Гансу солтүстік-орталық провинциясында Цзян Ванниан мен Пинг Куйсяннің 1/15 гектар жерден шалқан тұқымын жинап жүргенін көру өткенге сапар шеккендей әсер береді.
Қара таулармен қоршалған құрғақ атыраптағы телімде Цзян тот басқан тракторымен кептірілген, белуардан келетін өсімдік шөмелелерінің үстінен жүріп өтті. Олар майдаланған кезде Цзянның әйелі Пинг қолдан жасалған ашаны сабанның ішіне салып жібереді. Негізі мұндай әрекет бірнеше сағатқа созылады. Пинг әуенді дауысымен желді шақырып: «Соқ, соқ», – дейді. Машиналар бұл жұмысты санаулы минутта істейді, бірақ оны сатып алуға Цзян мен Пингтің қалтасы көтермейді. Есесіне, әлі күнге дейін ғасырлар бұрынғы фермерлер секілді шалқанды қолмен майдалайды.
Цзян мен Пинг қытайлық миллиондаған фермерлер өмірінің жарқын мысалы. Қытайдағы бүкіл фермалардың 90 пайыздан астамының жері 1 гектардан кем және олар орташа жер көлемі бойынша әлемдегі ең ергежейлілер қатарына кіреді. Бірақ әңгіме мұнымен бітпейді. Батыс әлемі 150 жылда қол жеткізген ауылшаруашылық дамуын Қытай кейінгі қырық жылда бағындырып, өздеріне бейімдеп алған. Ауыл шаруашылығының бүкіл түрі – кішігірім отбасылық шаруа қожалықтары, жарқыраған индустриалды ет зауыттары, сүтханалар, жоғарғы технологияларға басымдық берген орнықты фермалар қатар дамып жатыр.
Қытай күрделі әрі қорқынышты мәселені шешуге бас қатыруда: халқы әлемнің бестен біріне жуық, ал егістік алқабы оннан біріне тең. Өзгермелі дәмдік талғамына икемделе отырып, оларды қалай тамақтандыруға болады? Соңғы отыз жыл қытайлықтардың 57 пайызы шаһарларға шоғырланып, 1990 жылға қарағанда үш есе көп ет жейтін болған. Сүт пен оның өнімдерін тұтыну 1995 жылдан 2010 жылға қарағанда қала тұрғындары төрт есеге өскен. Сонымен қатар Қытай бүгінде өңделген тамақты көбірек сатып ала бастаған. Елдегі ауыл шаруашылығы ресурстары жұпыны болғандықтан жаңа қалыптағы тамақтануды қанағаттандыру мақсатында мемлекет қытайлық компанияларды АҚШ, Украина, Танзания мен Чили секілді шетелдерден егістік алқап және азық-түлік компанияларын сатып алуға шақырып, көмек көрсетуге мәжбүр. Бірақ Қытайда ұзақ уақыт дәнді дақылдарды өздері өндіруді ұрандатып келді, ал оның алқаптарға тигізер әсері де бар. 2013 жылы президент Си Цзиньпин өңірлік шенеуніктермен тамақ саясатын талқылау барысында: «Біздің күріш қазанымыз, негізінен, қытай тамағымен толғаны абзал», – деді. Бұл күрделі сұрақ туындатады: Егер қытайлықтар өз-өздерін қамтамасыз ете отырып, америкалықтар секілді тамақ ішетін болса, бұл олардың ауыл шаруашылығы үшін нені білдіреді?
Қытайдағы ауыл шаруашылығы өніміне сұраныс пен ұсыныстың сай келмеуі еңсерілмейтіндей көріну мүмкін. Елде 135 миллион гектар егістік жер бар, долбарлап айтқанда, соның 15 миллионы бүлінген немесе қалпына келуі қиын. Мұнда 1,4 миллиард тұрғын бар, бірақ Батыстың асына арқау болып отырған алып фермалардың көшірмесін мұнда жасау мүмкін емес деуге болады. Мұның бір себебі – Қытай аумағының көп бөлігі таулы не шөлді аймақ. Сондай-ақ келесі себебі – егістік жерлердің 200 миллион фермаларға бөлінген болуы. Қытайдың ауылшаруашылық келбеті біртекті жасыл жамылғыға қарағанда, құрақ көрпеге ұқсайды.
Цзян мен Пингтің бақшасы өздерінің ауылымен шектесіп жатыр. Цзян мен Пинг 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басындағы үлкен аштықты бастан өткерген. Ұжымдасу жүйесі 1981 жылы аяқталған соң, мемлекет егістіктердің иелігін өздерінде сақтап қалып, ауыл тұрғындарына теңдей жерді өңдеу құқығын берді.
Бұл үдерістің нәтижесінде Цзян мен Пингке төрт алқапқа бөлінген 1,25 гектардан аз жер бұйырды. Фермаларын маған көрсету үшін 36 жастағы қызын жіберді. Ол 1900 шақырым қашықтағы Кунмингтен ата-анасының фермасын көру үшін келіпті. Өзі туристік компанияда жұмыс істейді екен. Ыстық, ашық аспан астында Юпинг Цзян мені көшенің бір шетіне қарай бастап келеді. Мен кішкентай, суару арнасына таяу орналасқан батпақтан салынған қабырғалы үй көріп, бұл ғимараттың неліктен суға тым жақын тұрғанын сұрадым. Ол көзін жыпылықтатты. «Бұл құлшылыққа арналған ғибадатхана секілді», – деді ол маған шүбәлана қарап. Мен кешірім сұраған соң, ол жарты гектардай түрлі-түсті зүбәржаттай өсімдігі бар тәттілендіргішке арналған отбасылық стеавия алқабын нұсқады. Ол маған зауыттың ұзын мұржасының астына егілген өз отбасының 2000 шаршы метрлік зығыр алқабын көрсетті. Екі жолақты магистральдан бірнеше шақырым төменде шалқан, салат және астық алқаптары бар. Кейінірек ол ата-анасы туралы айтып, өздерінің шаруа қожалықтары Америка фермаларындай болса деп армандайтынын сөз етті. «Қытайға қараңыз. Жеріміздің көп бөлігі өңдеуге келмейді, – деді ол маған, – адам күші мен еңбегі босқа кетіп жатыр».
Пекин университетінің ауыл шаруашылығы экономисі Хуан Джикуннің айтуынша, егер Қытай тағам тұтыну өзгерісін жергілікті дәнді дақылмен қанағаттандыруды көздесе, бірқатар өзгерістер қажет болады. Суару жүйесі жаңартылып, технология мен автоматтандыру кең тарау керек екенін атап өтті. Бірақ ол Қытайды жергілікті тамақпен тойдыру үшін ең әуелі елдегі кішігірім фермаларды үлкейту керектігін айтады.
Шешім қарапайым секілді көрінуі ықтимал: «Құрақ көрпені» бір қаққанда орып түсіретіндей алқаппен алмастыру керек. Бірақ Хуан «үлкен – әрдайым мықты» дегенге күдікпен қарайды. Қытайдың негізгі дақылдары – жүгері, күріш пен бидай шектеулі межеде өнім береді. Бір зерттеу ең тиімді өнім 2-7 гектар аралығында түсетінін ұсынған болатын. Қытайдың жоспары Цзян мен Пингтің қожалығы секілді кішігірім фермаларды Канзастағы фермалар секілді холдингке біріктіру емес. Логистикалық тұрғыда бұл мүмкін емес және миллиондаған фермерлерді көшіру арқылы әлеуметтік жағдайдың бұзылуына әкеліп соғуы ықтимал. Қазіргі таңдағы басты шаруа – шекаралас жатқан алқаптарды кемінде көлемі Wallmart Supercenter сауда орталығының көлік тұрағындай болатын фермаларға біріктіру.
Қытайлық арман: ауданы шағын алқаптан қалай да көп өнім алу
Цзян мен Пинг фермасында бірнеше күн өткізген соң Қытайда әлемдегі ең күрделі өнеркәсіптік фермалардың бірқатары бар екенінің байыбына жету қиын. Олардың озық үлгісі – шенеуніктер батысқа қарап жасаған ет және сүт өнімдері өнеркәсібі. Оны көзбен көру үшін Қытайдың шығысына баруым керек еді. Мен АҚШ-тағы компаниялардан үлкенірек, төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сүт өнімдерін шығаратын өнеркәсіпке сапар шектім.
Қытайдағы ең үлкен сүт фермасы – Аньхой провинциясындағы Modern Farming’s Bengbu фермасындағы қайта өңдеу зауыты мен сиыр қораны бойлап жаяу жүріп өтем дегенше бес минуттай уақыт кетті. Шамамен 240 гектарды құрайтын фермада әрқайсысы 2880 сауын сиыр ұстауға арналған сегіз үлкен қора бар. Басқа қоралар мен бастырмалар бұзаулар мен буаз сиырларға арналған. Іріқара саны 40 мыңға жетіп, оны әлемдегі ең үлкен фермалардың қатарына қосты. Ауыл шаруашылығының бір артықшылығы – олардың көлемінде болып отыр. Қытай ет пен сүт өнімдерін ұлғайтқандықтан, бұл тұрғыдан мол табысқа қол жеткізді. Онда доңыз еті әрдайым жоғары бағаланады. Шошқа дәстүрлі түрде шарбақтарда өсіріліп, етке жіберіледі. 2001 жылы 50-ден астам шошқасы бар фермалар нарықтың ширегін құрайтын. 2015 жылғы есептеу бойынша, Қытайдағы шошқаның төрттен үші сондай шағын фермаларда өсірілген. Сондай-ақ тауық еті мен жұмыртқа тұтыну көлемін де өнеркәсіптік фермалар қанағаттандырып отыр. Алайда ең таңғаларлық индустриализация – Бенгбуда мен барған сүт өнімдері фермасына ұқсас жерлерде болды. Әдетте, шошқа өсіру секілді тамақ өндірісіне қатысты жұмыс үй шаруашылығына негізделген, бірақ 2008 жылғы қатерлі ауру жұқтырған сәбиге арналған өнімге қатысты азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты даудан кейін Қытай тамақ индустриясын жаңғыртуға кірісті. 2008 жылы сүт өнімдері фермасының алтауының біреуінде 200 не одан көп сиыр болған-ды. 2013 жылы үшеудің біреуі сондай деңгейге жетті.
Қытай тұтынушылары үшін тамақ қауіпсіздігінің маңызын асыра бағалау өте қиын. Сәби сүтіндегі меламиннің қауіпті деңгейден асып кетуінен бөлек, тыйым салынған пестицидпен өсірілген ұзын бұршақтарға қатысты мәселе де туындаған. 2016 жылы McKinsey & Company жүргізген зерттеу жұмыстары қытайлық тұтынушылардың 75 пайызға жуығы өздері тұтынып жүрген тағамдар денсаулыққа зиян деп айтқан. Стэнфорд университетінің Қытайдағы ауылдық жерлер жөніндегі сарапшысы Скотт Розеллдің айтуынша, кішігірім фермалар саны көп болғандықтан, Қытайдағы тамақ жүйесін қауіпсіздік тұрғысынан алғанда бақылау мүмкін емес. Өнеркәсіптік сүт өнімдері фермасы мен қасапханалар сапаны бақылау мен оның сенімділігін тексеруге мүмкіндік береді. Бұл – қытайлық тұтынушылар үшін қажет ететін нәрсе.
Modern Farming сүт фермасының басшылығы жұмысшы Чжан Юньцзюньмен таныстырды. Ол өскен үйдің орнын қазір кеңселер басқан. Билік өкілдері сүт фермасынан жұмыс беретіндіктен, жаңа баспанамен қамтамасыз етіп, олардың жерін қолданғаны үшін төленетін ақыны тұрақты өсіріп тұруға уәде бергендіктен, ауыл халқы ықыласпен келісті. Ферма салынғанға дейін Чанг екі туысқанымен бірге 2,5 гектар жерді өздері игеріп, бидай мен жержаңғақ өсіретін. Елу бес жастағы Чанг қазір фермада жұмыс істеп, бұрынғы шаруашылығына қарағанда екі есе көп пайда табатын болған. «Адамдар өте бақытты. Фермер ретінде жұмыс істеу расында қиын еді. Қазір көп пайда табамын», – дейді ол.
Кең көлемді фермаларды жақтаушылардың түгелге жуығы маған осындай бірнеше оқиға айтып, үлкен шаруа қожалықтарын салу ауылдық жерлердегі аштықпен күресудің тиімді шешімі екенін жеткізді. Ол пікірге сүйенсек, фермерлер фермаларының ауқымын кеңейтіп те, жерлерін жалға беріп те пайда тауып отыр. Бірақ бұл жоспар шынайы өмірмен әрдайым үйлесе бермейді. «Арасында ондай фермерлер де бар болғанымен бірақ олардың саны аз», – дейді Бейжіңдегі Қытай Ауыл шаруашылығы университетінің ауылдық әлеуметтанушысы Йе Цзинчжун.
Күн батуға таяғанда қоныс аударған тұрғындарға бардым. Мұндағылардың сүт фермасы жөніндегі ұғымы Чжанға қарағанда өзгеше. Олар үш жағы жүгері мен жержаңғақ алқабымен қоршалған, сары түске боялған, жапсарлай орналасқан тегіс шатырлы, екі қабатты тұрғын үйлерде тұрады екен. Жолдың ар жағынан сүт фермасының жоңышқа алқабы көз ұшына дейін созылып жатыр. Бірнеше тұрғын сүт фермасының көп жұмысшы алмағанын, үйлерінің қирағанын, жалақы төрт жылдан бері өспегенін сөз етті. Менімен сөйлескендердің бәрі қоныс аударғандарына қуанышты көрінбеді, бірақ ешкім соншалықты қайғырып та жүрген жоқ.
Шалғайда тұратын көптеген қытайлық үшін бұл ауыл шаруашылығы жобалары, әлемнің басқа түкпіріндегідей, жақсы жағынан алғанда, екі қырлы қылыш секілді. Үлкен мал фермалары кейбір қытайлықтарға қабырға қайыстырар шаруа – жоқшылықтан құтылудың жолы, бірақ олар қоршаған орта мен денсаулыққа айтарлықтай зиян тигізеді. Қытай үкіметі 2010 жылы жүргізген зерттеу жұмыстары барысында ауыл шаруашылығы саласы қоршаған ортаны тіпті өндіріс ошақтарынан да артық ластайтынын анықтаған.
Билік бұл қауіптің салдарын түсініп, жануарлардың қиын тиімді пайдалану жолдарын қарастыра бастаған. Мұны сол елдегі көптеген агробизнес өкілдері де растап отыр. Олардың арасында Modern Farming да бар. Бенгбуде компания өз қажеттіліктерінің үштен бірін қанағаттандыру мақсатында тезектен энергия алу мақсатында биогаз қондырғысын орната бастаған. «Қоқыс жоқтың қасы», – дейді ферманы таныстырып жүрген гид Лю Цян. Оның айтуынша, алқаптан қораға дейінгі, қорадан сүттің бөтелкеге құйылуына дейінгі бүкіл процесс – сол елдің көрінісі болса керек.
Шанхайдағы Ханчжоувань шығанағы бойына созыла біткен құмдауыттың шетінде малдың жем-шөбін шығаратын тайландтық бір конгломерат орнықты шалғын өндіретін мегаферма салып жатыр. Жалға алу мен 20 жылдық келісімшарттың өтеуі ретінде Charoen Pokphand немесе CP Group Сыци қаласының сыртындағы балшық шайған 2600 гектар жерді тамақ өндірісіне айналдырмақ. «Мақсат – қоғамға бүкіл бағытта пайда әкелу», – дейді кең шалбар киіп, жейдешең жүрген аға вице-президент Цинцзюнь Ван.
Қытайдың ауыл шаруашылығының келешегі осылай көрінеді. Трансұлттық корпорация, зауыттар, фермалар, корпоративті кеңселер мен тіпті жұмысшыларға арналған пәтерлерден су үстіндегі виллаларға дейін барлығы құрамына кіретін ауыл шаруашылығы кешендеріне құюда. Онда жылыжайлар, брокколи алқаптары, химикаттарды шашатын дрондар, аяқталуға жақын тұшпара зауыты, көлемі үш есе үлкен етіп жоспарланған, температураны бақылайтын роботтарды жөндейтін, жұмыртқаны реттейтін және сойылған құстың жүнін автоматты түрде жұлатын зауыты бар. CP Group жылына 20 мың тонна табиғи тыңайтқыш алуға жеткілікті тауық қиын шығаруды жоспарлап отыр.
Өткен жылы компания аттракциондағы әуеден қарау әткеншегі тәріздес вертикальды ферма жобасын іске асырды. Бұл ферма қауашақтары бар айналып тұратын 10 метрлік алты мұнара сиятын әрі ауасы жақсы алмасатын мөлдір қорапқа ұқсайды. Вангтың айтуынша, бақыланатын орта тыңайтқышты мақсатты қолдануға, пестицидтерге деген қажеттілікті азайтып, осындай алқаптан түсетін өнімнен төрт есе көп өнім жинауға мүмкіндік береді екен. Бұл – егістік алқабы өте аз, әсіресе фермерлер керекті мөлшерден үш есе көп тыңайтқыш қолдану арқылы ластануға үлес қосатын ел үшін айтарлықтай болашағы зор жоба. Сонымен қатар бұл CP Group компаниясына 2015 жылы билік мәлімдеген 2020 жылдарға қарай тыңайтқыш пен пестицидтерге шектеу қою жөніндегі мақсатқа сай келеді.
Бұл жоба – өндіріс логикасын тамақ өнеркәсібінде қолдануын Ванг мырза көлбеу бірігудің үлгісі ретінде қарастырады. «Адамзат пен жер арасындағы байланыс үйлесім табуы керек», – дейді ол. Ванг CP Group қолға алған тамақ өнеркәсібі жүйесі бұған қол жеткізеді деп есептейді. Жұмыртқа өндірісінде бұл үй тауықтарына арнап дән өсіру, мекиендерді тамақтандыру, кейіннен олар жұмыртқа тууға жарамсыз болғанда сойып, кәдеге асыруды білдіреді. Өнімдерін сататын компанияның жеке дүкендері бар. Егер мұның барлығы ойдағыдай жүретін болса, бұл – керемет жоба. Бірақ алда-жалда листерия бактериясы ондағы жеміс-жидекке еніп кетсе, ауру жұқтыру орталықтандырылмаған жүйеге қарағанда кең көлемде және жылдам тарайды.
Қытайдағы ауқымды фермалардың түгелге жуығы мемлекет, кооперативтер және кәсіпкерлер тарапынан жүргізіледі. Алайда мен индустриалды сүт фермаларына арнап жоңышқа өсіру арқылы байыған Ішкі Моңғолиядағы фермер Лин Люмен жолықтым. Жасөспірім кезінде Лю америкалық егіншілік жөнінде және жер өңдеу үшін техника қолдану туралы ақпаратты радиодан естіпті. Бұл топырақты қол соқамен жер жыртқаннан әлдеқайда жақсы естіледі және оны қиял кернейді. Уақыт өте келе Лю жергілікті билікті өзіне 1000 гектар жерді жалға беруге көндіреді. Ол АҚШ пен Еуропадан озық үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып әкеледі. Бұл техника 30 жұмысшы 20 күнде істейтін жұмысты төрт сағатта аяқтап тастайды.
Люмен жолыққан өткен жаздағы уақытта оның фермасында бірнеше орасан сарайлар, жұмысшылар жататын барақ, бірқатар кеңсе мен бастырма және тоған үстінен «қарайтын» екі қабатты вилла болды.
Кейінірек Лю өзінің жол талғамайтын Лексус көлігін кентке жууға апарды. Көлік жуылып жатқанда мен одан қанша пайда табатынын сұрадым. Айына 10 000 юань (1505 доллар) ба? Оның жауабын естігенім жоқ, алайда оның жымиғанын байқадым. Кейінірек аудармашы бұл оның ашық түрде «иә» дегенін білдіретінін айтты. Расында, ол бұдан әлдеқайда көп табады.
CP Group компаниясының саябағы мен корпоративтік кеңселеріне барғанда Лю туралы ойладым. Мұнда үлкен фермалардың аз талқыланатын тағы бір коммерциялық дәйегі, яғни ақшаның қанша мөлшерде екенін түсіну оңай. Сарапшылар қандай көлемдегі ферма әр гектарындан мол өнім алудың жолдарын қарастыруы мүмкін, бірақ индустриалды фермалар шағындарға қарағанда әлі де әлдеқайда көп пайда табады. CP Group бұған қол жеткізуге талпынуда. Компания жетістікке жету үшін озық америкалық бизнес өкілдерін, McKinsey & Company секілді кеңесшілерді жалдады.
Тамыз айында Цыси саябағына барғанда ауа райы ылғалды және қапырық екен. Power Point слайдтарындағы таныстырылымын көрсету үшін Ванг мені желдеткіші жақсы жұмыс істейтін конференц-залға ертіп барды. Біз аумаққа қарап тұрған қабырғасы терезелі басшылар тамақтанатын бөлмеге өттік. Айналатын үстелге қатар қойылған 27 ыдысқа, ішінде саябақтағы жылыжайдан әкелінген жүзім және толқынды гилоцереус бар. Вангт Қытай дәстүрі бойынша маған қызыл шарап ұсынып, жылы сөзбен мақтап қойды. Бұл Қытайда ауыз тиген ең дәмді ас болатын.
Тіпті Қытай ауыл шаруашылығын дамытуға күш салып жатса да, көптеген қалталы қала тұрғыны индустриалдық фермаға сенімсіздік тұрғысынан алға кетіп қалған. Оның ерекше мысалын Бейжіңнің солтүстігінен табуға болады. Мұнда Цзян мен Пингтің ұлы Чжэнчао Цзян Қытай ауыл шаруашылығы келешегінің кейінгі қосымшаларын салуға көмектесіп жатыр. Гүрсілдеген тас жолдың жанында тұрған екі қалың бетон ғимараттың артында 2 гектар жер өңдеп, Қытайдың ауыл шаруашылығы «құрағының» өз бөлігін жасап жатыр.
Цзян жүзге жуық өнім өсіреді. Олардың арасында қарбыз, баклажан, таро, тәтті жүгері бар. Ол өнімнің біразын көтерме базарға апарады, алайда оның негізгі бизнес көзі – Бейжіңдегі орта тап өкілдерін апта сайын қауіпсіз, бақшадан жаңадан жұлынған өнімдерді олардың есіктерінің алдына апарып беру үшін алты айлық жарна төлеуге көндіру. «Менде фермерлікпен эмоциялық байланыс бар», – дейді әлеуметтік жұмыс жөнінде жоғары білім бар Цзян. Ол алқаптағы жұмысты азап деп санайтын ата-анасының уәжіне тоқтамастан, фермерлікке қайта оралды. «Мен астамшылықта өмір сүре алмаймын», – дейтін оған қазіргі жағдайы ұнайтын секілді.
Цзян – ауылдық жерде туып, колледжде білім алған қытайлықтардың қайта алқапқа барған феномені тәрізді. Аз болса да, оған қатысушылар арасында қалыптасқан сөз бар: фанатианциннян – ауылына оралған жастар. Олардың өз ұстанымдарын қолдайтын «Воту ауыл шаруашылығы тұрақты даму орталығы» деп аталатын ұйымы және Sustainable Farming деп аталатын ақпарат журналы да бар. Қытайдың табиғи өнім секторы тез қанат жайды. Кейінгі өнеркәсіп зерттеуіне сүйенсек, 2006 жылдан бері сатылым көлемі 30 есе көбейген. Зерттеушілер кемінде қоғам қолдаған 122 ауыл шаруашылығы жобасы бар екенін айтады. Ол жобада фермерлер Цзянның үлгісінде жұмыс істейді. Дегенмен қозғалыс өкілдері жобалар санының жүзге жететінін айтады.
Тұтынушылар үшін кішігірім фермаларға тәуелді болудың екі жағы бар. Бір жағынан, бұл – ферма қауіпсіз өнім ұсынады деген сенім. Өңірлік Қытай жөніндегі озық ғалым Вэнь Тьецзюньнің айтуынша, кішігірім фермалар Қытайдың ауылшаруашылық дәстүрін көрсетеді, бұл ауылдық және қалалық қытайлықтарға бірдей қатысты. «Азиядағы ауыл шаруашылығының тарихы 40 ғасырдан асады, – дейді Вэнь. – Саны осыншама көп халықты жеткілікті өніммен қамтамасыз етуден бөлек мұнда жақсы орта қалыптасқан». Вэнь 2008 жылы Бейжіңде табиғи ферманың моделі Little Donkey компаниясының ашылуына көмектесті. Келесі жылы ол қоғам қолдаған ауыл шаруашылығы жобасына айналады.
Мұндай тағам түрі Қытай нарығының аз бөлігін ғана қамтиды. Бірақ бұл қытайлықтардың көбі түгелдей азық-түлік кәсіпшілігінің болашағына сеніп кетпегенін көрсетеді. Цзян Чжэнчао ата-анасының неліктен өздерінің фермасын тастап кетуді қалайтынын түсінеді және олардың қиындықтарын қайтадан бастан өткізгісі келмейді.
Оған барғанымда Цзян мені және бірнеше әріптесін ертіп, кәуап мейрамханасына кешкі асқа апарды. Біз сыртта пластикалық үстелге отырып, құрылыста қолданылатын «ешкінің» үстіне орнатылған темір торға еңкейіп тұрған, алжапқышын тартынған етжеңді келіншекті көрдік. Келіншек бізге шошқаның кесек еттерін, тауық жүрегінен жасалған кәуәп, қара күнжіт пен тұздық құйылған талшықты томарқұлақтар, саңырауқұлақпен қуырылған қалампыр, май мен сірке қосылған баялды (баклажан), соя тұздығына малынып алынған қайнатылған жержаңғақ әкелді. Мұнда Цзян бала кезінде жегеннен еттің көп түрі бар, «Бұрынғы уақытта адамдардың иелігіндегі жері арқылы өздерін қамтамасыз етіп отырғаны жаман нәрсе деп ойламаймын, – дейді ол. – Қытайда фермер болсаңыз, адамдар сізге менсінбей қарайды. Бірақ мен фермерлікті жақсы көремін. Өмір қысқа, сондықтан өзіме ұнайтын нәрсені жасағым келеді».
Цзян кейінгі 40 жылда Қытай фермалары бастан өткерген өзгерістердің пайдасын көріп отыр. Біздің ағыл-тегіл шошқа мен тауық еті – соның бір бөлшегі. Сондықтан оның ауылдық Гансу провинциясы мен гипер-заманауи Бейжің арасында айналып жүруі уақыт жиһанкездігінің бір түрі секілді. Бірақ ол қоғам қолдайтын ауыл шаруашылығына байланып қалып-қалмауы белгісіз. Аз пайдаға көп жұмыс істеуден қашпайды. Ол Гансуға қайтып, үлкен ферма ашуға талпынып көруі мүмкін екенін де айтады.
Автор: Трейси Макмиллан, фото: Джордж Стейнметц
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa