..."/>
ЗЕРТТЕУ

Қош бол, Солтүстік Корея!

Солтүстік кореялық теңізші АҚШ-тың тыңшылық кемесі «Пуэблоның» бортында суретке түскенді жақтырмайды. Солтүстік Корея әскерилері «Пуэбло» мен оның экипажын 1968 жылы қолға түсірген. Қазір ол Пхеньянда әскери мұражайда тұр.

АҚШ өз азаматтарына ол мемлекетке баруға тыйым салатынын ести сала, америкалық бір топ саяхатшы апыл-ғұпыл Солтүстік Кореяға аттанып кетті.

Бұл елдің заңдары қатал, оның «жабық патшалық» деген лақап аты бар. Бірақ бұрын Солтүстік Кореяның есігі саяхатшылар үшін ашық еді. Жылдар бойы Қытай туристік компаниялары шетелдіктерге осы мемлекетке саяхат турларын ұсынып келді. Солардың қатарында жылына шамамен 1000 америкалық азамат солтүстік кореялықтардың күнделікті өмірімен танысып қайтатын. Америкалықтар солтүстік кореялық ойын-сауық саябақтарына барып, мектептерді аралап, метро стансаларын тамашалай алатын еді. Олардың ешбірі дерлік тосын оқиғаға тап болған емес.

Биыл жағдай өзгерді. 19 маусымда америкалық колледж студенті Отто Вармбье қайтыс болды. Ол мейманханадағы үндеу плакатын «ұрлағаны» үшін Пхеньянда тұтқынға алынып, сотталған еді. Бұл оқиға Солтүстік Корея мен АҚШ-тың арасындағы шиеленістің күшеюіне ықпал етті. Пхеньянның ядролық қаруды жетілдіруді жалғастыруы соғыс ықтималдығын күшейте түскендіктен, АҚШ Мемлекеттік департаменті Құрама Штаттарының төлқұжатымен Солтүстік Кореяға саяхаттауға шектеу қойды.

Бұл тыйым 1 қыркүйекте күшіне енген болатын. Оған дейін тілші-фотограф Дэвид Гюттенфельдер алты америкалықтан тұратын топқа қосылып, әлемдегі ең құпиясы мол елді көріп қайтуға аттанады. Гюттенфельдер – соңғы 20 жылдай уақытта Солтүстік Кореяға кіруге рұқсат алған санаулы батыстық журналистің бірі. Мұндағы күнделікті өмірді зерттеу үшін ол 40-тан аса арнайы сапар жасады. Оның бірқатары «National Geographic» журналында жарияланды.

Қонақүй терезесінен көрініп тұрған Ким Ир Сен мен Ким Чен Ир бейнесі.

Саяхатшылар бұл елге қызығушылық итермелегендіктен келгенін және көргендеріне таң-тамаша болғандарын айтты. «Бұл мен күткеннен әлдеқайда басқаша болды», – дейді саяхатқа күйеуімен бірге келген америкалық кәріс Эми Конг. Мұндағы қатал режим мен азаматтардың еркіндігінің жоқтығы туралы түрлі әңгімеге қанық ол Пхеньяндағы қалыпты өмірді көргенде қатты таңғалады: басқа елдердегідей мұнда да адамдардың жұмысы, отбасы бар. Ал жергілікті бір тұрғын оған өзі жақсы көретін бірнеше америкалық фильмді атап берген.

«Uber» жүргізушісі оңтүстік калифорниялық Брэд Юнелде қалыптасқан ұжымдық тәртіпке таңғалыс білдірді. «Мұндағы халық – ұлтшыл, шын мәнінде, мемлекетін, әскерін мақтан етеді, өз басшыларына шынайы сүйсінеді», – дейді ол (шошытып алмауы үшін ол әке-шешесіне Қытайға бара жатырмын деп айтып кетіпті).

Әрине, саяхатшы болғандықтан олар артық қимылға бармай, сабыр­лы болуы тиіс еді. Ешқандай оқыс оқиға, күтпеген жағдайға жол жоқ. Оларға азық-түлік дүкенін, боулинг аллеясын, сыра қайнататын орын мен циркті аралау тосынсый болды. Ешқайсысы елдің ядролық қоқан-лоқысы немесе АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея жоғарғы басшысы Ким Чен Ынның арасындағы соғыс туралы дөңайбаты жайында сөз еткен жоқ. Осы сапар кезінде тамыз айының соңында Солтүстік Корея әскерилері Жапонияның үстінен зымыран ұшырып, бұл әлем наразылығын тудырды. Бұл туралы Гюттенфельдер ұялы телефонындағы 3G байланысы арқылы туиттерден оқып біледі. Бірақ ол туралы ешкімге, тіпті жолсеріктеріне де тіс жармады.

Оңтүстік және Солтүстік Кореяның шекаралық аймақтағы демилитарлы аумағын аралау саяхат бағдарламасына енгізілген екен. Ол 38 ендікті қиып өтеді, мұнда екі елдің жауынгерлері «кез келген сәтте соғыс басталуы мүмкін» деген қауіппен бір-біріне қадала қарап тұрады. Америкалық саяхатшылар үшін кәдесыйлардың арасындағы ең көп назар аудартқаны Америкаға қарсы үндеу плакаттары болды.

Жоғарыда: Эми Канг, ұлты кәріс америкалық саяхатшы, «Тұтас Корея» ескерткішінің қасында суретке түсіп тұр. Ол күйеуімен бірге Солтүстік Кореяны көріп қайтуды армандаған. Төменде: Пхеньянда бишілер ұлттық киіммен Халықаралық жастар күнін атап өтуде. Бұл мереке жастарды бейбіт қоғам құруға шақыру мақсатында БҰҰ бастамасымен аталып өтіледі.

Жоғарыда: Бұл аттракциондар саябағы Солтүстік Кореяда өте танымал және елдің технологиялық даму жолында екенінің көрсеткіші саналады. Төменде: Пхеньяндағы метро стансасында пойыз жолсерігі Ким Ир Сен мүсінінің алдында тұр. Солтүстік Кореяның тұңғыш басшысы Ким – қазіргі жоғарғы басшы Ким Чен Ынның атасы.

Көлік жөніндегі қызметкер Кэсонгтағы жолайрығында тұр. Х-ХІV ғ.ғ. Корё династиясының астанасы болған бұл қаладағы 12 нысан, соның ішінде сарайлар мен мазарлар ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізілген.

Авторы: Даниель Стоун фото: Дэвид Гюттенфелдер


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля