Қытай инвестициясының артуы кесірінен Боливиядағы ягуарлар қиын жағдайға қалды.
Мадиди – Нью-Джерсидің ауқымына қарағанда шағындау келген, дүниежүзінде кездесетін барлық құстың 11 пайызы және сүтқоректілердің 200 түрі мекендейтін қазыналы мекен. «Қызыл ара» құсы төбеңнен төніп, жасыл-көк «ураниалейлус» көбелектері батпақты шалшықты кестедей қаумалаған кезде, бәрінің төбесінен қараған ағаштар көктің бетін жауып тұрғандай болады.
Бұл қорық – Аргентина арқылы АҚШ-тың оңтүстік-шығысына топ ете қалған тарғыл мысықтың, яғни жұмбақ ягуардың мекені. Дегенмен бүгінгі таңда ранчо қожалықтары, фермалар мен заңсыз орман шаруашылығы салдарынан бұл мысықтектес патшалығы тарылып барады. Жабайы мысықтан қорыққан не малын қорғаған шаруалар оларды атып тастауда. Қазіргі таңда оларға төнген тағы бір қауіп – браконьерлердің көбеюінде болып отыр.
Бұл апат әсіресе Боливияда анық байқалады. Мұндағы пошта қызметкерлерінің өздері қылмыскерлерден Қытайға жасырын тасымалдамақ болған жүздеген ягуар тісін тәркілеген. Сот ісі бойынша Қытайдың қос азаматы «ягуар саудасымен айналысты» деген айыппен жауапқа тартылған.
Негізінен, Боливияда ягуар аулау, сату және сатып алу қылмыстық іске жатқызылады. Бұл жыртқыш мүшелерін халықаралық шекара арқылы коммерциялық мақсатта сату да заңсыз. Дегенмен елде заңды айналып өту қиын емес, себебі заңның қолданысы әлсіз, ал тістің бағасы шарықтап тұр, бір тіс 100-200 АҚШ доллары аралығында саудаланады.
«Адамдар мұны табыс көзіне айналдырып алған, – дейді Боливияның қоршаған ортаны қорғау ұйымының биологі Нуно Негрос, – қылмыскерлер жазадан оңай құтылып кете алатынын біледі».
Бай-бағландар оның тістерін бақ-дәулеттің белгісі ретінде әшекей етіп тағады, не болмаса жын-шайтаннан қорғайтын бойтұмар ретінде пайдаланады. Қытайлықтар арасында ягуарға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Тарғыл сүтқоректілерді қорғаумен айналысатын боливиялық Анай Холзманның айтуынша, бүгінгі таңда Қытай мемлекеті мен Боливия арасындағы инвестициялық және инфрақұрылымдық қарым-қатынастың артуына байланысты мұнда Аспанасты елінің жұмысшылары көптеп ағылуда. Сондықтан да онда ягуар саудасы ғана емес, жалпы заңсыз сауданың түр-түрі етек жайған.
Өзен бойымен жүзіп бара жатып, қайығына толтыра банан артып алған жергілікті тұрғынға кезігіп қалдық. Біраз әңгімелескен соң Мадиди директоры Маркос Узкиано әңгімені ягуар тақырыбына бұрды.
«Былтыр ауылымызға әлдебір қытай азаматы келіп, ягуар тісі мен басын іздеп жүргенін айтты», – деді ол.
Артынша Узкиано жақын маңдағы көрші ауылдардағы ранчоларды аралап жүрген қытай жігіті сол айтылған адам болуы мүмкін деп топшылады. Қылмыскер ранчо иелеріне атылған ягуар тісі мен сүйегі үшін ақша ұсынған. Өкінішке қарай, Узкианоның құзыреті тек қорық ішінде ғана жүреді.
Боливияның лауазымды тұлғалары заңсыз ягуар саудасына алаңдаушылық танытқанымен, табиғат жанашырларының, ғалымдар мен мемлекеттік қызметкерлердің айтуынша, олардың осы күнге дейінгі әрекеттері нәтижесіз болып келген.
«Меніңше, мемлекеттің күресуі жеткіліксіз, – дейді заңсыз ягуар саудасының жолын кесумен айналысқан Боливия биологиялық тіршілік департаментінің биологі Анжела Нюнез, – мемлекет өзінің саяси пайдасын бірінші орынға қояды. Боливияның негізгі мақсаты – Қытаймен жақсы қарым-қатынас орнату сияқты».
2014 жылы полиция Жавин деген атпен танылған қытай азаматы Ян Ишингтің үйінен ягуар тістері мен бастарын тапқан болатын. Үш жылдан кейін-ақ ол кепілдік төлеп, бостандыққа шықты.
Ғалымдар Боливияны мекендейтін бар-жоғы 4000-7000 шақты ягуарды сақтап қалуға әлі де кеш емес деп сенеді. Ол үшін мемлекет қылмыспен табанды әрі үйлестірілген түрде күресумен қатар, қытай компанияларымен тығыз әрекет етуге тиіс және заң бұзушыларды уақтылы жазалап отыруы қажет.
Авторы: Ракл Бейл, фото: Кристиан Родригес
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa