Жуырда Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып жарияланды да артынша облыс атауы Түркістан деп өзгертілді. Таңдау неге бұл қалаға түсті дегенге келер болсақ, оны іштей бірнеше сатыға бөліп қарауға болатындай.
Бұрынғы облыс орталығы Шымкенттегі тұрғындар саны 1 000 000 межені еңсергендіктен ол қала Астана, Алматы секілді республикалық маңызға ие мегаполистер қатарына кірді. Ал Түркістанда 161 мың ғана халық тұрады. Түркістан әуелден туристік қала болып саналады. Сондықтан шаһарда жаңадан мейрамханалар, сауда және ойын-сауық орталықтары мен қонақ үйлердің саны артып, қызмет көрсету сапасы жоғарылайтыны анық. Бұл шешімнің ең маңызды тұсы – Түркістанға жақын орналасқан Ащысай мен Кентау секілді шағын қалалардың да дамуына оң әсері тиеді деген сенім бар.
Өткен жылы елімізге шет елдерден 7 миллионнан астам турист келсе, солардың әрбір бесіншісі Оңтүстік Қазақстан облысында болып қайтыпты. Бұл аймаққа туристердің топ-тобымен келуі бекер емес. Себебі мұнда киелі орындар мен табиғаты әсем жерлер жүздеп саналады. Оның ішінде әрине қасиетті Түркістан да бар.
Түркістан – бір жағы Сырдария өзені, екінші жағы Қаратаумен қоршалған, табиғи қорған ішіндегі киелі мекен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Есім ханнан кейінгі қазақ хандарының барлығы дерлік жерленген. Нақтырақ айтқанда, қасиетті мекенде қазақтың 21 ханының сүйегі жатыр. Сондықтан болар қасиетті мекенге талас-тартыс қай заманда да толастамаған.
«Мазардың сыртына қарап-ақ өлімді еске аласың. Ал мазмұнына үңілсең, өмірді қалай сүру керектігін ұғасың, – дейді Ясауитану Ғылыми зерттеу институтының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, – себебі бұл мазар – рух пен сана ескерткіші».
Тарихи деректерге жүгінсек, 1390-1395 жылдары әйгілі билеуші Әмір Темір бүкіл түркі руханиятының негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауидің ескі мазарының орнына су жаңа мемориалды ескерткіш салдырған.
Досай Кенжетайдың айтуынша, кесене кірпіштері 30 шақырым жердегі Саураннан 15 мың адамның бір-біріне қол жалғауы арқылы жеткізіліпті.
Автор: Дәурен Құдайберген
Фото: Нахып Шынтеміров, Мақсат Тұрсынбайұлы, Ерболат Шадрахов, Дмитрий Ругис