..."/>
ЗЕРТТЕУ

Жақсы мен жаман ғылымы

Музыкалық фестиваль кезінде жартылай автоматты винтовкамен қаруланған ер адам қонақүйдің 32-қабатынан мыңдаған оқ жаудырды. 2011 жылдан бері адамдарға жаппай оқ ату жиілеп кетті.

Адамдардың мейірімді немесе қатыгез болуы неліктен?

Иллинойс штатының Оберн қаласындағы жылжымалы үйіндегі ас бөлме терезесінен Эшли Олдридж шамамен 100 метр қашықтықтан теміржол өткелін анық көрді.

Он тоғыз жастағы ана екі баласына түскі асын беріп жатып қоларбаға таңылған бір ер адамды көрді. Ол орнынан қозғала алмайды. Сөйт­се, арба дөңгелегі рельстердің арасына қысылып қалыпты. Қоларбаға таңылған әлгі адам жанынан мотоцикл мен екі бірдей көлік тоқтамай өтіп кетсе де, көмек сұрауын тоқтатпады.

Олдридж жанталаса көршісіне жүгіріп барып балаларына қарай тұруын өтінді. Сол сәтте по­йыздың тақ-тұқ еткен дыбысын естіп, кедергінің жабылғанын көрді. Ол жалаңаяқ қиыршық тастың үстімен жүгіріп келеді. Ер адамның қасына жеткенде пойыз сағатына шамамен 125 шақ. жылдамдықпен жүйт­кіп келе жатты. Қоларбаны қозғалта алмаған Олдридж мүгедек ер адамды арт жағынан – кеудесінен құшақтап көтермек болды. Бірақ шамасы келмеді. Пойыз таяқ тастам жерге тақағанда Олдридж оны бар күшімен орнынан жұлып алып, артқа серпіліп қалды. По­йыз қас-қағым сәтте қоларбаның күл-паршасын шығарып, болат пен пластик сынықтарын бір шақырымға дейін сүйретіп әкетіп бара жатты.

2015 жылдың қыркүйегінде Олдридж құтқарған адам оған мүлде бейтаныс болатын. Олдридждің оны құтқаруға деген нық шешімі өзгелерден ерекше екенін көрсетеді. Оның бұл ерлігі – ғалымдардың «асқан альтруизм» деп аталатын құбылыстың, яғни өз басына қауіп төнгеніне қарамастан, туыстық қатысы жоқ адамға риясыз көмектесудің бір мысалы. «Мұндай батырлардың көбінің жұмысы өзгелерді қорғаумен байланысты болатыны заңдылық», – дейді олар. Солардың қатарында Рик Бест, Талиесин Намкай-Мече және Мика Флетчер бар. Олар Орегон штатының Портленд қаласында жүріп бара жатқан пойыздағы екі жас келіншекті (біреуі хиджаб киген) мұсылманша киінгені үшін ғана зорлық көрсеткен ер адамнан қорғап, араша түсті. Үшеуі де пышақталды. Олардың ішінде Флетчер ғана аман қалған.

Коннектикут штатындағы Ньютаун қаласында атыс кезінде 27 адам қаза тапты. Шабуылшы өзінің анасын да өлтірді. Ғимарат сүріліп, орнына басқасы салынды. Бұрынғы мектептің ізі де қалған жоқ.

14.12.2012 | Сэнди Хук мектебі | 27-сі көз жұмып, 2-еуі жараланды


Осынау игі істерді адам баласы жасайтын қорқынышты әрекеттермен салыстырыңыз: өлтіру, зорлау, ұрлау, азаптау. Қазан айында Невада штатының Лас-Вегас қаласында өткен кантри музыка фестивалі кезінде әлдебіреу Mandalay Bay қонақүйінің 32-қабатынан оқ жау­дырған қанды қырғын оқиғасы болғаннан ке­йін үш апта өткенде 58 адамның қаза тапқаны және 546 адамның жараланғаны белгілі болды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары мұндай жан түршіктірер оқиғалар жиілеп кетті. Адамдар айтса нанғысыз қатыгездікке баратын болды.

Асқан альтруистер мен психопаттар біздің ең жақсы және ең нашар түйсіктерімізді бейнелейді. Бір басында – біз жақсы деп санайтын моральдық спектр, кеңпейілділік және басқа да жағымды қасиеттер болса, екінші басында – біз жаман деп танитын өзімшілдік, қатыгездік және деструктивті импульстер. Зерттеушілердің айтуынша, мінез-құлықтың екі типінің түп негізі – біз жүріп өткен эволюциялық жолда жатыр. Олар адам баласының аман қалу үшін үлкен әлеуметтік топтармен қоян-қолтық араласуы нәтижесінде бір-біріне қол ұшын беруге құлшыныс пайда болды деп болжайды. Алайда топтар ресурстар үшін бақталасқандықтан қарсыластарын өлтіруге мәжбүр болды. Чикаго университетінің әлеу­меттік нейрологі Джеан Дисети: «Біз – жер бетіндегі әлеуметтік маңызы жоғары тіршілік иелеріміз. Сондай-ақ жер бетіндегі ең қатыгез түрміз. Біз – екіжүздіміз», – дейді.

Алайда соңғы он жылдықта ғалымдар жақсылық пен жамандыққа не түрткі болатыны туралы көптеген ғылыми жаңалық ашқан. Ғылыми жұмыстардың қорытындысына сенсек, оның екеуі де эмоционалды жай-күйге тікелей байланысты екені анықталған. Мәселен, ми «эмпатия» деп аталатын күйге түссе, ондай адам басқалардың көңіл күйі қандай екенін сезіне алатын болады. Зерттеушілер эмпатияның жүрегімізде жанашырлық сезімін тудырып, қиындыққа тап болған адамдарға көмектесуге итермелейтін күшке ие екенін анықтаған. Ал эмпатия сезімі жоғалған жағдайда адамдар арасында зорлық-зомбылық жиілеп, психопатикалық және қоғамға қарсы қылмыстар саны артатынын, ол жүйке жүйесінің ауытқуына себепкер болатынын көрсетті.

11.09.2001 АҚШ-та болған жан түршіктірер террористік шабуылдардың бірінде ДАИШ өкілі түнгі клубты нысанаға алды. Арада бір жыл өткенде аза тұтушылар қайғылы оқиға орын алған жерге қайта келді.

12.05.2016 | Орландо, Флорида | 49-ы көз жұмып, 53-і жараланды


Бір кездері ғалымдар бүлдіршіндерді өзгелердің жағдайына бас қатырмайды деп ойлап келген. Алайда соңғы зерттеулер нәресте бір жасқа толмай жатып-ақ оның бойында жанашырлық сезімі пайда болатынын дәлелдеген. Иерусалимдегі Еврей университетінің психологі Мааян Давидов пен оның әріптестері осы мәселеге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізгенде балалардың қиын жағдайға тап болған адамды көргенде қалай әрекет ететінін ұзақ бақылаған. Зерттеу нәтижесі көптеген нәресте тіпті алты айға толмай жатып-ақ, мұңды ке­йіпке енгендерге өз тілінде жауап қататынын анықтаған. Ал бір жарым жастағы сәбилер өздерінің жанашырлық сезімдерін көбіне құшақтау арқылы білдіреді екен.

Алайда мұндай сезім барлық балада бола бермейді. Ғалымдардың айтуынша, кей сәбилер екі жасынан бастап өзгелердің жағдайына немқұрайды қарайды екен. Висконсин-Мэдисон университетінің зерттеушісі Кэролин Зан-Вакслер: «Адамдар бір жерін ауыртып немесе жарақаттап алғанын айтқанда кей бала оларды мазақтап күледі немесе айыптайды. «Еш жеріңді жарақаттаған жоқсың. Абай болуың керек еді» деп өздерін кінәлап шыққан», – дейді. Бұл сәбилерді жасөспірімдік кезеңге дейін зерттеген Зан-Вакслер мен оның әріптесі, Колорадо Боулдер университетінің психологі Су Хьюн Ри олар туралы «қоғамға қарсы шығуға және әр нәрсеге ұрынуға бейім тұрады» деген қорытындыға келген.

Зерттеушілер жасөспірімдер бойындағы қатыгездік пен немқұрайдылықты «сыналушы теріс әрекет жасағанда өзін кінәлі сезіне ме, жоқ па» деген сұрақтармен өлшеді. «Немқұрайдылық», «қатыгездік» секілді жаман қасиеттерге ие балалар жиі бұзақылық жасайды. Ғалымдар осындай жасөспірімдердің кейбірі ақыр соңында ауыр қылмыстарға баратынын анықтады. Ондай балалардың бірі – ересектер сияқты психопатқа айналса, екіншілері – адам өліміне селт етпейтін тасжүрек болып қалыптасады.

Ақ нәсілді әсіреұлтшылдар афро-америкалық Джеймс Бирдті көлікке байлап, осы жолдың бойымен сүйретіп өлтірген. Бирдтің дене мүшелері табылған жерлер шеңбермен белгіленді.

07.05.1998 | Хафф Крик-Роуд,Джаспер, Техас | 1 адам көз жұмды


Эмпатияның жетіспеуін нәрестелік шақтан бастап психопатикалық мінез-құлық негізінде анықтау мүмкін болатын болса, зұлымдық тұқым қуалау арқылы беріле ме? «Иә» немесе «жоқ» деп шорт кесіп айта алмаймыз. Себебі оған көптеген ауру сияқты тұқым қуа­лаудың да, қоршаған ортаның да әсері бар екені анық. Ал егіздерге жүргізілген зерттеу жұмыстары кейбір бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің бойындағы қатыгездік пен немқұрайдылық қасиеттері ген арқылы берілетінін көрсетті. Дей тұрғанмен, зерттеу­шілер қоғамға жат мінез-құлыққа ие әйелдерден туған 561 сәбиге жүргізілген зерттеу нәтижесінде, берекесі қашқан отбасында тәрбиеленгендерге қарағанда, өгей ата-ана қолында өскен балалардың бойынан қатыгездік пен немқұрайдылық анағұрлым сирек байқалатыны анықталған.

Жанашырлықтан жұрдай балалардың қоғамға бейімделіп кетуі өте қиын. Зерттеуші психолог Есси Видинг: «Егер балаңыз әдеттегі дамып келе жатқан бала сияқты қасындағы адамды бауырына басып, жанашырлық танытпаса, бұл жақсы белгі емес. Әрине, ондай балалардың көбі өздерінің биологиялық отбасында-ақ тәрбиеленеді. Тек олар үшін бала тәрбиесі туралы білімі таяз, мейірімнен жұрдай, эмоцияларын тізгіндей алмайтын ата-ананың қолында өсу екі есе ауыр соққы болып тиеді», – дейді.

2012 жылдың мамыр айында Англияның Дерби қаласында таңсәріде өрт сөндірушілер жанып жатқан үйден Филпот әулетінің алты бірдей баласын құтқаруға жанталасты. Бірақ құтқарушылар балалар ұйықтап жатқан жоғарғы қабатқа жеткенде бір ғана баланың әлі тірі екенін көреді. Өкінішке қарай, екі күннен кейін ол да ауруханада көз жұмды. Полиция үй қасақана өртелген деп санады.


Мика Флетчер

БӨТЕН АДАМДАРҒА АРАША ТҮСУ

Флетчер мен өзге екі ер адам Портленд қаласында жүріп бара жатқан пойыздағы екі мұсылман келіншекті (біреуі хиджаб киген) діни сенімі үшін зорлық көрсеткен ер адамнан қорғап қалған. Сол кезде бұзақы үшеуіне де пышақ сұғып алды. Екеуі тіл тартпай кетті. Ал Флетчер мойнынан ауыр жарақат алды. Ол инстинктивті түрде әйелдерді арашалауға жүгіре жөнелгенін айтты. Ол: «Егер қоғам ынтымақты болса, бір-біріне қорған бола білуі тиіс», – дейді.


Дерби тұрғындары балалардың әке-шешесі – Мик пен Мейрид Филпотқа жерлеу рәсіміне ақша жинап берді. Баспасөз конференциясында Филпот адамдарға алғысын айтып, еңіреп жылап, көзін сүрте берді. Ең қызығы, ол кезде оның беторамалы құп-құрғақ болатын. Дербишир графтығының бас уәкілі оның іс-әрекетінің жасандылығына таңғала қарап қалады. Он сегіз күннен кейін полиция Филпот пен оның әйелін тұтқындайды. Тергеушілер Миктің көңілдесін кінәлі етіп көрсету мақсатында ­әйелі және сыбайласымен бірігіп үйді әдейі өртегендерін анықтаған. Сот үшеуін де «байқаусыз адам өлтіру» деген баппен кінәлі деп тапты.

Филпоттың қайғырған және өкінген ке­йіп танытуы – психопаттарға тән мінездемелердің бірі. Психопаттар эмоционалды көрінуге тырысқанымен, өзгелердің сезімдеріне немқұрайды қарайды. Нейролог–ғалым Кент Киль: «Олар өзгелердің жанашырлығын, кінәсін немесе өкінішін мүлде бағалай алмайды. Мұндай адамдар басқалардан қатты ерекшеленеді», – дейді.

 


Финеас Гейдж және алдыңғы ми

МИДЫҢ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІНІН МЕҢГЕРУ

1848 жылы болған жарылыс кезінде теміржолшы Гейдждің (сол жақта) миының сол жақ бөлігіне темір кіріп кетті. Сауыққан соң бұрынғы ақжарқын және ізетті кейіпінен айырылды. Канадада алдыңғы миында ісік пайда болған науқас та осындай өзгеріске тап болды. 2016 жылы оның әйелі Шербрук университетінің медициналық тобына: «Жұбайымды қайтарып бергендеріңізге рахмет», – деп алғысын жаудырды. Оның МРТ суреттері (жоғарыда) отаға дейінгі және одан кейінгі кезін көрсетеді.


Зерттеушілер эмпатияның адамгершілікке итермелейтін күш екенін анықтады.


Киль мен оның әріптестері 2007 жылдан бері 4000-нан астам тұтқынды тіркеп, олардың миындағы белсенділікті зерттеп, ми бөліктерінің көлемін өлшеген.

Психопат қылмыскерлердің миындағы эмоциялық процестің негізгі сүзгісі – мишық бадамшасында психопат емес тұтқындармен салыстырғанда, белсенділік өте төмен болып шыққан. Ондай құбылыстар әсіресе «қайғыру» және «тұнжырау» сияқты эмоция­лық күй орнағанда барып көрініс табады. Зерттеушілер шешім қабылдау қабілетін тексеру арқылы тұтқындардан экрандағы суреттердің қаншалықты жағымсыз екенін сұрайды. Мәселен, қан-жоса болған адам беті. Екі тарап та суреттердегі зорлық-зомбылықты сезінгендерімен, психопаттардың миында моральдық құндылықтарды байқау процесі баяу жүретіні байқалған.

«Басқа тұтқындармен салыстырғанда жоғары деңгейлі психопатогенді қасиеттерге ие тұлғалардың ми құрылысында сұр зат шамамен 5-7%-ға аз», – дейді Киль. Психопаттар осы жетіспеушіліктің орнын толтыру үшін, яғни эмоциялық күй таныту үшін мидың басқа бөліктерін пайдаланады.


Кент Киль

ПСИХОПАТТАРДЫҢ МИЫН ЗЕРТТЕУ

Нью-Мексико университетінің нейролог-ғалымы Киль психопаттардың миларынан ауытқулар байқады. Ол 4000-нан астам тұтқынның миын сканерлеп, мидың көлемдерімен бірге олардың белсенділігін өлшеді. Оның айтуынша, психопаттардың ми құрылысының эмоцияны басқаруға, шешім қабылдауға, импульстерді бақылауда ауытқу болады.


Джорджтаун университетінің психологі Эбигейл Марш 19 жасында жолда итті басып кетпес үшін көлігін кілт бұрып, көлік басқаруға келмей қарсы бетке шығуға шақ қалған. Марш қозғалтқышты қоса да алмай, әрі сырт­қа шығуға да қорқып отырып қалды. Бір кезде бір ер кісі көлігін тоқтата сала Эбигейл жаққа қарай жүгіріп келді де оған көлікті жүргізуге көмектесті. «Ол тәуекел етіп көліктердің арасымен жүгіріп өтті. Оның бар ойы маған қол ұшын созу еді. Мұны басқаша түсіндіре алмайсыз. Қалайша адам осындай көзсіз ерлікке барады екен?!» – дейді Марш.

Оны «көпір үстінде жүргізушінің альтруистік қадамға баруы психопатияға қарама-қайшы қасиет емес пе екен» деген сұрақ мазалады. Сөйтіп, ол зерттеу жүргізу мақсатында бірыңғай мейірімді адамдар тобын іздеп, альтруист бүйрек донорлары зерттеу тақырыбына дәл сәйкес келеді деп шешті. Олар – бүйрегін бөтен адамға беруді таңдаған адамдар. Тіпті кейде қаржылық шығындарды өздері көтеріп алып жатады.

Марш пен оның әріптестері бүкіл ел бойынша 19 донор тауып, зерттеу жүргізді. Зерттеу­шілер донарлардың әрқайсысына алуан түрлі бет-әлпеттің ақ-қара түсті суреттерін көрсетті. Олардың бір бөлігі қорқынышты бейнелесе, енді бірі – ашу-ызаға толы. Басқалары бейтарап болды. Дәл сол сәтте МРТ аппаратының көмегімен донорлардың миларындағы белсенділік пен мидың құрылымы анықталды.


«Мендота» жасөспірімдерді емдеу орталығы

САНАНЫ ЖАҚСЫҒА БАУЛУ

Висконсиндегі қатыгез жасөспірімдерге арналған орталық жастарды қылмыскер атанудан құтқаруға бағытталған. Балалар келесі күні күнделікті тәртіптеріне сай мүмкіндіктерге ие болады. Мәселен, бейнеойын ойнауға рұқсат алу. Бұл тәсіл балаларға әр тәулік сайын тәртіптерін түзеуге мүмкіндік береді. Мына суретте ер бала бір жыл ішінде жинаған ұпайларын көрсетіп тұр.


Бақылау тобымен салыстырсақ, донорлар үрейге толы бет-әлпеттерді көргенде оң жақ мишық бадамшаларында көбірек жауап қайтарылды. Басқа сынақта зерттеу­шілер олардың оң жақ мишық бадамшалары өзгелердікінен орташа алғанда 8%-ға үлкенірек екенін байқайды. Ал одан бұрын психопат адамдарға жүргізілген осындай зерттеулер керісінше нәтиже көрсеткен. Психопаттардың миларындағы мишық бадамшалары кішірек және бақылау тобымен салыстырғанда, белсенділігі төмен болды.

Марш мұны: «Үрейге толы бет-әлпеттер ­уайым мен қамқорлық сезімін тудырады. Егер бұл көрініс сізді селт еткізбесе, өзге адамдарға жаныңыз ашуы неғайбіл. Альтруист донорлар өзгелердің қайғысы мен қорқынышына сезімтал келеді. Бәлкім, мишық бадамшалары орташа деңгейден үлкенірек болғандықтан болар», – деп түсіндіреді.


Мисси Юинг

МӘРТТІК ДЕП ОСЫНЫ АЙТ

Күйеуі секілді Юинг те өзінің бүйрегін бөтен адамға сыйлады. Оның жалғыз марапаты – осындай құрбандыққа барудан алған керемет әсер. Ол қамқорлық пен мейірімге бөленіп өскендіктен осындай сый жасағанын айтады. Зерттеушілер Юинг сияқты альтруист донорлардың мишық бадамшаларының ірі екенін анықтаған. Ол өзгелердің сезіміне бей-жай қарамауға көмектеседі.


Әлемдегі адамдардың басым бөлігі асқан альтруист те, психопат та емес. Көпшілік зорлық-зомбылық әрекеттерге бармайды. Дей тұрғанмен геноцид (адамдарды жаппай қыру) және көптеген адамның немқұрайдылығы әлі де бар. Этникалық, ұлттық, нәсілдік және діни бағытта құрылған әлеуметтік топтар әлі күнге дейін өзге топтарға қысым көрсетіп келеді. Газ камераларымен миллиондаған еврейдің көзін жойған нацистік Германия, өлім алаңдарында камбоджиялықтарды қырған коммунист кхмер­лер, Руандада мачетелерімен тутсис пен кішігірім хуту тайпаларының жүз мыңдаған адамын ажал құштырған хуту экстремистері және Ирактағы езидтерді жаппай қырған террористер. Бұл – әлемнің кез келген аймағы геноцидтен зардап деген сөз.

Психолог Стэнли Милграм жүргізген тәжірибелер арқылы адам санасының қаншалық таяз не терең екенін жартылай түсінуге болады. Бұл зерттеуде сұрақтарға дұрыс жауап бермеген адамды тоқпен қинады және әрбір қате жауап үшін тоқ қуаты арттырылды. Зертхана қызметкерін нұқыған кезде ол тоқтың қуа­тын адам өміріне қауіпті деңгейге дейін арттырып отырды. Алайда ол шынайы емес еді. Субъектілердің құлағына шалынған жылаған дауыстар алдын ала жазылған болатын. Бірақ олар мұны кейін білді. Бұл зерттеулер Милграм сипаттаған «ересектердің қолында билік бар адамның бұйрығын негізге ала отырып, кез келген әрекетке бару» қасиетін көрсетті.

Жаппай қырудың алдын алу мақсатында құрылған Genocide Watch коммерциялық емес ұйымның негізін қалаушы Грегори Стэнтон басқа ақыл-есі дұрыс адамдарды қолын қанға бояуға итермелейтін кезеңдерді анықтады. Демагог көшбасшылар нысанаға ілінген топты «өзге» деп танып, оны қолдаушылардың мақсат-мүддесіне қауіп төндіреді деп есептегенде бірінші кезең басталады. Оның артынан дискриминация пайда болады. Көп ұзамай көшбасшылар өздерінің нысаналарын «адам болуға тұрғысыз» деп танып, топ ішіндегі «өзгелерге» деген жанашырлық сезімін жояды.


Энтони Чавез

ӨЗГЕЛЕРДІҢ ӨМІРІН САҚТАУ

Чавез Лас-Вегастағы музыкалық фестиваль кезінде сүйіктісі Дейана Торрес екеуінің оқтың астында қалғанын түсінді. Содан кейін бұрынырақ танысқан келушімен бетпе-бет кездесіп қалды. «Көздеріміз түйісе қалды. Оған көмектесу керектігін білдім», – дейді ол. Сөйтіп, Чавез сол әйелді және қорқыныштан қол-аяқтары сіресіп қалған бірнеше адамды қоршауға қарай итеріп, аман алып қалды.


Уильям Рамирез

НАР ТӘУЕКЕЛ

Қайықтарды жуумен айналысатын Рамирез жұмысына бара жатқанда майамилік полицейді автоматынан оқ жаудырған адамнан құтқарып қалды. Ол көлігімен полицей мен оқ атушының ортасына тоқтай қалып, есікті ашты. Полицей секіріп мінді. Sun Sentinel газетіне берген сұхбатында: «Ештеңе істеместен өте шығуға дәтім шыдамады», – дейді.


Самер Аттар

СОҒЫС ҚҰРБАНДАРЫН ЕМДЕУ

Чикаголық ортопед-хирург Аттар Иракта, Иорданияда және Сирияда жараланғандарды емдеуге ерікті ретінде қатысты. Ол басқалардың өмірін сақтап қалуды басты орынға қойды. 2016 жылы Алеппо қоршауға алынғанда ол елден кеткен соңғы америкалық дәрігер болды. «Мен қаһарман емеспін. Есесіне, айналамда кілең сондай адамдар болды», – деп жазды.


Эшли Олдридж

ҚОРҚЫНЫШҚА ҚАРСЫ ТҰРУ

Екі баланың анасы Олдридж қоларбасы рельстердің арасына қысылып қалған ер адамды құтқару үшін жалаңаяқ жүгірген. Пойыз келіп жеткенше әлгі адамды қоларбадан суырып алды. «Өзімді батырмын деп есептемеймін. Бірақ балаларым мені қаһарман деп біледі. Егер оның орнында менің атам болса басқалар да мен сияқты көмектесер еді деген ойдамын», – дейді.


Келесі кезеңде қоғам поляризацияланады. «Геноцидті жоспарлағандар «сен не бізбен біргесің, не бізге қарсысың» деп айтады», – дейді Стэнтон. Артынша дайындық кезеңі басталады. Кейде аут-топтың мүшелері гетто немесе концентрациялық лагерьлерге көшуге мәжбүр болады. Сөйтіп, жаппай қырғын басталады.

Қылмыскерлердің көбі өкіну сезімінен жұрдай. Бірақ оның себебі психопатогенді қанішерлер сияқты сезіне алмауында емес. Олар адам өлтіруді оңтайландырудың жолдарын таба біледі. Геноцид зерттеушісі Джеймс Уоллер айуандық жасағандары үшін тұтқындалған немесе айыпталған хуту тайпасының көптеген адамымен тілдескенде адам санасының ұғыну және сорақы іс-әрекеттерді ақтай алатын сенгісіз қабілетін байқағанын атап өтеді. Оның айтуынша, аталған адамдар өз қылмыстарын: «Мұны істемегенімде, әлгі балалар есейген соң қайтып келіп мені өлтіретін еді. Олар аман қалу үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болдым», – деп түсіндіреді.

Біздің бойымыздағы жанашырлық сезімі және оны өзгелерге таныту туа біткен болуы мүмкін. Бірақ оның өзгеріске ұшырайтыны анық. Сондай-ақ бала кезден бастап өзгермейді деп танылған психопатикалық және қоғамға жат мінез-құлықтар сол күйінде қалады деген түсінік – қате. Соңғы жылдары зерттеушілер жауыздықтың алдын алудың мүмкіндігін және біздің позитивті әлеуметтік түйсіктерімізді нығайтудың жолдарын көрсетті.


Джереми Ричман

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ ЖОЛДАРЫН ІЗДЕУ

 

Ричман басқа адамдардың мұндай ауыр қасіретке тап болуына жол бермеу мақсатында Сэнди Хук мектебінде болған атыс кезінде оққа ұшқан Авьелле есімді алты жасар қызының атынан қор құрды. Бұл қор зорлық-зомбылықты ауру ретінде емдеуді мақсат тұтатын миға қатысты зерттеулерді қолдайды. Ол жабылып қалған Fairfield Hills ауруханасының (жоғарыда) іргесінде орналасқан.


Қатігез жасөспірім ұлдарды өмір бойы қылмыскер болудан құтқару мақсатында Висконсиндегі «Мендота жасөспірімдерді сауықтыру орталығында» зерттеу жүргізілді. Бұл мекемеге ауыр қылмыс жасаған балалар түседі. Бірақ оны түрмеден гөрі психиатриялық бөлім деп атаған дұрысырақ. Орталыққа жіберілген жасөспірімдер ұзын-сонар қылмыстық оқиғаларымен келеді. Бөлімнің бас психологі Майкл Калдуэл: «Олар – негізінен, адам қатарынан шығып қалғандар. Ешкіммен байланысы жоқ және айналасындағыларды дұшпан ретінде көреді», – дейді.

Бұл орталық балалардың агрессивті және қоғамға жат мінез-құлықтарына қарамастан, олармен қарым-қатынас орнатуға тырысады. Мекеме қызметкерлері қылмыскерге адамгершілікпен қарайды. Балалар күн сайын тәртіптеріне сай бағаларын алса, келесі күні жоғарғы мүмкіндіктерге ие болып жатады. Мәселен, бейнеойын ойнау. Ал біреумен төбелесіп, төмен баға алса, ондай мүмкіндіктерден айырылады. Бұзықтық үшін жазалауға емес, үлгілі тәртіп үшін марапаттауға аса мән беріледі. Бұл мекеме көптеген түзету орталығынан осынысымен ерекшеленеді. Орталық директоры Грег Ван Риброек: «Уақыт өте келе балалардың тәртібі түзеле бастайды», – дейді.

Олардың өз эмоцияларын басқарып және зорлық-зомбылық импульстерін қадағалай білу қабілеттері Мендотадан кеткеннен ке­йін де жойылмайды. Мұндағы бағдарлама бо­йынша емделген жасөспірімдер бостандыққа шыққаннан кейін 2-6 жыл аралығында басқа жерлерде емделгендермен салыстырғанда анағұрлым аз қылмыс жасаған. «Біз ешқандай сиқыр жасамаймыз. Есесіне, әлемге жастардың көзімен қарайтын жүйе құрдық және олардың теріс көзқарасын әділетті түрде біртіндеп жою­ға тырысып жатырмыз», – дейді Ван Риброек.


Сью Клиболд және Кони Сандерс

ҚАЙҒЫНЫ БӨЛІСУ

Сью (сол жақта) 1999 жылы Колорадодағы Колумбайн орта мектебінде оқушыларға оқ жаудырып, кейін өздерін атып тастаған қос жасөспірімнің бірі – Дилан Клиболдтың анасы. Ол «Ананың күнделігі» атты кітабында басынан өткен жағдайды баяндайды. Сонымен қатар сауықтыру орталықтарының қайырымдылық қорларына ақша аударып отырады. Ол Сандерске (оң жақта) туған анасындай болып кетті. Сандерс­тің әкесі қанды қырғын кезінде қаза тапқан.


Соңғы он жыл ішінде зерттеушілер миымыз­дың әлеуметтік жағына қатысты бөлігі егде жаста да құбылып тұратынын, мейірімдірек әрі кеңпейіл болуды үйрене алатынымызды анықтады. Әлеуметтік нейролог-ғалым Тания Сингер осы бағытта зерттеулер жүргізіп, жанашырлық пен аяушылық мидың әртүрлі жүйе­лерін пайдаланатынын анықтады. Екеуі де жақсы мінез-құлық тудыруы ықтимал. Алайда кей жағдайда басқа адамның қиналғанын көрген кезде мидың қайтарған эмпатикалық жауабы уайымдауға әкеп соғуы мүмкін, яғни мұндай негативті реакция адамды өзінің жақсы көңіл күйін сақтау үшін қиналған адамнан теріс айналуға мәжбүрлейді.

Өзгенің қайғысын жеңілдетіп, жанашырлық сезімін күшейту үшін Сингер командасы түрлі жаттығулардың әсерін де сынап көрді.

Миымызды неғұрлым альтруист болуға баулу – қоғам үшін керемет мүмкіндік. Сингер жанашыр болуға үйрететін мектептер ашу керек деп есептейді. Оның нәтижесі Эшли Олдридж сияқты адамдардан құралған бейбіт әлем болар еді. Рефлексивті мейірімділік қалыпты жағдайға айналып, адамзаттың басты қасиетіне айналар еді.

Автор: Юдхиджит Бхаттачарджи, фото: Линн Джонсон

Юдхиджит Бхаттачарджи, «National Geographic» журналының штаттан тыс тілшісі. Линн Джонсон журнал үшін тұрақты түрде суреттер түсіреді.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля