Ерейментау өңірінің солтүстік шығысындағы қыратты далада Қоянды-Қойтас деген жер бар. Ол үлкен-кіші шар секілді мың сан түрлі тастар шашырап жатқан алқап. Ертеде мұнда Қашқын атты батыр өмір сүріп, садақшы сарбаздарына мына жықпыл-жықпыл қойтастарды жау оғынан өздеріне қалай қалқа қылуды үйреткен деседі.
Осы жерде табиғаттың төл туындысы дерлік бір ғажайып тасойық бар. Боз селеулі даладағы бұл қазаншұңқыр көзге бірден көрінбейді. Оны бұрыннан білетін біреу болмаса, былайғы жұрттың оны іздеп табуы қиын. Ақмола облысы Ерейментау маңындағы бұл шағын қойтастардың арасындағы бұл алып тас жер бетінен 20-30 метр төменде орналасыпты. Көз өлшемімізге салып көргенімізде аталмыш тасойық ұзындығы 120, ені 60 метрдей болып шықты. Айналасы жақпартастар қоршаған оның табаны бәкене бұта мен шүйгін шөпке тұнып тұр. Төр жақтағы итмұрын мен жабайы қарақат арасында жылтыраған жылға да байқалады. «Қыстағы қасат қардың құдіреті-ау», – деп ойладық іштей. Көзкөргендердің айтуынша, ертеде бұл жер барымташылардың қоналқалық мекені болыпты. Болымсыз нәрседен кектеніп, дауласқан рулар бір-біріне деген өшін елдің өрістегі малын айдап кетуден алған ғой. Сондай кезде барымташы ұрылар көрші ауылдың қолдарына түскен жылқыларын осында әкеліп, іздерін жасыратын болған. Яғни, олжа қылқұйрықтарды өзіміз сөз етіп отырған қазаншұңқырдың төменгі жағындағы қылтадан бір-бірлеп өткізіп алып, шөбі мен суы 5-6 күнге жететін осында баққан. Сөйтіп, арттарынан шыққан айғай-шудың аңысын аңдаған. Қуғын әбден басылып, із кесушілер беті басқа жаққа ауғанда олар жылқыларды мына тасқорадан қайта шығарып, іңір қараңғылығымен алыс жолға аттанатын болған. Осындай барымта кейін сырт көзден таса бұл қазаншұңқыр Қысырақ қамаған аталып кетіпті. Аталмыш сөздің мән-мағынасын иісі қазақ баласына тәптіштеп түсіндіріп жату артық шығар деп ойлаймыз. Қысқаша айтқанда, қысырақ үйірге қосылмағандықтан құлындамай қалған байтал не жас бие ғой. Өзіміз сөз етіп отырған бұл қазаншұңқырдың бұрынғы замандағы жағдайы осылай болса, кешегі кеңестік кезеңде ол қырдағы малшыларды табиғаттың адам күтпеген қиындықтарынан аман алып қалатын мекен ретінде ел есінде қалып қойыпты.
Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Сайлау Байбосын