Олардың табиғатқа пайдасынан бөлек, адам жанына да әсері бар. Биылғы жылды біз құстарды зерттеуге, неліктен оларсыз өмір сүре алмайтынымызды саралауға арнамақпыз.
Өмірімде құстарға жіті мән бермеппін. Қырықтың қырқасына шыққан шағымда сайраған ементұмсық не тауи дауысын естігенде жүрегі дір ететін адамға айналдым. Америкалық татрең жақын маңайда жүрсе, шаба жөнелетін болдым. Өйткені ол – сонау Аляскадан ұшып келген, қауырсыны алтын түстес әдемі құс. Әлдекімдер құстардың мен үшін неліктен маңызды екенін сұрағанда күрсініп, бас шайқаудан басқа амал таппадым. Дегенмен ол – орынды қойылатын сұрақ. Американың Құстарды қорғау заңының жүзінші жылында ойланарлық сұрақ: Құстар бізге не үшін керек осы?
Жауабымды қанаттылар патшалығынан бастауға болады. Егер әлемдегі әр құсты жеке-жеке көрген болсаңыз, әлемді түгел көргендей болар едіңіз және ондай жерлерде құстардан басқа жан-жануар тіршілік етпейтіндей көрінеді.
ФОТО НЕБРАСКА ШТАТЫНДА ЛИНКОЛЬН БАЛАЛАР ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
Осындай сан алуан мекендерде тіршілік ету үшін әлемдегі он мыңнан асатын құс түрі эволюция нәтижесінде таңғажайып алуан түрлер пайда болды. Олардың дене көлемдері де түрліше: ең алыбы – түйеқұстың бойы екі жарым метрден асады және ол Африкада кең таралған. Ал ең кішкентай құс – ара-колибри. Атауы дәл қойылған бұл құс тек Кубада кездеседі. Құстардың ішінде тұмсығы үлкендері де (бірқазандар, шоттұмсықтар), титімдейі де (қысқа тұмсық құс), тұмсығы денесімен бірдей (қылыш тұмсық колибри) түрлері де кездеседі. Кей құстар, мәселен, Техастың боялған кардиналы, Оңтүстік Азиядағы сарыбауыр шірнеші құс, Австралиядағы түрлі-түсті тотықұстардың түстері кез келген гүлдердей әдемі. Кей құстардан қоңыр түстің түрлі реңін байқауға болады.
Мінез-құлқы бойынша да құстар сан алуан. Кейбірі – тым топшыл, кейбірі – «даралықты сүйеді». Африканың қызылтұмсық тоқымашылары мен қоқиқаздар миллиондаған үйірімен тіршілік етсе, ұзынқұйрық тотықұстар шыбықтардан тұтастай тотықұс қалашығын соғады. Сушылқаралар су астында жалғыз жүзеді және кез келген альбатрос құлашы үш метрлік қанаттарымен басқа альбатростардан 800 шақырым қашықтыққа ұзап кете алады. Артымнан қалмай ілескен Жаңа Зеландияның желпуіш құйрықты торғайы тәріздес доспейіл құстарды да көрдім. Тым ұзақ қадала қараған кезде төменге құлдилай келіп, басымды шұқымақ болған Чилидің қарқарасы сияқты ашушаң құстарды да көрдім. Жол бойы көкектер тобымен жүріп ысылдағыш улы жыланды өлтіріп, азық етеді. Ара зиянкестері аралармен қоректенеді. Жапырақ лақтырғыштар (Sclerurusmexicanus) жапырақтарды шашады. Қалың тұмсықты қайралар су астына 200 метрге дейін сүңги алады, лашындар жоғарыдан төмен қарай сағатына 385 шақырым жылдамдықпен құлдилай алады. Ротакоа бар өмірін бір тоғанды айналсоқтап сарп етсе, көк бұлбұл Перуге ұшып барып, бір жыл бұрын ұя салған Нью-Джерсидегі ағашын қайта тауып келе алады.
ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАЯҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
Құстар мамық жүнді және сүйкімді келе бермейді, бір жағынан, олар бізге басқа сүтқоректілерге қарағанда көбірек ұқсайды. Олар күрделі құрылымды үй салып, оның ішінде балапандарын өрбітеді. Қыста жылы жаққа ұшып барып ұзаққа «демалысқа кетеді». Какаду – данышпан құс, олар шимпанзелерге қиын «жұмбақтарды» шеше алады, ал қарғалар болса ойнағанды ұнатады. Бұларды былай қойғанда, құстар адамдар сияқты әлемді әуенмен тербетеді. Бұлбұлдар – Еуропа төңірегінде, барылдақ торғайлар – Кито қаласының орталығында, хвамейлер Чэнду қаласында сайрайды. Сарышымшықтардың жыртқыштардан қауіпті немесе қауіпсіз екенін білдіретін «тілі» күрделі, олар бір-бірін түсінеді, жақын маңайдағы басқа да құстар оларды түсінеді. Австралияның шығысында тіршілік ететін лирақұйрық торғайлар шамамен бір ғасыр бұрын «бабалары» осында қоныстанғандардың сыбызғысынан үйренген әуенде дыбыс шығарады. Егер лирақұйрықты тым көп суретке түсірсеңіз, ол фотоаппаратыңыздың дыбысын өз «репертуарына» қосып алады.
ФОТО АЙОВА ШТАТЫ, ДЕ-МОИН ҚАЛАСЫНДАҒЫ BLANK PARK ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
Бірақ құстар біздің жанымыз қалайтын, түсімізде болмаса өңімізде қолымыздан келмейтін бір нәрсені істей алады: олар ұшады. Бүркіттер күш жұмсамастан жылы ауа ағынымен көкке самғаса, колибрилер ауада қалқып тұра алады. Калифорния бөденелері лезде пыр ете түседі. Бәрін қоса алғанда, құстардың ұшатын жолдары ғаламшарды 100 миллиард рет орайды: бір ағаштан – екіншісіне, бір континенттен – келесісіне. Көбейгеннен кейін сұр қарлығаш бір жылдай әуеде ұшып жүреді. Ол Африканың Сахарадан төменгі бөлігіне барып-қайту «әуе саяхатында» жерге түспей қоректенеді, түлейді және ұйықтайды. Жас альбатростар ашық мұхитты 10 жылға дейін шарлап жүре береді. Жағалау құстарына жататын құмдауықтар Отты жер аралы мен канадалық Арктика арасында жылда әрлі-берлі ұшып жүреді. Аяғына В95 деп белгі салынған құмдауық Жер мен Ай арасындағы қашықтықтан да ұзақ ұшқан.
ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, СКОЛЛЕНД НЕК ҚАЛАСЫНДАҒЫ SYLVAN HEIGHTS ҚҰСТАР САЯБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
Алайда адам баласы құстарда жоқ аса маңызды бір қабілетке ие: өз қоршаған ортасын басқару. Құстар өз жерлерін қорғай алмайды, ұяларындағы ауаны да салқындата алмайды. Олардың бойында тек инстинкт пен эволюция мұраға қалдырған физикалық қабілеттер ғана бар. Ал сол қабілеттер олардың 150 миллион жылдан бері үздіксіз тіршілік етуіне оң әсер етуде.
Соңғы антропоценде құндылық ұғымы толықтай дерлік экономикалық құндылықты, тек адамға ғана келтірер пайданы білдіретін болғандықтан шығар көптеген жабайы құс адамның азығына айналды. Ал ондай құстардың кейбірі зиянкес жәндіктер мен кеміргіштерді жейтінін ескерсек, өсімдіктердің тозаңдануы бәсеңдегені сөзсіз. Сондықтан құстар популяциясы экологиялық ахуалдың маңызды көрсеткіштері ретінде қызмет атқарады деген дәйектерді де естуіңіз мүмкін. Бірақ расымен, батпақтардың шамадан тыс ластанып, ормандардың оталып-өртеніп кеткендігін, не балықшылықтың сарқылғанын білдіру үшін құстардың жойылуы керек пе еді?
ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАҒЫНДАҒЫ ТҮСІРІЛГЕН
Құстар популяциясы біздің әдеп құндылығымыздың ахуалын көрсетеді. Жабайы құстардың маңыздылығының бір себебі – олар біздің онсыз да түгесіліп бара жатқан табиғат әлемімен соңғы әрі ең жақсы байланысымыз. Олар әлдеқашан жер басып жүрген ең ірі жануарлармен тағдырлас: терезеңіздің сыртындағы мексикалық жасымық – титімдей және өмірге керемет бейімделген динозаврдың бір түрі. Сіз тұратын жердің суында жүзіп жүрген барылдауық үйректердің осыдан 20 миллион жыл бұрын әлемді құстар билеген Миоцендік кезеңдегі үйректен айырмашылығы шамалы. Әуе кеңістігін қауырсынсыз дрондар толтырған және ұялы телефондарымыздағы «ашулы құстармен» ойнауға болатын мына жасанды әлемде табиғи ортаның өз өкілдерін әлпештеп-қолпаштауды қажет деп таппауымыз мүмкін. Себебі біз үшін ең құнды дүние экономикалық, қаржылық көрсеткіштер боп кетті. Ал құстарды ұмыту дегеніміз өз діңімізді ұмытумен тең екенін ескермейміз.
«Құстарды қорғайық, бірақ адамзат – алдыңғы орында» деген тұжырым екіұдай мағына береді. Бұл – адамның жануардан ешбір артықшылығы жоқ, біздің фундаменталдық менменшілдігіміз, дүние өртеніп кетсе де, әрқашан генімізді қайталайтын және барынша көп ләззат алуға талпындыратын тірлікке сүйрейді. Бұл – арсыз реалистердің көзқарасы, олар үшін табиғатқа деген алаңдаушылық, сезімталдықтың жалықтырар бір түрі ғана. Бұл – теріске шығаруға келмейтін көзқарас және өзін үмітсіз менменшіл деп мойындайтын кез келген жанға тән. Алайда «адамзат – алдыңғы орында» деген тұжырым теріс мағына да бере алады: біздің нәсіліміз дүниенің ресурстарын монополиялап алуға бейімделген. Өйткені біз саналымыз және өз еркіміз өзімізде, өткенді есте сақтайтын және болашақты жоспарлайтын қабілетіміз бар. Осы кереғар көзқарас діншіл топтар мен зайырлы гуманистер – екеуінің де арасында бар және ол да дәлелдеуге келмейтіндей дұрыс та, бұрыс та емес. Бірақ ол бізге үлкен жауапкершілік жүктейтіндей. Егер біз жануарлардан жоғары тұрсақ, бізде дұрысты қатеден айыра алатын қабілетіміз бола тұра біз неге табиғаттың шағымына бейқам қала береміз? Сонда қалай ерекше қабілет ерекше жауапкершілікпен қатар жүрмейтін болғаны ма?
ЦИНЦИННАТИ ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН ФОТО
Бірнеше жыл бұрын Үндістанның солтүстік-шығысындағы орманда жүргенімде ритмді терең ысқырық естідім. Ол метеорологиялық дыбысқа ұқсады, бірақ бұл жеміс ағашына қонғалы жатқан қосмүйіз калаолар жұбының қанат қағуы болатын. Олардың тұмсықтары – сары, ерекше үлкен болады екен. Ағаш бойымен өрмелей отырып, бейқам күйде жеміс жегендерін көргенде қуанғанымнан айғайлап жіберіппін. Бұл сезім менің қалауым мен бойымдағы сезімдерден мүлде бөлек еді. Бұл – осындай алып мүйізтұмсық құстың бары жөніндегі абсолютті керемет факт, бірақ мен оны дәлелдеуге қауқарсыз едім.
Ерекшелігі – олар әрі әдемі, әрі байсалды. Олар үнемі біздің қасымызда, бірақ бізге ұқсамайды. Құстар нақ осы шақта тіршілік етеді. Қазіргі шақта біздің мысықтарымыз, торларымыз бен пестицидтеріміз (тыңайтқыш түрі) оларды күн сайын миллиардтап өлтіріп жатса да олардың әлемі әлі де тірі. Дүниенің әр бұрышындағы ұяларда жұмыртқаны жарып шығып сарыауыз балапандар жарық дүниеге келіп жатыр.
Автор: Джонатан Франзен, фото: Джоэль Сартор
Әнші балапан. Ерте оянған кезде құстардың әлдебір әуеніне елітуіңіз әбден мүмкін. Сайрағыш құстар әлемдегі құс түрлерінің жартысына жуығына тең. Түйсіктік шырылдауға қарағанда еліктегіш құс сайрауының экстравагантты күрделі дыбыс тоны, ритмі және құрылымы ерте жаста үйренуді қажет етеді.
ФОТО АВСТРАЛИЯДАҒЫ HEALESVILLE ҚОРЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
ФОТО МИЧИГАН ШТАТЫНДАҒЫ МИО ТАБИҒИ МЕКЕНІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН
ФОТО ТЕХАС ШТАТЫНДАҒЫ КРИСТОВАЛ ТАБИҒИ МЕКЕНІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН
ФОТО ВИРДЖИНИЯ ОКЕАНАРИУМЫНДА ЖӘНЕ ТЕҢІЗ ҒЫЛЫМЫ ОРТАЛЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
Құрал – тұмсық. «Тұмсықтың пішіні әр құстың эволюциясы мен тірі қалуы жөніндегі сындарлы тарихтан сыр шертеді», – деп жазады Ноа Стрикер құстар жөніндегі «Фото-араша» жобасында. Торғайдың тұмсығы дәндерді шағып жеуге көмектессе, ал қаршығаның өткір, ілмекті тұмсығы жемтікті тез іліп әкетеді.
ФОТО ТОРОНТО ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, СКОТЛЕНД НЕК ҚАЛАСЫНДАҒЫ SYLVAN HEIGHTS ҚҰСТАР БАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
ФОТО ИНДИАНАПОЛИС ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
ФОТО СОЛТ-ЛЕЙК-СИТИ ҚАЛАСЫНДАҒЫ TRACY AVIARY САЯБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
Сәннен сапаға көшу. Қауырсындар алғаш құс денесінде емес, құстар эволюциясына дейін динозаврларда пайда болды, тіпті кейбір ертеректегі тиранозаврларда да қауырсынның аса жетіле қоймаған түрі болған. Динозаврлар тұқымынан жалғыз қалған тізбек – құстар күрделірек қауырсынға ие болды.
ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, КЛИНТОН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚЫРҒАУЫЛ БАҒЫНДА ТҮСІРІЛДІ
ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАҒЫНДА; НЕБРАСКА ШТАТЫ, ОМАХА ҚАЛАСЫНДАҒЫ HENRY DOORLY ЗООБАҒЫНДА ЖӘНЕ ОКЕАНАРИУМЫНДА; АВСТРАЛИЯНЫҢ PARROTS IN PARADISE ҚОРЫҒЫНДА; СИНГАПУРДІҢ JURONG ҚҰСТАР САЯБАҒЫНДА; ОХАЙО ШТАТЫНДАҒЫ КОЛУМБУС ЗООБАҒЫНДА ЖӘНЕ ОКЕАНАРИУМЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
ФОТО КОЛУМБИЯНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰСТАР ҚОРЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
Кемедегінің жаны бір. Құстар өсімдіктерді тозаңдандыруда, жәндіктердің санын реттеуде және ыдырауға ұшыраған өлекселерді жоюда маңызды роль атқарады. «Құстармен біздің тағдырымыз бір, – дейді фотограф Джоэль Сартор «Фото-араша» жобасында, – біз не бір төбеде, не бір шұңқырда боламыз».
ФОТО КОЛОРАДО ШТАТЫ, КОЛОРАДО-СПРИНГС ҚАЛАСЫНДАҒЫ CHEYENNE ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН
Орнитолог Д. Франзен «NG» журналының 2013 жылғы шілде айындағы санында сайрағыш жыл құстары туралы жазған болатын. Фотограф Д.Сартор «NG» журналының natgeophotoark.org вебсайтындағы «Фото-араша» жобасы үшін әлем жануарларының студиялық суреттерін құрауда.
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa