..."/>
ЗЕРТТЕУ

Тұмса табиғат әлемі

Ең қашық аралдардың бірі – Стипл Джейсонда қара қасты альбатростар мекендейді. Бір кездері малға жайылым болған арал бүгінде табиғи қорыққа айналған. Қара қасты альбатростардың шамамен 70 пайызы Фолкленд аралдарында ұя салады.

Соғыс оты шарпымаған, жергілікті тұрғындардың ата кәсібі қой өсіру болып табылатын Атлант мұхитындағы – Фолкленд аралдары табиғатты бұзбай сақтаудың «нағыз» үлгісін ұсынады.

Фолкленд архипелагіндегі ең қашық арал – Стипл Джейсонның жартас­ты жағалауынан қарсы алдымдағы ғажайып көрініске аңтарыла қарап қалыппын. Дүниедегі ең ірі үйір – 440 мыңнан астам қара қасты альбатрос мұндағы тік жартастарға ұя салады. Төмендегі жағалаудан оңтүстіктің Рокхоппер пингвиндерінің жамыраған дауыстары естіледі. Ізбедерлі каракаралар жемтік  іздеп, пингвин балапандарын не өлекселерін аңдып жүр.

Бұл жердің салқын суын оңтүстік-америкалық теңіз мысықтары, касаткалар, коммерсон және оңтүстік дельфиндері мен сейвал киттері мекен етеді. Суға түссең, таңғажайып балдырлар орманы, жебедей зулаған Папуас пингвиндері мен олардың артынан қалмайтын оңтүстік теңіз арыстандары өріп жүр. Тістеуіктерін көтеріп алып, шайқасуға да­йын омар крильдері теңіз түбінде тізіліп тұр.

Папуас пингвиндері сағатына 35 шақ. жылдамдықпен жүзеді. Олар ұзақ уақытты мұхитта, әдетте жағалау маңында жемтігін аулаумен әрі итбалық не касаткалардың құрығына түсіп қалмаудың қамымен өткізеді. Фолкленд аралдары – папуас пингвиндерінің атақонысы.

Көрініс керемет! Не десеңіз де, мен Фолкленд архипелагіндемін. Соғыс – ортақ тақырып. Аргентина жағалауынан шамамен 400 шақ. қашықтықтағы Британ аумағы 700-ден астам аралдан тұрады. Мұнда небәрі 3200-дей адам бар. Архипелаг тарихы Франция, Испания, Аргентина мен Ұлыбритания арасындағы ұзаққа созылған жер тартысымен белгілі, соғыс жарасы әлі сақталған. 1982 жылы Аргентина бұл жерді «Мальвин аралдары» деп атап, аймаққа баса-көктеп кірген соңғы қақтығыс – Біріккен Корольдіктің қысқа, бірақ тікелей араласуымен аяқталды. Шамамен 20 000 мина табылып, ландшафтқа өртенген тікұшақтар да құлаған. Шығыс Фолклендте әлі күнге дейін Ұлыбритания әуе күштерінің қолданыстағы аэродромы бар.

Бір таңғаларлығы, осыншама қақтығыстарға және қой шаруашылығы кең қанат жаюына қарамастан, аралдар ертегідегідей көрінеді. Фотограф ретінде отыз жылдық тәжірибем бар. Дәл мұндай жақсы сақталған экожүйе өте сирек кездеседі.

Теңіз жұлдызы балдыр ағашына жабысып алған. Бұл суы салқын Атлант мұхитының оңтүстігінде орналасқан Құс аралы жағалауындағы суасты әлемі. Фолкленд аралдарын құрайтын тау шоқылары қоректік заттарды су бетіне шығуға мәжбүрлейді.

Соғыс өрті шарпымаған Стипл Джейсон мен көршілес Гранд Джейсонды Фолкленд аралдары ішіндегі ең үлкен табысты тәжірибе үлгісі деуге болады. 1970 жылы британдық құс «сүйгіштің» қолына өткенге дейін шамамен бір ғасыр уақыт адам аяғы баспаған аралдарда қой мен іріқара алаңсыз жа­йылып жүрді. Ол аралдарды жеке қорыққа айналдырғаннан кейін өсімдіктер қайта жандана бастады. 1990 жылдары Нью Йорк хедж-қорының «азулы серкесі» Майкл Стейнхард аралдарды сатып алып, 2001 жылы жұбайы Джуди екеуі Жабайы табиғатты қорғау қоғамына қайырымдылықпен сы­й­ға тартады. Бүгін аралдар осы қоғамның иелігі мен қарауында. Мұнда мұқият бақылау арқылы зерттеу­шілер мен туристердің келуіне рұқсат етілген.

Дене тұрқы шамамен 2,5 метр, салмағы 350 кило тартатын ұлып жатқан оңтүстік теңіз арыстанының аталығы, аналығы және де екі күшігінің көрінісі. Бұл арал бейресми түрде «Балшыққа қадалған таяқ» деп аталады. ХХ ғасырдың орта тұсында жануарлар ауланғаннан кейін олардың популяциясы азая түскен. Қазір олардың Фолкленд аралдарындағы саны шамамен 7500-дей.

Бүгінгі күнге оралсақ, айналамдағы бар нәрсе табиғаттың өміршеңдігіне куә болады. Ұзындығы сегіз шақырым Стипл Джейсон аралында құстың 48 түрі тіркелген. Бірақ әлі де болса Фолкленд аралдарындағы ерекше бай тұмса табиғатқа төнген антропогендік қауіп-қатер бар: ластану, тіршілік ортасының деградациясы, мұнай дақтары, балықшы кемелері артынан сүйретілген ілмектер және климат өзгерісі. Мұхит суы арал маңында салқын, ал қашықтаған сайын жылы болуы теңіз құстары мен судағы сүтқоректілердің азық жүйесін бүлдіреді. Аралдар маңында көбейген мұнай барлау жұмыстары да алаңдаушылық тудырып отыр. Алайда Фолкленд аралдары тұрғындарының табиғатты сақтауға деген ынта-жігері жоғалған емес.

Жыртқыштардан қалған жұмыртқа қабықтары шашылып жатыр. Олардың ішінде қоңыр қаратұмсықтар да бар. Стипл Джейсон аралында альбатростар мен пингвиндер үшін басты қауіп – құстар. Альбатростар мен пингвиндер өз балапандарына ұзақ қамқор болады.

Биолог маман ретінде ешкім тұмса табиғат және адам зардабы тиген аралдар арасындағы айырмашылықты ойлаудан өзімді әрі қоя алмаймын. Стипл Джейсон аралынан қандай түйін шығара аламыз? Егер табиғатты өз еркіне тастасақ, үміт бар, қалпына келу бар. Аралдың ылдилаған жайлауы мен мұнарлаған тауларын шарласаң мың жыл артқа сапар шеккендей боласың. Экожүйе кіршіксіз. Табиғаты бас айналдырады. Жануарлар адамнан қорықпайды.

Дельфиндер Жаңа арал жағалауындағы балдырлар арасымен жүзіп жүр. Фолкленд аралдары мен Оңтүстік Америка құрлығының оңтүстік бөлігін мекендейтін олардың саны 2-20 аралығында, топ болып жүреді. Дельфиндердің акробатикалық қабілетін байқау қиын емес.

Олардың осылай қорқынышсыз қалуына не істеп көмектесе аламыз? Егер нәзік Жер шарымызға жай ғана ресурстар көзі деп қарауымызды жалғастырсақ, оның зардап шегуі тоқтамайды. Стипл Джейсон аралын жарқын мысал әрі шұғыл әрекетке шақырту ретінде қабылдау керек. Табиғатқа қарсы соғысты тоқтатып, оның гүлденуіне уақыт беру үшін Стипл Джейсон секілді адамдар керек-ақ…

Император пингвиндері Шығыс Фолкленд аралында жүріп келеді. 1860 жылдары олар бұл аралдарда көп болмағанымен,1970 жылдан бастап саны өсе бастаған. 50 жыл бұрын жеке қорыққа айналған ол жерде бүгінде мыңға жуық пингвин ұя салады.

Автор және фото: Пол Никлен


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля