Бір кездері түйе қомын теңселткен Орталық Азиядағы 2400 шақырымдық керуен жолына жаяу сапар.
Су. Таза, тұщы, нәрлі. Үш жылдан астам уақыт оны тынымсыз іздедім. Алғашқы адамдардың Тас дәуірінде көмескіленіп кеткен іздерін жаңғыртып жаяу кезіп келемін. Эфиопиядан басталған осы сапарымда түйелерді суаратын шалшық судан, соры шыққан құмдауыт шөлдерге дейін көрдім. Арабияның Хижаз даласында оазистен оазиске ауыр сапар шектім. Кавказдың нағыз қытымыр қысында айналам суға толы болса да шөлден қаталадым, себебі ол мұз болып қатып жатқан-тұғын.
Бұл жолы да мені тағы бір кезекті қиындық күтіп тұр екен. Суымды әлдекім қазып алып кетіпті. Осы таяз шұңқырда бір кездері алтыннан да құнды 60 литр су көмілген болатын. Менің суым.
Қызылқұмдағы суымды жындар ұрлағаны рас па?
Жындар деген кімдер?
Көшпенді дала халқының сенімінде Орталық Азияның ұшы-қиырсыз көкжиегін мекендейтін қаңғыған рухтар бар. Олар ара-тұра жолаушыларға зияндық жасайды, я болмаса көмектеседі. Осы аймақтың малшылары жындардың бір түнде мыңдаған шақырымға ұша алатынын айтады және олар жылан, болмаса қасқыр кейпіне де ене алады-мыс. Марко Поло Қытайдың батысындағы Лоп шөлінен өткен кезде керуендердегі адам атын айтып айғайлаған жәдігөйлердің болғанын жазады. «Талай саудагер қайта-қайта бағытынан адасып, керуенін таба алмай мерт болған», – дейді ол.
Ал Қызылқұм қайда?
Қазақстанның бір бөлігінен Өзбекстанның оңтүстігіне дейін созылып жатқан «арсыз» шөл дала 2200 жыл бойы ең әйгілі сауда бағыты – «Жібек жолымен» өткен талай керуеншілердің өмірін жалмаған. Қазірдің өзінде оның ми қайнатар ыстығы мен тікенді-бұталы құмы қорқыныш тудырады. Ол маған да кедергісін келтірді.
«Шопанды кінәламаңыз», – деді жолсерігім Азиз Халмурадов жергілікті бақташыларды «арашалап». Азиз – намысқой өзбек жігіті. «Мұнда су ұрлау – үлкен қылмыс, – дейді ол шаршағанынан тізерлей отырып, – оған ешкімнің батылы жетпейді».
Бірақ шопандар болмаса, кім сонда?
Азиз екеуміз оттай ыстық Қызылқұмдағы дөңді асып келеміз. Осы жерден жаяу жүріспен екі күн қашықтағы атақты оазис-қала – Бұхарадан көмек сұрап, спутниктік телефон пайдаланамыз. Жерге шөгіп, сағым басқан көкжиекке көз тастап отырмыз. VIII ғасырда бізден солтүстік-шығыстағы Тұрпан деп аталатын Қытайдың бір қалашығы жанында әлдебір саудагер 40 орам шикі жібекті 11 жасар күңге айырбастаған. Оңтүстік-шығысқа қарай одан бір мың жыл бұрын Ескендір Зұлқарнайын әскерінің былғары шатырларын су бетіне жұқа көпір етіп төсеп, Оксус (Әмудария) өзенінен өткен. Ал бүгін Бейжің айналамыздың бәріне триллион доллар төгіп, Еуразияның көкірегін кесіп өтетін сауда желісін қалпына келтіру үшін заманауи «Жібек жолын» салуда. Бәрін қойшы, бір жұтым суға қанша ақша берер едім? Осындай сәтке «Жібек жолындағылар» қанша рет тап келді екен?
«Жібек жолы» даладағы керуеннен қалған соқпақ емес. Бұл – бір идея: жаһанданудың алғашқы «прототипі». Жібек оның сауда белгісі ғана еді.
Түн ортасы ауған сәт. Қызылқұмның қою қараңғы кезі. Алыстан әлдебір сәуле жыпылықтады. Ол бізге қарай жақындай түсіп, кейін қайта алыстап, артынша қайта тақалады. «Бізге көмекке шыққан көлік қой, адасып келеді», – дейді Азиз дауысы қырылдап. Ол шамын әлгі сәулеге қарай үмітпен бұлғады. Бірақ менің білетінім көбірек. Құрғаған аузымды ашпаймын. Бұл – жын.
«Жібек жолы» аңыздарына біраз дерек қоса кетейін.
Бұл кәдімгі жол емес еді, яғни біз білетін көлік жолы емес-тұғын, бұл шашылған тор іспетті болатын. Мыңдаған түйе жүретін сүрлеу жолдардан, таулы өткелдер, мұнаралы керуен сарайлардан, теңіз айлақтарынан және айдалада сорайған тас үйінділерінен құралған сауда желісі классикалық әлемнің екі алып экономикалық орталығы – ханьдік Қытай мен орта ғасырдағы Рим империясын байланыстырды. Орталық Азияның географиялық қиылыстарында «Жібек жолы» тауарлары барлық бағытта тарайтын. Солтүстікте – Русь княздіктеріне. Оңтүстікте – Парсы мен Үндістанға. Батыста – Константинопольге. Шығыста – Сианьге. Осы сауда желісі Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі он миллион адамды байланыстырды. «Жібек жолы» айдалада түйелер салған соқпақ жол емес еді. Бұл бір идея-тұғын: жаһанданудың «прототипі». Жібек оның сауда белгісі ғана болатын.
«Жібек жолының» тарам-тарам жүйесін кезген түйелер қомында мың-сан тауар тербеле тасымалданды: қытайдың от-ұнтағы, Венецияның әйнегі, Самарқандтың қағазы, барыс терісі, фарфор бұйымдар, Леванта алтыны, экзотикалық жануарлар (Хиуа ханы бір жолы өзінің Орталық Азия шөліндегі дуалды бекінісіне Парсыдан екі Азия енекесін (буйвол) алдырған). Одан кейін, сол жолмен әрине, дін: буддизм, христиан және ислам тарады. Әрқайсысы «Жібек жолымен» сауда-саттық жасасқан. Алгебра тәріздес революциялық өнертабыстар да осы жолмен тарады. Дегенмен тарихта есте қалғаны – жібек, су бетінде қалқыған ай сәулесіндей эфир матасы. Қытайдың осы өнертабысы римдіктердің бай-манаптарын естен тандырғаны сонша, олар жібек саудасында империяны банкрот қыла жаздады.
«Жібек жолын» «ескі» десеңіз қателесесіз.Бүгін «Жібек жолының» басты мұрагері, мұсылмандықты ұстанатын Орталық Азия – жаһан жаңалықтары толқынындағы ұмыт қалған сарқын судай көрінуі мүмкін. «Жібек жолының» көне керуен іздері орнында қазір сирек қоныстанған, аз дамыған және көбіне авторитарлық, бұрынғы Кеңес Одағы республикалары Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан мен Қырғызстан сырттың назарын өзіне аса аудара бермейді. Бірақ осы «тот басқан» түсінік ақиқатқа сай келмейді. Ғасырлар бұрын айбыны асқақтаған империялар «Жібек жолы» байлығын бақылауда ұстау үшін күрескеніндей, Азияның тірек нүктесі ХХІ ғасыр геосаясатының аренасы болып қалып отыр. АҚШ, Қытай және Ресей әрқайсысы осы стратегиялық аймақтағы өз мүддесіне таласады: ислам лаңкестігімен күрес, табысты сауда дәліздерін ашу, энергетика қорларын пайдалану.
Ал жындарға келер болсақ, олар Орталық Азияның ландшафттарын жібек матасы келгенге дейін сиқырлап алған. Ислам дәстүрінде періштелер – нұрдан, адам баласы – топырақтан, ал жындар жалыннан жаратылған деп айтылады. Жындардың өз патшасы, қалалары мен керуендері болады. Олардың көбі бізге жамандық ойлайды. Айдалада бейтаныс малшыға кезіге қалсаңыз, төмен қараңыз, егер аяқтары теріс қарап тұрса, ол – жын.
Орталық Азия арқылы жаяу жүріп өткен сапарым Қазақстандағы Ақтау қаласының Каспий айлағынан басталды. Маған бір-біріне керағар екі жігіт жолсерік болды: Дәулет Бегендіков – бұрын қазы болған, түн сайын қасқырларды (бәлкім, жындарды) үркіту үшін старттық тапаншасымен аспанға оқ атады. Талғат Омаров – қасапшы, халал ет дүкенінің қожайыны. Діншілдігі соншалық, тіпті, суретке түсуден бас тартады («Құран ойып салынған суретке тыйым салады» деген – консервативтік интерпретация).
Қазақстан мұнай өндірісі бойынша әлемнің алғашқы он бес еліне кіреді және ірі табиғи газ өндіретін ел ретінде белгілі. Елдің батысындағы жазық далада мыңдаған шақырымға созылған құбыр төселген. Бұл болат құбырлардың үстінен өтуге болмайды. Сондықтан түз далада иесіз солпиған сорғыларға, ұңғылар алаңына, жинау стансаларына және автоматтандырылған кеніштің газ жағатын алау мұржаларына қарай бағыт алдық. «Қарақұдық» кенішінің қысқаша тарихы Орталық Азияның экономикалық болашағын шағын түрде сипаттайды.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін америкалық компаниялар барлауға, игеруге алған, перспективалы, алыстағы сағым далада орналасқан индустриялық кешенді бастапқыда ресейлік мұнай алыбы – «Лукойл» сатып алған. Кейіннен кешен Қытайдың «Синопек» компаниясына өтті. Қытай Орталық Азияда ықпалы зор күшке айналып келеді. Мұнай кеніштерінен бөлек, Бейжің «Бір белдік – бір жол» аталатын әлемдегі ең ірі инфрақұрылым жобасына инвестиция салуда. Жоба бойынша айлақтар, теміржол, супер-автомагистральдар мен телекоммуникация желілерін салу көзделген. Бұл ескі дүниедегі 60 елді қамтитын тұтынушылар нарығын біріктіреді. Жаңа «Жібек жолы» – Қытайдікі.
«Бұл жерге қалай келдіңіз? – деп сұрады менен «Синопек» басшысы Лью мырза кеніштегі оператор бөлмесінде. – Шай ішесіз бе?»
Бірақ Лью мырза шай туралы ойлап отырған жоқ. Асханасына баса-көктеп кірген үш кір-қожалақ адам қанша тауық, пюре, жеміс шырыны мен алма бәлішін жеп жатқаны оны толғандырмайды. Ол тек алаңдаулы. Біз кеніштің диаметрі 15 шақырымдық қауіпсіздік шеңберіне айнала орналастырылған қозғалыс датчиктеріне ілінбей, аймаққа еніп кеткен екенбіз.
Компанияның күзет қызметкері бізді нысаннан сыпайы шығарып салды. Қазақтың ұлан-ғайыр даласында көзден таса болғанымызша ол көлігінің қасында тұрып, артымыздан қараумен болды. «Қарақұдықтың» жұмысшылары үшін, бәлкім, біз – «жынбыз».
МАРКО ПОЛО есімі кез келгеннің жадында. Бірақ көне «Жібек жолымен» басқалар да жүріп өткен. Шаршауды білмейтін араб жиһанкезі Ибн Баттута Мароккодан бастап сауда жолының бойымен Шығысты шарлап отыз жыл жүрген.
Жетінші ғасырдағы қытайлық буддист-монах Ксуанцанг «Жібек жолымен» мыңдаған шақырым жүріп, бүгінгі альпинистердің батылы бара бермейтін Гиндикуш тауын асқан. Ол аймақтың Қашқар сияқты нарықтық қалаларындағы көзге ұратын көпұлттылықты атап өткен. Ол жерлерде Ксуанцанг көк көзді, сары шашты адамдарды байқаған. Бәлкім, соғдилықтар шығар.
Алға қарай ілбіп басып келеміз. Күн аспанды ерітіп жіберердей. Жазда бұл дала ыстықтан қайнап кетеді. Бір шөкім бұлт та жоқ. Лүп еткен жел де. Алыстағы бір қазақ ауылына келдік: өнертапқыш әйел Адиана Мейрамбаева қытайдың жарқыраған кір жуатын машинасында қымыз сапыруда. Қымыз – бие сүтінен жасалатын көшпенділердің ферментті эликсир сусыны.
Сансыз шайханалар: Түркия мен Ираннан келетін жүк көліктері өтетін жаңа «Жібек жолы» трассасында отбасылық шайханалар жол бойында көптеп кезігеді.
Шекарадағы бақылау-өткізу бекетіне жеткен кезіміз: қарулы адам визама көз тастады. Арқа сөмкеме тиіспеді, бірақ қабағын түйіп: «Қандай да бір діни кітаптарыңыз бар ма? Құран?» – деп сұрады.
Орта ғасырда мұсылман әлемі гүлденді. Өйткені қоғам толерантты, ашық және ізденімпаз еді. «Жібек жолының» еркін идеялы атмосферасы да бұған себеп болды.
Өзбекстанның әскери-полициялық режимі Орталық Азиядағы джихадизмге қарсы қамал болып табылады. Елдегі көптеген қауіпсіздік қызметі сақалды исламистерге қарсы күресіп, әр мешітке өз тыңшыларын жіберген.
Бүгінгі ислам экстремизмінің парадоксі сол, жиһадшылардың жанұшыра қайта құруға талпынған тарихи халифаты олардың өздерін қабылдамайтын тәрізді. Орта ғасырларда нағыз қуаты тасыған кезеңде мұсылман әлемі гүлденді, өйткені олардың қоғамы фундаменталистік қоғам емес еді. Ол толерантты, ашық және білімпаз болды. «Жібек жолының» еркін идеялы және полиглотты атмосферасы мұның кілті еді. «Орталық Азия сол уақытта ғылым-білім орталығы болды, – дейді Хорезм Мамун академиясының тарихшысы Шахзухмилзо Исмаилов, – біздің топырақтан көптеген әлемге әйгілі ғалымдар шыққан». Исмаиловты мен Хиуаның құлазыған Үстірт шоқысын жалғыз өзім 24 күн бойы теміржол бойымен жүріп өткеннен кейін ғана кездестірдім.
Хиуа. Егер бұл атау өзгелер үшін әлденені білдіретін болса, бұл – космополитизм, білімпаздық не көрегендік емес. Қайта қала өмірінде таңғажайып «Жібек жолы» әлемінің жайлап артта қалуы байқалады. Еуропалық кеме қатынасы Орталық Азия саудагерлерінің монополиясын бұзып, Хиуа тәріздес оазистік аялдамаларды көштен қалдырды. ХІХ ғасырдың басында балшықтан соғылған бекет ортағасырлық тоқырауға ұшырады.
Бірақ бұл аймақта мені қызықтыратыны одан да ерте дәуір – VIII ғасырдан ХV ғасырларға дейінгі кезең. Ол уақытта «Жібек жолының» Өзбекстандағы Хиуа, Бұхара және Самарқанд қалалары интеллектуалдық жетістіктері бойынша Еуропамен бәсекелесетін, тіпті олардан асып та түсетін. Бұл арабтардың ғылым, өнер және мәдениет бойынша алтын дәуірі еді. Ол кезде бүгін Орталық Азиядағы атауы «стан» деп аяқталатын елдер мен Иранның бір бөлігі жатқан аумақ – бұрынғы халифаттың қиыр шығыс жағынан келген данышпандар легі Бағдатта жиналатын.
«Жібек жолынан» шыққан ғұламалардың бірі – әл-Хорезми («алгоритм» сөзі оның есімін латыншалаудан пайда болған) алгебраны ойлап табуға көмектескен. Ол Жерорта теңізінің ұзындығын есептеп шығарған (Птолемейді дұрыстай отырып). Орталық Азияның жан-жақты ғалымы әл-Бируни жүзден аса кітап жазған, олардың арасында Үндістанның егжей-тегжейлі антропологиясы мен «Көлеңкелер жөніндегі толық трактат» атты еңбектері бар.
Кеңес Одағы кезінде «ақ алтын» саналатын мақта өндірісі салдарынан суы сарқылып, жойылып бара жатқан Арал теңізін айналып өтемін. 2016 жылдың қараша айында Тянь-Шань тауының шыңына шығып, бораған қар астында оңтүстіктегі Ферғана облысының Марғилон қаласына бет алдым. Марғилон – Өзбекстандағы жібек өндірісі дамыған жалғыз қала.
«Бос ұштарын тауып, олардың түйіндерін шешуіміз керек», – дейді әжесіне тартқан Иноятхан Охунова. Ол «Йодгорлик» жібек фабрикасында 30 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Үзіп алмаған жөн. Ол үшін тәжірибе керек».
Ренессанстық Еуропадан, ежелгі Грекия, Үндістан, Парсы мен Қытайдан келген таңсық тауарлар һәм түрлі идеялар қайнаған «Жібек жолының» шулы базарлары осы интеллектуалдық «жалынның» көсеуі болды. Исламның діни доктринасына ғылыми зерттеулерді тарта отырып, рационализм мен логиканы енгізген «Мутазилизм» діни пікір мектебі қалыптасты. «Мұның практикалық себептері де болды, – дейді Хиуа қаласында сәулетші болып істейтін Гаухар Жұрдиева, – мына шөлде аман қалу үшін ауыл шаруашылығы саласын дамыту қажет. Ол үшін малды суғарудың жолын білу керек, ал ол инженерлік ілімді керек етеді. Біз аш қалмауымыз үшін математикадан хабардар болуымыз қажет болды». Ақыр аяғы бұл жалғаса алмады. Династиялар арасындағы күрестен әлсіреген халифат біртіндеп ыдырай бастады. «Сырттан келген элементтерге» қарсы «ашаризм» деп аталатын «тазалаушы» қозғалыс етек жайды. Бұл діни ілімнен тыс ғылыми-зерттеу салаларына балта шапты. 1258 жылы Бағдатты моңғолдар жаулап алды. Содан бастап «Алтын дәуір» шұғыласы сөне берді.
Автобус толы туристер бүгін Хиуаның көнеден қалған сарайларын, медреселері мен мұнараларын тамашалап жүр. Жүк таситын екі есегімді жақын маңдағы ауылға тоқтаттым. Күнге әбден күйген мен сән-салтанаты жарасқан кафеде отырмын. Капучино аппараты ентіге пысылдайды. Оның сиқырлы сусынынан сораптай отырып, адамдардың климат өзгерісін саналы түрде мойындамауы туралы Батыстағы қоғамдық сананың көр екендігін, популизм мен этникалық шовинизм туралы ойлаймын. Иә, «Жібек жолымен» жүрген уақыт адамды ғибратты ойларға жетелейді екен.
Авторитарлық Өзбекстанның ішкі аудандарын аралап жүргенімде полиция қызметкерлері мені 34 рет тоқтатты. Буланбалы бұрынғы Оксус – қазіргі Әмудария өзені бойындағы ауыл тұрғындары менің «микрокеруенімді» есік алдынан, шабдалы бақтарынан, қауын бақшаларынан әріге бұрып отырды. Кетіп бара жатқанымда кешірім сұрап, қауіпсіздік күштерімен еш байланысқысы келмейтіндерін айтты. Олар артымнан балаларынан жаңа піскен дәмді шелпек, нан беріп жіберетін.
Иноятхан сабынды су толтырылған үлкен қаңылтыр астауды көрсетті. Ішінде бір қолмен біртіндеп тарқатылатын мыңдаған күйе көбелектің жібек-құрттары бар. Ғажайып мата зиянсыз, ұшпайтын, түкті тұт жібек құрты тоқитын тор жібінен алынады. Әр құрт шамамен бір километр талшық шығарады, бұл – диаметрі бойынша шамамен 10 микрометр. Осындай нәзік жылтыр жіп Орталық Азияда мыңдаған керуен сарайының соғылуына себеп болған. Ол жол бір кездері бүкіл әлемді – Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстікті бір арнаға түйістіріп еді. Ешбір жынның сиқыры бұндай іске қауқарлы емес.
Қатқақ жолмен есегімді жетектеп Толик Бекниязов алға басып келеді. Әңгімеге жоқ. Жолдағы әлдебір базаға келгенде жіпті иненің көзінен өткізу үшін шұқшиып, отырғанымды байқаған. Пальтомның жыртылған жерін тігейін деген едім. Шекараға келген соң жолымыз айырылатын болады. Біраз күннен кейін тігін қорабымдағы барлық инені оның сабақтап қойғанын көріп қайран қалдым.
Бәріміз де бір-бірімізге тәуелдіміз. «Жібек жолында» тоқыған соңғы ойым осы болды.
Автор: Пол Салопек, фото: Джон Стенмейер
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa