Шыны құтылардың ішінен қоңыр түстердің сан алуан реңі байқалады. Бұл құнарлы қызыл топырақ жұмысшылар таңнан кешке дейін ауыр жұмысқа жегілген Алабама алқаптарынан әкелінген. Қара белдеудің қою қара құнарлы балшығы. Мексика шығанағының солтүстік жағалауының құмды топырағы.
Құтылардың жанынан өтіп бара жатып, Брайан Стивенсон маған: «Әңгімені топырақтан бастау – тарихты білудің төте жолы. Қалай болғанда да, құлдық қамытын кигендердің осы топыраққа тері төгілген. Оған дарға асылғандардың қаны сіңген. Бұл топырақта Джим Кроудың заманында қоғамнан шеттетіліп, қорлыққа ұшырағандардың көз жасы бар», – деді.
Бұл топырақ ақ нәсілдіге сөз қайтарған «ауыр күнәсі» үшін адам айтқысыз азапқа ұшырап, еш рәсімі жасалмастан жерленген сансыз америкалықтың сүйегін әлдиледі. Ол – Алабаманың Монтгомери қаласындағы мемориалдың және Equal Justice Initiative коммерциялық емес ұйымының жаңа Мұралар музейінің бір бөлшегі.
Мұнда мен кездестірген жандардың арасында жұмысына адал берілгені әрі ең сөзшеңі – Стивенсон. Ол тек – «Мейірім ғана» кітабының авторы әрі EJI ұйымының негізін салушы ғана емес, сондай-ақ бар ғұмырын тағдыр тәлкегіне ұшырап, қиын жағдайға тап болған қоғамның әлсіз мүшелеріне арнаған жан.
Құлдыққа жегу, жаппай қамауға алу секілді афро-америкалық тәжірибенің келеңсіз тұстарын қарастыратын музей және дарға асудың құрбандарына арналған жаңа мемориал осы көктемде есігін айқара ашты. Музей экспозициясына дар ағашы қадалған оңтүстік өңірдің топырағы салынған 300 құты қойылды.
Өткен жылы музейді аралап жүріп 11 қатарға тізбектеле орналастырылған құтыларды көрдім. Олардың әрқайсысының сыртында дарға асылған адамдардың есімдері жазулы болатын. Құрбан болған ерлердің, әйелдер мен балалардың көбі алабамалықтар екен. Тұла бойымды олардың түгесілген тағдыры мен артта қалған жақындары жайлы ой құрсап алды.
Мен мұнда Бирмингемде мектеп мұғалімі болып қызмет атқарған Элизабет Лоуренстің оқиғасын естідім. Элизабет өзіне тас лақтырған оқушыларына ұрысып тастайды. Балалар мұғалімдерінің бұл әрекетін ата-аналарына айтып береді. Бір топ адам мұғалімнің үйіне баса-көктеп кіріп, оны өлтіріп, үйін өртеп жібереді. Сонымен қатар мен Лузиананың Шривпорт қаласынан шыққан қара жігіт – үлкен Томас Майлстың оқиғасымен таныстым. Ол ақ нәсілді әйелге хат жазғаны үшін айыпталыпты. Сот оны ақтап шыққанына қарамастан, сот залынан шыққан Томасты бір топ адам ұрлап әкетіп, ағашқа байлап ұрып-соғып, кескілеп, атып, артынша ағашқа асып қойған екен.
Мен Миссисиппиде әкесі мен досын дарға аса жаздағанына куә болған жас жеткіншек Меймидің әңгімесін тыңдадым. Меймидің отбасы басқа жаққа көшіп кетіп, бас сауғалаған. Ал әкесінің досы қоныс аудара алмай, дарға асылған. Мейми ондаған жылдан соң Миссисиппиге қайта оралып, әкесінің досы жазым болған жерден топырақ алып, естелік құтысын толтырған сәтке дейін бұл қай штат екені туралы жақ ашпаған. «Мен жанымды жеген азапты көмгендей болдым», – дейді Мейми Киркланд. Ол кезде Мейми 107 жаста еді.
Кей кісілер сонау шалғай аудандардан келіп, әлдеқашан топыраққа айналып, жерге сіңіп жоқ болған ата-бабаларының сүйегінің орнын көріп кетеді. EJI ұйымы 35 штатта дарға асылған 4400 адамды құжатқа түсірді. Құрбан болғандардың көбі 1877-1950 жылдар аралығында Джорджия, Луизиана, Миссисиппи штаттарын мекендеген.
Стивенсон назарын құтыларға салды. «Біз бұдан бірдеңе шығара аламыз, – деді ол бір кезде. – Бұл құтылар арқылы біз жаңа түсінік қалыптастыра аламыз». Топырақ – тәнімізді тапсыратын жер ғана емес, өткен күннен белгі беріп тұрған қасиетті тарих та.
Авторы: Кэти Курик