Шалғы, қамыттармен араласып жатқан құрал-сайман жәшігінің ар жағынан, көкжиек жарқыраған жасыл түсті кеңістікке сіңіп жоқ болар тұста, Микки Флиннің меншігіндегі алқапты бойлай баяу ағысты өзен ағып барады. Оның сөзінше, бұл – шекара және Солтүстік Ирландия мен Ирландия республикасы арасындағы 500 шақырымдық бақылау мен кедергілерден ада алқап. Флинге тиесілі осы алқаптың сыртымен оңтүстікке бағыт түзеген автокөліктер Форкхилл ауылын шаңға көме зымырап өтіп жатыр. Шекара маңында қайнаған тірлік, сондықтан бұл өлкенің тұрғындары әмияндарына екі түрлі валюта салып жүреді. Құдды бір қосмекенділер дерсіз.
Зорлық-зомбылықтан көп зардап көрген елде тұрақтылықтың бағасы жоғары. «Бүлік» деп аталып кеткен қараңғылық күндерінде партизандық соғыс, адам ұрлығы, кек пен толассыз жарылыстар Солтүстік Ирландияны сергелдеңге салған еді. Бір жағынан, Ирландия республикалық армиясы (ИРА) мен біріккен Ирландия елі британиялық биліктен бас тарту үшін күрессе, екінші жағынан, Британия қарулы күштері мен оның құқық қорғау органдары және жекелеген қарулы топтар бейбітшілікті сақтау үшін айқасты. Шекара мен кедендік бақылаудан өту тінтіп-тексеруге ұласып, ұзақ кідіруге әкеліп соғатын.
Зейнеткер сылақшы, 72 жастағы Флинн бала кезінде басынан өткен бір оқиғаны былай есіне алады. Оның үйінің маңындағы бір жарылыс британдық екі сарбазды жер жастандырып, бұны да жазым етуге шақ қалған-ды. Кейін ИРА жанкештісі үйлеріне баса-көктеп кіріп, екінші қабаттан британдық сарбаздарға оқ жаудыра бастады. Содыр мылтығынан ытқыған гильзалар дәлізде секіріп жатты. Бұл кезде ештеңеден хабарсыз бақшада картоп түптеп жүрген әкесі, ұйқтап жатқан ағасы бәрі жанталаса бассауғалап қаша жөнеледі. Абырой болғанда бұлар аман қалады. Сол жолы «шынымен де» Флиндерді Құдай бір сақтапты.
Оның айтуынша, бүлік кезінде бұндай жағдай шекара тұрғындарының бәрінің басынан өткен. Шиеленісте 3600 адам қайтыс болды деп есептеледі, қанды қырғынның жүрекке салған жарасы әлі жазыла қойған жоқ. Форкхилл даңғылынан төменіректе, Дроминтидегі «Үш баспалдақ» дәмханасында тыңшылықпен айналысқан британдық сарбаз Роберт Найрак қолды болып, артынша өлтірілді. Найрактың тапсырмасы ИРА-ға іріткі салу болатын. Оның денесі сол күйі табылмады. Жергілікті тұрғындар бәсең дауыспен ИРА оны ет тартқыштан өткізіп жібергенін айтады. Бұл – сол уақытқа тән зұлымдық еді. Сондықтан шекара тұрғындарының көпшілігі өткен шақты еске алуға аса құмар емес, тіпті кейбірі осы мақалада өз аттарының аталуын да қаламады. Бір кездегі ИРА бекінісі, Бандит ауданы аталып кеткен Оңтүстік Армада мен шекаралас аймақтарда «дым көрмедім, түк естімедім» рефлексі әлі бар. Іс жүзінде, соғыс оты сөнсе де, түтіні бықысып жатқандай.
Британияның Еуропа одағынан шығу шешімін шекаралас аймақ халқы қобалжып қарсы алды. Шекаралас аймақтардағы дауыс берушілердің 64 пайызы Еуропада қалуды қолдаса, жалпы Солтүстік Ирландия бойынша ол 55,8 пайызға жетті.
Ұлыбритания мен Еуропа одағы бөліну мәселесін талқылап жатқанда, Солтүстік Ирландиядағы әлсіз әлеуметтік байланыс шайқатылып тұрды. 1998 жылғы Белфаст келісімі 30 жылға созылған шиеленіске нүкте қойған секілді көрінгенімен, католик және протестант қауымы арасындағы алшақтық әлі күнге көк пен жердей. Белфаст жанданған заманауи қала болғанына қарамастан, онда ондаған «бейбітшілік қабырғалары» католик және протестант аудандарын бөліп, секталық жанжалдың алдын алып тұр. Бұл – мәжбүрлік, жамағат сол арқылы өздерін қауіпсіз сезінеді. Әлеуметтік араласу кәсіби ортада ғана жүреді, бірақ Солтүстік Ирландия мектептерінің 90 пайызынан астамы бір діннің өкілдеріне ғана арналған.
Тіпті кездейсоқ жолыққандардың өзі сізге протестант не католик екенін алдымен айтып алады. Олар мұны діншілдіктен емес, Британияға немесе Ирландияға мәдени жақындығын көрсету үшін істейді.
Ұлыбритания шекараны халықаралық тауар айналымына ашық қалдыруға уәде берді, алайда оның қалай жұмыс істейтіні әлі де талқылауды қажет етеді. Солтүстік Ирландия – аумағы кішкентай ел, ондағы алты ауданның көлемі Коннектикут штатындай ғана. Ел шекара ашықтығы арқылы Ирландия Республикасымен интеграцияланудан пайда көріп келеді. Брекситтің экономикасы жөніндегі кейінгі кітабында ирландиялық журналист Терри Коннели Ирландияның агробизнесі Солтүстік Ирландиядан келетін сүт өнімдеріне көбірек тәуелді екенін егжей-тегжейлі жазған. Танымал бір ликерді өндіру үшін сүт, май, виски, бөтелке мен гофрленген қағаздар таситын жүк көліктері шекараны жылына 5000 мәрте кесіп өтеді.
Лондонның кепілдігіне қарамастан, кәсіпкерлер нарықтың бұзылуы мен мигрант жұмысшыларды жоғалтамыз деген үрейін баса алмай отыр. Солтүстік Ирландияда отбасын асырап отырған шетелдік жұмысшылар мұнда қаламыз ба, кетеміз бе деген екіұдай оймен арпалысуда. «Біз тұрақты тұруға өтініш берген адамдардың саны 100 пайызға өскенінің куәсі болып отырмыз», – дейді Дунганнон қаласындағы STEP бағдарламасының негізін салушылардың бірі – Бернадетте Девлин Мак Алиски. Бернадетте Девлин 1960-70 жылдарда католиктердің азаматтық құқығы үшін күрессе, бүгінде ет өңдеу немесе инженерлік жұмыс үшін Польша, Литва және Шығыс Тимордан келген шетелдік жұмысшылардың құқығын қорғайды.
Фермалық ауыл Скарваға (357 тұрғыны бар) 12-13 шілдеде католиктердің барғанын көп көре алмайсыз. Белфасттың оңтүстік-батысынан 50 шақырым қашықтағы 500 гектарлық алқапта протестанттардың «жалған соғыс» жоралғысы өтеді. Жыл сайын арнайы костюм киген ойыншылар 1690 жылғы Бойндағы шайқас қойылымын ұсынады. Тарихта осы шайқаста протестант Вильгельм III Оранский король тақтан құлаған католик королі Джеймс II-ні жеңіп, католик монархиясына нүкте қояды. Бұл үлкен пикник және қайырымдылық шарасы секілді өтеді. Былтыр жиналғандар саны жүз мыңның айналасында болды.
«Орталық Ольстер жамағаты осында кездеседі», – дейді жер иесі Альфред Буллер. Буллердің бабасы жерді сатып алғанда осы арада әр шілденің 13-і күні жиын өтіп тұратыны жөнінде шарт болған еді. Осында протестант әскерлері тоқтап, Буллердің үйінің алдындағы алып ағашқа Вильгельм патша атын байлаған деседі.
Буллердің Брекситке (Британияның бөлінуіне) қатысты қаупі бар. «Кірпіштер сықырлап құлағалы тұр», – дейді ол болған жайды меңзеп. Оның пікірінше, Солтүстік Ирландия үшін дұрыс шешім – бизнес пен саудаға нақты салықтар мен шектеулер әсер етпейтін еркін аймақ ретінде арнайы мәртебе беру.
Буллердің иелігінен төменірек Сэнди Хиктің мал фермасы бар. Бүгінде Хик фермасының 40 гектары өзіне тиесілі, қалған 45-ін жалға алып отыр. Былтырғы жаздағы «жалған соғыстың» төрағасы ретінде Хик шараға Британия аралдарында тойланатын Ламбегтегі барабан шеруі мен Хайланд биі секілді көріністерді қосқанын мақтанышпен айтады. Ол Брексит үшін дауыс берген. Себебі ЕО ережелері мүше мемлекеттерге ауыр тиюде деп ойлайды және Ұлыбританияның ауылшаруашылығы саласы дербес тиімдірек дамитынына сенеді. «Әрине оның салқыны бірнеше жылға созылуы мүмкін, бірақ бұл қадамның өзіне сай қайтарымы бар, – дейді Хик. – Егер Ирландиямен біріксек, азамат соғысы басталып, әскери іс-қимылдар кең көлемде қайта қанат жаюы мүмкін».
ИРА-ның бұрынғы жауынгері, Ирландия Республикасындағы Форкхилл ауылынан 15 шақырым жерде тұратын Мартин Макаллистердің айтуынша, Ирландияның бірігуін қолдайтын «Шинн Фейн» партиясы үшін Британияның Еуропадан бөлінуі – «сәті келген саяси мүмкіндік». Еуропада қалу мүмкіндігі туып жатса, солтүстік ирландиялықтардың бірігуге деген талпынысы артатыны екі бастан белгілі. «Шинн Фейннің» түпкі мақсаты – керек болса Солтүстік Ирландияны құлатып, оны құрудағы о бастағы идеяның түкке тұрмайтынын дәлелдеу! Оған қалай қол жеткізетіні бөлек әңгіме», – дейді Макаллистер. Көптеген протестант республикаға қосылуға қарсы дауыс берді, бірақ католиктер демографиялық жағынан ұтып тұр. 2011 жылғы санаққа сүйенсек, протестанттар Солтүстік Ирландияда басымдыққа ие емес.
Макаллистер өзін ирланд ұлтшылы санайды, бірақ ол ИРА-мен байланысын 1970 жылдардың ортасында үзген болатын. «Мен Лоң Кеш корольдік әуе күштері базасында болғанда түбегейлі түңіліп кеттім, – дейді ол ИРА мүшелері «Бүлік» кезінде тұтқында болған түрмені еске алып. – Онда ИРА Оңтүстік Армалық протестант болғаны үшін 10 протестантты өлтірді. Бұл мені жирендіріп жіберді». Ашық сынынан соң Макаллистерді ИРА қатарынан шығарып жіберді. Алайда оның қарсылығы бұнымен бітпеді. Кейінгі жылдары ол шекарада жанармай тонап жүрген ИРА рэкетирлерін әшкереледі, бірақ оның ақысын «екі еселеп төледі». Түнде келе жатқанында оны біреулер өлімші етіп сабап, беті-басын талқандап, қол-аяғын сындырып кетті. «Олар менің нәпақамды музыкадан айырып отырғанымды білді», – дейді ол ызадан қалш-қалш етіп.
Бүгінде 63 жастағы Макаллистер Солтүстік Ирландияның құрылғанынан бергі қасіретке толы ғасырға жуық уақытқа қарап, «екі тараптан да қателіктер» кеткенін айтады. Ол кемшіліктеріне қарамастан қазіргі саясатты қолдайды. Ақыл сұрай келген жастарға әрқашан да былай дейді: «Алға тарта беріңдер, бірақ қолдаушыларыңның да аз екенін естен шығармаңдар».
Авторы: Виктория Поуп, фото: Симус Мерфи
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa