«National Geographic Qazaqstan» журналының редакциясында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жарық көрген «Қазақ фотошежірешілері: тарих, дерек, өнер» фотоэнциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақта қоғам санасын фото арқылы эстетикалық талаптарға, мемлекеттік мүддеге, ұлттық мұратқа жұмылдыра білген қайраткерлердің шығармашылығы жан-жақты баяндалған. Онда Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов түсірген фотосуреттерден бастап, есімі елге танымал авторлардың соңғы жарты ғасырда таспалаған атақты туындылары да еніп отыр.
«Бүгінгідей Тәуелсіз Қазақстанның саяси-әлеуметтік және рухани өміріндегі даталы күндер мен қапалы сәттердің, оқиғалардың барлығы да болашақ үшін көркемсуретті тарихқа айналатыны сөзсіз. Демек, сол оқиғаларды таспаға түсірген фототілшілерді, яки кәсіби фотосуреткерлерді тарихты да таспаға түсірушілер деуге толық негіз бар», – дейді кітаптың құрастырушысы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы.
Әдетте, қалың көпшілік фотосуреті көрсе де оны кім түсіргенін білуге тырыспайды. Себебі біз кәсіби мамандардың еңбектерімен жақынырақ танысу арқылы ел тарихынан да хабардар болуға болатынын біле бермейміз. «Қасымбек Нұрбекұлы, Советбек Мағзұмов, Берсінбек Сәрсенов, Талғатбек Асанов, Ерболат Шадрахов, Шүкір Шахай, Болат Омаралиев, Сайлау Майлыбаев пен Амангелді Мутигуллин секілді жалпы саны 21 майталман фотографтардың осы жинаққа енген шығармаларынан ел мен жерді шексіз сүюдің үлгісін көруге болады», – деді ол.
Жинақтың алғы сөзін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов жазса, жауапты редакторы осы университеттің журналистика факультетінің деканы – С. Медеубекұлы.
«Қазақ университеті» баспа үйінде басылып шыққан жинақ журналистика факультеттерінің студенттері мен қалың көпшілікке арналған.
Фото: Ерболат Шадрахов