Солтүстік және Оңтүстік Американың түз тағысы «киелі рух символы» іспетті. Оған тек естелік болып қалу қаупі төніп тұр.
Бақсы Хуан Флорес шәкірттері ягуарлардың рухани әлеміне кіретін «визамды» кішкентай пластик тостағанмен әкелді. Оның ішіне lamedicina, яғни чакруна жапырақтары, аяуаска сабағының қоңыр тұнбасы мен екі күн бойы қайнатылған екі бөтелке аяуаска сусыны құйылыпты. Бақсы амазониялық жабайы темекі – «мапачо» түтінімен сусынды аластады. Сосын тостағанды толтыра, келушілердің әрқайсысына құйып берді.
Бұл жерге АҚШ, Канада, Испания, Франция, аргентиналық және жергілікті туристерді есептегенде 28 адам келдік. Перудің Амазония алқабындағы шалғай аймақта «Қайнаған өзен» жағалауында тігілген мына күркеден әрқайсысымыздың өз іздегеніміз бар. Біріміз – күйзелістің емін табудан үмітті болсақ, енді біріміз – бағыт-бағдар іздедік. Өзгелері жай ғана басқа әлемді – эзотерикалық бұрышты тамашалағылары келді. Алан Рабинович бұл аумақты: «Ягуарлардың мәдени дәлізі», – деп атайды. Бұл аймақ жануарлардың мекендейтін жерлері мен миграция жолдарын қамтиды. Аланның Panthera табиғат қорғау ұйымы 100 мың ягуарды аман алып қалу үшін және олардың генофондын сақтау мақсатында аталған аймақты қорғауға бар күшін салып жатыр.
Гүрілдеп аққан өзеннің жанында емдік сусын ауаға тарап, салқын түнде буы бұрқырап, аспанға көтеріледі. Көмекшілер келгенде тізерлеп отырдым. Бір көмекші маған тостағанды ұсынды, ал екіншісінің қолында бір стакан су болды. Осыдан бірер күн бұрын «Перу» айлағы маңындағы үнемі қызу тіршілік үстіндегі Пукальпа қаласында Дон Хосе Кампос есімді әйгілі бақсының сөзі есіме түсіп, кібіртіктеп қалдым.
1990 жылдары Хуан бақсы негізін қалаған «Майянтуйяку» бақсылар орталығына ягуарлар туралы көбірек зерттеп-білсем деген үмітпен келдім. Әсіресе жануарлардың объективке ілікпейтін аспектілері көбірек қызықтырды. Pantheraonca – Солтүстік және Оңтүстік Американың ең мықты жыртқыштары. Олар – әрі маңғаз, әрі қаһарлы. Өзен жағасындағы мекендерінде де, ну орманда да, ағаштарда да қулықтарына құрық бойламайды. Басқа ірі мысықтармен салыстырсақ, олардың азуы мықтырақ. Ең қызығы, олар өзге мысықтектестерге қарағанда жемтігін тамағынан емес, бас сүйегінен шап беріп, миына зақым келтіріп, сол мезетте ажал құштырумен ерекшеленеді.
Алайда ягуарлар мыңдаған жыл бойы екіұшты тіршілік кешіп келді. АҚШ-тың оңтүстік-батысынан бастап Аргентинаға дейінгі тарихи аймақтардың басым бөлігіндегі – Колумбқа дейінгі мәдениеттердің өнері мен археологиясында теңбілшер бейнесі жиі кездеседі. Ольмек, майя, ацтек пен инк тайпалары бұл жыртқышқа құдайдай табынып, ғибадатханаларға, тақтарға, лама сүйегінен жасалған ыдыс тұтқалары мен қасықтарға бұл мысықтың бейнесін қашап салды. Б.з.д. шамамен 900 жылы Перуде өркен жайған «чавин» халқының тоқылған шәлілері мен кебіндерінде ягуардың бейнесі болды. Амазонның кей тайпалары оның қанын ішіп, жүрегін жеп, терісін жамылған. Көпшілік «адам ягуарға, ягуар адамға айнала алады» деп сенген. Колумбияның солтүстік-батысындағы Десана үшін ягуар күннің белгісі болған. Ал туканолықтар оның ақырған дауысын жауынмен байланыстырған. Майялық balam сөзі – осы жыртқышпен бірге дін қызметшілері мен сиқыршылардың ортақ атауы. Боливияны мекендеген «моджо» тайпасында бақсылыққа көбіне ягуар шабуылынан аман қалған ер адамдар ие болған.
Тіпті қазірдің өзінде аталған түз тағыларының жартысынан астамы бастапқы мекендерінен ығыстырылса да, ежелден бастау алған осынау жақындықтың заманауи белгілері барлық жерде кездеседі. Мәселен, жыл сайын тамыз айында Мексиканың оңтүстік-батысындағы Чилапа-де-Альварез қаласында «Тиграда» атты мереке өтеді.
Ягуар бетперделері мен теңбіл костюм киген қала тұрғындары көшелердің бойымен жүріп өтіп, ягуар құдайы – Тепейоллотлға жалбарынып, жауын-шашын мен мол астықтың бітік шыққанын тілейді. Ақырып тұрған бұл сүтқоректінің бейнесін Перудің ең танымал сыраларының қалбырларынан бастап, жағажай сүлгілерінен, футболка, жолдорба, рикшалар, балық дүкендерінен байқауға болады.
Ягуардың екіұшты тіршілігінің ең құпия аспектісі бақсылармен және адам санасының шамадан тыс жай-күйімен байланысты екені анық. Оны жоғарғы Амазония аборигендері психотропты өсімдіктердің көмегімен мыңдаған жыл бойы зерттеп келеді. Жергілікті емшілердің «ауру атаулының себебін және емін рухтардың көмегімен табуға болады» деген наным-сенімінен құралған осынау оккульттік әлемде ягуар – одақтас, қорғаушы, ауру-сырқаудан құтылуға көмектесуші және қара күштерге тойтарыс беретін құдірет болып саналады. Сенім бойынша Амазония ну ормандары мың түрлі рухқа толы жер. Көлдер мен өзендер, жануарлар, сондай-ақ ғаламшардағы таңғажайып осы экожүйені құрайтын 80 мыңға жуық өсімдік ішінде рух бар екеніне жергілікті халық кәміл сенеді. Соның арасында ягуар рухы ең көп айтылады.
Майантуяку орталығы Пукальпа қаласының оңтүстік-батысына қарай 50 шақырым жерде орналасқан. Жақында ғана ранчо қожайындары мұндағы ормандарды отап тастаған көрінеді. Жүк көлігіміз топырақты және қиыршық тасты жолмен жүріп өткенде Андрес Рузо: «Осыдан төрт жыл бұрын мұнда жол болмады», – деді. Биік дөңнің етегінде оропендола құстарының шиқылдаған дауысының жаңғырығы естілетін ағаштардың арасында баспаналар мен қамыс шатырлы ғимараттар орналасқан. Рузо жартылай National Geographic қоғамы грантының есебінен қаржыландырылатын Оңтүстік әдістемелік университетінің ғылым кандидаты ретінде жеті жыл бойы «Қайнаған өзенді» зерттеген. Сол кезде ол Майантуяку орталығымен және Хуан бақсымен танысқан. Жерасты құдықтарындағы ысыған су жер қыртыстары арқылы ұзындығы алты шақырым ағысқа қосылады. Оның жартысы (кейбірі шамамен 100°C) суға түскен кез келген тіршілік иесін ажал құштыруы мүмкін.
Жергілікті тұрғындар бірнеше ұрпақ бойы осынау геологиялық аномалияны «киелі мекеннің белгісі» деп санаған және оған жоламауға тырысады. Себебі судың буын мекендейтін рухтар мен орманды кезіп жүретін тірі ягуарлардан қорқады. Алайда өздерін «балгерміз» деп атайтын адамдар жылдар бойы осында медицинамен айналысып келеді. Балгерлер медициналық ботаниканы «диета» деп аталатын процесс арқылы оқып-үйренді: олар жапырақтардан, тамырдан, ағаш қабықтарынан және сөлден жасалған тұнбаларды тұтынған. Сондай-ақ олардың «оқу бағдарламасы» Амазонияны мекендейтін 70-тен астам байырғы тайпа мен метис мәдениеті рухани өмірінің медициналық түп негізі – аяуаска атты психотропты дәрінің әсеріне негізделді.
Майантуяку орталығындағы екінші кешімізде Рузо фотограф Стив Уинтер екеуімізді Перудегі атақты балгерлердің бірі – Хуан бақсының үйіне ертіп барды. Біз барғанда ол аспалы тор төсекте жатып алып, «мапачо» тартып жатыр екен.
Жасы 67-де болса да, ол сөзге сараң болып шықты. Бірақ өте байсалды, паң кісі екені көрініп тұрды. Испан тіліне жетік. Бірақ оны әңгімеге тарту оңайға түскен жоқ. Оның 14 баласы бар (балалары 13 пен 30 жас аралығында). Біразы Майантуякуда жұмыс істейді. Өзі «Қайнаған өзеннің» шығысына қарай 16 шақырым жерде орналасқан Санта-Роса қыстағында дүниеге келген. Кезінде оның әкесі де бақсы болған. Бір күні әкесі шылымын алмастан, темекі рухының қорғауынсыз сыртқа шығып кетіп, үстіне ағаш құлап ажал құшыпты.
Ашанинка тайпасының балгері оны шәкірті етіп қасына алған кезде жасы онда болатын және ол оқуын тоқтатпастан жалғастыра берді. Көптеген тайпаның емшілерімен бірге білімін жетілдірді. Бір күні ол аңшының тұзағына құлап кетіп мылтықтың оғымен тізесін жарақаттап алады. Ауруханаға жеткізілгенге дейін көп қан жоғалтқаны сонша дәрігерлер оның тірі қалатынына күмәнмен қараған. Олар Хуанды балдақсыз жүре алмайтынына сенімді болды.
Бір медбике білгір бақсының өзін-өзі емдей алатынына кәміл сеніп, оны жігерлендірді. Сөйтіп, бір аптадан кейін Хуан балдақтың көмегімен әупірімдеп жүріп Патитеяға барып, тәу етті. Орманның арасымен жүріп өтіп, «Қайнаған өзенге» барса, жағасында ренако ағашының буланған бұтақтары иіліп тұр екен. Сол ағаштың жапырақтарынан сүйекті қатайтатын дәрі-дәрмек жасайды да, күнделікті жағып жүреді. Ал арада бірнеше ай өткенде ол өздігімен жүріп кететіндей жағдайға жетеді. Кейін ол жігерін жаныған әлгі медбикемен шаңырақ көтереді. Екеуі бірігіп ренако ағашының қасында Майантуяку орталығының негізін қалады.
Алайда қазір арада жиырма жылдан астам уақыт өткенде бүкіл аймақ тұрғындарының денсаулығы нашарлап барады. Орманның басым бөлігі оталған немесе жайылым жерлерді кеңейту мақсатында арнайы өртелген. Бүгінде Майантуяку өсімдік сабақтарын Перудің басқа аймақтарынан немесе Бразилиядан импорттайды. 2013 жылы жол салынғанда Хуан бақсы тапқан ренако ағашы «Қайнаған өзенге» құлап, ғұмыры аяқталған.
Уинтер ноутбугін шығарып, үй иесіне Бразилияның Пантанал аймағында түсірілген ягуардың суреттерін көрсетті. Балгер жымиып, қабағы жазылып сала берді. Құдды әулетінің үрім-бұтақтарына қарап отырғандай болды. Өзенге сүңгіп, 70 килолық кайманды аузымен тістеп алып жағаға қарай сүйреген ягуар туралы бейнежазбаны көргенде жас балаша қуанды.
Көрініс аяқталып, Уинтер ноутбуктің бетін жапқанда Хуан бақсы «мапачосын» тұтатып жатты.
«Бұл аймақта соңғы ягуар осыдан екі жыл бұрын өлтірілді», – деді ол. Майантуякудағы адамдардың көбі – Хуанның шәкірттері, айауаска шарабын дайындаған жұмысшылар рәсімдерге шақырылған кезден бөлек ягуар атаулыны өмірлерінде көрмеген. Олар үшін бұл мысық тек рухтар әлемінде тіршілік етеді.
Хуан бақсы рәсімдер кезінде малоканың кіреберісін күзету үшін ягуар рухын жиі шақырғанын айтты. Оның екі түрі болыпты: бірі – «Оторонго» деген атпен белгілі тарғыл ягуармен байланысты болса, екіншісі – анағұрлым сирек кездесетін қара ягуармен байланысты. Хуан оны «янапума» деп атайды. Ол келесі рәсімде оларды шақыратынын айтты.
Хуанның көңіліне тиетін сұрақ қоюға ыңғайсыздандым. Себебі айналадағы біртіндеп ушығып бара жатқан аянышты жағдай айтпаса да түсінікті. Сонда орманда бұл жыртқыш болмаса, оның рухын қалай шақырмақшы?!
«Рухты жоя алмайсың. Дене өлгенмен рух өлмейді», – деді ол.
Әйтсе де, ол ягуардың оралуын тілеп, дұға оқыды. Ол басқа жануарларды бақылауда ұстайтын қырағы аңшыға қарағанда, бұл мысықтың ну орманға молырақ пайда тигізетінін біледі. «Олар – жақсы жануар. Қайтып келер деп үміттенем», – деді сыбырлай.
Тостағандағы аяуаскадан топырақтың дәмі шықты. Меласса сияқты өте дәмді екен. Қалған сусын таратылғанда жарық сөніп, орманда тас түнек орнады. Бұл қараңғылық Пукальпада көрген тор ішіндегі көздері оттай жанған ягуардың сұсты жүзіндей қорқынышты болып көрінді.
Жарты сағаттан кейін Хуан бақсы дәрінің әсер ете бастағанын білдіріп, басқаларымен бірге әртүрлі тілдердің сөздерінен құралған бірсарынды ән – икароны шырқай бастады. Етегі ұзын шапан киген Хуан аяғын айқастырып отырды. Баскиіміне тотықұстың қауырсындары қадалған. Мойнына ұлудың қабыршақтары, хуайруроның қызыл күрең дәндері мен ягуар азу тістерінен тізілген моншақ таққан. Оның әні бөлмені түгел күш-қуатқа бөлегендей болды.
Ешқандай әсер сезбеген келушілер айфондарының жарығымен маэстроның алдына барып екінші тостағанды іше бастады. Хуан бақсы белгілі бір құстардың рухтарын шақыратын ән орындады. Сәлден кейін оның ягуарларды малокаға шақырып жатқанын естідім. Көзімді ашсам, шеңбер бойымен салынған матрастарды айналып жүр екен. Сосын тура менің алдыма келіп отырды.
Ол маған осыдан біраз уақыт бұрын малоканың кіреберісіне ягуарлардың келіп жайғасқанын, бірақ көп кідірмегенін айтты. «Олар мұнда бірер минут қана болды. Сосын ну орманға қарай бет алды», – деді.
Өз басым оларды көрмедім. Аяуаска рухтар әлеміндегі ягуарларды да, өзге жануарларды да көруге әсер етпеді.
Алайда алдағы үш сағаттың ішінде көргенім өмірімдегі ұмытылмас сәттердің біріне айналды. Аяуаска сусыны сізді mareación күйіне түсіреді, яғни басыңыз айналады. Мен өзге әлемге, ягуар рухтарының әлеміне енгендей күйге түстім деп айта алмаймын. Есесіне, өсімдіктердің құпия патшалығымен таныс болдым. Сол мезетте адам махаббат пен қайғыны қалай сезінсе, өсімдіктер де кез келген жануарлар сияқты бәрін сезетінін, олардың өте «ақылды», ерекше рухы бар екеніне көзім жетті.
Осылайша, бізден де құдіреті ерекше күшке тап болдым. Ол кез келген тіршілік иесінің ДНҚ-сын басқара алады. Өзгелердің де ән салып, ерекше сезімге бөленгендеріне куә болдым. Малока айналасынан шыққан дауыстардан құлақ тұнды. Жақын маңда тұратын перуліктер испан тілінде Әнұран орындады. Олар рәсімдерге аптасына екі-үш рет келіп тұрады. Хуан бақсы мен оның шәкірттерінің әндерін және өмірімде алғаш рет сөзі аз ариялар, көңілді импровизациялық икаролар тыңдадым.
Таң атқанша көз ілмей дәптерімді шимайладым. Осы бір түннің әдемілігі мен тылсым күшін, қырағылықты, Нью Йорктегі қайнаған тіршілік пен материалистік көзқарасымның ақылға қонымсыздығын түсінген кездегі кеудемді кернеген күлкіні сөзбен айтып жеткізе алмайтынымды білдім. Нью Йорктің табиғаты дегенде егеуқұйрықтар, тарақандар және Орталық саябақтағы санаулы ғана ағаштар елестейді. Таңғы ас кезінде менен кейінгі кілемшеде отырған Хуан бақсының бұрынғы шәкірттерінің бірінің қасына жайғастым. Ол менің сақылдап күлгенімді көргенде «жынданып кетер ме екен» деп қорқып, шылымның түтінімен аластапты. Ал мен оған өзімді бұрын-соңды мұншалық керемет сезінбегенімді айтып жеткізуге тырыстым.
Әйтсе де, болғанның бәрі қаншалықты шынайы екенін ұғына алмадым. Ғалымдар аяуасканы «галлюциноген» деп есептейді. «Бақсылар адамдарды плацебо арқылы емдейді» деген пікірді ұстанады. Рухтарды тексеру немесе санау мүмкін емес. Осы кезде бір жас канадалық жігіт есіме түсе кетті. Оның аяғы қатерлі ісікке шалдыққан. Бірақ ол ота жасатудан да, сәулемен емдетуден де бас тартты. Өйткені ол өсімдіктерден жасалған дәрілердің және аяуасканың көмегімен аяғынан тік тұрып кететініне сенімді еді.
Сол себеппен рәсімнен кейінгі келесі күні таңсәріде Хуан бақсының «табиғат рухтарға толы» деген сенімі қисынсыз көрінді. Хуан машинаға айналмаған әлемде өмір сүреді. Мен жартастың бойымен сарқырап ағып жатқан өзеннің дыбысын естісем, Хуанға ол басқаша естіледі. Оған кішкентай кезінде өзенге батып кеткен қарындасының дауысы естіледі. Арада бірнеше жыл өткенде ол су перісінің кейпінде қайта пайда болыпты.
Оның шынайы емес екенін ешкім тап басып айта алмайды. Бақсы өзінің дәрісі арқылы «малокадағылармен» өзге әлем туралы білімімен бөлісті. Ал біздің оған сену-сенбеуімізді ол өз еркімізге қалдырды.
Еуропа мен Солтүстік Америкадан көптеген адам «Маянтуяку» мен Перудің өзге де орталықтарына өз бойларынан «ягуар рухы» табылып қалар деген үмітпен келеді. Аяуаска сусыны арқылы ягуардың ақырған дауысы экологиялық симфонияның бір көрінісі екенін ұқтым. Біз көбіне жануарлардың харизматикалық түрлеріне аса мән береміз. Оның ішінде үлкен мысықтарға. Ал олардың бар екенін, қайда тіршілік ететінін және олармен бірге тіршілік ететін мыңдаған тірі ағзаны ұмыт қалдырамыз.
Бірнеше күннен кейін Рузо маған Хуан бақсы шәкірттерінің бірі рәсім кезінде не көргенін баяндап берді. Ол «Қайнаған өзеннің» бір шетінен ягуардың қаңқасын тапқан. Оның аяғы, қабырғалары және бас сүйегі бүлінбей сақталған.
Хуан бақсы қаңқаны ягуардың Маянтуяку айналасындағы орманды бұдан былай қорғай алмайтынының белгісі деп жорыды. Енді бұл орманды сақтап қалу өзінің, Рузоның және ягуардың күші мен кербездігін құрмет тұтатын табиғат жанашырларының қолында!
Авторы: Чип Браун, фото: Стив Уинтер
Чип Браун 2017 ж. қаңтарында шыққан «Гендерлік төңкеріс» нөміріне арнап «Адамзат жаратылысы» мақаласын жазды. Стив Уинтер ягуар түсіру үшін Бразилиядағы Пантанал аймағында жұмыс істеді.
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa