыдан кейін бақыт құсы қолыңызда десеңіз де болады. Меритократия­ға талпынатын жүйеде талант пен жұмыс көрсеткіші марапатталады, теория бойынша. Сингапурлықтар бағалардың артып жатқаны, шамадан тыс жұмысқа толы өмірлері туралы шағым айтқанымен, барлығы дерлік өздерін қауіпсіз сезініп, бір-біріне ерекше сенеді.

Осы әлеуметтік тәжірибенің сәулетшісі болған адам – Ли Куан Ю. Ол 1965 жылы Сингапурдің тәуелсіздік қозғалысына көшбасшылық еткен.

Азияның дәстүрлі құндылықтарын терең дәріптейтін Ли үйлесімділік, құрмет және аянбас еңбекке негізделген қоғам құруды алға мақсат етіп қойды. Еңбекке талпынған кез келген адамға, қандай төмен жұмыс болса да, тірлік етуге жеткілікті жалақыға кепілдік берілді.

Ел халқының көп бөлігін қытайлар (74,3%), малайлықтар (13,4%) және үнділер (9,1%) құраса да, Ли үкіметі ешбір этникалық топ үстемдік етпесі үшін ұлтаралық тіл ретінде ағылшын тілін сақтады. Ол барлығына дін бостандығы мен бірдей білім алу құқығын берді және үй сатып алуға субсидия бөлді.

Отбасының үш мүшесі қайтыс болған кісі туыстарының күлі салынған урна үстінде құдайға сыйынуда. Көптеген сингапурлық үшін байлық пен оны өзгелерге пафоспен көрсету бақыт формуласының негізгісі саналады.

Нәтижесінде, бүгін сингапурлықтар бақыттың үшінші жолағы – сарапшылар «өмір қанағаттанушылығы» деп атайтын күйдің мысалы болып табылады. Адам өз құндылықтарына сай өмір сүріп, жетістіктерін мақтан тұтқан кезде өмірден қанағаттана алады. Бақыттың осы түріне қол жеткізу үшін жылдар кетпек.

Сингапурлықтардың көбі шоппингті ұнатады және титімдей қала-мемлекетте 150-ден астам сауда кешені бар. Marina Bay Sands қонақүйіндегі дүкендер – туристердің қызығып келетін орындарының бірі. Мұнда люкс-дүкендер, элиталы мейрамханалар мен канал бойымен жүзуге арналған сампандар бар. Сингапурда кәсіпкерлік пен бизнеске қолдау ерекше. Сондықтан мұнда миллионерлер көп.

Қазақстан – бағытын тапқан бақытты ел

Халқы 2 миллионнан асатын Алматыда кездесу уақытын кесіп айту мүмкін емес. Көшедегі ерекше кептеліс Айжан Жанатқызымен кездесетін уақытымнан жарты сағатқа кешігіп баруыма себеп болды. Бір кездері 800 мың тұрғынға арнап салынған қала көшелерінің тарлығы бүгіндері анық байқалады. 5 жыл бұрын ғана іске қосылған жерасты метросы қаладағы көлік қатынасын әлі де болса толық жеңілдете алған жоқ. Сондықтан көлік ішінде сағаттап тұрып қалуды алматылықтар қалыпты жағдай деп қабылдайтын болған. Күздің жайма шуақ күнінде Абай мен Сайын көшесі қиылысындағы көпқабатты үйдің ауласына кіргенімде Айжан апай ұзын орындықта терең тыныстап отыр екен. Кешіккенім үшін кешірім сұрап, кейіпкерімнің қасына жайғасып отырдым. Қызу әңгімеміз басталып кетті.

КСРО күйреген тұста кей сарапшылар қызыл империяның құрамында болған 15 мемлекеттің ішінде «соғыс өрті ең алдымен Қазақстанда тұтанады» деп болжаған болатын. Саясаткерлердің олай ойлауына себеп те жоқ емес еді. Жер көлемі әлемде тоғызыншы орын алатын көпұлтты ел болғандықтан әлеуметтік қақтығыстардың бұрқ ете қалу мүмкіндігі жоғары-тұғын. 1989 жылғы жалпыұлттық санақта республикадағы 16 миллион халықтың тек 43 пайызы ғана қазақтар екені белгілі болды. Сол 43 пайыз жергілікті ұлттың жартысына жуығы өз ана тілінде сөйлей алмайтын. Ал бүгінде жағдай түбірімен өзгерді. Дәл қазір Қазақстандағы 18 миллион халықтың 72 пайыздан астамы мемлекет құраушы – қазақ ұлтының өкілдері. Жергілікті ұлт санының өсіміне шетелден келген қазақтардың да үлесі зор. Олар ел халқының 10 пайызына жуықтап қалды. Солардың бірі – осы Айжан апамыз. «Біз ол кезде Моңғолия астанасы Ұланбатырда тұратынбыз. Қазақстан өз тәуелсіздігін жария­лаған күні әкем: «Жиналыңдар. Қазақстанға көшеміз!» – деп кесіп айтты, – деп еске алады Айжан Жанатқызы. – Қазір ойлап қарасам, «Тәуелсіздік» деген бір ауыз қасиетті сөз үшін әкем бар жиған мал-мүлкі мен атақ-абыройын бір-ақ күнде тастап кетіпті ғой».

Қазір елдегі 18 миллион халықтың 72 пайыздан астамы мемлекет құраушы – қазақ ұлтының өкілдері. 1989 жылы бұл көрсеткіш 43 пайыздай ғана еді. Фото: Сәрсенбек Қызайбекұлы

Айжан апай бүкіл әулетімен Алматыға алғаш көшіп келген жылдары бір бөлке нан сатып алу үшін таңғы төрттен кезекте тұруға тура келгенін, бала-шағасымен бірге ішер ас таппай ашыққан күндері, тіпті жататын жер таппай да қалған кездері болғанын айтады. «Жатақханада тұрып жатқанымызда екінші ұлым белгісіз жағдайда қайтыс болып кетті. Білген адамға сол бір тоқырау жылдарынан аман-есен шығудың өзі үлкен жеңіс еді, – дейді сұхбаттасым. – 2005 жылы күйеуім жүрек талмасынан марқұм болып, тауқымет жүгі, тіпті ауырлай түсті. Бірақ біз қалған бала-шағамызбен ол қиыншылықтарға қасқайып қарсы тұрып, атамекенімізге босқа көшіп келмегенімізді дәлелдей алдық».

Бүгінгі таңда қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы 67-ден 72-ге дейін ұзарып, бала туу көрсеткіші – 60 пайызға, балаларға төленетін жәрдемақы 7 есеге өсті. Әлемдегі 130 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Сондай-ақ Қазақстан – ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан жер бетіндегі санаулы елдердің бірі. Жаңа Астана салынды, дарынды жастарды шетелдердегі озық оқу орындарында оқытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ең үлкен жетістігі ретінде көршілес елдермен шекарасын нақтылап алғандығын айтсақ та жеткілікті. 25 жылдағы Қазақстанға келген инвестиция көлемі 250 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл Орталық Азияға тартылған барлық инвестиция­ның 80%-ына тең. 1995 жылдан бері қазақстандықтардың жылдық табысы 40 есе өссе, тұрғындардың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 7 мың долларға жуықтады.

«Қазақта баланың санын айтпайды, бірақ құдай берген 4-5 немерем бар. Бәрі де спорт, өнер, ғылымға әуес, – деді апай қуанышты жүзі бал-бұл жанып. – Несіне жасырайын алды қырыққа келген балаларымның осы уақытқа дейін бірде-біреуі мемлекеттік қызметке кіре алмады. Танысың болмаса қалаған жұмысыңа орналасу қиын. Бірақ олар өздері талпынып жүріп бірнеше тілді меңгеріп алды да, қазір шетелдік компанияларда жұмыс істеп жүр», – дейді Айжан апай.

Тоғызбұлақ ауылының тұрғындары күзгі жиын-терін науқанында. «Бақыт деген мен үшін – елдің тыныштығы мен бала-шағамның амандығы», – дейді ауыл тұрғыны Тілеухан Әліпбайұлы. Фото: Ерболат Шадрахов

Қазақстан табиғи ресурстарға аса бай бола тұра, халқының жағдайы жоғары деңгейде деп айтуға келмейді. ҚР Статистика агенттігі биылғы жылғы орташа жалақы мөлшері 142 мың теңге деп бекіткенімен (шамамен 400 доллардай) соңғы жылдардағы ұлттық валютаның бірнеше рет құнсыздануы халық тұрмысына едәуір кері әсерін тигізді. Көптеген азаматтар ел ішін жайлаған қымбатшылыққа наразылығын әлеуметтік желілерде ашық айтады. Мәселен, бір ғана Астана-Ақтау бағыты бойынша ұшақ билетінің барып-қайту құны бір жалақының мөлшеріндей. Кейде ішкі бағыттар шетелдік рейс­терге қарағанда қымбатырақ болып шығады. Ауылды жерлер мен шағын қалалар бойынша да толық шешімін таппаған мәселелер жетерлік. 2010 жылы бейкүнә адамдардың өліміне себепкер болған Қызылағаш суқоймасының жарылуы, 2011 жылғы Жаңаөзен қаласындағы қайғылы оқиғалар мен шенеуніктер арасындағы жемқорлық фактілері де халықтың зердесінен шығар емес.

«Қалай болғанда да мен өзімді Қазақстанның нағыз жанашыры, патриоты санаймын. Отаным тұрғанда менің бақытты болмауым мүмкін емес», – деді Айжан апай менімен қоштасып жатып. Ол кісінің сөзінің жаны бар болатын. Себебі қазақтар өз тәуелсіздігін жоғалқан соң араға екі ғасыр салып барып қайтарып алды. Отан, Тәуелсіздік, азаттық, демократия ұғымын қазақ халқы терең түсінеді. Сондықтан ол қанша қиналса да, бүгінгі күніне шүкіршілік етіп, болашағына сеніммен қарауға өзін көндіріп үйренген.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля